Сыр мен жыр

Ерте заманнан бері елдік тұғырды барлық құндылықтардан жоғары қойған бір халық болса, ол біздің – қазақ халқы. Қастерлі ұғымдардың арасында «Елдік» деген түсінік ежелден алдыңғы санатта тұрғаны мәлім. Осы екі-ақ әріптен тұратын «ЕЛ» деген сөздің басқа халықтардың тіліндегі дәл баламасын табу да қиын. Осы орайда қазақ халқының санасында қалыптасқан елдік сана жайлы аз-кем зерттеу жүргізіп, оның мәнін ашып көргенді жөн санап отырмыз. Елдік сана ұғымы ең әуелі халық даналығында, өлең-жырларда, мақал-мәтелдерде кең көрініс тапқан.  Олар біздің халыққа ғана тән басқалардың көне мұраларымен салыстыруға келмейтін бірегей құбылыс. Мәселен, «Менде болмаса да, елде болсын», «Елде болса емерсің», «Ел дегенде еркек тоқты құрбандық» деген нақылдарды өзге халықтардың тіліне толыққанды мағынасында тәржімелеу мүмкін емес. Себебі бүгінгі «дамыған елдер», «мәдениет пен өркениеттің көшбасшысы» санатындағы Еуропа протестанттық-индивидуалистік дәстүрлер аясында қалыптасып, өзімшіл эгоизмді, тоқтаусыз нәпсіқұмарлықты дамудың негізі деп ұстанған. Ал біздің халықтық түсінігімізде, керісінше, өз қара басының қамынан аса алмайтын өзімшіл қу-құлқын деңгейіндегі сана тексіз құлға ғана тән деп есептелген.
Елдік сананы ерлердің бойында қалыптастырушы, әрі елі үшін күні-түні қызмет қылған ерлерді дәріптеп, ке­лер ұрпаққа идеал тұлға ретінде жет­кізіп отыру сол кездегі жыраулардың үлесіне тиген айрықша қызмет болса керек. Қазақ халқының мәдени тарихында жыраулық дәстүрдің алатын орны ерекше. Қазақ топырағында ғұмыр кешкен жыраулардың барлы­ғы бірдей өз жыр-толғауларында елдік, ынтымақ, бірлік мәселесін ту еткен. Біз бұл мақалада осындай шын мағынадағы «өркениеттілік», азаматтық сана ең әуелі терең рухани танымға негізделгенін, сондай-ақ осы тұжырымның Сыр сүлейлері шығармашылығындағы айқын көрінісін тілге тиек етпекпіз. Сыр өңірінде терең рухани танымға негізделген жыршылық, ақындық мектеп ХІХ- ХХ ғасырларда гүлдену дәуірін бастан кешірді. Олардың алдыңғы қатарында Ешнияз жырау, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Шегебай жырау, Жиенбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған жырау, Бұдабай ақын, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Даңмұрын жырау, Сейітжан ақын, Тұрмағамбет секілді шайыр­лар тұрды. Сыр өңірінің бір ғана Қармақшы топырағынан жүзден аса жырау шыққан. «Сырға барсаң жыршымын деме…» деген халық мақалы осы­ған меңзейді. Сыр өңірінде өткен Базар жырау Оңдасұлы өз толғауында былай дейді:
Хан мақтанар жұрты бар,
Пір мақтанар мүриді бар.
Ер еңкейсе, ел сүйер,
Ер тілеуін ел тілер,
Атамыз қазақ ғұрпы бар.
Елдік сана деген ұлы қасиетті ер-азаматтың бойына тал бесікте жатқанда бесік жырымен сіңіріп, таралып өсіп келе жатқан балғын шағында батырлар жырымен сусындату арқылы қалыптастырған. Елі үшін отқа да, суға да түсуден тайынбайтын ерлерді елін қорғау сияқты асыл мұраттар жолында алдамшы мақсат пен арзан байлықтың еліктіріп әкете алмасы анық.
Жалпы бір-бірін демеп, бір-біріне жәрдем беріп, көмектесудің діннің ең асыл мұраттарының бірі екендігі, елдің бір-біріне деген пейілі түзелсе, заманның да жақсы ыңғайын беретіндігі халық мұрасын жүрекке дарытқан ақын-жыраулардың ешқайсысына таңсық болмаса керек. Бұл жөнінде жыраулар поэзиясында:
Асыл ер өзін биік санамайды,
Ел үшін еңбек күшін аямайды.
Бір өзі білсе-дағы «білдім» демес,
Сынатып көпке салып шамалайды.
(Нұртуған жырау)

Қиялым, халқым үшін қызмет еткіл,
Дәмесіз дәруіштердің құлқындай-ақ.
Жан барда лебіз ашып сөйле, тілім,
Тәнім сен кең сарайдың құлпындай ақ.
(Шораяқтың Омары)
– деп қиындық көріп, бейнет шеккен адамға қол ұшын берудің Құдай сүйіп қалаған іс екендігін дәлелдей түседі. Мұнда құр дүниенің қамын көздеп, құрғақ құлшылық қылғандар сын тезіне салынып, халықтың пайдасы үшін құрақ ұшып қызмет еткендер аса дәріптеледі. Ал мұның өзі діннің көзге көрінбейтін шартсыз ғибадаты болып танылмақ. Сыр сүлейлерінің жастайынан ілім іздеп, медреселерде білім алғанын, дін жайына аса жүйрік ғұлама болғанын ескерсек, олардың бұл айтқан сөздері ел үшін туар талай ерлерді тура жолға сілтейтініне көз жеткіземіз.
Тоталды тоғышар сана меңдеп, эгоистік тар бейіл сананы жаулап алып тұрған осы кезеңде аталар аманат еткен Елдік тұғырды аман сақтау мойнымызға жүктелген үлкен міндет пен парыз. Біздің халқымыз қара бастың қамынан аса алмайтын тоғышар, мешеу наданды тәрбиелеп шығаруды мақсат етіп қойған емес. Дала қара домалағының ұстанымы біреу ғана болған: «Ауылыңда болса аузыңа тиеді, еліңде болса ерніңе тиеді». Бабаларымыздан қалған ертегі, дастан, жыр-қиссалардағы батырлар мен жомарттар баланың «Ержеткенде менде осылардай болам» дейтін арманына айналды.
Қазақ даласынан шыққан атақты ғұлама Жүсіп Баласағұн ер басына Құдайдың сыйлар ең үлкен құт-бағы – ел игілігі үшін қызмет ету деп насихат қылады. Құдайдың берген осы бағының қадірін «құт иесі» білсін дейді. Осы құттан айырылып қалмаудың шарты – жүрек көзін, рухани таным көзін ашу, қу құлқынды тыя білу, нәпсі үстемдігінен құтылу екендігін айтады. Өз нәпсісінің құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейді ежелгі даналық.
Бұл сөздер қазіргі кездегі адамзат қоғамының өзімшіл индивидуализмді, қанағатсыз қарын-сананы «дамудың бірден-бір факторы» санайтын ұста­нымдарын қайта қарауға жол сілтейді. Себебі адамның адамға жау болып, бір-бірін аңдып, аңша қырып жүргені де осы «нәпсінің таласы», өзімшіл «эго», мақтан. Бұл кеселдер үстем тұрғанда адамзат ешқашан да «тату тұрып, жайлы өмір сүре алмайды». Осы нәпсі үстем болса, қасиетті рух иесі ретінде өмір сүре алмайсың, ой-ақылың матаулы, рухани өлік халде ғұмыр кешесің. Ғұмыр кешпейсің, болымсыз, толымсыз әрнеге алданып күн өткізесің.
Азғырған нәпсі шайтан тіліне еріп,
Адасқан түзу жолдан кей азамат.
Ер болсаң елің үшін қызмет қыл,
Қасқырдай қара жүрек болма бірақ.
(Қарасақал Ерімбет).
Біз осы жердегі «жүрек» сөзіне тоқ­талатын болсақ, Ахмет Ясауиден бастап, күні кеше дүние­ден өткен ақын-жырауларымыздың барлығы да «жүрек» деген ұғымды шығар­маларына арқау еткен. Жүректі ләззатты тыныштыққа бөлер, ол жүректе адам баласына деген, ең әуелі елге-жерге деген ыстық махаббатты оятар «жүректің нұры» – бір Алладан даритын ерекше дарын. Шайырлар поэзиясында кездесетін «иманигүл» осы.
Өзімшіл адамдыққа нәпсі масыл,
Зұлымдық сол үйретер айла-тәсіл.
Жаралған бойыңдағы бар мүшеңнен,
Таза ұстай білсең егер жүрек асыл.
Жүректі өте қиын таза сақтау,
Оған жат зорлық, қулық, арбап-алдау.
Арамдық, жалғандықты ол сүймейді,
Мақсаты таза жүрек арды жақтау.
Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,
Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық,
Таза ой, таза ақыл, таза ниет,
Сақтайтын осыларды жүрек сандық.
(Нұртуған жырау).
Тәңірінің пендеге сыйлар ең үлкен бағы – махаббат деген сыйды жүрекке орналастыратын, «Мейірім, ынсап, әділеттен Ағызам деп нұр бұлақ» деп Шәкәрім жырлаған адам бойындағы барша асыл қасиеттердің көзін ашатын – осы иман нұры. Күллі құлшылық атаулы осы арнадан бастау алғанда ғана қабыл болмақ.
Сонымен қатар Сыр сүлейлері Шығыс әдебиетін де терең меңгерген. Сыр сүлейлерінің мінажат, көңіл қос, мадақ, жоқтау, арнау жырларынан, толғау, терме, рубаят, назым, ға­залдарынан сопылық сарынды көруге болады. Олар хикая, діни-қиссалар, дастандар, батырлар жыры арқылы халықты рухани тәрбиеге баулыған.
Осылайша сопылық дүниетаным қалып­тастырған мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жетуіне Қ.А.Ясауи хикметтерінен кейін қазақ ақын-жырауларының шығармалары ерекше рөл атқарды. Аталған жыраулардың барлығы да осы өңірдегі әулиелердің медресе-мешіттерінен білім алған. Оларға дәріс беруші ұстаздары Бұхар, Хиуа, Үргеніштегі Орта Азияға танымал «Көгліташ», «Мирарап» медреселерінде оқып, сопылық ілімді ұстанушы атақты ғұламалардың шәкірті болған.
Тамыры аса терең рухани танымға негізделетін Сыр шайырларының мол мұрасы түбегейлі зерделеуді қажет етеді. Ақын-жыраулар шығар­машылығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі таусылмайтын, сарқылмай­тын тақырып. Олардың бізге берер тәлімінің елдік ұстанымымызды нық қалыптастырып, мәңгілікке ұлы дала төсінде ел болып тұруда мәні терең. Сондықтан аттары ескерілмей келе жатқан, бірақ барлық ғұмырын қазақ халқының көшін түзеу үшін сарп еткен ғұламалардың, ақын-жыраулардың, жыршылардың мұраларын зерттеп-зерделеп, ортақ тірегімізге айналдыруға тиіспіз.

Талғат Жолдасұлы,
М. Мәметова атындағы
Қызылорда гуманитарлық
колледжінің оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.