Мұғалім – қоғамның рухани негізі

Жыл сайын оқу басталар қарсаңында, тамыз айында мұғалімдердің жиынын өткізу Кеңес кезінен бері дәстүрге айналған. Сөйтіп, бұл жиын мұғалімдердің тамыз конференциясы деп аталып келеді. Мұндай жиындарда өткен оқу жылындағы мектептердің жұмысы, мұғалімдердің қызметі сараланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынады. Бұл дәстүр биыл да жалғасып отыр. Кеше 15 тамызда мұғалімдердің тамыз конференциясы өз жұмысын бастады.

Ата дәстүрімізді дәріптей білсек…

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп ұлы жазушымыз М. Әуезов айтқандай, тәуелсіздік туын тіккен елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп. Қазіргі таңда білім беретін ұстаздардың алдында тұрған негізгі мақсат – оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, білімге деген қызығушылығын арттыру, оларға заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Олай болса, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – білім сапасы.

Сапа – оқушының сұранысын қанағаттандыру, ол мұғалімнің тынымсыз ізденісі мен еңбегінің нәтижесі. Білім сапасы мұғалімнің қызметіне байланысты.
Қазақтың ғұлама, біртуар ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса – мектеп те сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педаго­гикадан, әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген еді.
Алайда мектептердің тәжірибесінде оқушылардың рухани дәрежесі мен тәр­бие деңгейіне қойылатын талап пен оны қалыптастыру жүйесіндегі қайшылықтар мен кемшіліктер баршылық.
Қазіргі таңда жастарды заман талабына сай тәрбиелеуге негіз бола алатын әрі солардың бойындағы ең асыл қасиеттерді қалыптастырып, парасатты іс-әрекеттерге баулитын пәрменді тәрбие құралы – халық салт-санасына негізделген эстетикалық тәрбие. Оқушылардың рухани және дене тәрбиесі олардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыруды талап етеді. Дүниежүзілік өркениеттілікке жету мақсатында білім беру жүйесін оңтайландыру керек деп ойлаймын. Онда азаматтық мін­дет­терді жүзеге асыру үшін білім беру мен тәрбие мәселесін нағыз гуманистік дәрежеге көтеру, бүкіл ғаламдық мәдени құндылықтарға қол жеткізу керек. Мұны атқаратын, сөз жоқ, мұғалім. Осыған орай, егемен еліміздің білім беру ісінде реформалар жасалуда. «Ғасырдың мектебі мен мұғалімі қан­дай болу керек?» деген негізгі сұраққа жауап ізделуде. Мұғалімді даярлау барлық кезеңдерде мәнін жоймайтын мәселелер қатарына жатады, себебі қоғамның әлеуметтік-экономикалық міндеттері өзгеріске ұшырап отырады, ал мұның бәрі педагог кадрларын мамандық даярлау жүйесіндегі көзқарастарды байыта қарауға жетелейді. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, өз ісінде қасаңдық пен жаттандылықтан аулақ, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог- педагогтық диагностика қоя білетін іс­кер мұғалім қажет. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, мұғалімге өз қызметінде екі жүздей жұмыс түрін атқаруға тура келеді екен.
Педагогтық мамандық білімділікті қажет етеді. Мұғалім – белгілі бір пәнді жетік меңгерген мамандық иесі. Болашақ мұғалімнің біліктілігі оқу орнындағы алған білімі арқылы қалыптасады. Туған Отанын сүйетін, оның қара тасын қадірлеп, қорғай білетін, дінін, тілін құрметтейтін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде білім саласының белді буыны – мектеп басты рөл атқарады десек, осы мектептің жүрегі, басты тұлғасы – мұғалім.
Қай мемлекеттің болсын өрке­ниеттілігін көрсететін білімі мен ғылымы. Ғылымды дамытатын терең білімді ұрпақ тәрбиелеу мұғалімнің қолында. Біздің мемлекетіміздің білім саласында осындай тың бетбұрыстарға қадам басуы заңды да. Бұл бетбұрыстың бел ортасында – тағы да мұғалім.
Ауыл мектебінің тәрбиелік мүмкіндігі зор, олар халық менталитеттерінде: туған жерге, елге деген сүйіспеншілік, табиғатты ерекше қастерлеу, қорғау, аялау, үлкен-кішіні сыйлау, меймандостық, көңілдің ашықтығы, адами қатынастар, отбасы мүшелері мен ағайын-туыстарға қайырымдылық, өнерді қастерлеу, ар-ұятты ұстау, т.б қасиеттерден көрінеді.
Ата-бабадан қалған өшпес мұра мен қазынаны қабілеті жоғары ұрпақтың бойына дарыту – менің және мен тәрізді оқуын бітіріп, туған аулына оралған әрбір жас маманның міндеті. Мысалы, мектеп педагогикасында ғасырлар бойы екшеленіп, өмір сынынан өтіп келген халықтың дәстүрлі қолөнер үлгілері жастар үшін өткеннің елесі болып, оқу-тәрбие жұмысында пайдаланбай қалып жатыр. Осыған орай жастардың жат елдік мәдениетке еліктеушілігі рухани кедейшілікке әкеліп соқтыруда. Сондықтан жалпы білім беретін қазақ мектептерінде оқушыларды халқымыз­дың рухани байлығымен, мәдениетімен, қолөнері, салт-дәстүрімен терең таныс­тырып, педагогикалық тәжірибені оқу-тәрбие ісінің тірегіне айналдыру, яғни адамгершілік-эстетикалық тәрбиенің жаңарған жүйесін жасау бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр.

