• Әдебиет
  • 28 Шілде, 2011

«Жазылар естеліктер мен туралы...»

d0bcd183d0bad0b0d0b3d0b0d0bbd0b8-101 Мұқағали поэзиясы бүкіл қазақ даласын өлеңге орап, әнге бөлеп тамылжытып тастағандай. Ақын қаламынан туған дүниелер ресми салтанат пен мерейлі думандарда, отбасылық тойларда, тіпті қайғылы халде де оқылатыны таңғалдырады. Ақын да, әкім де алқалы жиында сөз алса, оның өлең шумақтарынан мысал келтіріп, әнші мен жыршы өнер көрсетуге шықса, оның сөздеріне саз арнап орындауға құштар. Неге? Себебі Мұқағали Мақатаев – бүкіл Алаштың ақыны, халқының арда туған айрықша тұлғасы. Жуырда Мұқағали рухына арналған 80 жылдық мерейтой өткелі отыр. Ақынның туып-өскен жері Қарасаз болғандықтан, айтулы тойдың биік деңгейде өтуіне Алматы облысының жұртшылығы, билік иелері жіті назар аударып, араласып келеді. Мерейтойға дайындық бір жыл бұрын басталды. Ал ақынның өз атымен аталатын «Мұқағали» журналы бұдан алты жыл бұрын жарық көрді. Сабақтасқан байланыстардың үйлесіміне тәнті боласыз. Сондықтан «Мұқағали» журналы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаевпен сұхбатымыздың мазмұны осыған негізделді. «Энциклопедия парақтары» жалғаса береді – Журнал былтыр «Мұқағали эн­ци­кло­педиясының парақтары» деген ай­дар ашты. Ниеттеріңіз дұрыс. Ал сол армандаған энциклопедия қашан жи­нақ­талады деп ойлайсыз? Оның алғышарт­тары, пісіп-жетілуі үшін не істеу керек? – «Энциклопедия» дегеннің өзі «білім шеңбері, білім аясы» деген ұғымды білдіреді ғой. Бұл  қысқаша, бірақ жан-жақты, барлық ұғым бойынша  анықтама беруге тиіс ғы­лы­ми басылым деуге болады. Бір ауыз сөздің ішінде мың ауыз сөзге татырлық мағлұмат жүруі тиіс. Бұлай ақпарат беруге шеберлік те, терең білім де керек. Әрине, журнал беттерінде жа­рияла­на бастаған энциклопедиялық материалдар да жеке бір жинақ болып топталса деген тілек те орынды шығар... Алайда  энциклопедия бол­ған соң ол аз ғана уақытты қамтып, бі­те салатын іс емес, талай ондаған жыл­дар бойы құралатын дүние деп ойлаймын. Осы айдармен журнал беттерінде: «Моцарт. Реквием», «Ібітанов Еркін», «Мақатаев Сүлеймен», «Қарасаз», «Мемлекеттік сыйлық және Мұқағали», «Жұмаханов Жекен», «Нарынқол» сияқты тағы басқа да тақырыптар қамтылды. Бұл парақтарға кез келген анық­тамалық дүниелерді тоғыта бермей­міз ғой. Оның әрбір беті жауапкершілікпен шығарылады. Оқырманға қаншама қажеттілігі, журналдың мән-маз­мұнына қаншама үндес екендігі – түгел екшеп, ескеріледі. Мәселен, «Моцарт. Реквием» деген парақты беру үшін Мұқағалидың осы поэма-элегиясын газетке ұсынғанда жазған хаты табылып, онда өз қолымен жазылған дүниені оқып, көріп барып жарияладық. Сондай-ақ мұражайдағы жәдігерлердің де кез келгені – құнды дүниелер. Бірақ оларды  энциклопедия парақтарына беруге келмейді. Осылардың аражігін ажыратуға да біліктілік, ғылыми көзқарас қажет. Мұқағали ақынның бай әлемі кейін энциклопедияның да жеке жинақ болып шығуына мүмкіндік тудырарына  сенеміз. Тек оған уақыт керек! Ақын әлемі жасарып келеді – Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы  бұрынғы мерейтойлармен салыстырғанда қандай ерекшелік­тері­мен ел есінде қалады деп пайым­дайсыз? – Алдымен айтарым, ақын тойы халықтың жүрегіндегі салтанатта! Оның өлеңін оқыған әр адам «Мұқағали жыры менің өмірге деген көз­қарасымды өзгертті, өнерге, әде­биет­ке құштарлығымды оятты» деп бағалап жатса – соның өзі өлеңнің салтанат құруы. Ал енді нақтылы өткізіліп жатқан тойларға, ақынға арналған  мерекелерге тоқталатын болсақ, Мұқағали поэзиясын әспеттеу оның көзі жұмыла салысымен қолға алын­ды деуге болады. Ақын бақилық болып кеткенде небәрі 45-ақ жаста еді. Содан 1981 жылдың 4-5 маусым күндері Нарынқол өңірінде алғаш рет Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдығы аталып өтті. Ақын қайтыс болғанда Әбділда Тәжібаев Мұқағали табытының қасында тұрып: «Мұқағали Мақатаев – біздің заманның ғажайып ақындарының бірі» деп тебіренген-ді. Ал ақынның туғанына жар­ты ғасыр толғанда туған өңірінде өткізілген сол салтанатқа да Әбділда ақын бастаған қазақ әдебиетінің марқасқалары келді. Сол тойда  Тұманбай Молдағалиев баяндама жасап, Бердібек Соқпақбаев, Фариза Оңғарсынова, Асқар Сүлейменов сынды ақын-жазушылар өлеңдерін оқып, толқи тұрып сөйледі. Ал ақынның  туғанына 60 жыл толуына арналған салтанат  аясы бұрынғыдан кеңіп, 4-6 маусым күндері Алматы қаласы мен Алматы облысының  Райымбек ауданында жалғасты. Алматыдағы салтанатты жиын Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Ал туған өңірінде аталып жатқан бұл тойға дейін Мұқағали аты көшеге беріліп, ақын  болған колхоз да қызу еңбекті қайнатып жатқан-ды. Оның ауылда  тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылып, мектептегі әр ұлан ақын өлеңдерін жатқа айтып тұрды. Тіпті ақын құрметіне айтыс өткізіліп жатқан Шалкөде жайлауы да тұтасымен Мұқаң есімін қайталап, гүлдер оның өлеңдерінің лебімен ырғалып тұрғандай күй кешті. Алматыдағы бұрынғы  Пастер көшесі енді Мұқағалидың атымен аталатын болды. Егер туғанына 50 жыл толғанда кеш соңы тек концертке ғана ұласса, арада он жыл өткенде ақынға арналған бұл салтанат ұлан-асыр тойға айналды. Ал 2001 жылы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 70 жыл толған мерейтойы «Ғасыр ақыны» деген атаумен Қарасазда өткізілді.  Салтанатты тойдың бірінші күні Шалкөдеде басталды.  Қарасаздық қауым әдебиет пен өнердің небір майталманымен емен-жарқын әңгіме құрып, бір масайрап қалды. «Бұл да болса  Мұқағали сынды ұлымыздың шапағатының арқасы», – десіп жатты жұрт.  Тойдың екінші күні Елшенбүйрек етегінде өтті. Мұнда да поэзияның талай майталмандары ақын туралы сөз сөйлеп, ел-жұртпен жақын қауышты. Мұқағали ақынның өлеңдерінің  жаңа ғасырға еркін аттағанын мақтаныш сезімімен айтып жатты. Ақын атында қазір көше де, мектеп де, шаруашылық та бар. Оның өлеңдері халқына кең көлемде тарады. Ел-жұрты Мұқағалиды Абайдан кейінгі кемеңгер ақын деп те санайтыны жасырын емес. Міне, осылайша бұдан бұрынғы өткен тойлар қазір Мұқағали туралы шежіренің бір-бір парақтарына айнала бастады. Ал биылғы алып таудың ақ бас шыңындай 80 жылдыққа арналған тойдың дайындығы дәл салтанат қарсаңында емес, біршама уақыт бұрын басталған еді. Бұған ең алдымен қамқор болған Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов болды. Ол кісі осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрып, келелі деген жайларды қолға алғызған-ды. Қандай мәселелердің шешім күтіп тұрғанын білу мақсатымен арнайы барып Қарасаздағы жұртшылықпен жүздесу өткізді. Солардың қатарында  ақын ауылына апаратын жол мен  мұражайын жөндеу міндеті тұрды.  Дәл бүгінге дейін   Қарасаз – Шалкөде ауылына дейінгі  жолға күрделі жөндеу жасалып, Шалкөдеден Талас ауылына баратын қасқа жол да  жақсарды. Мұражай да қайта жабдықталды. Ал жәдігерлерді көбейту – өз алдына мәселе. Ақынын әрбір әкім-басшы осылай құрметтеп жатса,  нақтылы іс-шаралар осылай іске асырылып жатса – поэзияның, әдебиеттің  мерейі үстем бола берері анық. Сонымен қатар облыс орталығында, аудан мен ауылдарда ақынға арналған әдеби, мәдени шаралар толассыз өткізіліп жатты. Мұндай шаралар «Алатау – Алтай – Атырау» араларын қамтып өтуде. Облыс орталығы Талдықорғанда былтырғы жылдың көктемінде Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді орындаушылардың республикалық байқауы өткізілді. Оған тек Жетісу жерінің өнерпаздары ғана емес, республиканың барлық аймақтарының жезтаңдай әншілері, танымал композиторлар мен талапкер сазгерлер де қатысты. Бұл игі шараларды облыстың бүгінгі әкімі Аңсар Мұсаханов та сәтті сабақтастырды деуге әбден болады. Егер 2010 жылдың тамызында біз журналымызға Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжанов: «Мұражайдың жөндеуі жыл аяғына дейін толық аяқталады. Мәдениет үйі де жаңарып, жөнделеді. Жол жақсарады. Ауыл абаттандырылады. Қарасаз іргесінде қорымда жатқан ақын­ның анасы Нағиман әженің басына кесене орнату да қолға алынды.  Қарасаздан орап өтетін жол бойына ақынды көз алдымызға келтіретін ескерткіш белгі орнатылады», – деп қысқаша ақпарат берсе, бүгіндікке осылардың бәрі іске асырылып отыр. Сексеннің сеңгіріне келіп ортамызда отырса, Мұқаң қандай күй кешер еді? Көзі тірі болса, оны айналасындағылар дәл осылай бағалар ма еді? Бұлар жауап беруді талап етпейтін, әркімнің көкейінде қалатын, өзіне-өзі жауап беретін риторикалық сауалдар ғой... Ал  туғанына сексен  жыл толып отырған Мұқағали  қартайған жоқ. Оның әлемі жыл өткен сайын жасарып келеді. Себебі оның  шығармалары туралы балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейін сабақтар өткізу игі дәстүрге айналған. Ақынның туындылары сахналарда, телеарналарда, тіпті әр отбасының той-думандарында орындалып, жұрттың жанын байытуда. Шаршы топта сөз сөйлегендердің ақын өлеңінен бір шумақ үзінді оқымайтыны кемде-кем. Ешкім де жұртты «Мұқағали өлеңін жаттап ал» деп міндеттеген жоқ, бірақ өнерсүйер, өлеңсүйер әрбір жан оның өлеңдерін жадына тоқып алуға құштар. Сөйтіп, 80 жылдық той қарсаңында аңғарғанымыз – ақынның рухы  өзі армандаған  «Жылда жасарып отыратын қайыңға»  айнала бастағандай! «Мұқағали мұрасы бәрімізге ортақ» – Шынын айтсақ, Қарасаздағы бұ­рынғы мұражай ақын мұражайынан гө­рі өлкетану мұражайына көбірек ұқсайтын. Бұл шаңырақта поэзия асқақтығы біліне бермеуші еді. Оның жаңа мазмұны қандай болмақ, қандай толғаныстармен суреттер едіңіз? – Әрине, ақын қолданған әрбір затты  мұражайға жинап, «Музейде пәленбай жүз жәдігер бар» деп ақпарат беріп, көңіл толтырып отыруға болар еді. Алайда бұл шаңырақта Мұқағалидың қолданған заттарының әрқайсысының өзіндік тарихы, ерекшелігі болуы тиіс. Бір іссапарда жүргенімде  сол кездегі Семей облысының Ақсуат деген жеріндегі шағын музейден «мысқал» деген өлшемдегі бұйымды көріп, таңғалып едім. Мұндай зат республикалық мұражайдың өзінде жоқ еді. Сол сияқты Мұқаңның да ерекше бағалаған бұйымдарын жинастыру үстіндеміз. Рас, мұражай жәдігерлері әлі аз. Мұның бір себебі, ақынның пайдаланған, қолына ұстаған заттарын кім болса да бере салғысы келмейтіндіктен болар. Ол да сондай бұйымды қасиеттеп, өзінде сақтағысы келеді. Кітаптары, өлеңдері жарияланған басылымдар өз алдына, жұрт ақынның қолымен ұстаған, қолданған заттарын көргісі келеді. Мәселен, мұражайда «Ақын киген сұр пәлте» деген жәдігер бар. Сол киім туралы  кәдімгідей естелік жолдар да бар ғой. Әйтеуір, сол пальто сақталып қалыпты! Кезінде Мұқағалиды композитор Нұрғиса Тілендиев әнге сөз жазуға үйіне шақырады ғой... Бұл жетпісінші жылдардың ортасы еді. Сол  кезде ақын композитордың үйіне қошқыл қызыл жейде киіп барып жүріпті. Сол жейде ақынға ерекше жарасады екен. Ендеше, қайда қалды екен сол бұйым? Белгісіз. Себебі ол кездері ақынның талай заттары бағаланбай, тозғаны бар, жоғалғаны бар – бұл күндерге жетпей қалды! Міне, сондықтан да жәдігерлер де бірер жылда жинала қалмайды, оған да уақыт керек! Бір кездері «Ақын мұражайы Алматыда, әдеби орта  бар жерде болуы керек» деген ұсыныстар да болған. Мүмкін өзінің отбасы, ақын-жазушылар, өнер иелері топталған ортада болса жәдігерлер де көбейе түсер ме еді, кім білсін? Бірақ «Қарасазға жиналған қауым, шетелдік меймандар, келер ұрпақ ақынның туғаннан – кеткенге дейінгі тұтас ғұмырын Қарасаздан көріп, таныса, бұл да бір мектеп қой» деген пікірлер пайда болды. Осы арада айта кетер бір жайт бар, ақын мұражайын оның 60 жылдығына дейін салу міндеті тұрғанда қаражаттың тапшылығы оның есігін айқара ашуға мүмкіндік болмады. Бұл нарықтың алғашқы жылдары еді ғой. Ал музейдің алғашқы баспалдағы Қарасаздағы мектептен басталғаны естен шықпауы тиіс. Сол кездегі мектеп директоры Нұрлан Артықов бастап, ұжымы қостап, мектептен мұражай-бұрыш  ұйымдастырған. Ал өз алдына мұражай болып ашылуы туралы сөз қозғалған кездегі жағдайлар жайында Қарасаз ауылындағы шаруашылықты басқарған Тұрсын Шормантегі журналымызда  «Мұқағали музейін салу оңай болмаған» деп  естелік жариялаған-ды. Талай тартыстармен іске асырылған сол шаңырақтың бой көтеруі туралы автордың: «Осы күні ойлаймын, егер Әлнұр аға Мейірбековтің уағында жасалған бастамасын сол кезде  Бақыт Оспанов бастаған аудандық партия комитеті мен колхоз басқармасы қолдап, бел шеше  араласпаса, Әнуар бастаған «Сәулет» құрылыс мекемесі мұражайды қайтсе де салып бітіруге күн-түн демей кіріспесе, ақынның туғанына 60 жыл толар тойға дейін мұражай салынып бітпес еді.  Құрылыс жұмысына ақынның барлық туыстары, таныстары, дос-жарандары да жанашыр болды» деген жолдары көп нәрсені аңғартса керек. Мұқағали музейінің алғашқы директорлары Әбдіке Хасанов – ақынның құрдасы, көзкөргені-тін. Ағарту саласының үздік қызметкері бастаған бұл игі істі кейін филология ғылымдарының кандидаты Жұмаш Өтейұлы жалғастырды. Ендеше, осындай зор талпыныспен, қиындықтармен есігін ашқан мұражайды қарасаздық жұрт басқа жаққа бере қоймасы да белгілі! Ақынның өміріне, шығарма­шылығына, күнделікті тұрмысына байланысы бар талай жәдігерлердің жұрт қолында болуы әбден мүмкін. Олар әлі де осы игі іске үлес қосып, өздеріне қимас сондай бұйымдарды мұражайға әкеліп тапсырады деген сенімдеміз. Мұқағали мұрасы бәрімізге ортақ дүние ғой! «Жансарайы кең еді» – Мұқағали ағаның көзін көрген,  соңынан ерген інілерінің бірісіз. Ақын сізді қандай қырымен таңдандырып, сүйіндіріп еді? Сол күндердің суреттерін еске түсірсеңіз... – Оның өлеңдерінің ерекше екенін көрген, түсінген кейбір пенделердің ішкі дүниесін  ақынның әрбір жаңа, жақсы өлеңдері іштарлық, қызғаныш  тудырып, шым еткізгені белгілі. Ал Мұқаңның өзінің жансарайы кең еді. Біреудің  жақсы өлеңі жарық көріп жатса, жыр додасында  көзге түсіп жатса, сол адамнан бұрын қуанатынын көріп те жүрдік. ...Ғұсман деген ақынның өлеңдері 1966 жылы өткен жыр сайысында қазылар алқасының жоғарғы бағалауына ие болып, тіпті бірінші орын алып кете жаздайды. Сонда Мұқаң: – Классикпіз деп шіренгенде таралғы­ны үзіп кете жаздаймыз. Ал мына жігіт со­нау Алакөлден келді де, аузымызды аңқи­тып, екінші жүлдені алды да кетті. Сірә, менің алдағы уақытта басты конкурентім осы жігіт болар? – депті. Жаңа таныла бастаған талапкердің өзін осылай бағалап, мойындау – Мұқаңа ғана жарасатын мінез. Осыған орай Ғұсман да: «Өзгенің бағын күндеп, Өзеуреп қақсамайсың. Өлеңнің тағын байлап, Отырған патшадайсың!» – деп разы көңілін өлеңмен білдіріпті. Өзім өлеңді соңына түсіп жазбасам да, Мұқағали ағаны кереметтей пір тұттым, өлеңдерімен сусындадым.  Соңында «салпаңдап» еріп жүретін інілерінің қатарында болдым. «Ақынның жансарайы  кең еді» деген ойымды журнал бетінде белгілі қаламгер, Міржақып Дулатов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлының берген сұхбаты (2011 ж. №5 санында) тереңдете түсер еді. – Мұқағали замандас ақындар туралы өз ойын бүкпесіз, әділ беріп отыратын-ды, – деген-ді Ербол сол сұхбатында. «Мысалы, өмірден кеше ғана өткен Өтежан Нұрғалиев туралы көзі тірісінде: «Ақын қандай болады десе, ақын мынадай болады деп Өтежанды көрсетуге болады. Оның бүкіл болмысы поэзия үшін жаралған», – десе; Сағи Жиенбаев туралы: «Сағи үнемі ізденіс үстінде. Сөзден қоңырау ойнатқан, лирик, зергер ақын», – деген-ді. Мұқаңның «зергер ақын» деген теңеуі мені таңдандырып еді. «Тұманбайдың лирикалық кейіпкерлерінің жүрегі қылау түсе қоймаған сәбидің  мінезіндей», – десе; Қадыр Мырзалиев хақында: «Қадыр – найзағай ақын. Қалай да бір жалт беріп, тіліп өтпей, тыншымайды», – депті. Енді бір сәтте: «Жұрт не ойласа да өзі білсін, менің ойымша, Сәбит – үлкен дүние. Хатты жаңа тани бастаған қазақтың қалаулы ұлдарының ішіндегі ең ірісі», – деген. Осылай ақын жүрегіне бәрі сыяды», – деп еді Ербол әріптесім сол сұхбатта. Мені таңдандырып, үлгі тұтар бір мінезі – өзіне іштарлық етіп, аяқтан шалғандардың өзіне ол кешіріммен қараған, кек алуды, өштесуді білмеген ғой.  Орайы келгенде бетке айтқаны болмаса, сондайлардың сыртынан ғайбат сөйлемеген. Бұл күйкі тірлік барысында таңдандырған сәттер ғой, ал поэзиясымен ол барша халықты таңдандырып келеді. Сонымен қатар Мұқағали туралы ол талай өсек пен қауесетке тап болып жүргенде жақсы пікірін ірікпей, жылы лебізін аямай келген ағалары да, белгілі тұлғалар да баршылық.  Мұны да бағалап, ұрпақ санасына сіңіруі­міз керек. Мәселен, Әбділда Тәжібаев ақынды ерте танып, Алматыға алдырды. Қайраткер тұлға Әбіш Кекілбаев 1971 жылы ақын шығармаларына ұлы лебіз білдірген;  жазушы Жекен Жұмаханов  ауылдан келген Мұқағалиды «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа орна­ластырған, алғаш «Аппасионата» поэмасын осы газетке жариялатқан; белгілі жазушы Сейдахмет Бердіқұлов 1981 жылы «Райымбек, Райымбек!» дастанын цензурадан қаймықпай газетке жариялаған; майдангер журналист Әлнұр Мейірбеков ақынды ең алғаш аудандық газетке орналастырып, қаламгерлігіне жол ашқан; Кеңес Аухадиев – 1981 жылы ақын әулетіне Алматыдан үлкен үй бергізген! Осындай ізгілік көрсеткендер жан дүние жомарттығымен, азаматтығымен таңдандырып, сүйінтеді. – Алматыда «Мұқағалитану орталығы» құрылса деген идеяны да сіздер тарапынан естіп қалып жүрміз. Бұл ойдың пайдалы жақтарын тарқатып айтып берсеңіз... – Жақсыны тану, оның ішінде Мұқағалидай ақынды тану – тәрбиелік мәні бар ілім емес пе? Бізде «Абайтану» тақырыбы мектептерде кәдімгі пән болып, қанатын кеңге жайғаны белгілі. Мұқағалиды да жас ұрпақ Абайдай танып, үлгі тұтса, білім мен тәрбиедегі көп олқылықтың орны толары хақ. Басқа басылымдарды айтпаған­ның өзінде, кейінгі алты жылда шығып жатқан «Мұқағали» журналының әр санында ақынды, оның шығармашылығын  тану туралы бір емес, бірнеше мақала жүреді.  Мұқағалитану тақырыбына ол өмірден озғалы қаншама адам қалам тартып, солардың бірқатары тіпті ғылыми диссертация да қорғап жатыр. Ақынның жазған бар дүниесі әлі де түгел жарық көріп үлгерген жоқ деп ойлаймыз. Бір қалтарыстарда, бір парақтың шетінде жазыла салған жырлары, сырлары жатқан шығар? Соларды түгендеп, зерттеп, зерделесек, тағы қаншама мағыналы дүниенің орны толар еді. Мәселен, журналымызда өткен жылы ақын Оразақын Асқардың: «Мұқағали мұрасы «Алтын қалам» арнасында» деген шағын мақаласы шықты. Сол мақалада Орекең ақынның бір шумағының келтірілмегеніне өлеңнің мәнінің өзгергенін мысалға алып, оның «жоғын жоқтайды». Яғни біз үшін Мұқаңның әрбір сөзі зая кетпеуін қадағалау – парыз. Осындай іспен арнайы орталық айналысар еді. Бұл – бір. Одан өзгесі, ақын поэзиясына әр қырынан келіп қарап, зерттеп, зерделей бастасаң, соншама жаңа қырынан көріне түсетіні анық. Осы орайда ғалым Бауыржан Омаровтың: «Мұқағали сияқты қатпары қалың күрделі құбылысты зерттеп, ғылыми еңбек жазу – еріккеннің ермегі емес. Оған зор дайындық, терең білім керек. Бұл тақырыпқа арнайы маманданған жөн» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, Мұқағали орталығы деген ақынның еңбегін зерделейтін институт дегенмен пара-пар ғой. Идеяның түп-тамырында ақын еңбектеріне тәрбиелік құрал ретінде де, ғылыми зерттеулер хақында да терең көзқараспен қарау қажеттігін жеткізу мақсаты тұр. Тойдан тағылым алсақ... – «Болғанынан боладысы қызық» демекші, мерейтой да өтер, қарбалас қызуы да басылар. Ал «Мұқағали» журналы қалыпты жұмыс ырғағын бұзбай, жалғаса берер, солай ғой? Қалың оқырманға қандай тілек айтар едіңіз? – Той өткіземін десе қазақтың қай облыс, аудандарында да мақтан тұтарлық тұлғалар жетерлік, шүкір! Аста-төк дастарқан да, ат шаптырып, көкпар тартарлық жағдайға да мүмкіндік бар. Мәселе – осындай салтанаттардан ел-жұрттың үлкен-кішісінің, қарты мен баласының ой түйіп, тағылым алуында! Тойға келушілердің барлығы да бұл салтанаттың қадірін, себебін, болашағын түсінсе деген тілек бар көңілде. Ал журналға келетін болсақ, ол, әрине, бұйырса, ырғағынан жаңылмай, жұмысын жалғастыра бермек. Мазмұны жақсара түсіп, парақтары да көбейе берсе деген тілек және бар. – Мұқағалиға ХХІ ғасырдың көзімен қараған жаңа бағалау кезеңі басталды. Сіздердің басылым сондай бағалаулардың жарық көруіне мұрындық болып, үн қосса дейміз! – Мұқағали поэзиясын, жалпы оның шығармасын бағалаудың жаңа қырларының ашыла беруіне біз де тілектеспіз және соған үміттіміз. Кезінде  ақынның өзі күнделігіне (1973 жылдың 24 желтоқсанында): «Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім, не істер едім? Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе? Соңғы сөзді айтып өлу керек қой... Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере гөр!» деп жазған екен. Журнал ақынның осындай үнін өз парақтарынан оқырманына тарату арқылы үлес қосады деп сенеміз. Біздің парызымыздың өзі – осы! Қанша той өткізіп, қанша әспеттесек те, әрбір адамның жансарайы – кілтін табуы қиын құпия әлем ғой. Сөзімнің соңын ақынның: «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер?» – деген жолымен аяқтайын. Осының бәрі ақын жанын, поэзия деген киелі дүниені түсініп, қастерлеу үшін жасалып жатқан шаралар ғой! – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Нұрперзент ДОМБАЙ

8274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы