• Тіл
  • 28 Сәуір, 2011

Сыншыл, сыршыл қаламгер ұлағаты

d0b0d0bbd182d0b0d0b9d0b1d0b0d0b5d0b2ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті дамуы үдерісінде сөз өнері шығармаларындағы сыншыл-шыншыл сатиралық жанрлардың жеке қаламгер шығармашылығы арқылы халыққа танымал болуы даралана байқалды. Әлем өркениеті кеңістігіндегі ғасырлар бойы қалыптасып, дамып, ұрпақтардың жан ділі болмысына тән қарама-қайшылықтарды саралай таныту, ұқтыру қызметін атқаратын көрнек өнері (сөз, әуез, кескін, сымбат, сәулет) туындыларының санаға әсер ететін психологиялық ықпалы мәңгілік қуаттылығын танытумен келеді. Бұл орайда, сөз өнеріндегі шығармалардың сыншылдық-сатиралық сипатын танытудағы Ахмет Байтұрсынов анықтамасының бағдарлылығы айқын: «... Айтқанда жай ақыл түрінде айтып даттайды да, үгіттегенде я даттағанда бүтін елдің, жұрттың басындағы мінін, кемшілігін, жамандығын көрсетіп те айтады. Бір адамның басындағы мін, кемшілік, жамандықтарын көрсетіп те айтады. Үгітті бүтін жұртқа айтса да, бір адамға айтса да, үгіт болады. Сөгіс бір адамға бастап айтылғанда – масқаралау (әлемдеу) болады да, жұртқа қастап айтқанда – әшкерелеу (даттау) болады. Әшкерелеу де, масқаралау да екі түрлі болады: жай сөгіс әшкерелеуі бар, күлкі қылып әшкерелеуі бар. Масқаралау да сондай. Жай жамандап масқаралау бар да, күлкі қылып масқаралау бар. Жамандық адамды кейітеді, қайғыртады, мұңайтады, ренжітеді, кемшілік пен мін адамның күлкісін келтіреді». (Байтұрсынов А. «Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер». – Алматы: Атамұра, 2003. – 208 б.; 172-бет). Қазақ әдебиеті тарихындағы осындай сыншылдық-шыншылдық сарынды шығармалар жазу үрдісі көшіне ХХ ғасырдың екінші жартысында біраз көрнекті қаламгерлер даралана танылып қосылды. Жүсіп Алтайбаев (1911-1987), Садықбек Адамбеков (1922-2002), Шона Смаханұлы (1924-1988), Мыңбай Рәш (1930), Оспанхан Әубәкіров (1934-1986), Оспанәлі Иманәлиев, Ғаббас Қабышұлы, Сақтапберген Әлжіков, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы, Көпен Әмірбеков, Толымбек Әлімбекұлы, Еркін Жаппасұлы, Бейсебай Кірісбайұлы (1955-2003) және т.б. кейінгі толқын қаламгерлер сөз арқауында айтылған сыншыл-шыншыл сарынды шығармалары арқылы әдебиеттің халықтық тәлімгерлік-ұстаудың ұлағатын дамыта жалғастырды. Аталған қаламгерлердің сатиралық-сыншылдық шығармалары ғасырлар бойы адамзат ұрпақтарының адамгершілік-имандылық ұлағатын сақтауы жолында пәрменді ықпалынан айнымайтын сөз өнерінің эстетикалық-азаматтық тәлім-тәрбиелік қуатын дәлелдеді. Қазақ сөз өнерінің ғасырлар бойы үздіксіз жалғасқан көркемдік дамуы жолындағы өзіндік шығармашылық үлесімен танылған қаламгер­лер қатарында Жүсіп Алтайбаевтың (1911-1987) да шығармашылық мұрасы рухани құндылық­та­рымыздың құрамында бағаланады. Республикалық мерзімді баспасөз беттеріндегі жарияланымдарымен 1938 жылдан бастап оқырмандарға танымал болған қаламгердің шығармашылық тұлғасы сатиралық кітаптарымен даралана танылды: «Нақ-нақ» (1965, 1981), «Сыпырғыш» (1969), Ұят-ай» (1973), «Түлек» (1977), «Бұзауұлы сиырға арзан домбыра» (1978) атты кітаптарындағы фельетондары, сықақ әңгімелері, повестері оқырмандардың қабылдау ықыласына ие болды. Жазушының фельетондары – са­тиралық жанр­дың классикалық сипатын танытатын туындылар. Қазақ әдебиеттануы ғылымында сатира не­гіздерін теориялық-тәжірибелік тұрғыда жан-жақты қамтып зерделеген профессор Т.Қожакеев «Сатира негіздері» (1996) атты оқулығында бұл жанрдағы шығармашылық түрлерін (фельетон-корреспонденция, фельетон-мақала, фельетон-шолу, фельетон-рецензия, фельетон-репортаж; көркем әдебиеттің прозалық-фельетондары: фельетон-әңгіме, фельтон-ертегі, фельетон-очерк; поэзиялық фельетондар: фельетон-өлең, фельетон-баллада; драмалық фельетондар: фельетон-көрініс, фельетон-пьеса, фельетон-интермедия, фельетон-скетч; ісқағаздары – эпистолярлық түрдегі фельетондар: фельетон-хат, фельетон-бұйрық, фельетон-арыз, фельетон-баяндама, фельетон-мінездеме, фельетон-қаулы, фельетон-күнделік, т.б.) ғылыми тұжырымдарымен жүйеледі. Ұстаз-ғалым осы жүйелеулерін дәйектеуде көрнекті сатирик-жазушы Жүсіп Алтайбаевтың да бірқатар фельетондарын («Ер-тоқымды тілмаш»: фельетон-рецензия; «Келіп қалған соң»: драмалық фельетон; «Пышақ-шақпақты сәлем»: фельетон-хат; «Шилі жерлер»: фельетон-шолу) әдеби үдерістегі қаламгерлер шығармаларымен сабақтастыра талдап бағалаған. Жазушының фельетондарында тіршілік қозғалысындағы тұрмыстық-әлеуметтік кемшілік­тер, қайшылықтар сатиралық астарлы ирониямен де, ашық әшкерелеуші сарказммен де, кекесінді-мысқылды юмормен де жазылғандығымен ерекшеленеді. Қарапайым халықтың тұрмысын қалыпты ырғақпен басқаруға бекітілген адамдардың мансапқор менмендікпен, ел дәулетін жеке бас пайдасына арнаған құлқынқұмарлықпен, жағымпаз­дарын, жандайшаптарын жанына жинаған сыбайлас жемқорлықпен жүргендерін көркемдік жинақтауға негізделген сатираның уытты тілімен өрнектеген. Жазушының бірқатар фельетондары адамдардың рухани жан ділі, дүниетанымы мәселесіне арналған. Тіршілік қозғалысы жүйесінде жүрген әртүрлі мінез-құлық өзгешеліктерімен даралана танылатын адамдар психологиясындағы тұрлаулылық, еңбек мамандығын иелену, есепке құрылған ерлі-зайыптылық, жолдастық («Содан былай» (мақала-мәтел қайдан шығады), әке-шешеге, ата-әжеге қатыгездік жасаушы санасыз, озбыр ойлы жаңа ұрпақ келбеті («Жалғыздық қамы»), дүмбілез, әділетсіз сот қызметкері («Құнан дауы»), саяжай иеленудегі өзімшіл бәсекелестік («Мәнісі»), түнде мас кезінде танымай баласын ұрған маскүнем әке («Оның правосы»), араққұмар маскүнемдікті ұйымдастырушы сатушыларды айыптау («Арақ туралы аңыз»), тұлғалар мерейтойларын халыққа рухани пайдалы етіп өткізуді ұсыну («Көсеге құрмет»), қазақтың ұлттық әуез өнері саласындағы тек қана қыз бен жігіт, әйел мен еркек сезіміне арналған бір сарынды ән-өлеңдер жазумен айналысып кеткен композиторларды сынау («Нақ-нақ»: «Шынында, біздің ақындар мен композиторлар соңғы кезде басқа дүниені ұмытып, тек ғашықтық әуеніне түсіп кеткен екен ғой. Қайда барсаң сұңқылдап, үздігіп тұрған ғашық даусы еститінің»). «Нақ-нақ» фельетонының тақырып арқауына алынған сыншыл түйін – қазақ ақындары мен композиторларының бір ғана тақырып аясынан шыға алмай жүрген шығармашылық ізденістер жұтаңдығы. Фельетон-кейіпкерінің халық әні «Нақ-нақтың» сарынымен жырлағаны да шығарманың сыншылдық түйінін күшейте түскен. Қаламгердің бірқатар фельетондары дінді күнкөрістік ұсақ пиғылдың құралы еткен екіжүзді имансыздарды әшкерелеуге арналған. Дін уағызымен барлық қызметті арзан бағалауымен өз пайдасына жаратып жүрген алаяқ, жалған діндар («Бұзаулы сиырға арзан домбыра»), діндегі имандылықты тек ұсақ пиғыл аясында ғана бағалайтын дінсіз («Ауфвидерзеен: Бір хатқа жауап»), фәнидегі күнәларын (маскүнемдік, ұрлық, намаз аяттарын өтірік оқуы («Кекеш пейішке бармайды...»), фәни мен бақи дүние сабақтастығын өзіндік тұрмыстық дүниетанымымен ғана түсіну («Ақымақ»), өлікті жерлеу рәсімдерін орындаудан жеке пайдаларын айырып жүрген «табыскер молдалар» әшкерелене сыналған («Келиме келтіре көріңдер»): «Өлік жерленгеннен кейін підия шығарған Уәлиге, тағы басқа да молдаларға елу сом­нан «орамал» берді. Шақырылған адамдар ата-анаға бөлініп, олардың басшылары ақшалап, маталап «ырым» алды. Ал шешіндірушілер тобына өз аяғымен келіп қосылған бірлі-жарымды кезбелер де «тәберік» ұстап қайтты. Сонымен не керек, өліктің көзі тірісінде жинаған-терген атаулы пышақ ұшынан үлестіріліп әп-сәтте сап болды. Жүсіп Алтайбаевтың қазaқ прозасындағы көркем шығармалары да қаламгердің көркем шындық поэтикасын меңгерген өзіндік мәнер-машығын танытады. Қазақ прозасындағы көркем шындық поэтикасы заңдылықтары осындай көрнекті қаламгерлер туындылары арқылы қалыптасады. Жазушының прозалық туындыларында өмір шындығы қозғалысындағы қайшылықтар, қақтығыстар және үйлесімдер, үндестіктер – бәрі де туындылардың оқырмандар ықыласына кенелуіне қол жеткізді. Жазушының әңгімелері эпикалық шағын көлемді жанрға лайық поэтикалық сипатымен ерекшеленеді. «Шиті» әңгімесінің басты кейіпкері Әкім қарт бейнесі арқылы жалғызбасты жүрсе де көпшіл, жайдары, әңгімешіл, еңбексүйгіш қазақ қариясының бейнесі даралана бейнеленген. Жазушы басты кейіпкердің хал-ахуалын, аңшылық кәсібін оқырмандарын эпикалық баяндауымен түсіндірген: «Әкім қарт – өзінен басқа ешкімі жоқ жалғыз­басты адам, кәсібі – аңшылық. Бірақ бүркіт салып, ит жүгіртіп көрген емес. Қару құралы – қақпан, тұзақ. Қыс болса ол көбіне қоян, шіл аулайды. Жонның күнгейін қарасындап бидай себеді де, сол араға желілеп тұзақ құрады. Тұзақты елеусіз болсын деп қылаң жылқының құйрығынан ызады. Ұзыннан тартылған желінің екі жағына бірдей жыпырлата жайған қалың дұзаққа шілдің бірнешеуі бірден түседі. Мұнымен де тұрмайды, жеке тұзақ пен қақпанды қоянның жымы мен кеуегіне де құрып тастайды. Қояны қалың ағашты қойнаудағы немесе жынысты өлкедегі таптаурын жымдардың бойын қуалай екі-үш жерден апан қазады. Апанның аузын тар үңгіп, бетін бұтамен, шөппен, оның үстін қармен жабады да, ішін кеңейте кемештеп, оған айнала су шашады. Сонда бұған түскен қоян тайғанақтап, сыртқа шыға алмайды» (Алтайбаев Ж. «Нақ-нақ», 245-бет). Жазушының этнографиялық сипаты айқын шығармаларының бірі – «Ұзынақ» әңгімесі. Шығарманың сюжеттік-композициялық же­лісін­де Көкшағыр атты тұлпар мен Ұзынақ атанған көкжал қасқыр тұлғалары дараланған. Көкшағыр тұлпардың («Көкшағыр – бір дуанға қарайтын жиыр­ма екі болысқа аты шыққан, әзір бәйгенің алдын бермей келе жатқан жүйрік. Көкшағырдың қазір тарлан тартқан шағы. Биыл он екі жаста. Бұл жаста жылқы баласы әдетте бәйгеге қосылмайды, ол күші қайтқан, кәрі боп есептеледі»), Ұзынақ көкжалдың («Тұрқы есік пен төрдей, жіп-жіңішке, бір шек ақ қасқыр төрт жылдан бері бағымдағы малға бүйідей тиіп, бүкіл елге маза бермей қойған-ды. Ұзынақ – осы қасқырдың аты. Жапа-жалғыз жүреді. Күніне бірнеше табынға шабады. Әсіресе, жылқыға өш. Басқа қасқырларша қолға түскенін опырып-жапырып жеп те жатпайды, көбіне жарып тастайды. Қоңынан кішкентай ғана ойып жейді де, жүре береді») даралануы автордың эпикалық баян­даулармен және шығарма композициясындағы сюжеттік бөліктермен дәйектелген. Әңгіме кейіпкері Көкшағырды мініп жүрген Ахаттың («... сұңғақ бойлы сұлу қара мұртты жігіт ...») екі балалы жесір әйел Жәнипаның жалғыз биесін жарып кеткен Ұзынақты тұлпарымен қуалап жүріп жетіп, ақыры жас жігіт Бәтейдің соққыларымен ұрып өлтіріп олжалағаны – әңгіменің сюжеттік шешімі. Бірқатар әңгімелердің сюжеттерінде тарихи кезеңдер шындығы негізге алынып, әлеуметтік ортадағы қайшылықты ұстанымдары салдарынан болған қақтығыстар, шайқастар, тартыс­ты сипатымен берілген. «Айқас» әңгімесінде ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ ауылдарындағы ауыл шаруашылығының ұжымдық ұйымдастырылуына қарсы таптық қақтығыстардың көріністері бейнеленген. Әңгіме кейіпкерлері – машина-шөп станция­сы (МШС) директорының орынбасары Әлім Алдоңғаров, «Қызылту» ауылдық советінің председателі Мерген Жартыбаев, ауыл қариясы Жантай қарт, жылқышы Қали және жастар – бәрі де ортақ меншікті сақтау, ұжымдық шаруашылықты дамыту жолындағы күрестегі ұйымшылдық іс-әрекеттерімен танылған. Әңгіме сюжетінің дамуында ұжымдық шаруашылыққа қарсы топ басты кейіпкер Әлімді қуып, айдалаға байлап тастайды, құтқарылғаннан кейін сол Әлім және Жантай қарт бастаған адамдар ұжым шаруашылығына шабуыл жасаушыларды шайқаспен қолға түсіреді. Жазушының «Жайнақ» атты повесі – бас­ты кейіпкері ауыл баласы Жалаңтастың атымен баяндалған ғұмырнамалық сипатты туынды. Повестің «Тырнақалды» атты бөлігінде қазақтың ауылына тән басты ерекшеліктер (балаға есім қою, қарапайым тұрмыс суреттері, ауыл балаларының ойыны түрлері (асық ойнау, белдетоп, шұртоп, тайға мініп жарысу, «Ақ сүйек», «Қара қой еті пісті ме?», «Жасырынбақ», түйетабан, биемшек қазып алу, қымыздық теру, т.б.) ұлттық-этнографиялық шынайылықпен суреттеле баяндалған. Жазушының көркем прозадағы көрнекті туын­дысы – «Ер Ағыбай» романы да ұлттық сөз өнері қазыналары қатарында бағалануға лайықты. Оқырмандарға кеңінен тарала қоймаған бұл шығарманың түптұлғасы (прототипі) – қазақ тарихындағы Ресей империясының отарлық билеп-төстеуіне қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалысы қаһармандарының бірі – Ағыбай Қоңырбайұлы (1802-1885). Жазушы романының жарияланған үзінділерінен («Халық кеңесі», 2.06.1992; «Ақжолтай Ағыбай батыр». – Алматы: Ғылым, 2002. – 632 б.; 420-422-бб.) тарихи роман жанры қатарындағы көрнекті туынды жазған қарымды қаламгердің, дарынды жазушының шығармашылық биіктігі даралана көрінеді. Мемлекет тарихында елеулі үлес қосқан қайраткер қаламгердің есімін мәңгі қалдыру мақсатында өзінің туған жерінде, Қарағанды қаласында көшеге, кітапханаға, мектепке есімін беруді де ойластырған дұрыс болар еді. Қорыта айтқанда, қазақ сөз өнері тарихында сыншыл сипатты сатиралық-юморлық шығармалары­мен ұрпақтарды адамгершілік-имандылық рухында тәрбиелеу қызметімен халық ықыласына ие болған қаламгер мұрасының ұлағаты мәңгілік. Барлық шығармалары (фельетондары, сатиралық әңгімелері, бірқағарлары, көркем прозадағы шығармаларында (әңгіме, повесть, роман) қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамындағы ата-бабалар қолданған лексикалық мағыналылық үлгілерінің мол қамтылу, қолданы­луымен ерекшеленеді. Жарияланған бойы оқыр­ман­дарының ыстық ықыласты қабылдауына ие болған талантты жазушы Жүсіп Алтайбаевтың әдеби мұрасы да тәуелсіз Қазақстанның тарихымен бірге мәңгі жаңғыра, жаңа оқырмандарымен бірге жасай береді. Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

23580 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6025

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5617

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3355

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2738

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2702

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2677

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2410

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2395

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы