• Әдебиет
  • 18 Тамыз, 2011

Теңіз – ғасыр жобасы

d0bdd0b0d0b7d0b5d180d0b1d0b0d0b5d0b24 Теңіз мұ­найы­ның игерілгеніне биыл 20 жыл толып отыр. Әрине, бұл бір ғана кеніштің тарихы десек те, осы жиырма жылдың ішінде бұл кеніште аға ұрпақтың ерен еңбектерінің іздері, ел тәуелсіздігінің нығаюына үлес қосқан жас ұрпақтың жалынды істері сайрап жатыр. Бір мезет өткенге көз жүгіртіп көрелік.Тарих парағын ақтарғанда... Атақты теңіз кенішін игеру сонау кеңестік дәуір кезінде басталған болатын. Сол кездегі «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің басшылары, инженер-техник қызметкерлерінің ізденісті де жанқиярлық еңбектері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев, бас геолог Жолдасқали Досмұхамбетов, Мақаш Балғымбаевтардың өте сауат­ты, батыл шешімдерін, өнегелі басшылықтарын жас мұнайшылар аңыз қылып айтады. Кенішті игеруге сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінен мамандар белсене атсалысты, барлық күш осында шоғырланды. Әрине, бұны қазақ елі мұнай­шыларының, геолог-бар­лаушыларының, бұрғышы­ларының талантына, еңбекқор­лығына бас ию-мен қатар көршілес бауырлардың қол ұшын созған көмегі деп түсінген абзал. Себебі құрамында күкірт сутегі мол әрі қабат қысымы жоғары кенішті игеру бүкіл Одақ бойынша өте күрделі болатын. Соған қарамастан көп жылдардан бері жанқиярлық маңдай тердің арқасында 1991 жылы №8 ұңғымадан Теңіз кенішінің алғашқы «қара алтыны» жер тұңғиығынан атқып шығып, ел игілігіне жарауға бағыт алды. Міне, Теңіз мұнайының өнеркәсіптің өндіруі осыдан бас­тау алған болатын. Ал сол жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, елдің еңсесін көтеру, тәуелсіздіктің іргесін нығайту үшін батыл қадамдар жасауға бетбұрыс жасады. Батыл қадам Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүкіл ел болып, Теңіз кенішінен мұнай көзін ашқанымен одан әрі қарай игеру керектігі сол кездегі КСРО-ның да күн тәртібінде тұрған болатын. Себебі қабат қысымы өте жоғары кеніштің қауіпсіздігін сақтауда Одақтың технологиялық жағынан қауқарсыз екені аңғарылып қалған-ды. Мәскеудің Теңіз кенішіне қызыққаны сондай, АҚШ-тың «Шеврон» компаниясымен келіссөз жүргізіп, Теңіз мұнайынан түскен пайданың 60 пайызын мұхиттың арғы жағына, 40 пайызын Мәскеуге беру жөніндегі келісімдері де тарихта қалып қойды-ау. Тек тәуелсіздіктің таңы атқанда мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ғасыр жобасын» ел игілігіне жарату тізгінін өз қолына алды. Өйткені нарық қатынастарына сай мұнайды өндіру мен қатар өңдеу, өткізуді халықаралық талапқа сай жүргі­зу оңай іс емес. Жоспарлы экономиканың ізімен жүріп, тәрбиеленіп қалған бұрынғы Одақтың шамасының жетпейтіні бесенеден белгілі. Осындай жағдайларды жан-жақты саралап, ой толқынынан өткізгеннен кейін Елбасы өзінің бір топ кеңесшілерімен мұхиттың арғы жағына аттанып кетті. Мұнда әлемге әйгілі «Шеврон» компаниясымен Теңіз мұнайын игеруге келіссөз жүргізуге келген болатын. Сөйтіп, «Теңізшевройл» атты қазақ-американ бірлес­кен кәсіпорны құрылды. Теңіз мұнайын игеру­дің жаңа мемлекеттегі жаңа кезеңі басталған еді. Президент Жарлығымен Қазақстан жағы­нан «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының директоры болып, Равиль Тәжіғараұлы Шырда­баев тағайындалды. Жаңа міндеттер жүктелді. Бұл тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне келген алғашқы шетел инвестициясы болатын. Тәуелсіздікке тірек болды Иә, өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының ортасындағы Қазақстандағы қиыншылықты тәуелсіздіктің басы-қасында жүрген аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Ал жас ұрпақ біле ме екен деген сауал туындайды. Одақ ыдыраған кезде барлық кәсіпорындар мен зауыттар экономикалық байланыстар үзілгесін тығырыққа тіреліп, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Демек, жұмыссыздар саны жүзден емес, мыңнан асып жығылатын кезең еді бұл. Көптеген мамандар нәпақа табу үшін ала қапты арқалап, базар аралап кетті. Оның үстіне Шығыстың дағдарысы мұнайдың бір баррелін 9 долларға дейін түсіріп, елді тағы есеңгіретіп жіберді. Міне, осындай ел басына түскен қиын кезеңде жұмысшыларын қысқартпай, жалақы­ларын уақытында төлеп, қиналғандарға қол ұшын созған, алған міндеттемелерін мүлтіксіз орындаған тәуелсіз елге тірек болған бірден-бір кәсіпорын осы «Теңізшевройл» болатын. Сол қиын кезеңнің өзінде «Теңізшевройл» «Бонус фонд Атырау», «Игілік» қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде бұрын көрмеген игілікті істерді бастап жіберді. Кәсіпорын құрылған 1993 жылдың өзінде Құлсарыда су тас­қынынан зардап шеккен адамдарға 20 коттедж үйлер мен жедел жәрдем ауру­ханасын салып берді. Атырау қаласында авт­оматтандырылған жылу беру орталығы мен Редут-Атырау магистралды газ құбы­рын жүргізіп, тұңғыш рет қала халқы табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ Атырау қаласында нан зауыты, заманауи жабдықтары бар диагностикалық орталық, Атырау университетінің корпусы, 1200 оқушы орындық №30, 31 мектептерде «Теңізшевройлдың» қолтаңбалары бар. Міне, осындай ізгілікті істерді тізе беруге болады. Жақсының жақсылығын айтқан абзал. Ардагерлер ел есінде Қандай заманда болмасын өз істерінің академиктері атанған, қаншама қиындықтарды басынан өткізген соған төзе білген ардақты ағалардың есімдері бүгінде елдің ішінде құрметпен аталады. Қазақстан кенішін игерудегі ерен еңбектері үшін Жолдасқали Досмұхамбетов, Асабай Қисиметов, Бөлекбай Сағынғалиев, Мақаш Балғымбаев, Құмар Балжанов, Валентин Авров, Болат Елеманов, Орынғазы Есқазиев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанды. Сондай-ақ кезінде облыс басшылығында болған Оңайбай Көшеков, Есен Тасқынбаев және басқалары халықтың құрметіне ие болып жүрген абзал ағалар. «Теңізшевройлдың» бүгінгі қадамы Иә, мыңдаған мамандар, инженер-геологтар, бұрғышылар мен барлаушылардың жанқиярлық еңбегінен бастау алған Теңіз кеніші бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасында ойып тұрып алған орны бар кәсіпорын. Жыл сайын мұнай өндіру көлемі артып келеді. Нақты деректер бойын­ша айтсақ, ТШО 1993 жылдан бері мұнай өндіру көлемін 25 есеге өсірген. Тек өткен жылы 26 миллион тоннаға жеткен. Ал бұл оңай шаруа емес. Демек, кәсіпорын өндіріске әлемдік деңгейдегі жаңа технологияларды енгізіп, биік меже деңгейінен көрініп келеді деген сөз. «Теңізшевройл» –еңбек және өндіріс қауіпсіздігі жөнінен де рекордтық жетістіктерге жетіп жүрген ұжым. Кәсіпорынның ең бір бас ауыртатын мәселесі экология болатын. Шынын айту керек, ТШО-ның қоршаған ортаға тигізетін залалы туралы айтылмаған сын болмады. Кәсіпорын басшылығы сол сыннан қорытынды шығару үшін ойға да, қырға да шауып, нәтижелі істерін көріп келеді. Он бір жыл ішінде кәсіпорын қоршаған ортаға өндірістік әсерді азайту үшін 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмса­ған екен. Тек биылғы жартыжылдықта «Теңіз­шев­ройл» қазақстандық тауарлар мен қызметтерді дайындауға 746 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Әрине, бұл – жас мемлекеттің бизнесмендері үшін үлкен көмек. Бүгінде Теңіз кенішіне бүкіл әлем көз тігетін болды. Себебі Теңіздің тұңғиығындағы «қара алтын» КЦК-құбырын қуалап Новороссийскі бағытына жөнелтілсе, теміржолмен Одесса, Феодосия, Ақтау, Батуми және Кулевиче арқылы экспортқа жіберіледі екен. Қазір Теңіз кенішіндегі тау-тау болып үйіліп тұратын күкірт азая түсуде. Күкірттің Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдеріндегі тұтынушыларға, Ресей, Украина, Қытайға қарай жөнелтіледі екен. Сөз жоқ, «Теңізшевройл» Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қосып жүргенін мақтан тұтады. ТШО Қазақстанға қадам басқаннан бері ел экономикасына қосқан қаржы көлемі 52,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Кадр мәселесіндегі оң өзгерістерді айта кеткен жөн. Бұрын ТШО ашылғанда көлік жүргізуден әрі аспайтын қаракөздердің саны бүгінде басшылық қызметке де жетіп қалыпты. Қазір ТШО-да еңбек ететіндердің 85 пайызы қазақстандықтар екен. Демек, алып кәсіпорынның тізгіні қазақтың азаматтарының қолында екенін мақтанышпен айтуға болады. Осы шетелдік кәсіпорында еңбек етіп, елдің абыройына бөленіп жүрген азаматтар көптеп саналады. Айталық, көптеген өндірісте, ел басқару қызметтерінде болған Ризабек Артығалиев, Мария Қаражігітова, сондай-ақ Светлана Қайырғалиева, Төлеген Берішбаев, Георгий Трухин сияқты белгілі қаламгерлер – өздерінің сауатты, салиқалы ой-пікірлерімен достықтың жібін жалғап жүрген абзал азаматтар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ТШО-ның Атырау облысының игеру құрылымына қосып тұрған үлестері айтарлықтай. Кәсіпорын қызмет істегеннен бері Атырау қаласы мен Жылыой аудандарының инфрақұрылымын дамытуға 645 млн, доллар бөлсе, биылғы жылы облыстық білім беру және денсаулық саласын дамытуға 800 мың доллар қаражат бөлген екен. көшбасшы кәсіпорын Иә, ізденісті еңбек әрдайым лайықты бағаланатыны белгілі ғой. «Теңізшевройл» ЖШС 2007 жылы үздік инвестициялық жобасы үшін «Прометей» сыйлығының иегері атанды. Ал 2008 жылы ТШО «Үздік әлеуметтік жобасы үшін», «Парыз» байқауының күміс, 2009 жылы «Үздік ұжым­дық шарты үшін» алтын жүлденің жеңімпазы атанса, өткен жылы «Теңізшевройл» Қазақстандағы ірі кәсіпорындар арасынан көшбасшы деп танылған екен. қазақ тілінің қадірін біледі Ынтымағы жарасқан «Теңіз­шевройл» ЖШС-ында шетелдіктермен қатар өзге ұлт өкілдері еңбек етуде. Өзара сыйластық, татулық болған жерде мақсаттың орындалатыны, істің берекелі болатыны белгілі ғой. Осындай ұжымда суын ішіп, ауасын жұтып жүрген қасиетті елдің қасиетті тілін, яғни ана тілін білуге деген құштарлық ерекше. Әрине, оған кәсіпорынның өздері де мұрындық болуда. Жыл сайын Нау­рыз мерекесі кәсіпорынның барлық буындарында қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін білу, үйрену мақсатында өтеді. Биылғы тәуелсіздік жылында «Қазақша білесің бе?», «Досыңды үйрет» деген тақырыпта конкурстың өте әсерлі мазмұнда өткенін қызметкерлер айтады. Демек, шетелдіктерге қазақша оқуға, білуге деген мүмкіндік бар. Міне, тәуелсіздіктің құрдасы Теңіз мұнайы­ның өндірілгеніне жиырма жылдың ішінде еліміз­дің өркендеуіне қосқан үлесін тұжырымдап қана жеткіздік. Мұнайы бар елдің шырайы бар. Демек, ел игілігіне жарайтын мұнайы да, сол мұнайдың шырайын шығаратын елінің ғұмыры ұзақ болғай. Өтеген НӘУКИЕВ Атырау

3608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы