• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

«Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа...»

Қазақта «Сөздің қадірін білмеген өзінің қадірін білмейді» деген дана сөз бар. Хантәңірі баурайындағы Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепте аудандық мектеп оқушылары арасында алғаш рет шешендік өнердің сөз додасы өтті. Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау мақсатын көздеген байқауға аудандағы он алты мектептен 16 оқушы қатысып, өзара сынға түсті. 
 

Байқауға қатысушыларды саралап, бағалауға, сөйлеу шеберлігін жетілдіруге бағыт-бағдар беру үшін Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері Камнұр Тәлімұлы бастаған, жоғары мектепте әдебиетті оқыту саласы бойынша ширек ғасыр еңбек етіп келе жатқан педагогика ғылымының кандидаты, СДУ профессоры Береке Жұмақаева қостаған ұлт жанашырлары, әдебиет пен өнердің майталман мамандары Алматыдан арнайы ат арытып жетті. 
Райымбек ауданы білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиев өз сөзінде: «Ауданымызда тұңғыш рет оқушылар арасында шешендік өнер байқауы өтіп жатыр. Бұл сайыстың берері мол. Балалардың арасында да талантты оқушыларымыз көп, дегенмен рес­публикалық байқауларға қатысып, шыңдалып жатқаны аз болып тұр. Бүгінгі таңда оқушылардың арасында қазақтың мақал-мәтелін, би-шешендердің сөздерін мағынасын түсінбей, қай сөз қай жерде айтылуы керегін, аражігін ажырата алмай жатады. Ау­дандағы талантты оқушылардың шыңдалуын қолдап, үлкен байқауларға қатыстырсақ, олардың ішінен де сөзге шешен мықтылар шығатынына сенімдіміз. Осы орайда «Ділмар» шешендік өнеріне жетекшілік жасап келген Жарқын Сәленұлына алғыс айтамыз. Бұл жай байқау емес, мұның да бас демеушісі бар. «Туған жерге тағзым» деген – осы. «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа...» демекші, өзіміздің бауырымыз Олжасқа көп рақмет», – деп, қазылар алқасына ризашылық білдірді. 
Екі күнге созылған байқаудың алғашқы күні С.Әшімбаев орта мектебінде қонақтардың қатысуымен «Ұлтын сүйген ұрпақ» әдеби-сазды, рухани-танымдық кеш өтіп, шешендік өнердің мән-маңызы мен қадір-қасие­ті жайында сөз қозғалды. 
Екінші күні таңнан кешке дейін әр мектептен келген оқушылар өз­ара сөз додасына түсті. Қазылардың шешімімен бас жүлдені С.Әшімбаев орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айерке Мақсатқызы, 1-орынды Көксай орта мектебінің оқушысы Нұрай Жақыпбекова иеленді. Жүлде иелері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Байқаудан соң қазылар алқасының пікірін білдік. Камнұр Тәлімұлы: «Жалпы, әр нәрсенің бастауы қиын ғой. Бірақ мақсатымызға жеттік, шешендік өнердің қажеттілігін жете түсіндірдік. Соның өзі үлкен жетістік. Бұл балаларға қозғау салды», – деді. Ал Береке Жұмақаева алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, қамтылатын тақырып бір ай бұрын алдын ала берілгенін, дайындалуға уақыт болғанын атап өтті.  «Бұл тұрғыда оқушылар алдын ала дайындалып, тақырыбын ашып айтып, сөз саптасын, ойын, пікірін әдемі өрнекті, дәйекті сөздермен жеткізуге болатын еді. Бұл жағынан келгенде, балаларымыздың әлі де көп жаттап оқитыны, жеке мәселелерге сыни пайымын білдіре алмайтыны байқалып қалған сияқты. Республикалық сайыстарда алдын ала тақырып берілмейді, қай уақытта болатыны хабарланады, жеребе бойынша сол жерде анықталып, бірден сол тақырыпқа сөйлеп кетуі керек. Бұл – ертеңгі көшбасшыны тәрбиелейтін, жан-жақты, ұлттық рухы бар, ел мәселелерін, келелі мәселелердің түйіндерін шеше алатындай деңгейге жететін тұлға қалыптастыру бағытында өткізіліп жүрген сайыс. Осы арқылы біз болашақ елдің азаматтарын, шын тұлғаларды тәрбиелей аламыз», – деді.
«Ділмар» шешендік сөз өнері байқауының жетекшісі Жарқын Сәленұлы: «Біз тақырыпты бір ай бұрын бердік. Қалай дайындалуы керектігі туралы онлайн жиналыс ашып, жария еттік. Бас жүлде алған Айерке мен бірінші орын алған Нұрайдың сөз тапқырлығы, ой ұшқырлығы, өзін ұстауы, алған білімін көпшіліктің алдында көрсетуі, сөйлеу шеберлігі тұрғысынан басқаларға қарағанда озық болды. Шешендік сайыс түрінде екі айналым өткеннен кейін бас жүлдені алған оқушыны үшінші рет суырыпсалмалығын сынау үшін республикалық Абай мектебінен барған оқушымен тағы бір мәрте са­йыс жасадық. Сонда бас жүлде алған оқушы бірден үш рет сайысқа қатысты. Бұл бұрын-соңды болмаған. Сайыстың ерекшелігі осында болды. Байқағанымыз, Айерке деген оқушының барынша дайындалғаны, ақпарат мәліметтерінің көптігі, шешендік сайыстың мән-маңызын түсінгені көрініп тұр, яғни басқа қатысушылар мен Айеркенің арасында айырмашылық бар. Қазылар алқасы барынша әділ, шынайы бағасын беріп, әрбір қатысушыға сөз, сөйлем, тіпті дыбыс, әріптерге дейін дұрыс-бұрыстығын анық-қанық түрде көзін жеткізе отырып, ұсыныс-пікір айтты. Бұл сайыстан гөрі үлкен сабақ болды. Оқушылар пайдалы ақпарат алып қайтты. Оны сайысқа қатысқан мұғалімдер де, оқушылар да мойындады. Алдағы уақытта шешендік сөз сайысы жүйелі түрде жалғасады деген ниеттеміз», – деп ойын бөлісті.
Республикалық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубы, Райымбек ауданының білім бөлімі, С.Әшімбаев атындағы орта мектеп бірлесіп ұйым­дастырған байқаудың демеушісі Жамбыл ауылының тумасы, кәсіпкер Олжас Тұрсынқожа өзі түлеп ұшқан мектебі мен ауылының жанашыр азаматы екеніне сапар барысында көзіміз жетті. «Қарапайым ғана отбасыда өскен бала, ауылының шын мәніндегі жанашыр азаматы, ауылыма болсын деп үнемі іс-шаралар ұйымдастырып, әсіресе мектепке, бала болашағына алаңдап жүргені» дейді ауыл азаматтары. Біз де кәсіпкерді сөзге тарттық. 
Байқаудың демеушісі, кәсіпкер Олжас Тұрсынқожа бұған дейін Жарқын Сәленнің өткізіп жүрген шешендік өнер сайысына бірнеше рет қонақ болып қатысқанын, көрермен ретінде жас балалардың сөз саптауына қызығып, өз мектебінен де осындай шешен сөйлейтін балалардың шыққанын қалаған. 
«Жарқынның өткізіп жүрген жарысына бір-екі рет кішігірім демеушілік жасағанмын. Қонақ ретінде қатысып, балалардың көзі жанып тұрғанын көрдім. Әр шешеннің, бидің сөзін мағынасын түсініп, ойлы жеткізе алатын қасиетіне риза болып, «менің ауылымнан да осындай алғыр балалар шықса екен, 7-сыныпты бітіріп, 8-сыныптан бастап республикалық Абай мектебіне оқуға түсіп, шешендік өнерін дамытса, мықты тұлғалар шықса» деп армандадым. Жарқын Сәленұлының тәрбиелеп жатқан оқушылары әділеттілікті бірінші орынға қояды, себебі Жарқынның өзі таза, адал азамат. Біреу­дің көңіліне қарап баға беру, біреудің сөзіне қарап бағалау жоқ. Адалдыққа тәрбиеленген балалар ертең ел басқарса, Қазақстанның болашағы гүлденеді. Елдің болашағы солардың қолында. Біз шамамыз келгенше үнемі демеп, қолдау көрсете береміз», – дейді кәсіпкер. 
Байқау барысында дәстүрлі әнші әрі диктор Аманбек Әуелбекұлы, рес­публикалық Абай атындағы мектептің мұғалімі Қизат Тілеуберді, Талғар ауданы Кеңдала ауылының әкімі Алмас Нұрдәулетұлы, Жамбыл ауылының әкімі Роман Бекзадаұлы, С.Әшімбаев атындағы орта мектептің директоры Жақсылық Бүтінбайұлы, өнер иелері Сержан Тұрлыбек, Жақсылық Орынбасар т.б. сөз сөйлеп, шешендік өнер сайысының әрі қарай да жалғасып, ұлттық мүдде тұрғысынан дами беруіне сәттілік тіледі. 

Бағдагүл Балаубаева

318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8750

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7055

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4799

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4147

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4108

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3838

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3838

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы