• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2011

Ағылшын-саксондықтардың арғы тегі сақтар ма?

Англо-саксондардың арғы тегі сақтардан тараған деген тұжырым біздің заманымыздан бұрын қалыптасқаны жөнінде дәйекті дәлелдер баршылық. Мәселен, кезінде сақтар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Армения жерінің өте шұрайлы бөлігіне қоныстанғаны туралы б.з. бұрынғы 63-жыл мен б.з. 24-жылдары арасында өмір сүрген гректің атақты тарихшысы әрі географы Страбон жазып кетіпті. Ғалым келтірген дерек бойынша, кезінде әл­гі аймақ Сакасина деп аталған. Ал біздің за­манымыздың 23-79-жылдары өмір сүр­ген Римнің аса көрнекті жазушысы әрі ғұла­ма тарихшысы Плинийдің пайым­дауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сақтар Сакассани деп аталған.Атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сақтың ұлы (ұрпағы) деген ұғымды білдірген. Бұл этимологияны алғаш ұсынған 1519-1572 жылдары өмір сүрген фламандық философ әрі филолог Горопиус Беканус екен. Бұл тұжырымды атақты неміс теологы әрі гуманист ғалым Меланчтонмен қатар алғаш рет латын тілінде жарық көрген “Британия” атты кітаптың авторы В.Камден де толық қуаттапты. Аталған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер де ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегінің сақтардан тарайтынына еш күмән келтірмейді. 1827 жылы жарияланған “Сақ па, парсы ма?” деген ғылыми мақаласында Шарон Турнер өз пайымының негізсіз емес екенінің бұлтартпайтын дәлелі ретінде сақтардан тамыр алатын ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тартады. Әлгі мақаланы қазақ тіліне аударып, оның бірнеше ақпарат көздерінде (“Егемен Қазақстан”, “Ана тілі” газеттерінде, “Ақиқат” журналында) жариялануына мүмкіндік жасаған едім. Зер салған оқырман олармен танысып үлгерген де болар деген ойдамын. Жоғарыда келтірілген дерек көздерін ескере отырып, осы арада және бір пайымға назар аударуды жөн санаймын. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі сақтардан бастау алады деген тұжырымды тек ағылшын немесе саксондықтармен ғана шектеуге болмайды. Бұл пайымның Еуропа құрлығында орналасқан тілдері герман тобына кіретін өзге халықтардың, оның ішінде, орталық Еуропадағы немістерге де, солтүстік Еуропадағы скандинавиялықтарға да тікелей қатысы бар. Себебі немістер де, скандинавиялық норвегтер де, шведтер де, даниялықтар да о бас­та ағылшын-саксондықтармен генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас халықтар екені ешбір дәлелді керек етпейді. Сөзіміз дәйекті болу үшін нақты бір-екі мысал келтірейік. 2010 жылы Норвегия астанасы Ослода өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымықтастық ұйымының Парламент Ассамблеясының жазғы сессиясына қатысып, сол сессия аясында арнайы ұйымдастырылған мәдени шара шеңберінде тарих әлемінде өзіндік орны бар жиһангер викингтердің бастапқы қалпына келтірілген байырғы кемелері сақталған мұражайды көрудің сәті түсіп, сол кемелер туралы толық ақпарат беретін Арне Эмиль Кристиенсеннің кітабын оқыған едім. Әлгі кітапта Норвегияның Берген қаласына жақын жердегі Осеберг елдімекенінің маңындағы қорғанда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері баяндалады. Мәселен, Осеберг қорғанынан археологтар викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мәйіттері мен он екі жылқының қаңқа сүйектерін, емен ағашынан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыра, үш тағанды темір мосы және соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожаулар, қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі мен бұғы мүйіздерінен істелген тарақтарды қазып алады. Әлгі кітапта 1880 жылы Норвегиядағы Сандар дейтін мекеннің маңындағы “Гокстад” фермасының аумағында орналасқан үлкен қорған жайлы да археологиялық ақпарат бар. Әлгі қорған кейін “Король қорғаны” болып аталып кетеді. Себебі қорғаннан викинг кемесі және сол кемеге жерленген жас шамасы 50 мен 70-тің арасындағы ер адамның мәйіті және кеме айналасынан Осеберг қорғанынан табылған дүниелерге ұқсас бұйымдармен қатар тағы да 12 жылқының қаңқалары табылады. Қазір бұл кеме де бастапқы қалпына келтіріліп, Ослодағы викинг кемелерінің музейінде сақтаулы тұр. Әлгі ақпараттарды оқып отырып, еріксіз таңдандым. Себебі Норвегия жерінде де сақ қорғандары бар екен ғой деген ой мазалай бастады. Өйткені Осебергтен де, Гокстад қорғанынан да табылған артық-кемі жоқ тұп-тура он екі жылқы Алтайдағы Берел қорғанындағы он үш жылқыны бірден еске түсірді. Көзге ұрып тұрған әлгі ұқсастықтар кімді де болса ойландырары сөзсіз. Өйткені екі кемеден де табылған 12 жылқының қаңқасын әншейін кездейсоқтық деуге аузың бармайды. Бұл қалай сонда? Күллі Еуропа кеңістігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың ішінде Скандинавия қорғандары да бар) әлгі географиялық аймақтан мүлде шалғайда, тіпті ит арқасы қиянда жатқан скиф-сақ қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның кіндігі саналатын Тува, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы Берел, Пазырык, Башадар, Тұйықты немесе Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандарымен сабақтас болғаны ма? Олай болса, Азия мен Еуропа қорғандарының арасындағы ғажап ұқсастық осы мақаланың басында сөз болған ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегін сақтардан тарататын ғылыми болжамдар мен тұжырымдардың шындықтан тіпті де алыс еместігін дәлелдеп тұрған жоқ па? Ендеше, қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы халықтардың мәдениеті мен олар сомдаған өркениетке тереңірек бойлап, бүкіл Еуразия аумағындағы және Тынық мұхиттың арғы жағындағы АҚШ кеңістігінде орналасқан қорғандардың сабақтастығы мен тамырластығын дәлелдейтін бұлтартпайтын өзге дәлелдер іздеу қажеттігі қатты қызықтырды. Кезінде байырғы америкалықтардың (“үндістердің”) Миссисипи мәдениетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қорғандардың да Еуразия қорғандарымен тамырлас екенін оқырманға («Азия – Берингия – Америка» атты еңбекте) жеткізген болатынбыз. Енді, міне, осы тақырыпқа оралудың сәті қайта түсті. Қорғандар жайлы, оның ішінде скиф-сақ қорғандары жайлы жүргізілген зерттеулер жетіп артылады. Мәселен, Тамара Т.Райстың “Скифы: строители степных пирамид” деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Венгрия және Румыния жерлерінде орналасқан қорғандар тобының, яғни қорған мәдениетінің б.з. бұрынғы жетінші ғасырдан бастап, б.з. бұрынғы екінші ғасырға дейін жалғасқан құбылыс екенін байқаймыз. Сосын қорған атаулары да көп нәрседен хабар береді. Мәселен, Кубань тобындағы: Карагоденашх, Келермес, Курджип, Уль, Уруп; Қырым тобына кіретін: Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият, Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр тобындағы: Башмак, Чертомлык, Чмыр, Огюз; Полтава тобындағы: Акют; Волга тобындағы: Астрахан; Орал тобындағы: Биш-Оба; Алтай тобындағы: Басадар, Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүстік Моңғолиядағы Нойн-Ула; Румыниядағы Косьюрул-Маре, Сату-Маре Еуразия кеңістігіндегі байырғы скифтердің (бұл гректер берген атау) сақтармен тамырлас екенінің айқын айғағы емес пе? Орыс ғалымы Ю.А.Шиловтың пікірінше, “қорған” деген ұғым байырғы шумерлердің “кур-ан” немесе “кур-галь” (“аспан тау” немесе “алып тау”) деген сөздерінен бастау алған. О баста қорған тұрғызу мәдениеті Қара теңіздің солтүстік өңірінде б.з. бұрынғы 4000-2000 жылдар аралығында араттар мен ари тайпаларынан бастау алып, дами бастағанын айта келіп, Ю.А.Шилов “Прародина ариев” (Киев, 1995) деген монографиясында байырғы қорғандардың о баста антропоморфтық және астральдық белгі ретінде дүниеге келгенінен ақпарат береді. Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қорғандар Австралия мен Антарктидадан басқа континенттердің бәрінде де кездесетін мәдени құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте қорғандар қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін қазылған бейіттердің үстіне тұрғызылады немесе Жаратқанға жалбарынатын киелі орын ретінде сомдалған және олардың пішіндері де әртүрлі болып келеді. Сосын Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр Шығыста жатқан Жапонияға дейін әр заманда тұрғызылған қорғандардың бәрі дерлік көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.з. дейінгі 4000 жыл бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ғасырларға дейін жалғасқаны байқалады. Мәселен, арғы тегі литвалық америкалық ғалым Мария Гимбатустың “Қорған гипотезасы” деп аталатын зерттеу жұмысында алғашқы қорғандарды үнді-еуропа тілдерінде сөйлейтін халықтар, олардың ішінде, әсіресе, скифтер (Алтайдағы Пазырық қорғандары) мен скандинавиялықтар (Қара мола, Гнездов және байырғы Уппсала қорғандары) тұрғыза бастаған деген дерек бар. Ресей жерінде де қорғандардың неше түрі, оның ішінде Еуропа аймағындағы үнді-еуропалық халықтар мен түркі халықтарына тән ең биік қорғандар тобы кездеседі. Олардың аса көп шоғырланған жері – Хакасия. Ондағы ең әйгілісі – Үлкен Салбык қорғаны. Оны 1739 жылы Г.Ф.Миллер ашып, С.В.Киселевтің жетекшілігімен қазба жұмыстарын 1954-1956 жылдары Кеңес Одағы Ғылым академиясының экспедициясы жүргізіпті. 1971-1974 жылдары Туваның солтүс­тігіндегі Уюк өзенінің бойындағы “Патшалар алқабы” атанып кеткен Аржан, Тарлык елдімекендерінде орналасқан скиф заманынан қалған қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мәйіттері мен 160-қа жуық аттардың қаңқаларын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдар табады. 2001 жылы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік мәртебесі биік ерлі-зайыпты екі адамның мәйітін және олардың қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ, тағы басқа бұйымдарды табады. Солтүстік Американың байырғы халықтары сомдаған алып қорғандардың да әлемдік қорған мәдениетінен алатын орны ерекше. Олар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа зооморфтық, яғни тотемдік қорғандар, ал екінші топқа кәдімгі төбе іспеттес қорғандар жатады. Олар неғұрлым биік әрі көлемді болса, онда жерленген адамдардың әлеуметтік мәртебесі де соғұрлым жоғары болғаны байқалады. Мәселен, Американың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласының маңындағы Какохия қорғандарының мәні ерекше. Олардың жалпы саны – 120 болған. Қазір олардың 80-і сақталған. Британ аралдарында да қорғандар бар. Әсіресе, төңкерілген табақ тәріздес қорғандар жиі кездеседі. 1956 жылы Мария Гимбатус қорған гипотезасын ұсынған болатын. Оның негізгі нысанасы археологиялық дерек көздерін лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үнді-еуропа тілдерінде сөйлейтін халықтардың байырғы отанын анықтау болған. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен оңтүстік-шығыс Еуропаны б.з.б. бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүнді-еуропалық халықтардан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан, қорған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гапло тобына жататын Орта Азия, Батыс Азия, Индия және Шығыс Еуропадағы славян халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі екен. Керісінше, жаңағы генетикалық маркер норвегтердің 23,6 пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайызына және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін даниялықтардың да 16,5 пайызына тән екен. Демек, ағылшын-саксондықтар мен скандинавиялықтардың арғы тегінің сақтардан бастау алатынын жоғарыдағы генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұрғаны күмән туғызбайды. Мұны ағылшын-саксондық Британия мен скандинавиялық Норвегия, Дания халықтарының тілдерінде де көзге ұрып тұрған лингвистикалық ұқсастықтардан байқауға болады. Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор (ащы), жер, сор (мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғымдарды білдіретін ағылшын және скандинавия тілдеріндегі дәлме-дәл немесе ауыспалы метонимиялық баламалары ұқсас келеді. Салыстырып көрелік: ағылшын тілінде тіс – tooth (жекеше түрі), teeth (көпше түрі); тіл – tongue (бұл сөз бен қазақ тіліндегі таңдай деген сөздің түбірі бір); бел – belly; белдік- belt; елік – elk(бұлан); өгіз – ox; сор (ащы) – sour; жер – earth; сор (мұң) – sorrow; дала – dale; абад – an abode. Ал норвег/дат тілдеріндегі әлгі сөздердің баламалары төмендегідей: тіс – tann/tand (метонимиялық атау, себебі тіс таңдаймен жапсарлас); тіл – tunge/tunge (метонимиялық атау, себебі тіл таңдаймен жапсарлас); белдік – belte/balte; елік- elg(бұлан); өгіз – okse/okse; сор(ащы) - sur; жер – jord/jord; сор (мұң) - sorge/sorg; дала – dal/dal. Бейжай қалдырмайтын және бір лингвистикалық фактор мынау: норвег тілінде қазақ тілінің көптік жалғауына ұқсас: -r, - er деген көптік жалғаулар бар. Мысалы: uge (апта) – uger (апталар); mened (ай) - meneder (айлар); Дат тілінде де зат есімдердің 75 пайызына –r немесе -er көптік жалғау жалғанады. Тек зат есім дауысты дыбысқа бітсе –r, ал дауыссыз дыбысқа бітсе – er жалғанады. Алдыңғы екі тілмен туыстас швед тілінде де көптік жалғауға қатысты осындай заңдылық байқалады. Демек, жоғарыда атап өтілгендей, сақтар мен скифтердің ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтарға генетикалық тұрғыдан бір табан жақын екендігі лингвистикалық тұрғыдан да айқын байқалады. Ендеше, сақтар мен скифтерді тілдері үнді-еуропа тобына жататын парсылармен ғана туыс­тастыру шындыққа сәйкес келмейді. Жоғарыда келтірілген генетикалық және лингвистикалық дәйектер біздің тұжырымның негізсіз емес екенін тиянақтай түседі деген ойдамын. Дәл осы тұрғыдан, яғни генетикалық және лин­гвис­тикалық тұрғыдан зер салсақ, осыдан 40 000 жыл бұрын Азиядан Америкаға қоныстанған ба­йыр­ғы америкалықтардың, яғни “үндістердің” де арғы тегі түркі өркениетімен сабақтас екенін бұл күнде ғылым толық дәлелдеп отыр. Демек, Солтүстік Америкадағы қорғандардың да о бастағы бастау бұлағы Еуразиядағы скифтер мен сақтардың қорған мәдениеттерімен тікелей са­бақтас әрі тамырлас деп батыл айтуға әбден болады. Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

19185 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы