• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Жастық шақтың қадірі...

Әкем Молдасан Мышан: «Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Артыңа қара, ізің қандай болып түсіпті, үңіл», – деп отыратын еді. Әкемнің көп әңгімесі кісілік, өмір, адам болу туралы болатын... Адам болып қалыптасудағы өзінің өнегелі өмірін, адамдар арасындағы сыйлас­тықты, еңбекқорлықты,  достықты ұлықтап, үнемі  адамға, бауырларыңа қамқор бол дейтін.  Он бес жасында әкеден жетім қалып, бүтін бір отбасының арқасүйер асыраушысы болған соң қайтсін? 
 

Үш нәрсенің қадірін сезінбейтінімізді әкем үнемі еске салатын. Ол: «Жастық шақтың қадірі жоқ. Сүйген жардың қадірі жоқ. Денсаулықтың қадірі жоқ», – дейтін. Иә, айтса айтқандай. 
Барлық нәрсенің бағасын білгенімізбен, еш нәрсені бағалай алмайтынымызды кейін ұғып, өкініп жүрміз. 
Адам өмірі дария үстіндегі көпір іспеттес. Бір жағадан екінші жағасына өтесің. Бұл – өмір көпірі дейді. Осы сәтті есіне алған сайын әкем үнемі айтатыны:
– Ұрпағыма сабақ болсын. Бір ғасыр­ға жуық өмір сүрдім, енді қанша өмір сүретінім Құдайға аян. «Еңбегің болмаса, елге өкпелеме, ықтасының болмаса, желге өкпелеме», – деп өмірден бар көрген-түйгенін өсиет ететін. 
Сонда мен оның жүзіне қарап отырып, ішімнен «Табиғат пен малдың жанын, тілін сенен артық білетін адам жоқ шығар» деген ойға қалатынмын. Бірде әңгіме арасында:
– Мына малдың басы анау тұрған көк сиырдың енесі... 
– ...Еее. Көк сиыр... деп ұзақ ойға шомды да, әңгімесін жалғастырды. 
... Көк сиыр... Қазіргі Қақпақ кеңшарында біраз тұрдық, – деп сөзін бастады. 
– Күнде таңертең әжең Әлжан, ағаңа ішуге көршіден бір тостаған сүт сұратады. Онда сен тумағансың. Көршіміз бірде береді, бірде бермейді. Бір күні әжең: 
– Баланы сүт сұрауға жіберме! – деді. – «Тыныш отырған жерден келіп, қайыршы болды деген осы шығар, аузы...»  – деп бір қайырды. Жаныма қатты батты. Оншақты жылқы, он бестей сиыр, ұсақ мал бәрін сатып келдік қой...
Нарынқол мен Алматы ортасы – шаңы бұрқыраған қара жол. Жастықтың жалыны болса керек, сол Қақпақтан жаяу, кейде кездескен көліктің бортына отырып, досым Сатыбалды екеуіміз Шелекке жеттік. Сұрас­тырып, сиыр сататын Сергейдің үйін таптық. Сөйлесіп пұлын төлеп, осы малымның басы көк сиырды, бұзауымен сатып алдым. Өзі жақсы орыс екен. Үйіне қондырып, тамағын беріп, көлігімен таңертең ерте Шелек суынан асырып тастайтынын айтты. Көпірде милиция пост бар. Содан төте жолмен Шелектің жайдақ жерінен өтетін болдық. Таң қылаң бере көк сиырды, бұзауды көлікке басып, жолға шықтық. Әңгіменің көкесі Шелек суында басталды. Көлігіміз суға батып, сиырды белімізден келетін суға түсірдік. Шелектен Қақпаққа бес қонып, жеттік. Жаяу, аяқ ойылған. 
Мінездегі шыдамдылық пен төзімділікті, жанының қорлануына да азаптанбайтын адамды итжанды деп атайды. Ондай адам ит салпақта жүріп, қорлық көрсе де, азапқа шыдап, азаматтық қасиетін жоғалтпайды. Адам итжанды деген рас екен. Есіңде болсын, сенің өмір жолыңмен ешкім жүрмейді, өзің ғана жүресің. Еш уақытта шаршама. Өткенге өкінбе, алға мақсат қой, адал еңбек ет, – деді ол әңгімесінің аяғын маған тіреп. Содан соң:
– Мен екі елді, екі ғасырды көрдім. Кәмпеске, колхоз, совхоз көрдім. Жақсыны да, жаманды да көрдім. Зәңгі болдым. Ақалақшы, – деді. – Жер – жолдағы адамды жарға жықпайды. Адамды қажытатын: қатыгездік, көреалмаушылық, іштарлық, сенімсіздік. Ал Аллаға деген сенім, еңбекқорлық, мейірімділік, қажымас қайсарлық болса, алға қойған мақсатыңа жетесің. Әттең, үш кластық білімім ғана бар, төте жазумен оқыдық, бірақ оқыған, бірнеше дип­ломы бар сендерден жағдайымыз жақсы. Содан мал бақтық. Жаман болмадық. Елдің алды болдық. Оның бәрі – адал еңбектің арқасы. Ортада сыйлы, құрметті болдым, жағдайы нашарларға үнемі көмек қолымды создым. Үш ұрпақтың ортасындағы көпір бола білдім, шөбере сүйдім, – деп сол кезге қайта сапар шеккендей тізбектеп берді. Үнсіз тыңдап болған соң:
– Иә, әке, есімде қалғаны, екі не үшінші сыныпта Тұзкөлде оқимын. Сонау Есек­артқаннан атты шанамен келіп алып кеткенің. Шанамен келе жатырмыз. Таңнан шыққаннан кеште үйге әрең жеттік қой. Әжемді сағынып келемін. Марлыға құрт, ірімшік түйіп, кәмпит даярлап қоятын. Айнала аппақ қар, – деп мен де бала күннің парағында қалған жылт еткен сағымды айтып бердім. 
Сонда әкем:
– Қыс, көктем, жаз, күз адам өмірі іспетті. Жазда жайлауға Шалкөдеге барғанда, күн күркіреп, найзағай оты жарқ еткенде есіңе бір аларсың, сен жазда ғана келесің ғой... Ерсан. Адам кемшіліксіз болмайды, мен жақсы әке бола алмасам, сен жақсы бала бола біл. 
Өткенде ағаң Ауғали Шалкөдеден алып келгенде, жаз жайлауымен қоштасқандай болдым, бір уыс жусанын иіскеп, кең тыныстап, дем алдым. Алтынкен, Айғайтас, Ойбұлақ, Қабанды, Есекартқан, Дабашы, Шәкірамбал – бәрі артымда қалды. Мен өз көпірімнен өтіп барамын, сен үлкен ордада жүрсің, өз қатарыңды, алдыңғы, артқы адамды сыйлап, құрметтей біл. Жақсыны да, жаманды да «көпір» болып өткізіп, бір-біріңе «көпір» бола біліңдер, – деп соңғы өсиетін аманаттағандай болды. 
Әкеміздің өмірі елге, өз ұрпақтарына саналы түрде «көпір» бола білгенін көреміз. Адамзат қара басының қамы үшін емес, өзгеге деген махаббатымен ғана адам санасында, жүрегінде тірі қалары қақ. Менің түсінігімде, жер бетіндегі жақсылықтың барлығы – сол «өмір-көпірінен» өткен адамның шарапаты.

Ерсайын Молдасанов

107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы