• Ақпарат
  • 29 Қыркүйек, 2011

Бабаларды әділдікпен бағалайық!

Қазақ елінің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша елімізде көптеген іргелі шаралар сәтті ұйымдастырылып, халықтың тарихи санасын тәрбиелеу, қалыптастыру сияқты ізгілікті жұмыстар жүзеге асып келеді. Дегенмен Қазақ елі тарихының ерекшеліктерін, қазақ халқының елін, жерін қорғаудағы және еларалық қатынастарда әділдікті, адалдықты сақтаудағы әлемге үлгі болар қасиеттерін бағалауда, насихаттауда ұлтымызға тән емес кейбір жайттар да кездесіп қалады. Қазақ елінің асыл перзенті, батыр әрі би, әйгілі қолбасшы болған Тілеу батыр Айтұлы Қазақ елінің бос­тан­ды­ғы мен тәуелсіздігін қорғау үшін байырғы атамекені – ата-бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінің амандығы мен тұтастығын сақтау үшін жанын беріп күрескен тұлға. XVII ғасырдағы Қазақ хандығы заманында жоңғарлар Сайрам, Түркістан аймақтарын басып алып, сол арқылы бүкіл Қазақ хандығын бағындыру үшін қанды-қырғын соғыс ашып, ел тағдырына қасіретті қауіп төндіргенде Тілеу батыр Айтұлы қазақ елінің батыс аймағынан 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ батырды, інісі Қалдыбай батырды ертіп, екі мың шақырымдай қашықтықта жатқан оңтүстіктегі Сайрам, Түркістан аймақтарында болып жатқан соғысқа қатысты. «Кеудеңде болса егер шыбын жаның, жоғалтпа жер бетінен Қазақ атын (Қожаберген жырау)» деп ұрандап жоңғарлармен үш жыл бойы, 1681-1684 жылдары қанды-қырғын шайқастарды басқарып, соғысып, жеңіп, Сайрам, Түркістан аймақтарын аман алып қалған. Осылайша Тілеу батыр Қазақ хандығы­ның амандығы мен тұтастығының сақталуына баға жетпес үлес қосқан. Бірақ Сайрам үшін болған шешуші шайқаста Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болған. Екеуінің де сүйегі Түркістандағы киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген, аты-жөндері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Түркістанда Тілеу батыр, Жолдыаяқ батырлардың есімдері берілген көше бар. Тілеу батыр туралы Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында (8 том, 631 бет, Алматы, 2006 жыл) былай деп жазылған: «Тілеу Айтұлы (1630, қазіргі Ақтөбе обл. – 1684, Сайрам қ.) – би әрі батыр, қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзізді (шын аты-жөні Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі, сопы, діндар, Керейт руынан) пір сайлауға қатысқан, сөйлеп, ұсыныс жасаған. Тілеудің Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді балалары болған. 1681-1684 жылдары жоң­ғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып, соғысқан. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші шайқаста Тілеудің өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болды. Екеуінің де сүйегі Түркістандағы киелі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде жерленген. Есімдері мавзолейдегі ескерткіш тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар атындағы көше бар. Батыс аймағындағы рулы ел «Тілеу» есімімен аталады. Елге белгілі «Тілеу-Қабақ» әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Тілеу батырдың тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Дос­тан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр Боранбайұлы, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, саясаткер Марат Тәжин және тағы басқалары». Түркістан қаласында 2000 жылы тамыз айында өткен ғылыми-тағылымдық конференцияда Қазақ Ұлттық Ғылым ака­­демиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов өзінің сөзінде: «...Қал­мақ­тар Жетісудан бастап, көзіне кө­рінгенді қырып-жоя отырып, Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ да­ласының батысынан 17 мың қол бас­тап келген Тілеу бабамыз «сіз-біз» деп бөлінбей, елдің болашағы үшін соғыста шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқының болашағы не болар еді? ...Тілеу батыр осы уақытқа дейін неге дұрыс бағасын алмай келген? ...Қазақ хандығының алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы шайқаста ерлік көрсетіп, қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде, мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені қалмақтардың қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, Парсы еліне сіңіп кетер ме еді? Кім білген. Қазақтың жеке дара хандық құрып, халық болып отыруына, ерліктің, елдіктің туы көкке көтеріліп, жеңіске жетуіне, ұрпақтардың бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу атамыздың қосқан жанкешті ерлігі орасан. Қазақ елін қорғау үшін өмірін құрбан еткен бабалардың ерлігін әділдікпен бағалай білейік» деген еді. Тілеу батыр Айтұлы туралы елге белгілі ғалым, ғылым докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жан-жақты зерттеу негізінде, кең көлемде, тарихи деректерге толы «Есімі ұрпағына ұран болған» деген мақала жазды (11 қыркүйек 2009 жылы). Сондай бүкіл Қазақ еліне белгілі тарихи тұлға Шекті Тілеу батыр Айтұлы және оның баласы ұлы ойшыл, дала данышпаны, әйгілі көріпкел-болжампаз Мөңке би туралы Оразбай Әділбаев деген азамат адамгершілікке жатпайтын әділетсіздікке барып, ешқандай тарихи дерексіз, оларды төмендетіп «Егемен Қазақстан» газетіне (28 қаңтар, 2009 жыл) «Бабалар рухы» деген мақаласын берді. Оған қарсы, ары таза, әділдікті қолдайтын, тарихтан хабары мол, алматылық Мырзан Кенжебай деген азамат «Ана тілі» ұлт газетіне «Тарих – еріккеннің ермегі емес» деп («Ана тілі», 28 мамыр – 3 маусым 2009 жыл) өз ойларын жазған болатын. Сол мақалалар түрткі болып, осы хатқа төменде қол қоюшылардың бірі Кемейдулла Төлеубайұлы «Ана тілі» ұлт газетіне өз пікірлерін білдіріп, «Бірлікке пайдасыз әрекет» деген мақала жазып еді («Ана тілі», 6-19 тамыз, 2009 жыл). Сонан кейін ол кісі арнайы Астанаға барып, «Егемен Қазақстан» газеті басшыларынан да бабалар аруағына араша сұрады. Олар да әділдікті қолдап, еліміздің бас газеті «Егеменде» «Жаңсақтық жіберілмегені жөн» деген шағын мақала жариялады («Егемен Қазақстан», 26.08.2009 ж.). Сөйтіп, халық дұрыстықты, шындықты білді. Одан кейін Мырзан Кенжебайдың «Намысқа найза қайраған. Тілеу батыр Айтұлы өзінің дұрыс бағасын алуы керек» деген мақаласы жарияланды. Тілеу батыр Айтұлына Ақтөбе қаласында ескерткіш орнатылса – ол бүкіл елге үлгілі іс болар еді деген қолдау білдіріп Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов облыстың бұрынғы әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың атына арнайы хат та жазды. Бірақ Шекті Тілеу батыр Айтұлының қазақтың елінің тәуелсіздігін, бостандығын, жерінің тұтастығын қорғаудағы өмірін құрбан еткен жанкешті ерлігі мемлекеттік деңгейдегі әділ бағасын әлі де ала алмай келеді. Біз ешкімнің ерлігін де, еңбегін де кемітпейміз, олардың аруағынан да, еліне еткен ерлігі мен қызметіне де айналайын дейміз. Бірақ тарихи шындық, тарихи әділдік деген бар ғой. Сондықтан тарихи шындықты ескеріп, Қазақ хандығының амандығын сақтау үшін өмірін құрбан еткен бабаларымыздың Ерлігінің әділдікпен бағаланғаны халықтың тарихи санасын тәрбиелеу үшін өте қажет деп ойлаймыз. Солардың бәрін ескеріп, Ақтөбе облыстық, Астана қалалық әкімдіктеріне Шекті Тілеу батыр Айтұлына Ақтөбе, Астана қалаларында ескерткіш орнатып, орталықтағы көрнекті көшелердің біріне Тілеу батырдың есімін беруді сұрап, ұсыныс-өтініш хаттар жаздық. Осы өтінішіміз аяқсыз қалмас деген сенімдеміз. Ізгі ниетпен қолдау көрсетуді сұраушылар: Кемейдулла Төлеубайұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің кеңесшісі; Төлебай Құрманалин, республикаға ерекше еңбегі сіңген ардагер, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер; Сматулла Беркімбаев, республикаға ерекше еңбегі сіңген ардагер; Идош Асқар, республикаға ерекше еңбегі сіңген ардагер, облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бас редакторы; Жолдыбай Түменов, республикаға ерекше еңбегі сіңген ардагер, байланыс саласының Кеңес Одағы бойынша құрметті азаматы; Қанатбай Елеусізов, Ақтөбе облыстық мұрағаттар басқармасының бастығы; Еркінбек Елғонды, Ақтөбе теміржол дистанциясының директоры

3581 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6026

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5617

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3355

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2738

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2702

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2677

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2410

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2395

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы