• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

Ұлттық құрылтай

 

Нұрлан Темірбеков, Ұлттық инженерлік академияның вице-президенті, физика-математика ғылымының докторы, профессор: 

 

Адамдар бір-біріне сенуі керек

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда халықтың береке-бірлігін сақтау туралы өз пікірін айтты. Бұл – ұлттық құндылықтарымызбен тығыз байланысты өте өзекті және болашаққа маңызы зор мәселе. Осы мәселені толық іске асыруда ұстаздардың рөлі ерекше.
Жоғары білім беру және ғылым саласында 40 жылдан астам қызмет атқарып жүргендіктен, еліміздің өңірлерінде, шетелдерде іс-шараларға көп қатыстым. Содан байқағаным – әр елдің салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары әртүрлі. Маған ерекше әсер қалдырған – жапон мемлекеті. Жапон халқының негізгі философиялық қағидасы – адамдар бір-бірінің ішкі дүниесіне көп араласпайды. Әр адамға өз ерекшелігі бар жеке тұлға деп қарайды, яғни бір-бірін ерекше сыйлайды. Олардың мәдениетіне қарап, біздің қазақ халқына көп ұқсастығын байқадым. Бұл туралы XX ғасырдың басында Алаш ардақтылары да айтып кеткен. Сондықтан халқымыздың да болашағы өте зор.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарыштап дамуы көптеген ғылым салаларының дамуына зор ықпал жасап жатыр. Өткен ғасырда атом саласымен байланысты ядролық ғылым, ғарыш ғылымы үлкен жетістіктерге жетсе, қазір биотехнология, генетикамен айналысатын ғылыми орталықтар көбейді. Генетик-ғалымдар адамның қабілеті ататегіне байланысты екенін дәлелдеп жүр. Ататек дегеніміз – адамның мінезімен сипатталатын ұғым. Ал интеллект сияқты мінез тума және жұқпа болып екіге бөлінеді. Біздің халқымызға өткен ғасырдан бастап жұқпа мінез көп әсерін тигізіп жатыр.Сондықтан халықтың арасында басқа елдің мәдениетіне еліктеу белең алып барады. Сонымен, бүгінгі қоғам өкілдерінің әлеуметтік жағдайы және көзқарасы біркелкі емес. Осы мәселеге басты көңіл аудару қажет. Ұлы ғалым әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өскелең ұрпаққа үлгілі тәрбие бере білу – қоғамның өзін, мемлекеттің тірегін қалыптастыру. Сондықтан балаға өнегелі тәрбие беру қажет.
Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт құру мәселесі зиялы қауымның ауызбіршілігіне, олардың жастарға көрсетер үлгі-
өнегесіне байланысты. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ұсақ-түйек әңгімелер көбейіп барады, сондықтан болашақта кесек, ірі мәселелер көтерілуі қажет.
Өзім ұстаз болғандықтан, студентке үлгі болатындай педагог мәртебесін көтеру керек деп ойлаймын. Ол тек «Педагог мәртебесі туралы» заңмен, жалақы көтерумен ғана іске асырылмайды. Басты мәселе – мұғалімнің оқушы біліміне қойған бағасының танылуында. Яғни жоғары оқу орнына түскенде мұғалім бағасының ескерілуі. Қазір орта мектеп бітірген түлек тек ҰБТ нәтижесімен оқуға түседі.
Магистратураға, докторантураға қабылдау ережесі бакалавриатқа қабылдау ережесінен өзгеше болуы керек. Бұл ережені ғылыми кеңесші болатын ғалымдармен бірлесіп қарастыру қажет. Ереже ықтималдық теория­сына негізделген қалыпты таралу заңдылығына сәйкес болғаны жөн. Докторантураға қабылдау ережесінің, оқытудың кемшіліктерінің салдарынан, диссертацияларды уақтылы қорғау­шылардың саны күрт төмендеп кетті. Демек, біздің қоғам педагогке, оның қойған бағасына толық сенбейді. Сондықтан бүгінгі таңда педагог қоғамда өзінің лайықты орнын таба алмай отыр. Өскелең ұрпақ мектепте, жоғары оқу орнында тәрбие алмаса, оны тәрбиелейтін басқа ұйымдар табылып жатыр.
Осы көтерілген мәселелерден шығатын түйін – зиялы қауымның ауызбіршілігі болуы үшін бірінші кезекте адамдар бір-біріне сенуі керек. Қазақтың «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген нақыл сөзі бар. Елімізде өз ісін тамаша меңгерген, мінезі біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ жоғары білікті мамандар жеткілікті. Бірақ олар қазіргі кезде өз орнымен бағаланбай отыр, себебі қоғамда пысық, айлакер блогерлер қаптап кетті. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы «шолақ белсенділері» сияқты. Бұл капиталистік қоғамның ерекшелігі болар – мен ол жағын білмеймін. Сөзі басқа, ісі басқа адамдардан қоғам арылуы керек. Дұрысы, елге сыйлы, сөзін ел тыңдайтын, моральдық жағынан таза азаматтарды ұлт мақтанышы деп қабылдап, мерейін өсіріп, оларға арқа сүйеп, елдің тұтастығын ойлайық! Бүгінгі таңда біздің халық осындай адал азаматтардың саяси, экономикалық аренаға шыққанын қалайды.

 

Сауық Жақанова, Қазақ радиосының ардагері, диктор:

 

Ар-ожданымызды сақтап, адал өмір сүрсек...
 

 

Адам болып жаратылған соң елімнің бір «пұшпағы болып» көпшіліктің арасында тіршілік қаракетімен, өмір соқпағымен жүріп келемін. Ол біресе кең, жазық, ыңғайлы, біресе тар, кедергілері әжептәуір болды. Бірақ тоқтамай алда келе жатқандардан қалмауға тырысып, «елімнің жолы, менің де жолым» деген қағида ұстанамын. Мұны неге айтып отырмын, себебі ел ортасында, халықпен бірге жүрген соң, менің өмірім – халқымның өмірі, мемлекетіміздің әр қилы жүріп өткен жолы. «Елмен көрген – ұлы той!» Бұл жол – біздің тарихымыз! Тарих – «сүт бетіне түскен қаймақтай», аты-заты, әр кезеңде, әртүрлі іс-әрекетімен халық жадындағы адамдар, сол мемлекеттің тарихын жасаушылар.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек. Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс», – деп атап өтті. 
Президентіміз дұрыс айтады, бірін мақтап, бірін жамандағаннан ештеңе ұтпаймыз, жақсыдан шарапат алсақ, «әттеген-айлар» өзінен-өзі уақыт өлшемімен кете бермек. Бәрінен, ауызбіршілігіміз мықты болып, әрбір жан ұят пен сауап іс атқарып, ар-ожданымызды сақтап, адал өмір сүрсек, еліміздің тарихы әдемі өрілмек деп ойлаймын. «Айтпай келген қауіп-қатерден, пәле-жаладан елім аман, жұртым тыныш болса» екен деп тілеймін Жаратқан иемізден! 

Мұратхан Шоқан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі: 

 

Тұлғалардың алар орны ерекше

 

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда рухани мәселелерге көп көңіл бөлді. Соның бірі ретінде зия­лы қауым өкілдері еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн деген еді. Жалпы, «Бірлік бар жерде тірлік бар». Ақын-жазушылар, ұлтты ұйыстыратын тұлғалар бірге болса, ұлттың бірлігі болатыны анық. Ал оларға бірге болу үшін кемелдік керек. Бірге болу үшін өз «Менінен» арылып, ұлттың «Менімен» өмір сүруге тиіс. Мен сұрағыңа кемел тұлғаның болмысы атты тұжырымыммен жауап бергенді жөн көріп отырмын. 
 Кемел тұлғаның болмысы: 
1. Ұлт үшін, мемлекет үшін, адамзат үшін тұлғалардың алатын орны ерекше. Әр адам – жеке тұлға, бірақ ұлттың, мемлекеттің, адамзаттың кемел тұлғасы болу екінің бірінің еншісіне жазылмаған. 
2. Ұлттың, адамзаттың кемел тұлғасы – ұлттың ұйытқысы, адамзаттың бе­рекесі, мемлекеттің тірегі. Ұлттық, адамзаттық тұлғалар төрге отырған қоғамда береке-бірлік пен ақыл-парасат салтанат құрады. Халық мейіріммен өмір сүреді.
3. Кемел тұлға үш құмарлықтан аулақ болады:
1) Атаққұмарлық;
2) Мансапқұмарлық;
3) Дүниеқұмарлық.
4. Кемел тұлғаның болмысы:
1) Кемел тұлға – аспан секілді, Ай, Күн, Жұлдыздарымен күллі ғаламға сәуле шашып, жер бетіне биіктен қамқор болады. Көп сөйлемейді, анда-санда күркіреп, жай ойнатып, нөсерлеп өтеді. Тіршілік нөсерінің игілігін көреді. Қаһарланса, жасыны тасты жарады.
2) Кемел тұлға – жер секілді, кіші­пейіл, бар тіршіліктен төмен. Мейірім, махаббатпен күн кешеді.
3) Кемел тұлға – су секілді, өзгелерге қызмет ету үшін жаралған. Су секілді тазалыққа іңкәр, ешкімді алаламайды, бір-бірін шеттетпейді. Тіршілікке жер астынан да, жер үстінен де, аспаннан да қызмет етеді. 
Бәрімізге ақын-жазушыларымыз, тұлғаларымыз кемел, ұлтымыз берекелі ізгі қоғамда ғұмыр сүруді нәсіп етсін!

 

Бағдагүл Балаубаева

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6052

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5632

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3372

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2753

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2717

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2693

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2425

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2410

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы