• Әдебиет
  • 22 Маусым, 2011

СЫРЛЫ ӘЛЕМ немесе «АРМАНЫМНЫҢ БЕЙНЕСІ»...

Құнын білген адамға сыйлықтың бағалысы кітап қой. Орамал тозады, ақша жұмсалады... Ал кітап – қадірлей біліп, күтіп ұстасаң, балаңның баласына мұра болып қалар құнды дүние. Иә, бір досым айтпақшы, ғаламтор арқылы электронды нұсқасынан да барлығын тауып оқуға болады. Бірақ қағаздың иісін иіскеп, кітапты қолыңа ұстап оқығанға не жетсін! Хош делік, сонымен, ақын Қалқаман Сариннің кітабы маған не берді? Алдымен, «Алланың бары – ақиқат» деген бөлімін асықпай, ой түйіп оқып шықтым. Өмірдің сыңары өлім екені – ақиқат, бұлтартпайтын шындық. «Есіктен кірер басымның алатын орны төр болғанымен, бесіктен шыққан басымның баратын жері – көр» екенін ақын әдемі шумақтарымен жаныма жара салмай-ақ, тағы есіме салып өтті. Сөйтті де, қайғы-қасіретті қанша көрсем де, сабырлыққа шақырып, жұбатты мені... Одан әрі... Ол мені өзінің туған жеріне – Қарауылына, Арқатына «алып кетті». Ақынмен бірге құлын күндерім құлдыраңдап өткен даланың төсін жалаңаяқ тағы бір шарлап өттім. Сылаңдап аққан Ертістің сылқылдаған үнін де естідім әрі ерке өзеннің жағасында жүріп, «қысқа-қысқа тағдырлар тарам-тарам тірліктің ұзын жолын құрайтынына» тағы да көз жеткіздім. Уақыт мұнша тез өтер ме, кеш батқанда «тұп-тұнық түнде бір жұлдыз ағып түскенше» мен де ақынға «еріп», Айға сырымды айтып үлгергім келді... Бұл кітапты оқи оты­рып жұлдызбен сырластым, Айға мұң айттым. Жылдың төрт мезгілін бір сәтте анық сезінгендей болдым. Жаздай жадырадым, көктемдей түледім, күрең күз қоңыр мұң сыйласа, бір сәтте қыстағы ақ қардай тазардым. Жылаған жанды жұбатуға асықтым... «Түнгі елестен» ақынның орындалған «арманының бейнесін» көрдім де, өзі айтқандай, себепсізден-себепсіз емес, өзіме белгілі мекенге – анығы, ақынға «қаламсыз тағы хат жаздым». Ал сосын... «Бақытсыз ғып жаратпаған Жаратқанға ТӘУБЕ дедім». Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

3444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы