Оқу сапасына назар айрықша

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­с­­­­­­тан мемлекеттік университеті – Қазақ­станның байырғы жоғары оқу орындарының бірі. Бұл жыл – университет үшін мерейлі жыл, оқу орны өзінің 80 жылдық ­мерейтой­ын атап өтпек. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары оқу орнының 40 оқытушысы мен 150 студенті жау­мен шайқасты. Солардың арасында бел­­гілі ақын Абдолла Жұмағалиев те бар бо­латын. Математика саласындағы акаде­­мик Асан Тайманов, кезінде республика­ның Мәдениет министрі болған Қайырғали Байғалиев оқу орнының түлектері еді. Түлектер арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Бірғаным Әйтімова, Парламент депутаттары Шауқат Өтемісов, Елена Тарасенко университет мақтаныштары. Осы оқу орнын іскер басшы, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев басқарады. Бүгінде университеттің жеті факультетінің 23 кафедрасында 52 мамандық бойынша бакалавриат, 24 магистрант және 4 докторант дайындалу үстінде.
Бүгінгі таңда университет Болондық жүйенің толықтай құқылы мүшесі. Сондықтан университет әркез білім беру жүйесінде Болондық үрдістің барлық талаптарына сай болуы үшін күш жұмсап келеді. Бұл жүйеде ең бастысы – жоғары оқу орны беретін білімнің сапасы. Оның негізін университеттің жаңа құралдармен жабдықталған материалдық-техника­лық базасы, зертханалар құру, жаңа ин­новациялық технологияларды пайдалану, электронды және қашықтан оқытуды жүзеге асыру құрайды. Екінші талап – профессор-оқытушылық құрамның сапасы, кәсіби біліктілігі. Бұл жерде оқытушының ғылыми дәрежесі туралы сөз болып отырған жоқ, педагогтың қазіргі әдістемені пайдалана білуі, ақпаратпен жеткілікті қарулануы, қаншалықты шынайы білім бере алатындығы маңызды. Қазіргі ғалым, жоғары оқу орнының оқытушысы бүгінгі күнге қажетті білім мен дағдыны өзі меңгеру керек. Өмірлік тәжірибе жинақтаған білімін үнемі жаңартып отыру қажет, себебі уақыт бір орында тұрмайды, техника күнбе-күн жаңаруда. Ғаламтор, компьютер – білімнің негізгі бұлағы саналмайды. Елбасымыз атқандай, бүгін кітап оқығандар, ертең компьютер алдында, ғаламторда отырғандарды басқаратын болады. Сондықтан кітаптың орны ерекше.
Университеттегі кітапхана қоры қазақ тілінен басқа орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттермен толығып отырады. Оқу орнында Германия, Польша және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары дәріс оқып, сабақ жүргізеді.
Университетте сабақ негізінен қазақ тілінде жүргізіледі. Жастарға ана тілінің маңызы кеңірек түсіндіріледі. Бұл ретте жергілікті ақын-жазушылармен болатын кездесулердің де тағлымдық мәні ерекше. Студенттер ел тағдыры тіл тағдырына байланысты екенін жақсы түсінеді.
Осы жылы Қазақстанның төрт ЖОО-ның қатарында бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жобаға қатысуда. Университетте физика және математика бағыты бойынша екі бірлескен білім беру бағдарламасы енгізілді. Бұл бірлескен бағдарлама Отто фон Герике атындағы (Германия) және Ұлы Казимир атындағы университеттердің (Польша) қатысуымен жүзеге асуда.
Алда да жағымды жаңалықтар тосып тұр. Осы жаңалықтардың бірі – мультимедиялық кластармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ете­тін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» халықаралық ақпараттық технологиялар паркінің ашылуы болмақ. Университет қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. Сонымен қатар жақын арада барлығы 308 орындық студенттерге арналған жаңа жатақхана мен ғалымдарға арналған қызметтік пәтерлер пайдалануға берілмек.
Университетте ақылы топта оқитын студенттер үшін едәуір жеңілдіктер жаса­лын­ған. Әлеуметтік жағдайы нашар, көп балалы отбасынан шыққан білім алу­шыларға да көмек көрсетіліп келеді. Сту­денттерді жатақханамен қамтамасыз етуде әлгіндей жағдайлар ескеріліп отырады.
Университет Қазақстан Республи­касының Білім және ғылым министрлігі қойып отырған талапқа сәйкес Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іс жүзінде жүзеге асыру жолында ғылыми-зерттеу, иннова­циялық жобаларды орындап келеді.
Өткен жылы университетте бірқатар игі жұмыстар атқарылды. Химия ка­федрасының меңгерушісі профессор Д.Мендалиеваның жетекшілігі­­мен кенді бұрғылауға қатысты ғылыми жоба дайындалды. Бүгінгі таңда жоба бойынша ғылыми-зерттеулердің бірінші кезеңін жүргізу үшін университетке 60 млн. теңге қаржы бөлініп, оған 10 оқытушы және магистранттар қатысып отыр.
Республикалық ғылыми-зерттеу орталы­ғының тапсырысымен б.ғ.к. Г.Қайса­ғалиеваның жетекшілігімен атмосфералық ауаны қорғау бағытында құны 2 млн. теңгені құрайтын ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асты.
Батыс Қазақстан облыстық жануарлар дүниесінің каталогін дайындау үшін облыстық бюджеттен университетке бөлінген 720 000 теңге қаржы толық игерілді. Нәтижесінде бірнеше данамен өңірдегі жануарлар дүниесінің каталогі жасақталды.
Сонымен қатар оқу орнында бес ғылыми орталық, экология және биогеохимия сынақ зертханасы жұмыс істеп келеді. Аталған сала бойынша жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларды жүзеге асыруда зертхананың маңызы зор.
Экология және табиғатты пайдалану мәселелері орталығы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі атқарып отыр. 2011 жылдың қаңтар айында орталықта Батыс Қазақстан облысының мұнай-газ кен орындарындағы фауна жағдайы түбегейлі зерттелді. Орталықта профессор ­­­Т.­­Дарбаеваның жетекшілігімен ғылы­ми-зерттеу жобасы іске асты. Негізі университет ғалымдары Батыс Қазақстан облысының өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеу жұмыстарын 2005 жылдан бастап жүйелі жүргізіп келеді.
Университетте білім алып жатқан магистранттар үшін шетелдік оқу орындарында ғылыми тәжірибеден өтуге қолайлы жағдайлар жасалған. Осы арқылы бірнеше жас ғалымдар өз білімдерін шыңдауда. Бүгінгі таңда жас мамандарға әлеуметтік жағынан көмек көрсетуге баса назар аударылуда.
Университет алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен байланыстарды жалғастырып келеді. Осы жылы 13 келісімшартқа қол қойылды. Атап өтер болсақ, Германияның Гутенберг атындағы университетімен, Польшаның Быдгощ қаласындағы Халықаралық туризм және мәдениет институтымен, Ресейдің Халықтар Достастығы университетімен, Астрахань мемлекеттік университетімен, Орынбор мемлекеттік университетімен, Саратов мемлекеттік университетімен және басқа да оқу орындарымен тығыз байланыс орнаған.

Рафхат Халелов
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.