• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Саяжайдағы сұрқай өмір

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты 48 саяжай бар. Әрине, әр саяжайдың мәселесін түгелімен қарастыру мүмкін болмас. Десе де Ащыбұлақ ауылдық округіне небары 1 шақырым жақын орналасқан Мәуе саяжайының жай-күйі өзгелерге қарағанда ауырлау. Көшелерінде жарық жоқ. Ұры-қары жиі бас сұғады. 


Балалар мектептен қорқып-үркіп үйге зорға жетеді. Шұрық тесік жолдармен көлік тұрмақ, адам сүрініп-жығылады. Тұрғындар көктемде балшыққа батса, жазда шаң жұтып күн кешеді. Жаңбыр жауса, көше су-батпаққа толады. Қыста құбыр қатып қалады, жазда ауыз су тапшы. Жарық Құдайдың құтты күні сөнеді. Тіпті интернет кабелі де орнатылмаған. Ал газ кірмегені бөлек әңгіме. Оқушыларға ең жақын деген мектеп 2–3 шақырым жерде орналасқан. Мектептің тасымалдау қызметі Мәуе саяжайында атымен жоқ. Амалы жоқ, оқушылар сабаққа батпақ кешіп барады. Кейде сол батпақ жолдан қашып, БАКАД-тың автокөлік жүретін жолымен аяндайтынын несін жасырайық. Ал ата-аналар балалары мектепке барып-келгенше жанын шүберекке түйіп отырады. Саяжайға кіргеннен қаңғыбас иттер күтіп алады. Көліксіз жүрсең, біреуі қауып алуы әбден мүмкін. 
Міне, осы мәселелердің барлығы айдаладағы мибатпақта емес, Алматыдан небары 20 шақырым жерде орналасқан саяжайда кездеседі. Қазір 
Мәуе саяжайында 50 үй бар. «50 мың болмаса да, 50 үйдің тағдыры тұтас ел тағдыры ғой» деп мәселенің мән-жайын тұрғындардан білдік.
Нұржамал Әбенова, Мәуе саяжайының 2018 жылдан бергі тұрғыны:
– Менің бұл жерге көшіп келгеніме 5 жылдың жүзі болды. Біз әрекетсіз пенде емеспіз. Былтыр әкімнен медет күтіп, тұрғындар болып жиылып барғанда «Сіздер саяжайда орналасқандықтан, газ, жол секілді барлық  мәселелеріңізді өздеріңіз шешулеріңіз керек» деп шығарып салғаны бар. Сол кезде «Неге саяжайдың жай-күйін жекеменшік ұйымға табыстағансыздар? Әкімшілік, өзгені айтпағанда, тым болмаса, газ мәселесіне бейжай қарамауы керек қой? Әкімдік өзі тендер ойнатып бастаса, мемлекеттің қолға алған ісі болған соң шаруа да тез шешілетін еді» деп шырылдағанымыз есімде. Жалпы, біздің саяжайда қордаланған мәселе аз емес. Ең үлкені, жанымызға бататыны – су. Бәріміз жерден 25–30 метрден су қазып ішіп отырмыз, бірақ ол адам баласы ішетін су емес. Тіпті кір машинаға да фильтр қоймасақ, судың сапасыздығын көтере алмай істен шығып қалады. Өз қара басым суды Ынтымақта ағайындарым тұратындықтан тасып ішемін. Бірақ барлық отбасыда мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Одан кейін қоқыс мәселесі тағы бар. Мәуеден Қоянқұсқа де­йін­гі жолда қоқыс толып жатыр. Ол қоқысты кім жинауы керек? Қашан жиналады? Белгісіз... 
Көшемізде ағылған көлік нөпірі де аз емес. Себебі жол арасы айқара ашық. Кез келген үйдің бойынан көліктер емін-еркін өте береді. Тіпті былтыр бір көлік велосипед айдап келе жатқан қызды қағып кеткен. Қайта велосипеді қирап қалса да, өзі аман қалды. Ал мұндай жағдай тағы қайталанбасына кім кепіл? Неге көліктердің тар көшеден өтуіне шектеу қойылмайды? Міндетті түрде адам өлуі керек пе? 
Ертең күн жылынады. Сонда көліктердің көптігінен шаң көтеріледі. Көшеге шығып, тыныс­тау тұрмақ, есік-терезе аша алмаймыз. Жаңбыр жау­ғанда трассадан аққан су үйге қарай өтіп жатыр. Жердің беті батпақтанып, тұрғындар аяқ алып жүре алмайды. Саяжайдың жасы да, кәрісі де батпақ кешіп, діттеген жеріне азаппен жетеді. Бәрінен бұрын шынашақтай ғана оқушыларға обал. 
Алипбаева Фаризат, саяжай тұрғыны: 
– Мәуе саяжайында тұратындарға аяқ киім шақ келмейді. Қызыма 15 мыңға 10 күн бұрын ғана аяқ киім алған едім. 10 күнде адам көргісіз болып, тоз-тозы шықты. Кім кінәлі? Батпақ кешкен қыз ба? Арзанға аяқ киім алған ата-анасы ма? Әлде «жол жөндейміз» деп уәде берген әкімдік пе? 
Әкімдік демекші, Алматы облысы Іле ауданының әкімдігінің есігін «Ана тілі» газетінің тілшілері қағып көрген еді. Олар келесі бейсенбіде тұрғындармен бірге келуімізді сұрады. Күтейік...

212 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6259

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5736

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3476

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2858

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2820

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2799

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2529

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2514

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы