«Жарым бар менің сағынған…»

«Ата басылым «Ақиқат» пен «Ана тілі» газеті алтыншы қабатта қоңсы қонған соң ба, ұзын дәлізде сырбаз басып бара жататын Сарбас ағамды күнде көретінмін. Ағаны көрген жас-кәріміз – бәріміз жапа-тармағай амандасып жатамыз. Арасында өзімді «Ординская, қалың қалай?» деп арқаға қаққанына кәдімгідей мәз боп қалам (Бөкей ордасының перзенті екенімді білетін). Бұл кісіге деген біздің құрмет тым бөлек. Өйткені біз ғана емес, бүгінде өзіміз ұстаз тұтып жүрген буын да бұл кісінің алдында иіліп тұрады. Иә, бүгінде қарымды қаламгер, көрнекті публицист, қазақ баспасөзінің сардары атанған Сарбас Ақтаевты білмейтіндер сирек. Сол Сарбас ағам көптен дәлізде көрінбей кеткен соң үйіне телефон шалдым. Ағадан Ғайнижамал апамыздың сырқаттанып, ауруханадан шыққан беті екенін естідік. Содан бір жағынан Сарбас ағаға амандасып, апайдың саулығын сұрау үшін, екінші жағынан өзіміз көптен жоспарлаған жұбайлық өмірдің жарасымы жайындағы бір мақаланың жетегімен ағаның үйіне қарай жолға шықтық…»

Қырманға
келген қалқатай

Бүгінде Сарбас аға мен Ғайнижамал апайдың бір шаңырақта тату-тәтті тұрмыс кешіп келе жатқанына елу төрт жылға жуықтапты. Екеуі де көрікті Көкшенің төл перзенттері. Бір ауыл, бір мектептің түлектері. Әуелден әйел затының әңгімесі жараса кететін әдеті емес пе, алдымен апамызды сөзге тарттым. Соны аңғарған Ғайнижамал апай Сарбас ағаға қарап: «Әй, қазір сені маған ұрса береді деп қызыма бір жамандайын» деп күліп алды да, әңгімесін бастады.
«Сәкең екеуміз бір мектепте оқыдық. Олар оныншыны бітірген кезде, мен бесінші сыныпты енді ғана бітірген балауса қыз едім. Бірақ, білетінім – сол кездің өзінде Сәкеңнің есімі ел аузында жүрді. Еститініміз – «ақын Сарбас», «жазушы Сарбас», т.б. секілді мақтаулар. Қабырға газетін шығаратын да кім? Сарбас! Оған өлеңі шығатын кім? Тағы Сарбас. Оған қоса, шашын жанына қайырған сымбатты аққұба жігіт қой. Сондықтан да шығар, оның есімі естіле қалса, әсіресе қыздар жағы елең етісе қалатын. Ол жазған дүниелерді таласа-тармаса оқып жатады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген, мен де сырттай атына қанық болдым. Десе де оған ынтық қыздар да аз емес-тін. Енді ше? Табан астында өлең шығарып, елді бір тамсантса, қалжыңға да қаражаяу емес. Сөйтіп, Сарбас жүрген жерде елдің есі тек соған ауатын…»
Иә, әрі қарай әңгімені апамыздың аузымен өзіміз сабақтайық. Жастай елдің аузына іліккен Сарбас мектеп бітіріп, аудандық газетте бір жылдай қызмет етті. Бірақ білімге құштар жігіт қалайда жоғары білім алуға бекінді. Сөйтіп, Қарағандыға аттанды. Ол кезде бесіншіні енді бітірген шашын желкесінен қиған сары қыз сабағын жалғастырып қала береді…
Қарағандыда оқып жүрген кезінде жас жігіт туған аулына демалыс сайын келіп тұратын. Келген сәтте әкесінің жұлдыздай ағатын жүйрік сүлік қарасын мініп алып, төңіректегі ауылдарды қыдырыстап қайтатын әдеті бар-ды. Бұл кезде сегізіншіні бітірген Ғайнижамалдың бұрынғыдай шашын желкесінен қиған сары қыз емес, бой түзеп, бұрым қойған аруға айналған шағы еді.
Олар туып-өскен өлкеде шоқ-шоқ тоғайлар болатын. Шоқ ағаштардың арасында Жаратқанның өзі арнайы жасағандай айнадай көл бар еді. Сол маң Ғайнижамал аталарының ежелгі қонысы еді. Бұл жерге таяу егістік алқабы бар-тын. Жас-кәрісін егін орағына салған шақта басына шытын шарт түйіп Ғайнижамал да орақ басына келетін. Сүлік қарасымен қыдырыстап жүрген жігіттің қырағы көзі «қырманға келген қалқатайды» қалай қалт жіберсін?! Бірден жанындағы жігіттерден сұрастырып, жөн біліседі. Бірақ бүгінгідей «сүйдім» деп сұлай кететін заман емес. Сырттай біліскен күйі тағы та қалаға аттанады…
Бұл кезде оқуын бітірген Ғайнижамал да Қызылжарға барып оқуға түседі. Сарбас аға институтты бітіргеннен кейін көп ұзамай Ғайнижамал апа да Қызылжардағы бухгалтерлік училищені тәмамдап, ауылға оралады. Ауылға келген соң әпкесі тұрмыс құрып, оның орнына кісі таппай, уақытша кітапханаға жұмысқа тұрады.
Әңгімені әрі Сарбас аға жалғады: «Ауылға келген сайын әуелі мектеп, кейін кітапханаға соғатын әдетім. Бір күні кітапханаға кірсем, қырманда көрген қалқатай алдымнан тағы шықпасы бар ма?! Сұлу боп бой түзеп қана қоймай, газет-журналдарды үзбей оқитын көзі ашық, сол кездегі ақындардың өлеңдерімен таныс, қара сөздің қадірін түсінетін азаматшаға айналғанын аңғардым. Содан бастап екеуіміздің әңгімеміз жарасып, өміріміз бір арнаға бұрылғандай болды. Үйдің үлкені болған соң әкем де «үйлен» деп түртпектеп жүрген-ді. Ағайынға «осындай көңіліміз жарасатын жақсы қыз бар. Соған құда түсіңдер» дедім. Ағайын-туысты құда түсуге жіберсек, атамыз (Ғайникеңнің әкесі) «бір жылда қос қы­зымды қатар қалай ұзатпақпын? Аулақ жүріңдер» деп қайтарыпты. Бірақ, бұй­рық солай болғаны шығар, біз сол жыл­дың 9 мамырында қосылдық».
Жарын байыппен ғана тыңдап отырған Ғайнижамал апа осы сәтте: «Бірден тұрмысқа шыға қою оңай болмады. Шешем ауру, әкем әскерден оралған. Оның да денсаулығы сыр берген шағы. Тура сол тұста алдымдағы әпкем де тұрмыс құрған еді. Бір жас үлкен ағамның да шаруаға аса икемі жоқ-тын. Өзімнен кіші сіңлім бар. Соған қарайлап, қимай-қимай әрең кеттім. Әсіресе менің кеткенім әкеме қатты батқаны соншалық, үш күн жылап жатып алыпты. Бір жылда қос қызын жат жұртқа қию оңай соқпаса керек. Бірақ кейін Сәкеңді туған ұлындай жақсы көріп кетті. Ал анам радиодан ер адамның дауысын естісе, елең етіп «Сарбас сөйлеп жатыр» дейтін. Сарбастың менің әке-шешемнің сүйіспеншілігіне бөленуінде де өзіндік сыр бар. Әлі күнге бір-бірімізге «мынау сенің туысың, анау менің пәленшем» деп бөлініп көрген емеспін. Екі жаққа теңдей қарадық» деп қосып қойды.
Осы арада Сарбас аға «Ауылдан шыққан азаматтың хал-ахуалын, жай-жапсарын сол ортадан шыққан қыз ғана жақсы түсінеді» деді. Оның сөзінің астарында шындық бар. Әйтпесе кез келген жас қыз келін боп түсе сала ауылда ата-енесімен жалғыз қала ма? Ата-енесін күту өзі алдына, қолдағы санаулы сиыр мен екі-үш биені сауу, отын-суынды тасу бәрі Ғайнижамал апаның мойнына артылды. Атасы жарықтық «үйінде ас-суы бар» деп ауданнан, алыстан келген өкілдер үйіне түскенге, соларды күткенге риза болып жүре беріпті. «Біздің жақта бөренеден бұрап үй салатын дәстүр бар. Шалдың шаңырағы екі бөлмелі ескі үй болатын. Мына Ғайникең төрт машина бөрене түсіртіп, құрылысты қызу бастап жіберді ғой. Сөйтіп, келін боп түскен алты айдың ішінде ата-енесін сыңғырлаған су жаңа үйге кіргізді» деп бір жағынан жарын қалжыңмен қағыта, бір жағынан мақтай сөйледі.
Туыс ағаларына ата-анасын аманаттаған жас жұбайлар Көкшетауға келеді. Ол кезде Сарбас аға облыстық газетте бөлім редакторы болып қызмет ететін. Сол газетте бірге істейтін жекжат жігіт үйін босатып берген екен. Сөйтіп, ауылдан келген күні кешке жұмыстан үйге келген отағасы таң-тамаша болады. Үйде бала-шағасымен бейтаныс бір адам отыр. Келіншегіне қарап «Мыналарың кім?» деп ымдайды. Сөйтсем, Ғайнижамал апа еш саспастан: «Аулаға шықсам мына кісілер қонып шығатын жер таппай жүр екен. Аяп кетіп, үйге ерте келдім» депті. Ауылдың меймандос қазағының дархан көңілі деген осы ғой! Сол кезден, міне, күні бүгінге дейін Сарбас ағаның шаңырағынан қонақ арылған емес.
1963 жылы газет жабылғаннан кейін оның редакторы Алматыға – «Ара» журналына ауысты. Сарбас ағаны да Алматыға шақырады. Бірақ шақыру үшін де ЦК-дан, сол кездегі СовМин-нен рұқсат алу керек екен. Дегенмен, сол жылы болашақ белгілі қаламгердің жас отбасы Алматыға көшіп келеді. Сарбас аға «Ара» журналына фельетонист болып жұмысқа тұрды. Алғаш Алматыға келгенде бір ағайынның үйінде бір жарым жылдай тұрады. Кейін жас отбасыға Абылай хан көшесінің теміржол вокзалына жақын тұсынан екі бөлмелі пәтер берді. Ол кезде үй туралы армандаудың өзі артықтау еді. Қазіргі шағынаудандардың көбі жоқ. Тек 2-ші ықшамаудан ғана бар. Айналаның бәрі жүгері алқабы еді. «Өзіміз үй алып соған көшкенде, сол үйдегі туыстар көшірісіп жатып: «Біздің үйдің қонағы сіздің үйге ауды. Енді күллі Көкшетау сіздің үйге келетін болады» дегені бар еді. Тура солай болды. Екеуміз де қызметтеміз. Үйде балалар бар. Есік ашық тұрады. Ауылдан ат арылтып жеткен ағайын-туыс бірі келіп, бірі кетіп жатады. Абылай хан көшесінің бойындағы үйіміз вокзалға жақын еді ғой. Ауылдағы біздің кемпір-шал үйіміздің мекенжайын қолмен сызып береді. Пойыздан түскен ағайын сол сызбамен тауып алатын» деп еске алатын сол шақтарды отағасы.

«Елге еңбегі сіңген
орынбасар»

«Арада» жүрген кезде ай сайын іссапарға шығатын. Он күн түзде, он күн үйде дегендей. Келе салып, 2-3 фельетон жазып, қайта жолға жиналады. Ол кезде «Араның» сынынан елдің кірпідей жиырылатын кезі. «Арада» сынға іліктім дегенше, қызметіңмен қоштастым дей бер! Бір күні Әбдуәли Қарағұлов деген азамат (ақын Олжас Сүлейменовтің әкесі) «Жетісу» газетіне қызметке шақырды. Анау айтқандай таныстығы да жоқ-тын. Шақырып алып: «Сарбас, сен жассың! Жұлымыр журналист болуың үшін журналда жүре бермей газеттің жұмысына да араласуың керек! Сен біздің газетке кел. Мен саған бөлім берейін» деді. Ә дегеннен не десін, «қабырғаммен кеңесіп көрейін» деп кейінге қалдырады. Қабырға дегені – бәйбішесі. Сөйтіп жүргенде, ауылдан ұлын алып анасы келеді. Үлкен ұлдары сол кісінің қолында еді. Бірде соларды ертіп іргедегі ЦУМ-ға кіргені сол еді, алдынан Әбдуәли ағасы шықты. «Сарбас, сен хабарласпай кеттің ғой? Айтпақшы, саған тағы бір жаңалығым бар. Сен маған кел» дейді. «Ол кісі кетіп қалған соң шешем «мына кісің кім» деп сұрады. «Қызметке алғысы келеді» дегенім сол еді, шешем «Түрі тәуір көрінеді. «Түсі игіден түңілме» деген. Шақырса бар!» деді. Бәйбішеммен келісіп, анаммен кеңесіп ақыры бардым. Барсам, «редактордың орынбасары боласың» дейді. Отызға әлі тола қоймаған, ойнақтап тұрған кез ғой. Келістім». Бұл – ағаның сөзі.
«Жетісу» газетінде табан аудармас­тан тоғыз жыл, «Егеменде» он жеті жыл орынбасар болды. Орынбасар деген айтуға оңай болғанмен, күйіп тұрған газет жұмысындағы жауапкершілігі жоғары қызмет қой. Жалпақ тілмен айтқанда, газеттің қара жұмысын қара нардай көтеретін де сол. Сапар Байжановпен, сонан соң Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза сынды өзгеге ұқсамайтын азаматтармен тіл табысып жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келмесі де анық. Бұл ретте Сарбас аға «еңбек сіңірген орынбасар» деген атаққа әбден лайық. «Жетісу» газетінде қызмет еткенде бір өзі Алматы облысының бүкіл ой-шұқырын аралап шыққанын, осы өңірдің абыройлы азаматтары туралы жазған очерктерінің өзі бүтіндей жинаққа жүк болатынын бірге жүрген жігіттер жыр ғып айтады. «Әсіресе, газеттегі басшының шығармашылық жұмысы екі бағытта жүреді. Бірі – басқаның жазғанын оқып, оны жетілдіру, ширату, қажет жағдайда түзету. Бұл өзі аса тауқыметті жұмыс, өзінше бір өнер. Автордың (соған лайық болса) жазу нақышына да, ой-пікіріне де қиянат жасамау керек, ал материалды ширату – міндет. Бұл ретте Сарбас Ақтаев ағамыз үлкен шебер. Ешкім де жазғанымды ретсіз жөндепсіз, орынсыз қысқартыпсыз дей алмас еді. Керісінше, сол жетілдіру, түзетуден өнеге алып, өз жұмысын, жазуын ширатар еді» деп жазады Мамадияр Жақып қаламгер жайында.
Рас, өзі қызмет еткен газет-журнал­дарда белді қызметтерді атқарған Сарбас ағаға түрлі қолқа сала келетіндер де көп болатын. Бірақ базбіреулердей соны бақай есеппен қара басы үшін пайдалану бұл кісіге жат болатын. Одан қалды, өзі қызмет еткен басылымға адалдық таныту да Сарбас аға үшін жазылмаған заң болатын. Кейбіреулердей бір жазған дүниесін бірнеше басылымға беріп жылтыңдатуға жаны қас қаламгер алпыстан асқан шағына дейін өз кітабын шығаруды да ойламапты.
Кейін өзі де «Халық кеңесі», «Ақиқат» сынды белді басылымдарға редактор болды. Бірақ оның орынбасар болып жүріп тәрбиелеген, өзі шыңдаған шәкірттері кейін бір-бір басылымның редакторына айналды. Корректор жігіттерді құлын кезінен баулып, бас редактор етіп өсірген де осы Сарбас аға болатын. Сондықтан да қазір ел танитын азаматтардың арасында «Сарбас ағаның шекпенінен шықтық» дейтіндер көп. Өзі тәрбиелеген сол редакторлардың ұзын саны қазір он бестен асып жығалады. Бұл ретте Сырбай Мәуленовтің Бауыржанға арнаған өлеңі еске түседі:
Күннің көзі тұрғанында қанталап,
Тұрғанында жан-жақтан жау анталап.
Өзің батыр болмасаң да, ағажан,
Сан батырды шығып едің арқалап…
Иә, талай редакторды тәрбиелеген Сарбас ағаның жолын қазір ешкім кесіп өтпейді. Өйткені қазақта «бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген салиқалы сөз бар емес пе?!

«Кішкентай дүниеден көркемдікті
көргісі кеп тұрады…»

Апамызға сөз кезегі тиген кезде «Қызым, менің бар жұмысым ағаларыңның бабын табу болатын. Кейде шаршап қажып келеді, түн қатып жұмыс істейді. Әлдекімдердің қылықтарына налиды. Заман өзі қиын еді ғой. Жан-жақтан анталаған көздер, бақылау. Әр қадамыңды аңдап баспасаң болмайды. Аңдып отырды ғой… Сол қыспаққа шыдай алмай ішкілікке салынғандар, ауруға шалдыққандар көп еді. Әсіресе сол заман еркіндікті сүйетін шығармашылық адамдарына оңай соқпады ғой. Мұндай кезде әйелдің мойнына артылар жүк де жеңіл емес. Менің бар ойым осы азаматымның қабағын бағып, ас-суын дайындап, баласын бағып, қонағын күтіп, көңіліне кірбің түсірмеу еді. Әйтпесе оқуымды орысша бітірген мен де жерде қалмас едім. Мансап қумадым, отыз жеті жыл бір кітапханада қызмет етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым.
Сәкең үйде де, түзде де шығармашы­лық адамы ғой. Егер сенсең, осы күнге дейін үй шаруасына араласып көрген емес. Үйде не бар, не жоғына да мән берген жоқ. Әйтеуір табыс табады. Балға ұстап, шеге қағуды айтпағанның өзінде, Сәкең үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де жаны қас. Құрманғазы көшесінің бойында төрт бөлмелі үйіміз болды. Едені паркеттен еді. Соған лак жағудың өзі бір бейнет. Мен «үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек» дей бастағанымда Сәкең он шақты күнге іссапарға кетіп қалатын. Арада апта өткен соң үйге телефон соғып: «Қалай? Біттіңдер ме?» дейтін. Ол оралғанша үйдің бәрін жарқыратып, жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені Сәкең жайлылықты сүйеді. Үйдегі гүлдерге өзі қарайды. Таңертен соларға су құйып, сөйлесіп жүреді. Жаны нәзік болмаса, гүлді сүйер ме еді?! Кейде әдемі қағаздарды үстелдегі лампаға, сағатқа жапсырып өзінше үйді сәндеп жүреді. Кіп-кішкентай дүниеден көзі көркемдікті көргісі кеп тұрады.
Бұдан бөлек ағаларың дүкен барып, базар аралау дегенді білген емес. Бір қызық айтайын, бірде үйдің іргесіндегі дүкенге екеуміз кіре қалдық. Сөйтсем, әр нәрсені жаңа көргендей таңғалып: «Мынадай да бар екен-ау?! Мынау мынанша тұра ма? Әй, мынадан алсаңшы! Мынадан бес-алтау алайық» демесі бар ма? Мен «ол бұрыннан бар дүниелер ғой» десем, «ә, солай ма?» дейді. Сөйтсем, ағаларың тіпті үйдің дәл іргесіндегі дүкенге де бір бас сұқпаған екен ғой.
Ал мен кей келіншекше киім кием, сән қуам деген жоқпын. Дүкенде не бар, соны үстімізге іліп жүре береміз. Тіпті бір әйел заты боп әшекейге қызығып көрмеппін. Құлағым да тесілген емес. «Жас жұбайым» деп ағаң да еркелетпепті, оған мен де мені еркелете қоймадың дегенім жоқ. Баяғыда «Ғайнике» дейтін, мен «Сәке» деймін. Қазір мен оны «атасы», ол мені «әжесі» дейді. Дәмді тағам пісіріп, әдемірек көрінген әлдене туралы бағасын сұрасаң, «нешауа!» дейтін де қоятын. Кейін құрбыларым маған «Әй, Нешауаң қалай?» дейтін болды қалжыңдап. Жүзіңе мақтамайтын.
«Аға, мұныңыз қалай? Осынша жыл бір мақтамағаныңыз қалай?» дейміз ғой біз де қарап отырмай. Ағамыз да қарап қалмай: «Нешауа, апаларың өзінің бағасын білетін жан» деп қысқа қайырды.
«Мен бағым жанған
азаматпын…»

Сарбас ағаға курорттарға жолдама жиі беретін. Мұндайда Ғайнижамал апай ілесе кетпей, керісінше, жұбайының жанына балалардың бірін ертіп жіберетін. «Мені қойшы, мына балалар ел көрсін, жер көрсін» дейді екен. Ал өзі сол кезде үйде тосап қайнатып, салат тұздап, банкі жауып жататын.
Бұл жайында Сарбас аға әңгіме тарқатсын:
Демалыс алған сайын ауылға тартамыз. Көкшенің көкорай шалғынынан артық бізге ештеңенің керегі жоқ. Әйтпесе маған жыл сайын шетелдің ең керемет деген жерлеріндегі курорттарға жолдама беретін. Бірақ біз үшін сол Көкше баурайындағы Жылымты мен Қызылсаядан жақсы жер жоқтай көрінетін. Апаларың да «менің шетел көргім келеді» дегені жоқ. Бір рет қана Есентукиге бірге барғанымыз бар. Ал басқа уақытта аңсарымыз ауылға ауатын да тұратын.
Демалыстың алдында қолымызға әжептәуір ақша тиеді. Соны барған кезде екі үйге теңдей бөліп береміз. Олар да біздің қаражатымызға қарап отырғаны жоқ, қораларында ірі қарасы да, ұсақ малдары да бар. Бірақ қаладан сағына барғанда бергің келіп тұратын дағды бар ғой. Осы Алматыда Тәжібай Битаев деген жолдас жігіт болды. Оңтүстік жақтың тумасы. Сол ауылына барған сайын су жаңа костюмнің үш-төртеуін үстіне іле келеді. Мен әзілдеп «Әй, сенің мұның қалай? Барған сайын костюм киіп қайтасың. Біз болсақ апарған 2-3 шамаданымызды бірінің ішіне бірін салып алып қайтамыз» деймін. Сөйтсем, ана сабазым да қарап қалмай «Ол адамның қадіріне қарай ғой» дейді қағытып. Осылайша біздің демалысымыз ауылда өтетін. Шындап келгенде біз өзі демалыс дегенді білмеппіз ғой. Біз үшін демалыс көңілдің тоқтығы мен уайымның жоқтығы еді.
Ғайнижамал апаларың менің қызметіме араласып көрген емес. «Мынау қалай? Анау не істеп жүр?» деген сияқты артық ауыз әңгімеге жоқ. Керісінше, көмегі көп тиді. Алғаш үйленген жылдары балаларымыз ата-анамыздың қолында еді. Өзім облыстық газетте бөлім редакторымын. Аптасына бір рет түн қатып газет шығарамыз. Сол кезде жалғыз қалдырмай ертіп алатынмын. Таң ауғанша бізбен бірге көз ілместен корректорға көмектесіп газет оқиды. Сол дағдысы кейінге дейін жалғасты. «Жетісу», «СҚ»-да қызмет еткен кездерімде таң ата қол қою үшін үйге газет әкелетін. Сол кезде менімен бірге ұшып тұрып, жанталаса газет оқиды. Онысы, әрине, газет бетінде аңдаусыз қате кетіп қалып, азаматымның абыройына нұқсан келмесін деген ойы ғой…
Жазуым ұсақ әрі оны бояп, сыза бергенді ұнатпайтыным бар. Бұл орайда Ғайникең –менің алғашқы оқырманым. Оған қоса редакторым да, корректорым да бір өзі. Біздің тұсымызда қаншама атпал азаматтар, қаламы қарымды қаламгерлер болды. Соның біразы жұбайымен жараспай ішкілікке салынды, қаламымен қоштасқандары да болды. Бұл ретте менің бағым жанған азаматпын» деп бір қайырды.

Шаңырақ шаттығының
формуласы

Ақтаевтар отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің бәрі озат оқушы атанып, кейін де өмірден өз орындарын тапты. Қыздары мектепті алтын медальмен бітіріп, медициналық университетке түсті. Қыз демекші, жалғыз қызын Сарбас аға жанындай жақсы көреді. Қызы бой жетіп, құтты орнына қонар кезінде «Қос ұлым – қос қанатым ғой. Ал қызым қолқам еді. Құдалар, мен Сіздерге қолқамды суырып беріп жатырмын» деп толқығанын Ғайнижамал апа елжіреп еске алады. Екі ұлы да мектепті күміс медальмен бітіріп, бірі инженер-конструктор, бірі журналист-заңгер мамандығын меңгерді. Бүгінде бәрі үбірлі-шүбірлі.
Ел алдындағы еңбегі еленген Сарбас аға мемлекеттік дәрежедегі медаль-ордендердің біразын омырауына тақты. Оның қатарында «Құрмет», «Парасат» ордендері де бар. Бірақ қаламгер үшін қашанда ең жоғарғы атақ мен марапат оқырман берер бағасы болып қала бермек. Бұл жағынан да Сарбас аға ұтылған емес.
Ұмытып барады екенбіз, Сарбас аға – ақын. Кім біледі, журналистикадан жырақ жүргенде бүгінде оның есімі ел таныған ақындардың қатарынан естілер ме еді?! Ағаның ақындығынан бір үзік сыр болсын деген ниетпен кітабынан «Ғ-ға» деген жыр шумақтарын оқырман назарына ұсындық. «Ғ» деп отырғаны, әрине, Ғайнижамал апамыз. Автордың айтуынша, бет қаратпайтын боранды күні жарына асыға жеткен жанның жүрегінен туған жыр екен:

Ғ-ға
Сөз емес маған сұрапыл
Туғанмын өзім дауылдан.
Тұра тұр, боран, тына тұр
Жарым бар менің сағынған.

Жарым бар менің сағынған,
Жетуге соған асықпын.
Еееһ, жын боран қағынған,
Сезбейсің сырын ғашықтың.

Сөз соңында Сарбас аға маған астарлы бір әңгіме айтты. «Жақсы әйел – азаматтың бағы. Таулықтарда әдемі мәтел бар. Олар «еркек –1, әйел – 0» дейді. Солардың пәлсапасына салсақ, жақсы әйел ерін алдында шығарады да, өзі соңында тұрып, оның абыройын асырады. Демек – 10. Ал жаман әйел еркектің алдына түсем деп, өзінің қадірін, азаматының құтын қашырады, яғни еркегін ұсақтайды. Бұл дегеніміз – 01. Көрдің бе, қайтсе ер азамат көбейеді? Қайтсе оның мерейі өседі?» деді баяу ғана.
Қатар тұратын екі цифрдың байқаусыз орнын ауыстыра қалса, қаншалықты қарама-қайшылықты өзгеріске ұшырайтынын біз де енді аңғарғандаймыз. Бұл да отбасындағы ер мен әйелдің орнын тағы бір рет есімізге салса, менің санамда шаңырақ шаттығының жазылмаған формуласындай жатталып жатты.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.