Индира Бакитова,
мұғалім

Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы
Жаңақазан ауылы

Беделге біліктілік арқылы жетеміз

Газетіміздің №17 (26 сәуір – 2 мамыр) санында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың «Мұғалім мәртебесін көтеру – мемлекеттік іс, ал оған атсалысу бәріміздің міндетіміз» деген тақырыппен жарияланған сұхбатында мұғалімдердің абырой-беделін көтеру жөнінде көптеген бастамалар туындап жатқанына қанығып, ризашылыққа бөленіп ой-пікірімді қосуды парыз санадым. Әсіресе, білім саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, күрделі жаңалықтар мен өзгерістер болып жатқаны қуанарлық жағдай. Халық үшін, әсіресе, мектеп атты қасиетті қара шаңырақ – білім ордасының тізгінін ұстап, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бар білімін мектеп оқушысына үйретіп, тәрбиелеп жатқан үстаздар қауымының өміріне айтарлықтай жаңалықтар енуі – қуанышымызды еселей түсті.

Ауданымызда өткізіліп жатқан игілік­ті іс-шаралар мұғалімдер қауымының беде­­лін ата-аналар мен шәкірттер, жалпы қо­ғам ортасында көтеріп, абыройын артты­рып тастағандай болды. Атап айтсақ, бірта­лай ұстаздарымыз мемлекеттік бағдар­лама бойынша өкімет тарапынан ипотека­лық тұрғын үй алып, шаңырақтарындағы қуанышты тойлады. Қоғамдағы беделі төмендей бастаған ұстаздар қауымы үшін бұл үлкен сый, әрі ынталандыру есебінде біраз еңселерін көтеріп тастағаны шындық. Сонымен қатар аудан көлемінде, облыс көлемінде жүргізіліп жатқан пән бойынша «Үздік жыл мұғалімі», «Үздік сынып жетекішісі», «Үздік психолог маман», «Қазақ тілі мұғалімдеріне көтермелеу грантын тағайындау» сынды мұғалімдер арасында өткізіліп келе жатқан сайыстар да ұстаздарды дүр сілкіндіріп, жаңа кезең мұғалімі болуға жетелегендей.
Биылғы жылғы Елбасы Жол­дауын­дағы «Дипломмен ауылға» бағдар­ламасы бойынша өткізілген шаралар да жас мамандар мен «ұстаз болсам» деп талпынған жастардың көңіліне демеу, арманына жебеу болғандай. Жас мамандарға қосымша көмек есебінде берілген қаражат та қабақтарына қуа­ныш ұялатып, еңбек жолын көтеріңкі көңіл-күймен бастауға біраз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, ұстаздар еңбегінің жемісін көрсететін шәкірттері болғандықтан оқушылар арасында да пән бойынша олимпиадалар, сайыстар, әртүрлі шаралар жиі өткізілуде.
Елбасымыздың Қазақстан халқы­на Жолдауындағы «…Сапалы білім беру Қазақстанның индустрия­лан­дырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деген сөздерінің болашақта ақиқатқа айналуы жолында ұстаздар қауымы бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Мұғалімдердің еңбегін бағалап, жемісін көрсететін де осы сайыстар болғандықтан, ұстаздар қауымы белсене араласып, өз шәкіртінің озып шығуы үшін озық инновация мен технологияның түрлерін меңгеріп, бүгінде нағыз білім менеджерлеріне айнала бастады.
Мемлекеттік бағдарламада білім беруді дамытудың басты бағытының бірі – педагог мамандығының беделін көтеру делінген. Осыған байланысты «Педагог мәртебесі» бөлімінде білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту міндеттері алға қойылған. Педагогтің кәсіби мәртебесін көтеру үшін еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі қарастырылып, 2015 жылға қарай ұстаздардың орташа жалақысы экономиканың жеке секторындағы жалақыға жуықтайтын болады делінген.
Жалпы білім беру сапасы – даярлығы жоғары оқытушылармен айқындалады емес пе? Сондықтан мұғалімдердің білік­тілігін арттыру орталықтары құрылып, жаңа деңгейлік курстар енгізіліп жатқанын естіп, қуана қабылдаудамыз. Мектептерде электронды оқулықтар, интерактивті тақталар орнатылып, оқушылардың білім алуына, ал мұғалімдердің ақпараттық техниканы толығымен қолдана алуына үлкен мүмкіндіктер тууда. Беріліп жатқан онлайн сабақтар қазіргі заман талабына сай үлгілермен еңбек жолын жаңа бастап келе жатқан жас мамандарға тәжірибелі ұстаздардан үлгі алуына үлкен мүмкіндіктер тудырып отыр. Өзара әрекеттесе отырып, ұстаз бен ұстаз, ұстаз бен шәкірт арасындағы жаңа кезеңдегі білім алу, білім беру, үйрену, тәжірибе алмасу, машықтану сияқты әрекеттерді жүзеге асырудың инновациялық жолын тапқан ұстаздардың да, оқушылардың да мерейі үстем.
Оған қоса, биылғы жылы мұғалім­дердің еңбекақысы көтеріліп, жағдайлары жақсара бастағанына алғыстарын айта жүретін ұстаздарға қарап, біз де қуанамыз.
Ендеше, зейнеткер ұстаз және білім беру саласында еңбегі сіңген мұғалім ретінде осы педагог мамандығының беделін көтеру жолында атқарып жатқан игі істері үшін Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлына жүрекжарды алғысымды білдіре отырып, өз әріптестеріме «Жақсылыққа – жақсылық» дегендей, атына заты сай нәтижелі еңбек болсын демекшімін. Министрлік тарапынан жасалып жатқан жақсылықтардың нәтижесі ретінде ұстаздарымыз «Елім, Отаным» деп соққан жүрегі, тілегі бір, терең білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлғалар дайындап шығара алады дегендей сеніміміз беки түскені сөзсіз.

Пермегүл Қилыбаева,
ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы
медальдің иегері
Алматы облысы
Іле ауданы
Боралдай кенті

«Әр оқушым – менің үмітім»

Бәтима Халыққызы Семей педагогикалық институтының түлегі. 32 жылдық ұстаздық еңбек жолында ол оқушылардың бірнеше буынына қазақ тілі мен әдебиетінің негіздерін үйретіп, пәнге деген құштарлығын арттыра білген шебер мұғалім. Бәтима Әбдіжүсіповадан тәлім алған мың сан шәкірттер бүгінгі таңда мемлекеттік тіл, журналистика, әдебиет салаларында табысты қызмет етуде.
«Оқушыларым – туған балаларымдай. Әрбіреуінің мінез-құлқын, бейімділігін, қызығушылығын жақсы білемін. Мектепті бітіріп жақсы маман иесі атанып жатса, мен үшін одан артық қуаныш жоқ» дейді ардақты ұстаз. Ол отандық білім беру жүйесінің жетістіктерін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім саласына жасап жатқан ерекше қамқорлығымен байланыстырады. «Бүгінде еліміздің білім жүйесі жедел қарқынмен дамып келеді. Кешегі мектеп пен бүгінгі мектептің айырмашылығы – жер мен көктей. Қазір оқушылардың терең білім алуына бізде көптеген жақсы мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасының бастамасымен ашылған дарынды балаларға арналған мектептерде қазіргі таңда еліміздегі ең үздік оқушылар білім алуда. Олар оқуда керемет нәтижелер көрсетіп, Қазақстан мен шет мемлекеттердің беделді жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауда. Алды маман болып еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда» деп, осылайша ойын өрбіткен Бәтима Әбдіжүсіпова білім саласындағы жаңалықтың жаршысы. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жолдың азабы мен қиыншылығын, зейнеті мен бейнетін айтып жеткізу әсте мүмкін емес шығар. Әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, оларды білімді етуге қаншалықты күш-қайрат қажет десеңізші! Білікті маман бір жылдары басшылардың шақыртуымен қалалық Білім беру басқармасында да жұмыс істеп көріпті. Алайда мұғалімдік қызмет жүрегінің төрінен ойып тұрып орын алғандықтан, ол жерде көп тұрақтай алмай, сүйікті кәсібіне қайтадан оралған екен. «Оқушыларымды сағындым» деп есіне алады сол кезді Бәтима Халыққызы. Қандай жан тебірентерлік сөз! Ол оқушыларының бойына адамгершілік қасиетті қалыптастыра отырып, мектеп қабырғасынан жақсы азамат болып шығуын ерекше армандайды және де сол арманына әрдайым қол жеткізумен келеді. Еңбектің өтеуі деген осы емес пе?! Әрбір сабағына ерекше ыждаһаттылықпен дайындалып, барын да, нәрін де тек оқушыға арнап келе жатқан ардақты ұстаз мұғалімдік кәсіптегі ең басты нәрсе – оқушының білім алуға деген ынтасын ояту деп біледі. «Әрбір баланың өз ерекшелігі болады. Сол ерекшелігіне байланысты бойында тұнып жатқан дарыны да болады. Сол дарынын аша білу, талантын дамыта білу – мұғалімнің қасиетті парызы» дейді Бәтима Халыққызы. Оқушылары да ұстазының төккен терін, еселі еңбегін ақтап, облыстық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары атанып келеді. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл». Ал жақсы ұстазсыз шәкірттің де биіктерге самғап кете алмайтыны тағы белгілі. Олай болса, жақсы мұғалім қашанда өз шәкірттерін жаңа асуларды бағындыруға қанаттандырары сөзсіз.

Елдос Сарбалаев,
филология ғылымдарының
кандидаты
Павлодар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.