• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2011

Қандастарымыздың сәулелі үмітін жандандырған құрылтай

d0bad183d180Өткен аптада Қазақ елі тағы бір елеулі оқиғаны бастан өткізді. Бұл дөңгеленген дүниенің бұрыш-бұрышына шашырап кеткен Алаш баласының бас қосқан алқалы жиын – Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы еді. Құрылтайдың алғашқы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алыстан ат сабылтып келген ағайынның қасиетті қазақ жеріне, жерұйық мекен – Астанаға келген қадамдарына құтты болсын айтты. Құрылтай тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатын жиын және баршаға ортақ түйінді мәселелерді бірлесе шешу екенін еске салды. Қазақстанның жиырма жылда жеткен жетістіктерін баяндап, сырттан келген ағайынды елімізде жасалып жатқан жағдаймен таныстырды. Мемлекетімізде қандастарымызға қолдау көрсету, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындап әрі бұл бағытта атқарылар міндеттерді белгілеп берді. Келесі күні сырттан келген ағайын Құрыл­тай бағдарламасына сәйкес елорданың көрікті жерлерін аралап, «Этноауыл» кешенінің ашы­луына қатысты. Онда олар ұлттық салт-дәстүріміздің бай мұраларын тамашалауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар осы күні жеті министрлікте кеңесу, шешім қабылдау мәтініне құрылған дөңгелек үстелдерге қатысты. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Репатрианттарды әлеуметтік қорғау: тәжірибе, сабақтар және проблемалар» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Алмания, Франция, Иран, Тайвань сынды 25 елден келген қандастарымыздың делегациясы еліміздегі репатрианттарды әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады. Бұл салада әлі де қалып отырған түйткілдерді анағұрлым жылдам шешу мақсатында еліміздің мемлекеттік органдарына, Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне шетелдерде қазақтар көп шоғырланған аумақтарда қазақстандық тараптың қаржыландыруымен халықаралық келісімдерге сәйкес бөлінетін квоталар шеңберінде қазақ жастарына кәсіби-техникалық білім беру жағдайын қарастыруды; Сыртқы істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Қазақстан мен Қытай арасында әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісім жасау мүмкіндігін зерттеуді; Ішкі істер министрлігі мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына ұлты қазақ шетелдіктерге тұрғын үйге меншік құқығын беру туралы өзгеріс енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарауды; этникалық қазақтарды тарихи Отанына көшіру; репатрианттардың Қазақстанда бейімделуі мәселелері бойынша ғылыми, қолданбалы әлеуметтік зерттеулер жүргізу секілді көптеген ұсыныстарын жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен репатрианттар мәселесіне арналған дөңгелек үстелде ведомство өкілдері шетел қазақтарына «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының негізгі қағидаттарын түсіндірді. Репатрианттарды ауылдық жерге бейімдеуге арналған нақты жоспарлар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына шетелден қоныс аударып келген этникалық қазақтардың қатысуы, оларға жер беру, шағын және орта бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы осы жердегі жиында талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы көш» бағдарламасының келесі кезеңі аясында шетелден келуге ниетті қазақтарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тартудың жолдары қаралатындығын жеткізді. Ал Байланыс және ақпарат министрлігінде өткен «Шетелдегі қазақтарға арналған БАҚ: қазіргі жағдайы және мәселелері» атты дөңгелек үстелде делегация мүшелері қазақ журналистерінің халықаралық форумын өткізу қажет деген ұсыныстарын ортаға салды. Иә, бұл күндері әлемнің 35 елінен жиналған Қазақ баласы бір-бірімен шұрқырай көрісіп, бір атаның баласындай ортақ мәселелерді бірлесе талқылады. Өздерінің елге келерде кездесетін кедергілерін шешіп беруге көмек сұрады. Ендігі кезек, осы ағайындарымыздың сәулелі үмітіне жарық беру, олардың атамекенге арқалап келген аманатының үдесінен шығу – біздің міндетіміз. Биылғы Құрылтайдың алдыңғы Құрылтайлардан өзгешелігі – жастардың көп болуында. Ол жақта отырған ағайын кешегі Құрылтайға жастар жағын бекерге жіберген жоқ. Өздері жете алмаған Отанына ұрпағымыз барып дәнін сепсін деген ниетпен жіберді. Шерменде жүректе тұнған сағыныштарын солар арқылы жеткізді. Сондықтан да Мемлекет басшысы осы жастарды елімізде қызмет етіп, білім алуға шақырды. Шетелде техникалық білім алған жастарды индустриялды өндіріске тартуға тапсырма беріп, оларға қажет болса әлеуметтік көмек көрсету жағын да бекерге пысықтаған жоқ. Енді қандастарымызды қолдап, қуаттау мақсатында Елбасы берген тапсырмаларды орындау – министрліктерге сын. Сонау алыстан ат терлетіп, атамекен, туған жерді сағына келген қазақ баласына шын ниетімізбен құшақ жайып қарсы алып, олардың өмірімізге сіңісіп кетуіне ықпал ету – әрбірімізге сын. Міне, құрылтайдан түйген ой – осы. Бейбітгүл Исаева АСТАНА

17514 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы