• Тарих
  • 12 Сәуір, 2012

Өзіңді өзің таны

«Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ғұламалардың ғұламасы Әбу Насыр әл Фараби бабамыз дәл осылай деген екен. Ғасырлар бұрын айтылған баба сөзінің байыбына әлі барып болмаған тәріздіміз. Қаншалықты қатал айтылғанымен, бұлтартпайтын шындық екенін мойындамасқа амал жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біздің Тәуелсіз Қазақстанымызда алғашқы қадамдар жасалғанына ұстаз, бала тәрбиешісі ретінде өз басым ризашылық білдіремін десем де болады. Былтырдан бастап еліміздің барлық мектептері мен жоғары оқу орындарында, балабақшаларында аналардың құрметіне бөленген Сара Алпысқызы Назарбаеваның күш-жігерімен, қайраткерлігімен жүзеге асырыла бастаған «Өзін-өзі тану» пәні ерекше маңызды десем, жаңсақ айтқандық болмас. Иә, жүзеге асырыла бастаған... Мен, осы жаңа пән бойынша сабақ беретін мектеп мұғалімдерінің бірі ретінде бұл жаңалықты жүзе­ге асыруда әлі де ізденістер қажет екенін білемін. Дегенмен, «көш жүре түзелмек», ең бастысы, «Өзін-өзі тану» сабағының жоғарыда айтып кеткендей, пайдасы мол екендігіне назар аударғым келеді. Менің байқағаным, «Өзін-өзі тану» пәні оқушыларға өте ұнайтын сабақ. Неге? «Оның қандай себептері бар?» дегенге келер болсақ, бұл пәннің басқа пәндерден өзгешілігінде екен. Ең алдымен, басқа сабақтарға қарағанда оның құрылымының да, өткізілу әдістерінің де демократияшылдығында. Балаларға баға қойылмайды, қандай да бір қатаң талап та жоқ. Осының өзі балаларды еркіндікке шақырады. Балалардың өзін барынша еркін ұстауына, толық тануына мүмкіндік жасалынады. Көбіне мұғалім емес, оқушылар өз ойларын жеткізеді. Балалардың ішкі жан сарайын тануға, жан дүниесіне үңілуге, бір-бірінің қандай екендігін білуіне мүмкіндік ашылады. Мұғалім үлкен демей, кіші демей әр баланы жеке тұлға ретінде өзімен тең тұрғыда санап, олардың «Өзін-өзі тануына» ахуал қалыптастырады. Айналасына, өмірге деген көзқарастарын дұрыс-ау, бұрыс-ау демей, жасқанбай, емін-еркін шынайы білдіруіне жағдай жасайды. Ешкімге көңіліне алатындай ескертпе жасамау, дұрыс емес пікірлер мен ұшқары ойлардың өзін байсалдылықпен, төзімділікпен тыңдап, оған ерекше мән беру. Оқушылар бойындағы басқаға ұқсамайтын ең жақсы қасиеттерін тап басып тану және сол артықшылығын бағалау арқылы оны одан сайын қанаттандырып, өзін-өзі тәрбиелейтіндей мүмкіндік ашу. Желкілдеп өскен құрақтай болып ер жетіп келе жатқан ұл-қыздардың ата-анасына деген құрмет сезімін ояту. Ата-анаңды басқадан артық бол­ғандықтан емес, ол сенің өз ата-анаң болғандық­тан сүюің керектігін түсіндіре білу. Бала ұғымына ауырлау тиетін, уақытпен бірге есейе келе қалып­таса­­тын ұлы ұғымдарды – Отанға, әлемге, адамзатқа қатыс­­ты пікірлерді тықпаламай, жас ерекшеліктеріне сай өз түсініктеріне орайластырылған, оларға түсінікті де, таныс мұраттарды мақсат ету. Осы тәрізді ұстанымдар «Өзін-өзі тану» сабағын өткізу барысында басты қағидалар есебінде ұсталынады. Сонда ғана сабақ өз мақсатына – балалардың адамдық ақыл-парасатының қалыптасуына, тәрбиелілік танымының жоғары болуына жетелей түспек. Ал, осы мектеп бағдарламасына енгізілген «Өзін-өзі тану» пәні оқушылардың адамдық қасиетіне қатысты проблемаларды толық түрде шешеді десек артық болар. Бұл пән жылт еткен бұлақ көзін аша алса игі. Өйткені, адам тәрбиесі, оның ішінде бала тәрбиесі аса нәзік те, күрделі құбылыс. Өмірге жаңа қадам басқан жас ұрпақ – өзі өмір сүр­ген ортасының тікелей жемісі. «Не ексең – соны ора­сың». Өкінішке қарай бала тәрбиесіндегі басты тұлға – мұғалім ғана емес, одан бұрын оның ата-анасы. Бұл ойға келіспейтіндер болмас. Сөйте тұра, оқушы нашар оқыса, бұзақылық жасаса, мектепте жүріп қылмысты істерге барса, тағы да басқа кемшіліктер орын алса кім кінәлі? Баламен жеткілікті дәрежеде жұмыс жүргізбеген – сынып жетекшісі, сабақ берген мұғалімдері, мектеп басшылығы, қала берді, бүкіл мектеп атаулы жауапты болып шыға келеді. Жақсы, бұл ұстаздар қауымының ешқайсысы жауапкершіліктен қашпай-ақ қойсын. Ал, баланы дүниеге әкеліп, әлпештеп өсірген ата-ана жауапкершілігі одан да жоғары емес пе? Қарап отырсақ, сыныптағы балалардың қабілеті ғана емес, олардың мінез-құлқы да, іс-әрекеттері де, таным деңгейі де, өздерін ұстау дәрежесі де әрқилы. Оларға қарап ата-анасының білім-парасатын, танымын, мәдениетін, тіпті, тұрмыс деңгейін де белгілі шамада аңғаруға болады. Осыған қарап отырып, әр баламен тәрбие жүргізу жолы да әр түрлі өріс алатын тәрізді. Демек, мұғалімдер бала тәрбиесінде балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де белсенді түрде жұмыс жүргізуі қажет. Ал, ата-аналарымен жұмыс жүргізу бала тәрбиесінен де күрделі болып жататын кездері бар. Осы жағдайларды дұрыс шешуге де «Өзін-өзі тану» пәнінің ерекше ықпалы бар екендігі даусыз. Ол – ата-ана мен бала ортасындағы көпір десе болғандай. Білімдар болғанға не жетсін! «Білімді мыңды жығады» деп жатамыз. Бірақ, адам баласы ұлы мақсаттарға жету үшін тек қана білімдар болуы аздық етеді, одан да бұрын адамдық қасиет, адамгершілік, тәрбиелілік қажет. Сонда ғана, ондай жан өз ортасына, Отанына, халқына, ата-анасына лайықты, пайдалы қызмет ете алмақ. Бұл қағида ұстаздық жолды таңдаған менің де, ұрпағының болашағын ойлаған ата-аналарымыздың ең басты мақсаты, бағыт етіп ұстар темірқазығы десе де болғандай. Гүлнар Сәденова, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Көкшетау

6379 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы