• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

ХАН ОРДАСЫ: ТӨЛЕ БИДЕН ЖОЛБАРЫС БИГЕ ДЕЙІН

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен соңғы Құрылтайда да қоғамның толғақты мәселелеріне тоқталып, елдің ішкі бірлігіне ерекше мән беріп айтты. Көрнекті ұлт зиялылары Президентіміз көтерген осынау маңызды сұрақтарға уақтылы үн қатып, өз үлесін қосып жүр. Аталған автордың да осы бағытта жұмыс істеп, тарихымыз бен бүгінгі мақсат-мұратымызды жаңа қырынан ұштастыра отырып, жүргізіп жатқан игілікті істері аз емес екен.
 

Ол Астана өңірінің мысалында осы өлкенің тарихи сипатын, атақты тұлғаларының, бұрынғы өткен батыр, би-бағландарының аты мен затын, ежелгі жер-су атауларын жаңғырта отырып, оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен Елордаға жиналған жергілікті және жер-жердегі қауымға кең көлемде ұсынады. Болашақты елдің өткен тарихынан бөлек қарауға болмайды. Біздің болашағымыз ата-бабаларымыздың ежелден аралас-құралас болған ата тарихымызбен тығыз байланысты екенін автор ел ішіндегі, архив құжаттарындағы нақты мысалдар арқылы да еске салып отырады. Ақынның өзі айтқандай, ол ізденістердің жемісі мол:
«Туған жер, ата мекен, ұлықты ордам,
Iздедiм тарихыңды ұмыт болған.
Мұрасын аталардың талмай іздеп,
Жүректе жанып сәуле, үмiт толған!..

Сұрадым замандардан заңға баққан,
Сезiндiм салқын сызды сан қабақтан;
Сарғайған дәптерлерден сарыла iздеп,
Аршыдым архивтерден шаңға батқан!..»
Иә, Абылай хан ордасы – қазақ жұртының үлкен ауқымын қамтыған, бүкіл Арқа, Шығыс өңір, Жетісу, Түркістан және басқа аумақтар кірген үлкен ұлыс. Міне, осынау ұлан-байтақ жерде де ата-бабаларымыз томаға-тұйық қалмай, ортақ мүддемен үнемі аралас-құралас өмір сүргені анық. Елдің ішкі бірлігінің осындай жарқын мысалдары аталған кітапта нақты айтылады. Көкшетаудағы Хан ордасы Жетісуда қазақ руларына арқа сүйеп, одан әрі Қашқар, Қытай елімен тығыз байланыс жасап, сауда-саттықты жолға қойып отырған. Екі қиырдағы ел ағаларының, жұртшылықтың өзара жақын білісуі, Абылай хан ұрпақтарының Жетісудағы руларға сұлтан болып сайлануы соның айғағы. Ел басына күн туғанда, жер таласы, мал, жан талауы болғанда Алатау манаптарын жуасытуға, Қоқан зардабын жоюға Арқадан да «ауыр қол» барып, қараша жұртына қарасқан оқиғалар аз болмаған. Сол тарихи жайттардың тізбегінде Қарасай батыр, Балуан Шолақ аталарының оқиғасы да автордың еңбектерінде толық зерделеніп, нақты дәлелдермен айқын көрінеді. Абылай хан ордасының айналасында жайлаған қазақ ауылдары бүгін де сол жерде бар екен («Хан ордасынан Ханшатырға дейін», 32, 123, 124, 128, 187, 323, 541-беттер; «Ел мен жер», 173, 463, 464, 465-беттер). Болмаса Қарқаралы аумағына сіңген өзге рулар да баршылық («Астана аймағы», 374, 448, 490, 569, 574, 252–273-беттер). 
Кітаптағы өте құнды материалдың бірі  – «Төлек батыр мен Төле би» атты хикаят. Бұл – 1741 жылдары болған оқиға. Қысқаша желісі мынадай. Патша керуені Орта Азияға бет алады. Шалғай жолда тонау мен тосын жағдайлардан қорғап, керуенді алып жүруге Төлек батыр келіседі. Содан олар Қаратауды басып, Төле би еліне, одан Ташкентке жетеді. Мұнда сол кездегі қазақ, қалмақ, Ташкент арасындағы саяси ах­уалдар айтылады. Ең бастысы, бұл – қазақтың екі арысын көзбен көрген адамдардың тарихи жазбасы. Жазбадан халқымыздың қос тарланының өзара түсіністігі, Төле бидің де кісілік келбеті, қайраткерлік тұлғасы айқын аңғарылады. Жазбаның ең құнды жағы да осы. Бұларға кедергі жасайтын Қалдан Сереннің өкілі болып жүрген Ташкенттің кеудемсоқ бегі ғана. Тыңнан жарияланып отырғандықтан әрі көпшілікке қаз қалпында жетуі үшін материалдың мәнері сол күйі сақталып, сәл ықшамдалып берілген. Жазбада ел тарихына қатысты маңызды деректер де баршылық:
«Бұрын Ташкентті Төле бимен (Ташкентте үйі бар, әйелі сол жақта) «бірлесе», қырғыз-қайсақ ордасынан шыққан Жолбарыс хан биледі. Одан кейін Ташкент Үлкен қырғыз-қайсақ ордасына бағынды. Төле би «Үлкендерімен» бірге Ташкенттен жыл сайынғы 40 мың «тенек» алым-салық алатын. Бірнеше жыл бұрын Жолбарыс «қайтыс болды; белгісіз жағдайда өлтірілді, белгісіз себеппен жергілікті сарттардан қуылды». Бұл беймәлім мәселеде Ташкентті иемденген, бірақ «халық арасында әлі хан атанбаған» Күсек бек басты рөл атқарды. Күсек Төле биді қаладан қуып жіберсе де, оны Ташкент хандығына қатыс­ты бұрынғы құқығынан айыра алмағандықтан, Төле би мен Ұлы Орда үлкендері Ташкенттен алым-салық ала береді...» Мұның бәрі – Төле би бабамыздың, осы төңіректегі ел-жұрттың да қайратты қам-қарекеті туралы тың хабарлар. 
Жалайыр жұрты да бағзыдан келе жатқан сан жағынан да, тарихтағы алатын орны да салмақты әлеуетті қауым. Абылай хан тұсында да беделді ру болған. Ерте заманнан төрелермен аралас жүргеннен бе – олар ханның Жетісудағы басты тірегінің бірі еді. Абылайдың бірнеше ұрпағы мұнда сұлтан да болған. «Жалайырға жар салып», «Жалайырдың қойы көп, Жанғазының ойы көп» деген ұранды сөздер де Көкшетауда жаңғырып айтылған. Шора батыр құсбегінің де Көкшетауда, Хан ордасында болғаны туралы әңгімелер айтылады. Зеренді ауданында Шора өзені бар. Астанадан шығып, Бурабай ауданына жақындаған тұста жол бойында Балықты көлі жатыр. Сол көлдің Жарқайың жақ тұсында Шораның зираты болған дейді. Осы маңдағы «Жаңажол» атты қырғыз ауылында Шора атты ата тармағы да болатын... Мұның Талдықорған жағымен де байланысы болуы мүмкін. Тағы бір әңгіме – Абылай хан ордасында болған жалайырдың бір батыры туралы (осы кітаптың 128-беті) елдің сөзі. Мұның өзі де Хан ордасында сол елдің батыр, билерінің жиі болып тұратынын меңзесе керек. Көкше өңірінде бұрыннан келе жатқан Жалайыр ауылдары болған (осы кітаптың 541-беті, «Ел мен жер» кітабының 465-беті). 
Жалайыр елінен шыққан жайсаң тұлғаның бірі – Жолбарыс би. Автор ертеде «Жазушы» баспасында жұмыс істеп жүргенде бұл тұлға туралы қайсы бір әңгіме, деректерді ел аузынан сипатындағы жинақтарға да берген болатын. Жалпы, Жолбарыс би өмірде әділ де турашыл, қасиетті де киелі, шешен би, сыйлы ел ағасы болған дейді. Бұрын естіп, білгендер Төле би Жетісу өлкесін аралағанда осы Жолбарыс бидің үйіне тоқтап, әңгіме-дүкен құрып, риза болып аттанған деп жазады. Жоғарғы тұста Төле би туралы сөз қозғасақ, оған жанаса Жолбарыс би елі туралы әңгіме, деректеріміз осылайша қабысып жатқаны да елге ортақ екі жақсының рухани сабақтастығын да білдірсе керек. Жетісу мен Бурабайдағы Хан ордасы тығыз байланыста болғанын жоғарыдағы деректерге де сүйеніп айтып өттік. Жетісуды қалмақ басқыншылығынан азат еткенде де екі елдің мақсат-мұраты ұштаса түскен. Сол бір қиын да тарихи кезең оқиғаларын сценарий сипатында баяндаған жазба да осы кітапта келтірілген (557, 558-беттер). Бұл жерде қалмақ басқыншыларын толық жеңген соң, қашып-пысып тау-тасқа жасырынып қалған соңғы сілімтіктерін қолға түсіріп, ел мен жерді біржолата азат етіп, Хан ордасына той тойлауға суыт жеткен Жолбарыс би, Құдайберлі батыр, Ескелді билер суреттеледі. Сонда Жолбарыс би Абылай ханды қапсыра құшақтап, жақын тартып шаттана сөйлейді: «Қабанбай батыр өзіңізге арнайы сәлем айтып жатыр. Қаратал жаққа келіп, орда тіксін дейді!.. Қалдан Серендей төрткүл дүниеге даңқы шығады деп әдейі тапсыр­ды!..» Атақты би тағы бір сөзінде: «Осы соғыста қазақтың үш жүзі бір жағадан бас шығарып, жат жұртқа айбынын асыра білді!.. Сонда ғана мұратқа жететіні әрбір қазақтың түйсігіне жетті ғой деймін!..» деп толғанады. Иә, бұл тарихты сахналау алдағы күндердің еншісінде. 
Бұған қоса, автор кітаптың 558-бетінде осы Жолбарыс бидің ұлы да ата жолын жалғастырып келе жатқанын дәлелдейтін өте құнды тарихи деректі келтіреді. Бұл – 1842 жылдары Қоқан шапқыншылығы, сол кездегі өзге де қиын ах­уалға байланысты Ұлы жүз ел ағаларының Ресей мемлекетімен ықпалдасу туралы хаты. Сөк 
Абылайханов т.б. билермен бірге Жолбарыс бидің ұлы Бекбау (Бекбаулы) да осы тарихи құжатқа қолтаңбасын қойып, мемлекеттік маңызды мәселеге атсалысқан. Ал жинақтың 474, 475, 476, 477-беттерінде тағы да Жолбарыс атаның ұрпақтары туралы архив құжаттарының нақты деректері берілген. Онда былай деп көрсетілген (474-бет): Жолбарыс би, Байтоқ елі, Болтай Нұралы, Ақсақал, Аманжол ата т.б. отбасыларының ел-жұрты (Қапалдағы Күшік болысы, 1913 жылдар) (475-бет); Қапалдағы Мырзабек, Қыдырбай, Аманжол Жолбарысұлы, Нұралы Қадырбай т.б. отағасылар туралы мағлұматтар, 1882 жылдар (476-бет); Жолбарыс би елі, ұрпақтары, 1882 жылдар. Аманжол, Серікбай, Қошқарбай, Садырбай Жолбарысов, Мырзабек, Қойшыман Аманжолов, Дүйсен Садырбаев және басқаларының отбасылық деректері (477-бет); Күшік болысының сайлау парағы және Мырзабек Аманжолов т.б. ел ағаларының қолтаңбасы, 1873 жыл. Сондай-ақ аталған кітаптың 442–444-беттерінде Ұлы жүз елінің, соның ішінде жалайыр жұртының да жалпы мағлұматтары берілген.
Автор еліміздің көрнекті тұлғалары, халыққа танымал азаматтарының өмірдеректерін, ел-жұртын зерделеу арқылы да ел бірлігінің жеке қырларының сипатын аша түседі. Мысалы, атақты қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың тікелей аталары Көжекбай, Тезекбай, Боқаш, Қонай Азынабаевтардың 1850 жылдары Абай елінде, Тобықты жұртының ішінде аралас-құралас жүргенін архив құжаттарымен нақты көрсетіп береді («Астана аймағы», 272, 273, 367-беттер). Иә, жақын араласып, қоғамдасқан ел бір-бірінің қадір-қасиетін жете түсінеді, құдандалы, нағашылы-жиенді болады. Ұл-қыздарына сол елдің игі жақсыларының атын беріп, кейінгі ұрпақтарға сол дәстүрді мирас етеді. Жер-жерде кездесетін Өзбекәлі, Найманбай, Арғынбай, Үйсінбай, Адай, Тамабай тағы басқа атаулар сондай да бір сыйластықтың, ағайын жұрттың бір-біріне деген құрметінің айқын куәсі болса керек.
Уақыт зардабымен ел жадынан ұмытыла бастаған тұлғаларға да зерттеуші ерекше ден қояды. Аға сұлтан дегенде, жұрттың көбі Құнанбай, Шорманның Мұсасы секілді тұлғаларды ғана еске түсіреді. Көкшетау өңірінде, 1824 жылы ашылған тұңғыш округте болған, қарадан хан атанған алғашқы аға сұлтандардың бірі – Тоқтамыс Жанұзақұлы. Бұл әулеттен 3 бірдей аға сұлтан лауазымына ие болған азамат шыққан екен. Ол – Тоқтамыстың өзі, оның ұлы – Маңдай, оның баласы – Әбдіғапар. Бұларға әдейі тоқталып отырған себебіміз – осы әулеттен бірталай қайраткерлер шоғыры өсіп шыққан. Маңдай Көкшетауда аға сұлтан болған кезде, Ақмола округі ашылды. Ақмола қаласының орнын белгілеуге подполковник Шубинмен бірге, жергілікті жағдайды жақсы білетін Маңдай Тоқтамысов жол бастап келеді. Сөйтіп, ол болашақ Астананың орнын белгілеп, алғашқы қазығын қаққандай болады. Ал Әбдіғапар Шоқанмен қатарлас оқыған, бір-бірін жақсы білген азаматтар болған. Тоқтамысов­тардың тағы бір бауыры, оқыған-тоқығаны бар, «губернский секретарь» лауазымына ие болған Сухан Тоқтамысұлы. Генерал-губернатор осы Суханмен жолығып, сөйлескенде, мұндай орысша да сауатты қазақты бірінші көріп тұрмын деп таңғалған екен. Тоқтамыс атамыз ұрпағы көп болса да, патша шенеу­ніктерінің балаларыңды орталыққа жіберіп оқыт деген сөзін жүре тыңдап, керісінше, оларға шоқынып кетесіңдер деп, тізгінді тарта ұстайды екен. Жаңағы Суханның баласы капитан Нығметолла деген болған. Ол Зайсан жағында қызмет жасаған. Міне, осы арадан Семейдегі алғашқы алаш атты әскерінің командирі болған Хамид Тоқтамышев шығады. Омбыда Сәкен Сейфуллин түрмеге қамалғанда, оны қыстың күні шанамен абақтыдан алып шығатын Мұқан Әйтпеновтер де осыларға ағайын болып келеді екен. Қажымұқан атамыз айтатындай, Омбы қаласында оның «Бәтима» апамызбен некесін қиятын Құсайын имам да Тоқтамыс әулетінен. Ал, ең бастысы, осы әулеттен Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ Жұмабай Шаяхметов шыққан!
Т.Сәдуақас әдеби-тарихи тұрғыдағы тартымды тәсіл арқылы ел мен елді байланыстыра отырып, кейінгі буын көз жіберіп, көңіліне тоқу үшін, қай жерде қандай аталар тұрған, шамасы қанша болған, кімдер ел басқарған деген секілді қысқа да нұсқа мәліметтерді орынды пайдаланып, көпшілік назарына ұсынады. Бұл әдіс те тиімді болып шыққанын байқауға болады. Осы «Хан ордасынан Ханшатырға дейін» кітабында басты нысана Астана өңірі болып көрінгенімен, мұнда Алматы, Жетісу өңірінің де, тұтас Батыс аймақтың да құрамы, ел-жұрты қамтыла түседі. Сөйтіп, бүкіл қауым өз елін де, өзге ағайындарды да тереңірек танып, жақынырақ біле түседі. Автор бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарлан тұлғаларының да дереккөзін дәл таба білген. Мәселен, осы жинақта сонау Атырау, Маңғыстау өңіріндегі белгілі әулеттердің нақты тарихы келтіріледі. 1858, 1863, 1911 жылдары жасаған Сайлыбай Дүтбаев, Әлмұқан Темірбай, Атамбек Сауғабаев, Мерек Сәдібеков, Иманғали Жұбаев, Ізмұқанбет Ыдырысов, Иманғали Кенжебаев, Жаманғұл Өтеков, Бектілеу, Ноғай Көпжасаров, Бүркіт Құдайбергенов тағы басқа белгілі ел ақсақалдарының аты аталады. Бір қызықты жері, мұнда Алаштың ардақты ұл-қызы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов және басқа тұлғалардың ата-бабасы көрсетілген. Мұның өзі Астана іргесінен, атаулы қорымнан мәңгілік мекенін тапқан ардақтыларымызға, аруақтарға деген автордың ғана емес, астаналықтардың, жергілікті қауымның да үлкен қадір-құрметі деп айта аламыз. Автордың айтуынша, Фариза апайдың аталарының қатарында Темеш, Алтай деген де үлкен кісілері бар екен. Енді өзі де сол Темеш пен Алтайдың жерінде тыныстап жатса, «тас түскен жеріне ауыр» дегендей, аруақтарды осылайша елеп-ескеру де сауапты іс қой. Кітапта Кенесары хан, Ағыбай батыр, Жекебатыр, ел ағасы Сопы Ағыбайұлы, Алматы өңіріндегі Андас датқа, Саймасай болыс, Молықбай қобызшы елдері, Құрман болысы, Бәжек Албан ауылы, 1912 ж., Кенен Әзірбаев ауылы, Ойық елі, Сиқым елі, Қоңырбек Ақжолов т.б. таңбалары, 1915 ж., Көкшетаудағы Сәмбет ауылы, Баянауылдағы аға сұлтан Шоң Едігеұлы, депутат, би Сәтбай Шөтікұлы, Жаңарқадағы белгілі тұлға Шоң Телғозин, Қанжығалы Жолымбет би, Жақсылық ел ағасы Жомарт Жұмағұлов, Атбасардағы ел ағасы Өмірзақ Дүйсенов, Қойшыбай Тасов (Сәкен Жүнісовтің атасы) деректері, тағы басқалар да нақты көрініс тапқан. Алаш ардагерлері Мағжан, Сәкен елдері жайында да тың дүниелер ұсынылған. С.Сейфуллиннің ел басқарған аталары Әлібек Байбеков, Баубек Ескенин, әкесі ел ағасы Сейфулла Оспановтың қолтаңбасы соның куәсі.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың соңғы Құрылтайда көтерген толғақты мәселенің бірі – Қазақстан халқының бірлігі болатын. Иә, бұл бірлік те, еліміздегі этнос өкілдерінің ынтымағы – ежелден келе жатқан құндылық. Автор бұл ретте де ұтымды тәсілмен ел-жұртты ұйытатын, ұжымдас­тыратын қажетті деректерді алға тартады. Сонау Қазан төңкерісіне дейін қазақ жеріне келіп қоныстанып, жергілікті жұртпен аралас-құралас болған басқа этнос өкілдерінің қазақ ұлтымен бауыр басқан мысалдары көпшіліктің көңілінен шығып, бүгінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге болғандай. Мәселен, сонау Шымкент өңіріне 1912 жылдары қиырдағы Ставрополь губерниясынан арып-ашып бір шаруа әулеті жетеді. 15 шақты қара малы, 40 шақты қойы, 1 ат, арбасы бар екен. Олар жергілікті жерге төселіп, кейін келе тұрғылықты елмен де етене араласып кетеді. Кеңес өкіметі тұсында да жақсы еңбек етіп, қазақ тілін де үйреніп, мақал-мәтелге де жетік болады. Талаптылары лауазымды қызмет атқарып, таланттысы Тәуелсіз Қазақстанның Үкіметін де басқарып кетеді. Бұл кім десек – Шымкент өңіріне қоныс аударған Терещенко әулеті екен (кітаптың 505–506-беттері). Сол секілді Краснопольянское селосы тұрғындары және Кулагиндер (238-бет), Алексеев болысы, Дьяченко қауымы (362-бет) аталған жинақта тайға таңба басқандай көрсетілген. Кітапта елімізді кең жайлап, қажырлы еңбек етіп, ұрпақтары лайықты білім алып, ортамызды толтырып отырған ұйғыр, татар, дүнген, неміс, өзбек, түркімен ағайындарға да лайықты орын беріліп, деректер келтірілген.
Автордың тарихи деректері оның өлең-жыр­ларымен де үндесіп, ел басынан өткен ұлылы-кішілі оқиғалармен астасып, біртұтас рухани әлемді құрайды. Оның «Абылай хан» туралы поэмасында да тарих тағылымын, ұрпақ сабақтастығын саралай түсетін толғамдар аз емес. Туған елін бір үлкен белеске жеткізсе де, ұрпақ алдында әлі де талай сын-қатерлердің бар екенін сезінген ұлы ханның, сол қиын асулардан ел-жұртым қалай өтер екен деп толғанған, бүгінгі күндерге де үндесе түсетін монологін ақын былайша сомдайды: 
«Білмеймін, не болады кейінгі ұрпақ,
Серпілтер сергелдеңде сенім бір тақ.
Сол сенім болар ма екен ерге серік,
Кете ме адастырып өмір бұрқақ?

Ел-жұртын әділдікпен бағар ма екен,
Жетім мен жесірге көз салар ма екен?
Құлқыны тоймай әлде құрғырлардың,
Мал-мүлкін тонап елдің алар ма екен?!

Бір-бірін жатқа барып жамандар ма,
Жалбақтап күнін көріп амалдар ма?
Адасқан елді жөнге салар ма екен, 
Бір Кемел туып сол бір замандарда!..»
Иә, өзі де атаулы 70 жасқа толып, көп еңбек етіп, халық қазынасын ел игілігіне айналдырып жүрген қаламгердің ел-жұртымыздың бұрынғысы мен бүгінгісін салғастырып, оны болашаққа жалғастырып отырған туындыларына тәнті болғандаймыз. Және де ынтасы мен ынтымағы жарасқан халқымыздың ата-бабалардан жеткен жақсы дәстүрлерден – өнеге, сындарлы сәттерден сабақ алып, жаңа белестерге, жарқын келешекке ұмтылған қарышты қадамы құтты бола бергей! 

Марат ӘБСЕМЕТ,
Тарих ғылымының докторы, 
профессор

 

547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6355

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5789

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3530

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2911

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2873

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2852

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2582

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2567

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы