Асыл ұяның алтын діңгегі

Өткен ғасырдың елімізді жауратқан өкпегі аз болғандай, 1986 жылдың желтоқсан желінің үскірігіне ызғар қоса ел басқарар ері жоқтай еңсемізді басқан үстем ұлттан ақырып теңдік сұраған жастарымыздың жалынын өшірмек болып су боратып, мұз қатырып, екпінімен ықтыра келген Колбинге қарсы аланын корғаған барыстай айбат шегіп, терезесі тең ұлт екенімізді сезіндірген, ел тұтқасы қаламгер деген атты абыроймен алып өткен Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апамен таныстығымыздың өзі қызық басталған еді.
Әркім өзіне лайық ортада жүреді емес пе, 1930, 1937, 1954 жылдардағы ұлт ұстындарын баудай қырқып рухсыздандырған кезеңде алғашқы болып «Мен қазақпын» деп жар салып, ұлт рухының алауын тұтатқан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жапа шеккен балаларымызды қорғап, Сафкеңмен бір сапта Колбинге қарсы да алғашқы болып сөйлеген Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойынан кештете шыққан жұрттың арасынан сыртынан танитын Бағдат апаны көріп сәлемдесуге бұрылдым. Сәлемдесіп болған соң, «Қай қызсың?» деп жөн сұрады. Танымайтын шығарсыз, Зәмза Қоңырова деген көп журналистің бірімін дедім күліп. «Танимын. Өзіңді бірінші рет көріп тұрсам да, мақалаларыңды оқып жүремін. Жақсы жазасың» деді. Журналистпін деген соң, көңіл үшін айтып тұр ғой деген ой келсе де, сенгендей түр көрсетіп рахмет, рахмет деп жатырмын. Бағдат апа, жұлып алғандай: «Әй, қызым, сен өйтіп сенгенсіген түр көрсетпей-ақ қой. 45 жыл мұғалім болған адаммын. Кімнің қалай сөйлеп тұрғанын біліп қоямын. Басты газет-журналдарды құр жібермей, күніне 4 сағат газет оқимын. Мынадай мақалаң «Егемен Қазақстанда», мынадай мақалаң «Ана тілінде», топтама өлеңдерің «Қазақ әдебиетінде» деп бағасын да беріп, біраз теріп келді де, сені қадағалап оқитынымның бір себебі – Сафкең қалам ұстаған қыздардың ішінде үш қызды бөліп айтатын. «Кәмила Құдабаеваның өзі қандай сұлу болса, әңгімелері де сондай жып-жылы, әдемі. Гүлнәр Салықбаеваның өлең өрнегі ешкімге ұқсамайды. Зәмза Қоңырова деген талғампаз, талантты қыз бар, көп біледі, ешкімді мойындамайды, тіпті өзін де менсінбейді» дейтін. Сондықтан осы үшеуіңнің жылт еткен жазбаларыңды жібермей оқимын» дегенде, мен де кәдімгідей желпініп: «Апа, мына сөзіңізден қанама сыймай қанаттанып кеттім. Қалай қарай ұшсам екен» дедім. «Маған қарай ұш. Өздеріңмен таныссам деп жүретінмін. Енді Кәмила мен Гүлнәрді маған тауып бер. Өзің де жоғалып кетпе, араласып тұр» деді. Осы бір қанаттанған көңіл күйде жүргенімде, ақын Зайда Елғондинованың мерейтойындағы дастарқан үстінде, дарыны да, мінезі де ерекше ақын Өтежан Нұрғалиевке осы жайтты мақтанып айтқанымда, Өтежан аға: «Бұл шынымен де орденге бергісіз баға екен. Бағдатты жақсы білемін. Балаларымның ұстазы болған – жазушыларың мен ғалымдарыңның өзі аяғын тарта сөйлесетін білікті мұғалім, әр сөзін алтынға балаған парасатты, текті адам» деді. Жан адамды мойындамайтын, асыра мақтауға әсте жоқ Өтежан ағаның Бағдат апаны бұлай бағалауы да мен үшін тосын жай болды. Бағдат апаның бағасының құны еселене түскендей. Онсыз да әр сөзіме аса жауаптылықпен қарауға тырысатынмын, енді жүгім бұрынғыдан да ауырлағанын сезіндім… Міне, содан бері араласа жүріп даналық дарыған асыл анадан суыртпақтап тартқан сырларды жастарға өнеге болар деп оқырман қауыммен де бөліскенді жөн көрдім.

– Бағдат апа, әңгімені кіндік қаны тамған, өзіңіз туып-өскен киеңіз – туған жер, туған елден алған тәлім, көрген өнегеңізден бастайықшы.
– Мен өзім Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Балықтыкөл деген жерде дүниеге келдім. Әсем Нұра өзенінің табиғаты тамаша болатын. Шешем ертерек қайтыс болып, қиыншылық заманда әкенің тәлім-тәрбиесін көріп өстім. Әкем: «Балам, ауылда қалсаң, сауыншы әрі кеткенде дүкенші боласың, Алматыға барып оқып жоғары білім алуға тырыс» деп тәрбиелей бас­тады. Содан мен де мектепте жақсы оқуға, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға талпындым. 1941 жылы соғыс басталып кетті де сегізінші сыныпты бітірер-бітірместен әкем мені Қарағандыға оқуға жіберді. Молотов атындағы Қарағанды институтының екі жылдық даярлық курсына түсіп, екі курсты бір жылда жақсы бітіріп, орта мектепке сабақ беретін мұғалім болып шықтық. Бізді оқытқан Харьков, Ленинград, Мәскеуден эвакуацияға келген ғалымдар болды. Олар бізге терең білім берді. Аяқталмаған жоғары бі­лімді деген дипломмен мені Ақмолаға мұғалім етіп жіберді. Ол кезде ер балалар, қыз балалар гимназиясы болып бөлінетін. Мен Сталин атындағы ер балалар гимназиясына сабақ беретін болдым. Бір қызығы, кей балалар өзіммен қатар болатын, бірақ ол кезде мұғалімнің беделі зор, шәкірттер ұстазды қатты сыйлайтын. Ұстаздарымнан алған тәлім, қатар сабақ беріп жүрген тәжірибелі ұстаздардан көргенімнен түйгенім бар мен де шәкірттеріме жақсы білім беруге тырыстым. Кейін мені Ақмола облыстық оқу бөліміне инспекторлыққа ауыстырды. Оқу жылы біткен соң, зеректігіме риза болып облыстық оқу бөлімінің бастығы мені Алматыға КазГУ-ге оқуға жіберді. Аяқталмаған жоғары білімді деген құжатым болғандықтан КазГУ-дің филология факультетінің үшінші курсына қабылдады. М.Әуезов сияқты дара тұлға, С.Бәйішев, Б.Кенжебаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев секілді ғұлама ғалымдардан сабақ алдық. Курстастарым да кейін қазақ әдебиеті мен ғылымының ірі тұлғалары болған – Зейнолла Қабдолов, Аманжол Шамкенов, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, университеттің әдебиет үйірмесін қоса басқаратын Сафуан Шаймерденов секілді сайдың тасындай талантты, талапты азаматтар еді. Курстас достығымыз махаббатқа ұласып, университетті бітірген соң Сафуан екеуміз шаңырақ көтердік.
– Жазушының ең бірінші оқырманы да, сыншысы да, қамқоры да жары ғой, Сафкең жазғанда күй талғаушы ма еді? Жылдың, тәуліктің қай мезгілінде жазғанды ұнататын? Әбден зерттеп, ұзақ уақыт көңілінде пісіріп барып бір деммен, ойдың желісін үзбей тез жазатын ба еді, әлде жоспар құрып алып, белгілі бір дағдыға түсіріп жазушы ма еді? Қай жанр оңтайына келетін? Қай шығармасын қиналып жазды?
– Әрине, алдымен маған оқытатын. Біз курс­тас әріптеспіз ғой (күліп алды), пікірімді тыңдайтын. Қағаздарына ешкімнің қолы тигенін қаламайтын. Жазу столына жақындамайтынбыз. Жас кезінде, жұмыс істеп жүрген кезде түнде жазатын. Кейінірек уақыт болған кезде күндіз де жазатын болды. Аса көп күй талғап, маған ғана қарап жағдайымды жаса, мүлгіген тыныштық болсын деген шарт қоймайтын. Жазуға беріліп кеткен кезде анау-мынау у-шуды елемейтін. Оған мүмкіндік те бола бермейтін. Елден келіп жататын туыстар, өзіміздікі, туыстардікі, 7-8 бала бар, қайта туыстар келсе қуанып қалатын. Дегенмен, балаларға әкесі жазуға отырғанда тыныштық сақтау – басты қағида болуын үйрететінмін. Тұрмыстық мәселелерде қандай жағдайда болса да: «Бәкең біледі» деп маған сілтей салатын. Мен де мәселенің түйінін өзім шешуге дағдыландым. Тақырыбын көп зерттеп, ойында қорытып жүретін де әбден піскенде көбіне қыста, көктемде бір демде жазып тастайтын. Алғашқы өзіміздің студенттік өмірден алынған «Болашаққа жол» романын үш жылдай жазып, 1950 жылы бітірді, 1953 жылы кітап болып шықты. Жұртшылық жақсы қабылдады. Кейін атын «Инеш» деп өзгертіп, бірнеше рет қайта басылып, көптеген тілге аударылды. 1963 жылы шыққан «Мезгіл» повесі де оқырман тарапынан да, сыншылар тарапынан да жақсы бағаланды. Сафкеңнің негізгі жанры – повесть. Ең көп зерттеп, 15 жыл толғанғаны – жұмысшы тақырыбына тапсырыспен жазылған «Жыл құсы» шығармасы. Тақырыбын іздеп жүріп өмірде бар, Жезқазған өңіріне белгілі, Балуан шолақпен күрескен балуан Битабар деген кісіні көріп, қасиетіне тәнті болып бас кейіпкер етіп алып, оны жұмысшы ету үшін шахтаға әкеледі. Ақыры кейіпкері Толстойдың Анна Каренинасы секілді авторға бағынбай елге кетіп қалады. Дегенмен, шығарма жоғары бағаланып, Кәсіподақтар орталық кеңесінің жұмысшы тақырыбына арналған жүлдесін алды. Кейінгі «Ит ашуы», «Әдеби толқындар», «Ағалардың алақаны» кітаптары да оқырманның ықыласына бөленген шығармалар болды. Драматургия саласына да біраз қалам тербеді. Әсіресе, 1974 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған «Дөкей келе жатыр» деген комедиясы 10 жыл бойы аншлагпен жүрді. Осы еңбектері бағаланып «Құрмет» орденін, Халық жазушысы атағын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты, ең жоғарғы «Отан» орденін алды.
– Өр мінезді Сафуан ағаға: «Бәкең біледі» дегізіп, өмірге сіз әкелгенмен ұлттың ұлы бола білген спортшы Саянға басқа зат емес кітап сыйлатып: «Оқығанда жырын қария Хайямның, Ұмытпағын, мама, өзің мәңгілік Жү­регінде екеніңді ұлың Саянның» дегізіп ақын етіп жіберген, өмірі ешкімді мойындамайтын ақын Өтежан Нұрғалиевке: «Ол өте білімдар, текті адам» дегізіп мойындатқан тектіліктің бастауы қайдан екенін де айта отырсаңыз.
– Өтежан Нұрғалиевтың қызы мектепте менің сыныбымда оқыды. Ата-аналар да әртүрлі болады. Өтежан Нұрғалиев әйелі Күләш екеуі де балаларының оқуына аса мән беріп, оқуын тексеріп, менімен жиі пікірлесіп жүретін. Сол кезде мен оның көп оқитынын, көп біле­тінін, ешкімді мойындай қоймайтын тәкаппарлығын байқайтынмын. Ақын болғандықтан балаларының ана тілін жетік меңгеруіне, тәрбиесіне ерекше көңіл бө­леді-ау деп риза болатынмын. Ал қазір сыртым­нан: «Білімдар, парасатты, текті адам деп бағалайтынын» сенен естігенде мақтаныш сезіммен қатты қуанып қал­­дым. Өйткені ол ешкімге мойын бұрмайтын, ешкімді мақ­тай қоймайтын асқақ ақын еді. Өтежанның пікірі мен үшін өте қымбат. Ал менің Алматыға келіп білім алуға ұмтылуыма көзі ашық оқыған, Міржақып Дулатовтың қолына су құйған, Сәкен Сейфуллинмен табақтас болған, ауылда не нәрсенің де шешімін Көлұзақ айтсын дейтін әкемнің ықпалы мол болды. Арғы аталарым да Балықты деген жерде мектеп ашқан ағартушы, Кенесарыны үйіне түсіріп бас тартқан белгілі адамдар болған. Сафкең соңғы кездерде «Сенің әкең туралы жазып қалдыруым керек еді. Ол кісі Абай Құнанбаев құралпы азамат еді» деп отыратын. Кезінде Сафкеңе мен әкемнің атында қалайын дедім. Сафкең келісті, сол азаматтығы үшін де ризамын.. Сондықтан менің тегім Көлұзақова.
– Өнер адамы әсершілдеу келеді, оның үстіне Сафуан ағамыз сымбатты, көрікті, мінезді еді. Осындай ерекшелеу азаматпен 60 жыл бірге ғұмыр кешудің қызығымен қатар, қиындығы да болатыны белгілі. Кезінде күйдіргенмен, қазір уақыт биігінен қарағанда күлдіретін де оқиғалар аз болмаған шығар?..
– Сафкең көбінесе өзінің жолдастары – Тахауи Ахтанов, Мүсілім Базарбаев, Мұхаметқали Хасенов, Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге жүрді. Бірігіп келеді де аң аулауға шығамыз дейді. Келесі бірде бильярд ойнауға кетеді. Кейде преферанс ойнаймыз дейді. Мен оған қарсы шықпаймын. Ер азамат деген ештеңеден жасқанбай кең жүруі керек қой. Өзім жаспын, балалар, үй шаруасы, сабағым бар дегендей шаршап жүремін. Бір күні түнде оянып аяқкиімін қарасам, жоқ. Уақыт түнгі төртке таяп қалыпты. Таңға жақын келіп тұр. «Ау, қайда болдыңдар?» десем, «Тахауи бәріміз бірге болдық. Карта ойнадық» дейді. Содан кейін тексерейін деп Тахауиға қоңырау шалып: «Сендер, таңертеңгі сағат төрт-бесте келдіңдер ме? Сафкең жаңа келді, сенімен бірге болдым дейді» дедім. Өтірік айта алмайтын Тахаң не дерін білмей, қысылып қалды: «Сол, сол Сафуанның айтқаны дұрыс қой» деді сасқалақтап, Сафкеңмен бірге болмағаны көрініп тұр. Мен Сафкеңе қарап: «Сендердің 4-5-теріңнің бәрі өтірік қой, осындай өтірік айтқанша, сол өтірік айтпайтын жеріңе барып орналаспайсың ба?» дегенімде, «Тексергің келген екен, 4-5-те келдіңдер ме деуіңе жол болсын. Тахауидың айтар жауабын аузына өзің салып беріп тұрсың, сұраған соң, оның жауабын күтпейсің бе, оның өзі айтуы керек қой» деп күледі. Мен де өзімнің аңқаулығыма күліп жібердім де әрі қарай қазбаламадым. Ашуды әзілге бұрып жіберетін сондай қуақылығы да бар еді.
– «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей қандай келін болдыңыз, кейін қандай ене болдыңыз?
– Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында Амангелді деген жерде туған. Көл жағалай өскен тал-қайыңы жайқалған, маңайы өте әдемі көз тойғысыз көрікті жер. Әкесі жылқы баққан, өте еңбеккер, аңқылдаған ақкөңіл, ауылында беделді адам еді. Сол кісінің үш ұлының үлкені Сафкеңнен кейінгі Есмағидың сегіз баласы бар. Еркебұлан деген кіші інісі. Сафкең туысқа дегенде барын бөліп беретін бауырмал. Есмағидың сегіз баласының үшеуі менің қолымда оқыды. Бертінге дейін Сайын Шаймерден болып жүрген, жұрттың бәрі Сафкеңнің өз баласы деп ойлайтын, қазір белгілі журналист Сайын Есмағиды жалғыз ұлымыз Саянымыздан бір де кейін көрген емеспіз. Екеуі егіз қозыдай жұбы жазылмай бірге өсті. Оқу бітірген соң да «Қазақстан» телеарнасында жұмысқа қалып, қолымызда тұрды. Өзіміз жаспыз, төрт баламыз бар. Қиындау да болды, бірақ соған шыдап, оқуға түсіріп, бәрін тәрбиелеп, жол көрсетіп жібердік. Сафкең туысқа да, маған да қайырымды болды, соған орай мен де қайырымдылықпен жауап бердім. Сенің түнеп жатқан туыстарың мен жолдас-жораларыңның керегі жоқ демедім. Барымды алдарына тостым. Ата-аналары бізге жіберген балаларына алаңдамайтын. Олар маған риза. Тумаған енем бар. Өзі «Өгей шеше» деген кітабында жазды ғой. Жақсы қарым-қатынаста болдық. Енелерім қолыма келіп екі-үш ай жатып, демалып, батасын беріп кететін. Сондай келін болдым.
Қазақ айтады ғой «Келінге келін болып жағасың» деп, ол анау айтқан келінге қызмет істеу емес, сый­лас­тық, тәрбие көрсету. Ал енді өзімнің жалғыз балам Саянымның келіншегі келген күннен бастап отба­сымызға тез сіңіп, айтқанымды істеп, мама-папа деп алдымыздан кесе өткен емес. Дінімізге кіріп, барлық салт-санамызды өз ықыласымен үйреніп алды. Оны айналамыздағы жұрттың бәрі біледі. Балам сүйіп алған соң, орыс қызы болса да біз де қарсылық көрсетпей, туған қызымыздай қабылдадық. Бір-бірімізге шын жүректен ризамыз.
– Шет жағасын өзім де көріп, қазақы дастарқанынан дәм татып отырған, Наталья келін енесі туралы не дейді екен…
– Саянға шынайы махаббатпен сүйіп қосылған­дықтан Саянымның ата-анасын ата-ене деп емес, көрмей тұрып-ақ туған ата-анам деп шын жүректен сүйіспеншілікпен қабылдадым. Келін боп түскен кезде, мынадай үлкен үй, үлкен ортадағы кісілер қарапайым орыс қызын қабылдай қояр ма екен деген ой да болғаны рас. Бірақ ата-анамыз менің адал ниетіме риясыз табысып туған қызындай қарсы алды. Байыппен баулыды. Қонақты қалай қабылдау керек, шайды қалай демдеп, құю, қазақы етті қалай дәмді пісіру, қонақтың ретіне қарай етті қалай мүшелеп салу, табақ тарту, бауырсақ пісіру бәрін үйретті. Алғашқы жылдары бірге тұрдық. Баланы қалай тәрбиелеуді де анамыздан үйрендім. Бөлек шыққаннан кейін де, тіпті Саян қайтқаннан кейін де арамыз үзілген емес. Әлі де бір бүтін секілдіміз. Мамамыз жиі-жиі: «Мен бүгін сендерге қонақ әкелемін» дейді. Біз тек дайынбыз дейміз де, тамақты сала салып, үйді мұнтаздай етіп тазалауға кірісеміз. Себебі таза­лық­қа қатты қарайды. Қайын апа, сіңлілерімізбен де ара­мызды жалғап жүреді. Мамамыз қай үйде болса, бала-шаға, немере-шөберелері сол үйге жиналамыз. Не­ме­релері мен жиендері де бірге туғандай бауырмал. Саян екеуміздің кенжеміз Әлияның бар міндетін өз мой­нына алып Чехияда оқытып жатқан да қайын сіңлім Инди­раның баласы Шыңғыс. Осының бәрі мамамның тәрбиесі.
Ғабит Мүсірепов пен Бауыржан Момышұлының тізесіне отырып ерке өскен кенжесі Индира: – Біз мамамды энциклопедия дейміз. Көп оқиды. Тарихтан да, саясаттан да үнемі хабардар болып отырады. Шетелге шығып келсең, «Қай елде, қай қалада, қай көшеде болдыңдар, қандай тарихи жерлерін араладыңдар» деп тәптіштеп сұрайды. Оның бәрін қайте бересіз десек, «Е, білгім келеді де, білмейтінім болса, оқып алғым келеді» деген соң, айтып береміз. Ол елдің тарихы мынадай, ана жазушы, мына суретші сол қаладан шыққан, ана көше атауының себебі мынау деп, сол елдің тарихымен таныс­тырып шығады. Бір нәрсені білмей жатсақ, менің жолдасым Берік: «Оны ападан сұрау керек, ол бәрін біледі. Апа тегін адам емес, мен ол кісіге бас иемін» деп қолына түскенді анама ала жүгіреді.Қатты құрметтегендіктен еліктей ме, әйтеуір, уақыт өте келе Беріктің мінез-құлқы да, сөйлеу мәнері де мамама ұқсап барады. Мамам ешқашан ұрсып сөйлемейді, екі-үш күн, бір жеті көрінбей қалсақ, «Берік, сен көрінбей кеттің ғой, жоғарылап кеттің-ау деймін. Шыңғыс сені соңғы кезде сирек көретін болдық қой» дегендей көңіліндегісін әдемі әзілмен оспақтап жеткізеді. Осындай мінезіне сүйсінген ақын Қымбат Әбілдақызы мамама арнаған «Бағдат анама» деген өлеңінде «Бірге өткізген алпыс жылын, ғұмырын, Жан-жарыңмен бірдей, апа, тұғырың. Саф алтыннан соғылғандай Сафағам, Қалай тапқан сіздей алтын сынығын» деп жазды. Жазушы, журналистерге құрметпен қарайды. Белгілі ақын-жазушылардың мамамның қолынан дәм татпағаны жоқ шығар. Зейнолла Қабдолов аға: «Бағдаттың дастарқанында келесі кездескенше» деп қоштасатын. Баламыз ғой, Зейнолла, Тахауи, Мүсілім ағаларды сағына күтіп жүретінбіз, риясыз еркелейтінбіз.
– Келіндердің құлағына алтын сырға, қазір көп келін­шектер баланы күтушіге бақтырып, үйді үй жинаушыға қалдырып, өз күтімін сұлулық салондарының мойнына артып қойып, қымбат бұйымдарға қол жеткізсе де не талғамын, не табиғи сұлулығын көрсете алмай пұшайман болып жүреді. Кезінде сіздер соншама қонақты түнімен күтіп, оқушылардың дәптерін де тексеріп, шыт көйлектің өзін жарасымды киіп бәріне үлгердіңіздер, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанның төбесін көріп тұрсаңыз да талғамыңыз татаусыз екенін байқаймыз, осының құпиясы неде? Уақыттың бұған қандай қатысы бар?
– Жастардың жақсы болмағы тәрбиеден ғой. Көпшілігі заманына сай тәрбие алған бәрін өзі біліп тұрады. Баласын да қарай алмай өз үйіне өзі қонақ. Туысты да жолата қоймайтын, қонақ та қабылдай алмайтын, ештеңеге үлгермей де, ештеңе бітірмей де ата-ана мен күйеудің табысына мәз ертеңіне қамсыз кей келіндерді көргенде, барлықты бағаламай жақсы уақытты бос өткізетіндеріне қынжыласың. «Бес саусақ бірдей емес» дейді ғой. Ондайлар қай уақытта да болған, бола да береді. Өзіме келсем, қанша жерден балаға қарап, қонақ күтіп шаршасам да ертең мені күтіп отырған балалардың алдына барып сабақ беретінімді, өз басымды қалай күтінуім мен қалай жүріп-тұруымнан сол балалар үлгі алатынын, оның өзі тәрбиенің бір саласы екенін естен шығармайтынмын. Жас кезімізден Ғабит Мүсірепов ағаның үйімен жақсы араластық. Ғабеңнің жұбайы Құсни апа керемет адам еді. Жазушы Әбен Сатыбалдиевтің, журналист Мұса Дінішевтің үйімен көрші тұрдық. Әбекеңнің жары, Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апай ақыл-парасатымен де, қажыр-қайратымен де үлгі тұтар, ақыл сұрар, тіпті басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса да жүгіріп барар қамқор апам. Әлі күнге сыйластығымыз үзілген жоқ. Мұсекеңнің жары, теңдессіз әншіміз Әлібек Дінішевтің анасы Кәмила апай мен Құсни апайлар он саусағынан өнері төгілген ісмер, тамағы ауыздан айырғысыз дәмді, айналасына қайырымды, білгенін үйретуден жалықпайтын тәлімгер, аса бір мейірімді жандар еді. Анадан жас қалғандықтан үй ұстау, қонақ күту, тамақты дәмді пісіру дегендей Кәмила апай мен Құсни апайлардан үйренгенім көп. Анамдай қамқор, құрбымдай сырлас, сыйлас апаларымның менің көңі­лімнің төріндегі орны ерекше. Осы апаларымды өмірдегі ұстазым десем де артық емес. Өмір бойы үйренуден де жалықпадым. Адам үнемі білуге құмартып тұруы керек.
– «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дей тұрсақ та, ұғымталдықпен көргенінен түйін түйіп, үйренгенін іске асырумен бірге зәредей көрген жақсылықты түйедей етіп айта жүру – үлкен адамгершіліктің, парасаттылықтың белгісі ғой. Гүлнәр апайыңыз да, Құсни, Кәмила апайларыңыздың аруағы да сізге риза шығар.
Енді әңгімемізді аналық парыз, балалық қарыз, яғни бала тәрбиелеу, тәрбиенің жемісін көру туралы сындарлы салаға қарай бұрсақ… Сафуандай саңлақтың ұрпақтарын да біле жүрген дұрыс қой.
– Мына өмірге есік ашып енген әрбір адамның бас­ты мақсаты – игі ісімен артына мағыналы із қалдыруы жағынан ойласам, шүкір. Саяным еңбекқорлығының арқасында өзгеше спорт түрі көгалдағы хоккейдің көшбастаушысы болды. 10 мәрте Кеңес Одағының чемпионы, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, әлем кубогінің жүлдегері атанып, халқының қалаулы ұлы болды. Еңбегі бағаланды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленді. «Құрмет белгісі» орденімен, ондаған медальдармен марапатталды. Үш қызым да өз жолымды қуып мұғалімдік маман­дықты таңдады. Жанна ағылшын тілінің маманы, Дана филолог, Сафкең Рабиндранат Тагорды аударып, Индияны зерттеп жүрген кезде өмірге келген, атын Индира Гандиге ұқсатып қойған кенжем Индира тарих ғы­лым­дарының кандидаты. Мінез-құлқы да ағасы Саянға ұқ­саған. Айналасына шуақ шашып, жұрттың бәріне қамқор болып жүреді. Күйеу балам Берік те өзіне сай қосылған.
– Өзіңіз өсірген мәуелі шынарла­рыңыз­дың жапы­рақтары туралы да мағлұмат бере отырсаңыз…
– Саянымнан үш қыз немерем бар. Үлкені Кәмила әкесінің жолын қуған көгалдағы хоккейден жаттықтырушы. Қазір үйелмелі-сүйелмелі екі баласымен әзірше үйде. Екінші немерем Дина әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, жапон тілі маманы. Жапон тіліне қоса ағылшын тілін меңгерген, аздап итальян тілінде де сөйлейді. Кейіннен Мәскеуде Плеханов атындағы академияның магистратурасын бітіріп келіп, қазір Халық банкінде қызметте. Кіші немерем Әлия Чехияда оқиды. Ол да тіл және бизнес мамандығына бейімделіп шықпақ. Құдай қаласа, келесі жылы бітіреді. Үшеуі де ибалы, ізетті, білімқұмар ақылды, тал шыбықтай көркем. Үш қызды ибалы өсірген ата-анаға жұмақтың есігі ашық дейді ғой, Саянымның жаны жаннатта, нұры пейіште шалқысын деп дұға жасағаннан басқа не келеді қолымнан.
Енді жиен немерелеріме келсек, кіші қызым Инди­раның екі ұлы бар. Үлкені Шыңғыстың мамандығы менеджмент. Қызметі Мәскеу мен Алматы қаласында. Жас болса да елтең-селтеңмен, шылым, ішімдікпен жұмысы жоқ. Өте тәртіпті, еңбегі жемісті. Екіншісі Мағжан Меккеде келіншегі екеуі де дін саласында оқып жатыр. Ортаншы қызым Дананың да екі ұлы бар. Екеуі де Халықтық қауіпсіздік комитеті академиясын бітірген. Бақыт Астанада, Құдайберген осы Алматыда өз мамандықтары бойынша қызметін абыройлы атқарып жүр. Үлкенім Жаннаның да екі ұлы бар. Бірі спортшы, екіншісі бизнес саласында апайымен бірге жұмыс істейді. Жиендеріме де ризамын. Немерем Кәмиладан да, жиендерімнен де шөберелер сүйіп отырмын. Аман болсын, айналайындарым, сол.
– Бағдат апа қандай әже екен, Саяндай саф алтынның сы­нығы, немеренің еркесі Динаның да лебізінен хабардар болсақ…
– Халқымыздың қалаулысы, отбасымыздың мақтанышы атамыздың қасында ұлы деп айтуға лайықты ұлағатты әжеміз болды. Сондықтан да отбасының үлкен үйде әрбір жиналуы өзіндік тәрбие мектебі секілді еді. Бәріміз де әжеміз құшағына қысып, арқамыздан мейірлене сипағанда бетімізді төсіне басып ерекше мейірімді сезінетінбіз. Сонымен бірге қандай да бір сын-ескертпелері болса, әзілмен, мақал-мәтелмен жеткізетін. Әрине, бәріміздің де қазақ тілі сабақтарымыз әжеміздің қатысуымен жасалатын, шығармаларымыз әжеміздің бақылауымен жазылатын.
– Алматыға арман қуып келген өндірдей ару қыз жақсыға жар болдыңыз. Елдің ұлы дәрежесіне көте­рілген адал ұл тәрбиелеп өсірдіңіз. Білімді, білікті үш қызыңыздың, немере, жиендеріңіздің қызығын көріп отырсыз. Бәрі сізді алақанына салып әлпештейді. Әлі де орындалса, шіркін, деген көкейкесті арманыңыз бар ма?
– Өмірлік жұбайым қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шаймерденов екеуміз осыдан он жыл бұрын тек екеуміздің ғана емес елінің ұлы бола білген арда ұлымыз Саяннан айрылып аңырап қалдық. Осы қайғы ақыры Сафкеңді де айықпас дертке шалдықтырып, алып тынғанын халқым біледі. Налалы күндерде қасымыздан табылған, қайғымызды бөліскен елге де, Елбасымызға да, зиялы қауымға да тәңір жарылқасын айтамын. Ендігі арман – ел еңсесін биіктетуге еңбек еткен елімнің саңлақ ұлдарының өнегелі істері өскелең ұрпаққа үлгі болса, ұмытылып қалмаса деймін. Сол үшін денсаулықтың кемшіндігіне, аллергияға да қарамай, мұрағат ақтарып, еңбектерін жинастырумен күн өткізудемін.
– Биыл қазақтың Сафуанының 90 жылдығы. Үкімет, Жазушылар одағы тарапынан қандай іс-шаралар жасалып жатыр. Туған жерінен қандай хабар дегендей…
– Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин да, орынбасары Ғалым Жайлыбай да талантты ақындар, жақсы азаматтар ғой, өздері де ойластырып жүрген шығар. Нұрлан: «Апа, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деп жұбатып қояды. Көзімше Сафкеңнің туған өлкесінің басшысымен байланысқа шығып сөйлесіп еді, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Біләлов Серік: «Ойластырып жатырмыз. Биылғы қуаңшылықпен басымыз қатып, дәл уақытын айта алмай отырмын. Сафкеңнің тойын өз дәрежесінде өткіземіз» деді. Индирам мен күйеу балам өз қаражаттарына «Инеш» пен «Перелетные птицы» кітаптарын қайта шығарып, әкелерінің 90 жылдығына тарту етті. Жазушылар одағы «Алтын қалам» сериясымен «Ан-арыс» баспасынан, «Қазақтың жүз романы» жобасымен «Инешті» Мәжит Дәулетбаевтың «Қызылжарымен» бірге шығарды. Шығармаларының бес томдығын тендер арқылы «Таймас» баспасы шығарып жатыр. Әйтсе де, әлі күнге Алматыдан да, Астанадан да, туған жерінде де не көше, не мектеп, не ауылдың аты бұйырмай тұрғаны жанымды жүдетіп, көңілге түйткіл салады. Реті келсе, Алматы қаласының әкімі Ахметжан балама да кіріп, көзбе-көз сөйлессем деймін. Сафкең: «Өмір болса, кезек жетеді» деуші еді. Алла қаласа, бір жөні болар.
– Қазақ КСР халық-ағарту ісінің үздігі, 45 жыл еліміздің ертеңі – ұрпаққа қызмет етіп, талай буын азаматтарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың алдында отырып ел мүддесі туралы да ой бөліспеу әбестік болар еді. Қашан хабарлассам да газет оқып жатасыз. Қазіргі ахуалдардың ешқайсысын қалт жібермей қадағалап отырасыз. Жастарға нақты бағыт-бағдар беретіндей ұлттық идеология бар ма бізде, болса көңіліңіз тола ма?
– Әртүрлі басылымдарды оқып, салыстырып, өзімше пайымдауға тырысамын. Ауызды қу шөппен сүртіп, барды көрмейтіндерге қосыла бермеймін. ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Қазақ елі оқ бойы озып кетті. Қазақстанды қазір дүниежүзі біледі, пікірімен санасады. Президент болу оңай емес. Кейде мен сол кісі ұйықтамайтын шығар деп ойлаймын. Жастарды шетелге жіберіп оқытып, арнайы университет ашып, ғылым-білімге баса назар аударып отыр. Қайраткер азамат Иманғали Тасмағамбетовтің де ұлтжандылығын атап өткен жөн болар. Идеологияның басында отырған, қоғам өмірінің әр саласын түгел қамтып, салмақты ой айтатын салиқалы, білімді, өткір, шешен, алғыр журналистер – «Егемен Қазақстанның» президенті Сауытбек Абдрахманов, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат секілді азаматтар осы газеттерді жаздырып беріп отырған соң, денсаулықтың кемшіндігіне қарамастан күніне 4 сағат газет оқимын. Газет оқымаған, ешнәрсені бағамдамаған адамға ештеңе жоқ секілді көрінеді. Идеологияның келесі бір тармағы – әркімнің өз ісімен үлгі болуы. Кеше депутаттарды сайладық, бәрі сайлауға түскенде үйіп-төгіп уәде береді, сайланған соң көбін ұмытып қаласың. Ал солардың ішінде бар ынтасымен елдің қамын ойлайтын сенатор Қуаныш Сұлтанов секілді азаматтар да бар. Бекболат Тілеуханов жас та болса бас болуға лайық текті анадан тәрбие алған. Отан үшін отқа түсуге дайын азамат. Алдан Смайыл мен Уәлихан Қалижан да депутаттық мандатын ел мүддесіне қызмет еттіретін қаламгерлер деп білемін. Нұрлан Өнербаев пен Дариға Назарбаева да депутаттық орынтақты жайлы орын деп мүлгімей, көптің көкейіндегі көп сұрақтың шешімін табуға тырысады. Гүлмира Исімбаева деген депутат бар, қайта сайланды. Бұрын Алматыда қалалық халық ағарту департаментінің директоры болған кезінен сырттай білетінмін. Сондай бір әдепті, сондай білімді, саясаткер, мәдениетті, жақын келіп сөйлессең, жаның рахаттанады, ішпей-жемей риза боласың. Сосын Алматының Бостандық ауданында Зәуре Аманжолова деген әкім бар. Бұрын қалалық денсаулық департаментінде директор болған, кезінде алдына бір барғанмын. Сонда танымайтын мені жасымның үлкендігі үшін ғана алдымнан шығып қарсы алып, шаруамды білген кезде қолынан кел­­генше көмектескен-ді, соған қатты риза болдым. Ұлық болсаң кішік бол дегенді, міне, осылардан көремін. Идео­логия дегенің – бір нәрсеге сену, қолдау. Ісіне де, сөзіне де сендіре білетін осындай елім деген азаматтар барда дұрыс идеология да бар. Ал халық сеніп қолдауы керек, әр­кімнің бойында патриоттық сезім басым болуы керек. Ұлттық идеология деген халықтық тәрбие. Әркім осы тәрбиені өзінен бастаса ғана елдің келешегі жарқын болады.
– Апа, сындарлы ой айтып, сыр бөліскеніңізге рахмет. Өзіңізге Алла тағала қуат берсін. Ойыңыздағы жүрекжарды арманыңыз орындалып, Сафкеңнің 90 жылдығын, келер 2013 жылы болатын қазақтың біртуар ұлы Саянның 60 жылдығын бір жағынан басшы, бір жағынан қосшы бола жүріп абыроймен атқарып, көңіліңізді демдеп, балалар мен немере-шөберелердің өздеріңізден қызығын көріңіз деп тілеймін. Осылай шаршамай, ортамызда ақылшымыз болып жүре беріңіз.

Зәмза Қоңырова,
журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.