• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

Талас Құрылтайы және оның тарихи маңызы

Қай заманда, қай дәуірде де кез келген қоғамның мемлекеттік жүйесінде әртүрлі мақсаттарды шешуге арналған мемлекеттік институттар болатыны белгілі. Олардың ішінде, әрине, орталық билік пен әкімшілік-басқару жүйе­сімен қатар, мемлекет үшін қоғамның ең беделді, жоғары деңгейдегі саяси элитасының қатысуымен аса маңызды мәселелерді талқылау, ортақ шешім қабылдау мақсатында шақырылатын Құрылтай институтының да алатын орны ерекше және маңызы зор болған.

Ұлы Дала тарихының ежелгі дәуірлердегі тарихына үңілсек, Скиф, Сақ, Ғұн және Үйсін мемлекеттерінде маңызды саяси мәселелерді билеушілер сол мемлекеттердегі саяси элитамен ақылдаса отыра шешім қабылдап, сол шешімге сай саясат жүргізіп отырған. Өкінішке қарай, ол жиындардың нақты қалай аталғаны туралы жазба деректерде айтылмайды. Бірақ ол жиындардың мақсат-міндеті кейінгі түрік-монғол дәуіріндегі билеуші әулет өкілдері мен қоғамдағы ақсүйектердің ресми кеңесі – Құрылтайлардың мақсат-міндеттерімен тура сай келеді. 
Ортағасырлық Қазақстан тарихында, оның ішінде XIII–ХV ғасырлар аралығындағы тарихи кезеңде Дешті Қыпшақ аумағында үлкенді-кішілі бірнеше Құрылтай өтеді. Солардың ішінде жазба деректерде азды-көпті мәліметтердің сақталғаны, маңызы жағынан өте зор болғаны – 1269 жылы көктем айларында Талас өзені алқабында өткен Құрылтай. Тарихта осы монғол ақсүйектерінің жиыны оның өткен жылы мен жеріне байланысты 1269 жылғы Талас құрылтайы деген атаумен қалды. 
1269 жылы өткен Талас құрылтайын қарастыру арқылы, монғол империясының ыдырау процесінің қалай жүзеге асқанын, алғашқы монғол хандарының жаулап алынған халықтарға қатысты жүргізген экономикалық саясатының қалай өзгеріске ұшырағанын және басқа мәселелерді біле аламыз. Сол себепті де ХІІІ ғасырдың орта тұсындағы Дешті Қыпшақтың саяси тарихында 1269 жылғы Талас құрылтайының алатын өзіндік орны бар және ол арнайы жеке қарастыруды қажет етеді.
Талас құрылтайын қарастыру барысында оған тікелей қатысы бар бірнеше мәселені айта аламыз. Олар:
1) Талас құрылтайына алғышарт болған оқиғалар; 
2) Құрылтайдың шақырылуы, өткізілуі, қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер;
3) Құрылтайда қаралып, талқыланған және оң шешімін тапқан экономикалық мәселелер. 
Әрбір мәселені жеке талдау арқылы Талас құрылтайының империя тарихындағы алар орны мен маңызын нақтылаймыз.
Олай болса, алдымен 1269 жылғы Талас құрылтайына алғышарт болған саяси оқиғаларға тоқталып өтелік. 1251 жылы Қарақорым құрылтайында қабылданған шешімдер және одан кейінгі өрбіген саяси оқиғалардың барысы, біздің ойымызша, Талас құрылтайына негіз салды. Бату ханның тікелей қолдауымен жоғары билікке келген Төленің үлкен ұлы Мөңке қағанның, ең алдымен, империяның ішкі саяси өмірінде жүргізген басты саясаты – Шыңғыс ханның екінші және үшінші ұлы – Шағатай мен Үгедей ұрпақтарына қарсы қысым мен жазалау шаралары болатын (Рашид ад-Дин. «Жылнамалар жинағы»/Парсы тілінен аударған: Ю.П. Верховский, редакция проф. И.П. Петрушевский. – М., Л.: КСРО ҒА баспасы, 1960. – Т. 2. 135–139-бб.). Осы шұғыл жүргізілген саясаттың нәтижесінде Шағатай мен Үгедей ұрпақтары толық жойылмаса да, олардың орталық билікке тигізер ықпалы азайып, империя көлеміндегі саяси өмірден ықпалы, уақытша болса да, барынша шеттетіледі. Олардың Қарақорымдағы орталық билік пен империя аумағындағы Ұлыс биліктеріне қатысты оқиғаларға араласуы, әкеден қалған мирастан заңды үлесін талап етуі Талас құрылтайының саяси алғышарттарын қалыптастырады. 1251 жылғы Қарақорым құрылтайы – Жошы мен Төле ұрпақтарының билігін заңдас­тырып, Шыңғыс ханның ортаншы ұлдарының билігіне шектеу қойса, көп уақыт өтпей-ақ олардың 1251 жылғы Құрылтай шешіміне келіспейтіні байқалады және оған қарсы наразылықтары 1269 жылғы Талас өзені бойында жаңа Құрылтайдың шақырылуына себеп болды. Екі Құрылтай аралығындағы империяның ішкі саяси өмірінің дамуы қарама-қарсы саяси күштердің арасалмағына әсер етіп отыр­ды, күрделене бастаған саяси жағдайды одан әрі ушықтырады. Негізінен алғанда, саяси өзгерістер мен одан туындаған саяси текетірестер және қарулы күрестердің басым, салмақты бөлігі империяны билеп-төстеп отырған Төле ұлдарының арасында өтеді. Бұл күрестер 1251 жылғы Қарақорым құрылтайының шешімі бойынша империяның ішкі саяси өмірінен шеттетілген Үгедей мен Шағатай ұрпақтарынан құралған күштерге әсер етеді, олар да Төле ұрпақтары арасындағы күрестерге тартылады, өз мүдделерін алға қоя отыра, империя көлеміндегі саяси ахуалды одан әрі ушықтырады. Сөйтіп, басқа күштерге ықпал етеді. 
1251–1259 жылдары Ұлы қаған Мөңке тұсында оның туған інісі Құлағу батыста Иранды, Бағдат халифатын бағындырады, ал тағы бір туған інісі Құбылай Қытайды жаулап алады. Империяның аумағы кеңейгенімен, оның орталығындағы әскери-саяси күштер жаңа бағындырылған аймақтарға көшірілуіне орай бір-бірінен алыстатылады және шашыратылады. Осылайша, жаңа пайда болған Ұлыстар орталығында Қарақорымдағы саяси орталыққа қарсы тұрар жаңа күштер пайда болады. Құлағу мен Құбылай өздері жаулап алған елдердегі істермен айналысады. 
Империя көлеміндегі Қарақорымнан кейінгі екінші ірі саяси күш – Дешті Қыпшақ аумағындағы Жошы ұлысында болды. Жошы ханның екінші ұлы Батудың 1236–1242 жылдардағы Шығыс Еуропаға дейінгі жасаған жорықтары сәтті аяқталып, Монғол империясының құрамына орасан зор аумақ қосылды. Аумағы екі еседей үлкейген Жошы ұлысының билеу­шісі Бату ханның беделі мен абыройы Шыңғыс хан немерелері арасында өте жоғары болды. Бату ханның көмегімен Қарақорымда Төле билікке келген еді.
Бату беделінің бүкіл империя көлемінде күшті болғаны сондай – 1253 жылы Бағдат халифатына қарсы аттанған Құлағу Жошы ұлысы билеушісінің қатаң ескертуінен соң, үш жыл бойы Әмударияның арғы жағына өтуге дәті бармады. Тек қана 1256 жылы Батудың өлімінен кейін ғана Құлағу әскері үлкен өзеннің арғы бетіне өтіп, Хорасан, Иран жерлерін бағындыра бастады. 1258 жылы – Бағдат, 1260 жылы Дамаск қаласы алынады. 1257 жылы Жошы ұлысында Сарай тағына ие болған Бату ханның інісі Берке хан Құлағудың Бағдатты алуы мен соңғы аббасилік халиф – әл-Мұстасимнің өлтірілуіне қарсылық білдірді. Берке хан Сарайда ақша соқтырып, оған соңғы халифтің есімін жаздыртады. Исламды қабылдап, мұсылман болған Берке ханның бұл әрекеті, біріншіден, халифке деген құрметі болса, екіншіден, империяның саяси бірлігіне қағылған алғашқы сына мен содан түскен сызат еді. 
1259 жылы Ұлы қаған Мөңке қайтыс болып, тақ үшін Төле ұрпақтарының арасында күрес басталады. Күрес Қарақорымдағы орталық билікті әлсіретіп қана қоймай, империяның бірлігіне соққы болып тиеді. Қарақорымда Мөңке қағанның кіші інісі Арығбұға қаған болып тақты иеленеді. Дәл сол кезде, 1260 жылы, Қытайдың Кайпин қаласында Мөңкенің інісі Құбылайды сол жақтағы монғол ақсүйектері қаған етіп көтереді. Осылайша, Монғол империясында бір мезгілде екі қаған билік жүргізе бастайды (Сонда. 148; 152–153-бб.). 
Бір айта кетерлік жайт, осы кезде империя құрамындағы ең беделді және ықпалды Ұлыс билеушілері әрі саяси күштің жетекшілері – Ирандағы Құлағу мен Жошы ұлысындағы Берке хандар Қарақорым мен Кайпиндегі хан сайлау рәсіміне қатыстырылмады. Құлағудың қай қағанды қолдағаны белгісіз, ал Берке хан болса Арығбұғаны заңды түрдегі қаған деп есептеді (Бартольд. В.В. Шығармалары. – Мәскеу: «Наука», 1968. – Том 5. Түркі және монғол халықтарының тарихы мен филологиясы бойынша жұмыстар. 504 б.). 
«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенге сай, 1260–1264 жылдары Құбылай мен Арығбұға қағандар арасында қарулы күрестер жүріп, әрқайсысы өз жағына Шағатай мен Үгедей ұрпақтарын тартуға тырысады. Соған байланысты кезінде саяси билік пен саяси өмірден шеттетілген шағатайлықтар мен үгедейліктер қайта бас көтеріп, империяның саяси өміріндегі күресіне белсене араласа бастайды. Шыңғыс ханның немерелері арасында күрестің шиеленісті түрде жүруі және көп бөлігінің осы күреске тартылуы империяның бөлшектенуіне алып келеді. 
Арығбұға мен Құбылай қағандар Шағатай Ұлысын бақылауда ұстау үшін шағатайлықтарды пайдаланады. Шағатайлық Бөрінің ұрпағы – Әбішкені Құбылай Орта Азияға Ұлыс билеушісі етіп тағайындап, аттандырады. Арығбұға оны орта жолда тұтқынға алады да, Ұлыс билеушісі етіп Шағатайдың басқа бір ұрпағы, Байдардың тұқымы – Алғұйды бекітеді. Шыңғыс ұрпақтары арасында болып жатқан күрес империяны әлсіретіп жібереді. 
Ал бұл кезде іс жүзінде бұрынғы империя төрт дербес мемлекетке бөлініп кеткен болатын. Монғолия мен Қытайда – Құбылай, Иранда – Құлағу, Жошы ұлысында – Берке хан және Шағатай ұлысында Алғұй дербес билеушілер болып саналды. Бірақ 1264 жылға қарай қалыптас­қан бұл саяси жағдай ешбір Құрылтайда заңдастырылмаған еді. Қалыптасқан саяси жағдайды заңдастыру үшін монғол ақсү­йектеріне Құрылтайдың қажеттілігі туа бастады. Бұл шақырылатын Құрылтайда, әрине, империяның ыдырағанын және бірнеше дербес мемлекеттің құрылғанын жариялау керек болатын.
1264 жылы Арығбұға мен Құбылай арасындағы күрес Құбылайдың жеңісімен аяқталып, ол сөз жүзінде бүкіл империяның жеке-дара билеушісі болып есептеледі. 1264 жылы – Арығбұға, ал 1265 жылы Алғұй қайтыс болады. Осы кезде саяси күреске Үгедей қағанның ұрпағы – Хайду және шағатайлық өкіл – Барақ хандар шығып, күрес отын одан әрі қыздырып жібереді. Хайду мен Барақ арасындағы күрес­тің алғашқы кезеңінде Хайду жеңіледі. Жошы ұлысында Берке ханның (1266 жылы қайтыс болған) орнына келген Меңгу Темір хан Хайдуға Жошының төртінші ұлы Беркежардың басшылығымен 50 мыңдық әскерді көмекке жібереді. Бір деректерде Барақ хан әскері тас-талқан болып жеңілді, көптеген адам тұтқынға алынды деп айтылса, екінші бір дерек мәліметтерінде жеңілетінін білген шағатайлық хан ұрысқа түспей-ақ, Мәуе­реннахрдың орталық аймағына шегініп кетті деп баяндалады. Қалай болса да, Барақ хан тағы да әскер жинау үшін Самарқан қаласының тұрғындарына ауыр салық салады. Хайду Мәуереннахрдың бірталай бөлігін өзіне қаратады. Үгедей мен Шағатайдың ұрпақтары жаңа соғысқа дайындалады. Бірақ екі жақ арасында жаңа соғыс болмады. Хайдудың рұқсатымен Барақ ханның ордасына келген Үгедейдің Қадан атты ұлынан туған Қыпшақ есімді әрі елші, әрі батыр, әрі қолбасшы тұлға Барақ ханмен бетпе-бет сөйлесіп, екі жақты соғысты тоқтатып, бар мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынады. Басқа амалы қалмаған Барақ ханға бұл ұсыныс өте тиімді болды. Сөйтіп, 1268 жылы екі жақ Самарқан түбінде мәселені бейбіт түрде, үлкен Құрылтай шақырып, соңғы жылдары туындаған барлық саяси және экономикалық мәселелерді де сонда талқылап, шешуге келіседі (Алтын Ордаға қатысты материалдар жиынтығы. Т.II. В.Г. Тизенгаузен жинаған парсы жинақтарынан алынды. – 1941. 76–77-бб).
Бейбіт келісім бойынша, келесі жылы, яғни 1269 жылы Талас өзені алқабында жаңа Құрылтай шақыру қажет болды да, 1269 жылғы Талас құрылтайында игі жақсылар бас қосады. 
Құрылтайды Жошы ұлысы тарапынан – Меңгу Темір хан, Үгедей ұрпақтарынан – Хайду мен Қыпшақ, Шағатай ұрпақтарынан Барақ хан шақырады. Меңгу Темір хан Құрылтайға Жошы ұлысының атынан Жошы ханның төртінші ұлы, Батудың інісі Беркежарды жібереді (Сонда, 77-б.). Сөйтіп, тарихта Талас Құрылтайы деген атаумен қалған бұл жиын 1269 жылы көктемде Талас пен Кенджек бо­йындағы шұрайлы жерде өтеді (Сонда, 77-б.). Құрылтайда, негізінен, екі үлкен мәселе қарастырылады: бірі – саяси, екіншісі – экономикалық. 
Саяси мәселенің басты тақырыптарының бірі – Хайду ханның Шағатай ұлысының бір бөлігіне өз билігін заңдас­тыруы. Жошы ұлысының әскери күшіне арқа сү­йей отырып, ол Мәуереннахрдың бірталай бөлігін бағындырған болатын. Құрылтайда алғашқы болып сөз алған Хайду Шыңғыс хан ұрпақтарын бейбітшілікке шақырады. Шағатайлық Барақ ханның жағдайы Құрылтай қарсаңында мәз емес болатын. Сондықтан оның сөзі талап ету түрінде емес, түсініктеме беру түрінде болды. Ол: «...Мен де Шыңғыс ханның ұрпағымын, сол себепті маған аз болса да басқаратын жұрт және күнкөріс керек. Шағатай мен Үгедей – Шыңғыс ханның ұлы. Үгедейден – Хайду, Шағатайдан мен қалдым», – дей келе, Төле ұрпақтары билігінің орасан зор аймақты алып жатқанын айтты. Төле ұрпақтарының иелігі ортасындағы Түркістан мен Қыпшақ жері Хайдуға өткенін сөз етіп: «Сіздер бірігіп маған қарсы шықтыңдар, мен қанша ойлансам да, өзімді бұл іске қатыстымын деп есептемеймін», – дейді (Сонда, 77-б.).
Екі жақ өзара пікір алмаса келе, бір шешімге келеді. Мәуереннахрдың үштен екісі – Бараққа, ал үштен бірі Хайду мен Меңгу Темірге тиесілі болуға тиіс (Сонда, 78-б.). Мұндай шешім тез арада Жошы ұлысының ханы Меңгу Темірге жеткізіледі. Меңгу Темір хан бұл шешімге қолдау көрсетеді. Саяси мәселе бойынша тағы бір шешім қабылданады. Яғни сол жылдың көктемінде Барақ Әмударияның арғы бетіне өтіп, Құлағу ханның иелігіндегі жердің бір бөлігін басып алып, ол жерді өз үлесіне қосуға тиіс. Бұл шешімге Барақ хан келіседі (Сонда, 78-б.). 
Осылайша, Талас Құрылтайы бұ­рынғы Шағатай ұлысының территориясында жеке мемлекеттің – Хайду мемлекетінің құрылғанын жариялап, заңдастырады. Жаңа мемлекеттің аумағы ХІV ғасырдың басына дейін Сыр бойының, Жетісудың және Мәуереннахр аумағының бір бөлігін қамтыды.
Сонымен бірге осы Құрылтайдағы ең негізгі, ең басты саяси мәселе талқыланып, ол бойынша ортақ шешім қабылданады. 1251–1269 жылдар аралығындағы күрес­тер барысында қалыптасқан саяси территориялар Жошы, Шағатай және Үгедей ұрпақтары арасында мақұлданады, яғни қабылданған шешім бойынша, «бүгіннен бастап өткенді еске алмайық, жайлау мен қыстау үшін жұртты әділдікпен бөлісейік» деп келіседі. 1269 жылғы Талас құрылтайы Шыңғыс ханның үлкен үш ұлы – Жошы, Шағатай және Үгедей ұрпақтарының қатысуымен өткендіктен, бүкілимпериялық Құрылтай деуге болады. Сондай-ақ Төле ұрпақтарынан басқа Шыңғыс ұрпақтарының беделді өкілдері қатысып, сол жылғы қалыптасқан саяси территорияларды мақұлдауы 1269 жылғы Талас құрылтайы Монғол империясының ыдырағанын іс жүзінде заңдастырды деп есептейміз. Осылайша, Талас құрылтайы Монғол империясының орнында бес мемлекеттің – Дешті Қыпшақ аумағында – Алтын Орданың, Иранда – Құлағу мемлекетінің (Елхандар мемлекеті), Қытайда – Құбылай мемлекетінің, Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанның басым бөлігінде – Шағатай әулеті мемлекетінің және Үгедей ұрпағы – Хайду мемлекетінің Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанның қалған бөлігінде құрылғанын заңдастырады. 1269 жылғы Талас Құрылтайы осындай маңызды шешімімен тарихта қалды. 
1269 жылғы Талас құрылтайы маңыз­ды саяси мәселелермен бірге, аса маңыз­ды экономикалық мәселелерді де қарас­тырып, ортақ шешім қабылдайды. Экономикалық мәселелерді осы Құрылтайда қарастырудың мынадай алғышарттары бар болатын.
Шыңғыс ханның тұсында-ақ монғол ақсүйектерінің бағынышты елдерге қатысты жүргізген саясатында екі бағыт бар еді. Бірінші бағыт – бағындырылған елдер мен халықтарды аяусыз талан-таражға салу, көшпелі тұрмысты сақтау, отырықшы халықтармен араласпау т.с.с. Ал екінші бағыт бұған керісінше – жергілікті феодалдар тобына сүйену, бағындырылған отырықшы-егінші халықтардың дәстүрін сақтау. Алғашқы жылдарда бірінші бағыт үстем болғанымен, Үгедей, Мөңке қағандардың тұсында екінші бағыт белең ала бастайды. Үгедей қаған (1228–1241) жергілікті бағынышты халықпен қарым-қатынасты реттеуге тырысса, Мөңке қаған (1251–1259) монғол ақсүйектерінің бағынышты халықтарды ретсіз талан-таражға салуды тоқтатуға күш салады. Ол тіпті бұл жөнінде жарлықтар да шығарады. Бірақ 1259–1269 жылдары империядағы саяси оқиғалар бұл жарлықтардың толық күшіне енуіне мүмкіндік бермейді. Тіпті Құбылай мен Арығбұға арасындағы соғыстар, Алғұйдың жүргізген соғыстары Жетісу, Шығыс Түркістан халқына өте ауыр тиеді. Міне, сол себепті 1269 жылғы Талас құрылтайында жергілікті бағынышты халыққа байланысты жүргізетін экономикалық саясат та күн тәртібінде тұрған еді. 
Құрылтайға қатысушылар отырықшы аймақтардың босап және егіннің егілмей қалғанына баса назар аударды. Мәселені талқылай келе, болашақта таулы және далалы өңірде өмір сүруге, қалалар төңірегінде тұрмауға және бағыныштылардан ешбір себепсіз салық алмауға бірауыздан уағдаласып, шешім шығарады.
Мұндай шешім жоғарыда атап көрсеткен екінші бағыттың толық үстемдікке жеткенін көрсетеді. 
1269 жылғы Талас құрылтайы саяси жағынан Монғол империясының ыдырап, жеке ұлыстардың дербес мемлекеттерге айналғанын заңдастырса, экономикалық жағынан, монғол ақсүйектерін жергілікті халықпен есептесуге, олардың шаруа­шылық өмірімен санасуына бет бұрғызады. Ал бұл, өз кезегінде, жергілікті этнос­тардың монғолдарды ассимилизациялау­ға, дербестенген Ұлыстардың жергілікті этностардың мемлекетіне айналуына алып келеді. Осындай процестерді заңдастыр­ған 1269 жылғы Талас құрылтайының тарихи маңызы осы деп есептейміз.

Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА академигі, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы

716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6034

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5621

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3360

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2742

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2706

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2681

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2414

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2399

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы