• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Дүниеге ғашық көзбен қараған

Ақын аға Қайырбек Асановпен жақынырақ танысуымыз киелі Тараз топырағынан басталды. Облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми-көпшілік кітапханасында ақынның оқырманмен кездесу кеші өтті. Жүздесу ақжарма әсерлі әңгімеге, өлең оқуға ұласты. Содан кейін-ақ
 телефонмен, ретіне орай, хабарласып тұрдым.

 

«ЖҮРЕГІМДЕ «АЛЛА» ДЕГЕН ЖАЗУ БАР...»

– Ассалаумағалейкүм, аға! – деймін телефонда дауысымды көтеріп.
– Уағалейкүмассалам! – дейді аға аузын толтыра, бүкіл әлемнің бар жақсылығын жиып. Қуатты да мейірбан үн бөтенсімейтін жақындығын танытып, өзіне үйіре түседі. Көңілін ашып тұрған, қылаудай жамандығы жоқ, мұндай тілекші ағадан айналмайсың ба! Қазіргі уақыт адамның бір-біріне жылы сөз айтуына зәру ғой.
Күләш апамыздың ақ дастарқаны қазақтың қонақжай дәстүр-салтын берік ұстанған нағыз береке-бастаудың өзі дерсің. Бұл шаңырақ, мен білгенде, меймансыз отыра алмайтын секілді көрінеді. Әр қонақтың орны, ырыс-несібесі бар. Дегенмен жақсы сөз, ақ пейіл, әдемі сұқбат бұл шаңырақтың бірінші кезектегі баға жетпейтін байлығы саналады. Қазіргі уақыттың қытымырлығына қарсы қойылған қазақтың қорғаны іспетті.
Қазақтың ән-жыры, өлеңі патшалық құрған шаңырақ бұл! 
Талай жас ақындар уәлі батасын осы киелі шаңырақтан алады. Алматыдан келген үлкен-кіші ақын-жазушылар да, облыстың, ауданның әкімқаралары да ат басын тіреп, дәм-тұз татып жатады.
Құт шаңырақтың ұстынына айналған Қайырбек ағаның ақ пейіл болмысы өз өлеңінде көрініс тапқан.
«Бүгілмеймін, өмірден түңілмеймін,
Күнді көріп күн сайын күлімдеймін.
Тағдыр мені қаншама қуантса да,
Жанарымда жүреді білінбей мұң!

Әу бастан-ақ мен солай жаратылғам,
Айналама сәуле боп таратылам.
Өзгелерге ешқашан ұқсамаймын,
Көп ішінен көрінер дара тұлғам!

Неге керек шыққаны жаман атың,
Иман жүрек сездірер қанағатын.
Жақсылыққа қашанда жол саламын,
Адамдардың арқалап аманатын!»
Ақын ағаның автопортреті, біздіңше, осы өлеңнен қылаң бергендей. «Мен Цезарь де емеспін», «Махамбетпін де дей алман» деп асқақтамайды. Буырқанып бусанып, мұздай темір құрсанып, аста-төк болып, шашылып-төгіліп жатпайды. Ақын өлеңі автордың өзіне ұқсайды. Поэзияда көп айтылатын мінез, стиль дегенді осыдан аңғарасыз. Былайғы тірлікте ақын аға қандай жинақы, жауапкершілігі мол болса, өлеңі де сондай: бөстекі сөзден, бөспеліктен мейлінше аулақ, айтар ой мен сезімнің шекарасын дөп басып, артық та кетпей, құнтитып азайтып та жібермей, мөлшермен жеткізуді қатаң ұстанатын тәрізді. Сондықтан да көп өлеңі төрт-бес шумақтан аспайды. Төрт-бес шумақта ой-сезімін неғұрлым жинақтап, шынайылықты басты меже тұтып, өзіндік образ-таныммен жырлауды мақсат тұтады. Қарапайым оқылып, қарапайым қабылданады. Бірақ сол қарапайымдықтың астарында, біздіңше, құрық бойламайтын терең сыр, мән-мағына бар. Ақынның өмірге, адамға, олардың бақытты тұрмысына деген үлкен жүректің, тілекші жүректің дүрсілі аңғарылады. Туған елін, халқын, жерін асқақтата жырлап, солармен бірге өзін бақытты санайды.
«Жаныма терең үңілші,
Мен де бір жеке құбылыс.
Сиынарым – бірінші,
Алла деген ұлы күш!

Пейілім таза досқа да,
Жамандық деген жоқ менде.
Мейірімімді төгем тасқа да,
Еш өкпем жоқ өткенге, – дейді ақын. Міне, ақындық болмыс! Өмірдің талай қиыр-шиырын бастан өткерген. Күншілдікті де, қызыл ит қызғанышты да көрді. Өмір-тағдыр жеңіл болды дей алмаймыз. Алланың салған сынағын әлі де көтеріп келеді. Соның бәрін жеңіп, бойын тіктеп, жүректің тазалығын сақтап, қайсар мінез танытуы – Қайырбек ағаның адамдық, ақындық болмысының дара қыры деуіміз шындыққа жақын шығар.
«Жақсы сөзден жан сыздауы жазылар,
Адамдар да тым аз екен наз ұғар.
Мен ешкімді жек көрмеймін ешқашан,
Жүрегімде «Алла» деген жазу бар!

Жүргенім жоқ байлық, мансап соңында,
Бәлкім, мұным бағым ба, әлде сорым ба?
Байлығыңның бақ емесін түсіндім,
Нағыз байлық – бір Алланың жолында!

Мен емеспін «кедеймін» деп егілген,
Ертелі-кеш еңбекке ерен жегілгем.
Сүйіп өтем адамдардың барлығын
Бойымдағы мейіріммен төгілген!» – дейді ақын көңіл шындығын бүкпесіз ақтарып. Жетпістің мол үстіне шыққан абзал жанның өмір философиясының бір түйіні, өмір-сапардың бір қорытындысы деп біліңіз мұны. Асты-үстіне түсіп жататын мына тіршілікте адам жанына байыз таптырар қанағат сезім – шүкіршілікті, бәлкім, пенде көңіл осыдан табар. Мұны кезінде Абай да, Шәкәрім де айтқан. Жан тыныштығын табу, тірліктің анау-мынау күйкі күйбеңінен өзін биік ұстап, пенделік ашкөздік пен түрлі жаман қылықтардан бойыңды тарту – қазіргі уақытта жеңіл емес. Одан қорғанатын берік қорғаның болу қажет. Қайырбек ақын оны терең пәлсапаға айналдырмай-ақ, өз көңілінің шындығымен жырлайды. 
«Фәни тірлік – түсінгенге тым қысқа,
Ей, адамдар, бет жыртысып, қырқыспа.
Жалған өмір – уақытша серуенің, 
Бақилық қой – мәңгі өмірің түп нұсқа!»
Жалған тірлік пен мәңгі өмірді таратып айтар болсаң, ұзақ сонар әңгімеге, көш құлаш философияға көшер ең. Алайда ақын оған бармайды. Қысқа қайырып, түйіп айтқанымен, оқырманға салар ойы зіл-батпан. Бәлкім, ақынның жан дүниесіндегі қанағат сезімнің, шүкіршіліктің, адамға деген тау суындай сарқылмас жақсылықтың бастауын осыдан іздерсің. Қалайда адамның бойындағы жақсылықтың, келешектен күтер үкілі үміт пен жақсылыққа сенімнің балансын ұстап тұрар бір қуатты күш қажет болар. Ол – Аллаға, оның құдірет-жасампаздығына сенім. Бұл ретте «Жүрегімде «Алла» деген жазу бар», «Байлығыңның бақ емесін түсіндім, Нағыз байлық – бір Алланың жолында!» деп жырлаған ақын көңілінің риясыз ақиқатына бір табан жақындай түсесің. 
Аллаға сенім – өмірге тың күш-қуат, серпін беретін жаңа мән. Осы биік өлшеммен қарап, тіршіліктің ауырт­палығын ақын Алланың сынағы деп біледі. Алланың сынағына төзе біліп, ақырын тілеу – адам бойындағы ең асыл қасиет болар-ау. Осы жаңа көзқарас тіршіліктің барлық қиян-кескі арпалысына басқа көзбен қарауға негіз болады. Абай айтқан қанағат, рақым ақын өмірінің басты тірегіне, айнымас мән-мағынасына айналады. Иә, адам сонда ғана бәрін жеңеді екен. Өзгенің байлық жолындағы күпір тірлігіне сын көзбен қарап, сындарлы пайым жасайды екен. Әйтпесе, ақынның өмір жолы, өнер сапары жеңіл болды екен деп айта алмайсыз.
«Соңғы кезде баспады ісім алға,
Жетсем деп ем арманға күшім барда.
Жан-жағымнан анталап жау секілді,
Тізімдерден сызады өші бар ма?

Қиянатым жоқ еді жан адамға,
Аңқау едім алаңсыз баладан да.
Қиналады екенсің жаның сыздап,
Тағдырыңды тәлкек қып талағанда», – дейді ол сонау жылдарды еске алып. Мұның иірімі тереңде. Әдебиет әлемі ешқашан қиянатсыз, күншілдіксіз болмаған. Мағжанның, Жүсіпбектің тағдыр-тау­қыметі, ең алдымен, осы күншілдіктен, қызғаныштан басталған болар-ау. Сырттан келіп, жау алмаған шығар-ау. Жауыңмен бетпе-бет келіп, армансыз шайқасып, алысып өлсең, арман бар ма?! Ал ел аман, жұрт тыныш, бейбіт замандағы Қайырбек ақынның мұң-шеріне көңіл аударсақ, мұнда да жан сыздатар шындық бар. Жан-жүрегіңді жарып шыққан жыр-перзентіңе әлдебіреу алакөзденіп, зәбір беріп, тасадан оқ атып жатса, бала көңіл, ақ пейіл ақынға жеңіл ме, бұл? Сондықтан ол ықылас азайып, пейіл тарылған мына уақытқа алаң көңілмен қарап, ақырын тілейді.
«Болса-дағы айнала жасыл ғалам, 
Мейірімсіздеу көрінер ғасыр маған.
Адамдардың барады айласы артып,
Бір-біріне ешқашан бас ұрмаған.

Дос-жаран боп жүрмей ме, жуық қарап, 
Неге бұлай адамдар суық қабақ?
Қысқа ғана тірлігің өтсе дейсің,
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап...» – дейді ақын. Уақыттың осынау қатал кейпіне ақын өзінің адалдықты аңсап, қара тасқа да мейірімін төгетін болмысын қарсы қояды. Сондықтан өлеңдерінің басты тақырыбы адалдық, мейірім, жақсылық болып келеді. 

«ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ ЕКЕНМІН, 
СЕНІ СҮЮ АРҚЫЛЫ...»

Ақынның адамдық, азаматтық табиғатын танытатын өлеңдерінің бірі – махаббат жырлары. Бұл туындыларында да ол бойын бөспеліктен аулақ салады. Рас, өлеңдері қайталанып жататын тәрізді көрінігенмен, шынайылық пен көңіл тазалығы – махаббат жырларының басты құндылығы. Қалайда ақын көңіл шындығы мен аңсарын ешкімге ұқсамай, өзіндік мәнермен, толғамды оймен білдіруге ұмтылады. Сондықтан оның махаббат жырлары – ешкімді қайталамайтын өзгеше әлем. Тосын ой, сырлы сезім, тың бейне ақын туындыларының мән-мазмұнын арттырып, поэтикалық қуатын бекемдей түседі.
«Біз екеуміз махаббатты мәңгіге
Өзгелерге үлгі етіп, жазайық!» – дейді ақын көңіл сырын ақтарып. Ақынның бар бақыты, өмірдегі қанағаты мен байлығы да осында – ақ пейіл таза махаббатында. Екі ақынды бір шаңырақта түтін түтетуге жазған Құдайдың шеберлігіне ризасың. Ал оны аялай, бағалай білу – азаматтың азаматтығына сын емес пе?! Өмір-талқыда бәрі жеңіл, тақтайдай жазық болды дей алмайсың. Жаратылыстың өзінде жадыраған ашық аспан мен жауын-шашынның аралас келіп отыратыны тәрізді, өмір-тіршілікте де сол. Адал махаббаттың беріктігі осындай сын сәттерде сыналар-ау. Сонда поэзияның құдіреті күш алар-ау. Жүректің түбіндегі сөз төгіліп, ақ параққа құйылады. Жүректің сөзі – шындық сөз. Қайырбек ақын тағы да көпсөзділікке бармай, қысқа, шымыр қайырады.
«Түсініп, бағаласаң болмысымды,
Мен сенің жанарыңның қарасымын!» – деп ол махаббат сезімін өрістете жырлайды. Қарапайым да терең, шынайы да тапқыр метафора! Ақын қаламына іліккен мұндай жүрдек ой, тылсым қуат махаббатты шын бағалап, қадіріне жеткен жүректен ғана шығатын болар-ау дейсің. Ақын үшін ақын жарының барлық тыныс-тірлігі поэзия. Махаббат лирикаларында автор тақырыпты алыстан іздемей, барлық қажетті құбылыс­ты қасындағы жан жарынан табады. Ләйлісін аңсаған Мәжнүн, Баянын күткен Қозы тәрізді. Бірақ тағдыр бөлек. Қос ақынның қарттық шақта иықтасып қатар отырғанына, әлі күнге дейін махаббат отына бірге маздап, аналық-әкелік жүрекпен балаларының тілегін тілеп отырғанына қуанасың. Ақын өлеңінің таусылмас тақырыбы – жан жары. 
«Күлкiңнен күннiң нұрын ап,
Жасыңнан алқа тағындым», – дейді ол енді бір сәт. Ақын ғашықтық сезімін қарабайыр өлеңмен бәсін төмендетіп алмауды айрықша ескереді. Сондықтан түн оңашада ойымен арпалысып, бұрын өзге ақынның қаламына ілікпеген жаңа тропты, тың сөз қолданысын – жүрек шындығының дәл бейнеленуін іздейді. Осы тосын ой, тың тіркес ақын өлеңінің бағасын арттыра түскен. 
«Түн iшiнде жел ұрса терезеңдi,
Мен бе екен деп қарарсың
Пердеңдi ашып», – деп ишаралайды. «Кездесiп едiк сәскеде, Бесiнге қарай бет алдық», – деп бүгініне шүкіршілік етеді. «Сенi көрiп емханада жатқанда, Ауруыма ауру қостым қайтадан», – дейді. «Менің барлық сезімімді жаулаған Құтты болсын, сенің ұлы Жеңісің!» – деп ақтарылады. 
Өлең жолдарындағы тосын ой, тың тіркес, біздіңше, Қайырбек ақынның қаламынан туған өз олжасы. Махаббатты жырлау әлем поэзиясында кең орын алған. Онда түрлі көзқарастар, алуан бейнелер көрінеді. Қайыр­бек ақынның өлеңдері – баянды махаббаттың жемісі. «Менің барлық сезімімді жаулаған Құтты болсын, сенің ұлы Жеңісің!» деп ой толғауы көңіл шындығымен астасып жатыр. Ал осы алаулаған махаб­батты бүгінге дейін сақтаған адалдық, алғаусыз таза жүрек, адамдықты, кішіпейілдікті ұлықтаған дарқан көңіл – толайым Жеңіс Қайырбек ағаның өз үлесіндегі адами құндылықтар. 
Поэзияның тақырыбы кең. Адамның көзі нені көрсе, көңілі неге жетсе, соның бәрі шын таланттың қаламында сырлы да сазды көркем дүниеге айналып сала береді. Сондықтан ақын поэзиясы туған жерін, табиғатын, адамдарын жырласа да, көне Тараздың бүгінгі келбетін, ғажайып жаратылысы мен қайталанбас сұлулығын өлеңіне арқау етсе де, таптаурын жолдан өзін аулақ салады. 
Тараздың бетін күн сүйген аруларын жырлауда ақын:
«Шығыстың шайырлары жырлап кеткен
Сұлулар сақталғандай со қалпында!» – деп тапқыр­лықпен қысқа қайыра салады. «Туған жерім, қасиетті мекенім, Асыл сезім, балдан тәтті шекерім», – дей келіп, тағы да өзіне тән мәнермен:
«Сен болмасаң білмес едім тірлікте
Алтын бесік дегеннің не екенін», – деп өлеңнің ажарын, ойдың саралығын аша түседі. 
Ақынның арнау өлеңдері – өз алдына бір сала. Соның ішінде сыншы Сайлаубек Жұмабековтің рухына арналған «Қайран, досым-ай!» өлеңі ұнады.
«Жүруші едің, көруші едім тау сынды, 
Неге, досым, ерте өмірің таусылды?
Отыз жылдай бауыр басып кетіп ем,
Енді, міне, естімеймін даусыңды!

Сыр жоқ еді біз екеуміз шертпеген, 
Тұлпардай ең ұзақ жолға ерттеген.
Қапияда мерт болдың-ау, қайтейін, 
Ауырмай-ақ ауыр сырқат дертпенен. 

Ажал өзі келтіргендей есебін, 
Сенен кейін небір ойлар кешемін. 
Еске аламын жиі-жиі өзіңді,
Тұрғандайсың: – «Қалайсың, – деп, көсемім?»

– «Көсем қайда?» – деп сұраушы ең Күләштан,
Өмір-өлім құпиясын кім ашқан?
Күндер қайда хал-жағдайды сұрасқан?
Тым-тырыс боп тұнжырайды сұр аспан!»
Өмір-базарында не болмайды. Адам келеді-кетеді. Біреулер қапияда кетеді. Өкінішін арқалатып өтеді. Оны көтеру үшін де жүрек керек. Ақын-жүрек дүниенің бар салмағын көңілінің сүзгісінен өткізеді. Ол үшін дүниенің ұсақ-түйегі жоқ. Сондықтан күні бүгінге дейін әлемдегі болып жатқан тынышсыздық та, алпауыт елдің көрші ағайындасына жасап отырған қаскөйлігі де, ұлттық құндылығынан алыстап бара жатқан бүгінгі ұрпақтың тағдыры да, ел боламын деп желкенін керген Қазақстанның ертеңі де алаңдатады.
Ақынның ойсыз, жырсыз күні жоқ. Сексенді иықтап қалған Қайырбек аға, жыр-сапарың ұзақ болсын!

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы, Жазушылар 
одағының мүшесі

237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы