Медицина терминдерін аударуда ала-құлалық байқалады

Еліміз тәуелсіздік алғанымен, тіліміз толық тәуелсіздік алған жоқ, әлі күнге орыс тіліне «тәуелді» аударма тіл болып тұр. Қазақ тіліне орыс тілінен құрылымдық интервенция күшейіп барады. Әсіресе компьютерлік аударма қазақ тілінің құрылымын бұзып жатыр.
Орыс халқының көрнекті гигиенист-ғалымы А.П.Доброславин дәрігер-ғалым С.П.Боткиннің орыс тіліне, ғылымына сіңірген еңбегі туралы былай деп жазған болатын: «Было время, когда мы были принижены в науке, забиты, когда черпали свои знания исключительно из переводных немецких сочинений, когда самостоятельная деятельность в науке русских людей почиталось почти чем-то ненормальным. В Петербургских больницах среди их врачей слышалась только немецкая речь. Более того документы больничного делопроизводство, следовательно документы административного характера, идущие к отчетности учреждений русского государства велись на немецком языке». Дәл осындай тілдік ахуалдан Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы шыға алмай келеді. Бұл жерде А.П.Доброславин С.П.Боткиннің дәрістері, идеялары орыс ғалымдарының «бізге ондай болу қайда?» деген құлдық психологиядан шығуына, орыс дәрігерлерінің рухын көтеруге, медицина терминдерін орыстілді етуге зор үлес қосты деп атап көрсетіп отыр.
Орыс ғылымының тілі жүздеген жылдар бойы дамыды, ал патриот ғалымдары оның бір жүйеге келуіне тер төгіп, үлес қосты.
Қазіргі ғылыми қазақ тілі даму үстінде. Терминологияның дамуына, қалыптасуына ықпал ететін, бастамашы болатын – әр саланың ғалымдары.
Ғылыми терминдер – кірпіштер. Кез келген ғылыми мәтіндер сол кірпіштерден қиюластырып қаланатын қабырғалар. Кірпіштері кетік, қисық, сынық болса, стандартталған қалыппен құйылмаса, қабырғаның түзу қаланбайтыны белгілі.
ХХ ғасырдың басында қазақ тілі мен грамматикасына бір өзі «Тіл академиясындай» еңбек етіп, үлес қосқан ана тілі білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы денсаулық сақтау саласына қатысты бір мақаласында мынадай пікір жазады: «Ауру – денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншілік. Ол зарарлы нәрселерді микроб дейді. Микроб денеге орнап, көбейе бастаса, тәнге зарар келтіре бас­тайды. Тәннің қалыпты істеп тұрған істерін бұзып, бүлдіріп, денеге зарарлы улар жая бастайды» (1913ж.). Тағы бір мақаласында: «Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Тән кемшілігі жанға білінеді, жан кемшілігі тәнге білінеді» (1922 ж.). Ақаңның қазақша жатық тілмен күрделі құбылыстарды ұғындыру шеберлігіне таңғаламыз. «Зарарлы», «бүліншілік» деген сөздері ұғымдық терминнің жүгін көтеруге сұранып-ақ тұр. «Микроб» деген шетелдік атау сөзден де қашпайды.
Ал біздің бүгінгі дәрігер-ғалымда­ры­мыздың қазақша жазған оқу құралдарынан мысал келтіріп салыстырайықшы.
«Әйелдің көкірегінде екі омырауы болады, сүт өндіруге жауапты екі мүшесі. Олар әйелге тән өте тартымды келеді». Біріншіден, бұл аударма сөйлем екені көрініп тұр. Екіншіден, осы сөйлем қазақша сөйлеп тұр ма? Сүт өндіретін ағзаны (органды) ауызекі сөйлегенде кейде «кеуде», «омырау» деп астарлап, ауыспалы атаулармен айта береді, бірақ бұл ағзаның нақты терминдік атауы емшек қой. Емшек сөзін анайы (боғауыз) сөздер тобына жатқызатын «ұялшақ» аудармашылар Бердібек Соқпақбаевтың шығармасында – «Әйелдер емшектегі балаларын ала келіп, жыласа, омырауларын жарқыратып ашып емізіп отырғанын көресің» деп жазғанын оқысын. Медициналық ғылым тілі үшін омырау басқа, емшек басқа, сол сияқты көкірек (грудная клетка), кеуде (грудь) – екі түрлі аймақ. Орган – мүше емес, ол – ағза, ал мүше – член. Әлі күнге орган сөзін организммен шатастырып жүрміз. Жалпы -изм қосымшасы мен -логия сияқты тіркеспен аяқталатын ұғымдық терминдердің бәрін қазақшалаймыз деген әрекетке қарсымын. Мысалы, гинекология терминін аударып – тану тіркесімен қосып жазсақ не болмақ? Қазақ тілінде «әлеуметтану», «табиғаттану» деген сөздер бар ғой дейтіндердің уәжі солқылдақ. Мысалы, «Травматологияны» – жарақаттану деп аударсақ, «травматизм» – жарақаттанушылық болар еді. Сонда жарақаттану жарақаттарды зерттейтін ғылым ба, әлде жарақат алып қалуға қатысты сөз бе?
Бір оқу құралынан «Нижние и верхние конечности имеют по пять пальцев» деген қарапайым сөйлемнің «Аяқ пен қолда бес саусақтар болады» деп аударылғанын көрдік. Орыстар үшін аяқта да, қолда да «пальцы», қазақ үшін қолда – саусақтар, аяқта – бақайлар. Мүше атауларын ажырата алмау былай тұрсын, қазақ тілінің грамматикасын бұзып, «…бес саусақтар болады» деп оқулық жазатындар барына қайранмын.
Өз саласының білгір маманы болғанмен, сол саланың проблемаларын қазақша жатық тілмен жазатын мамандар өте аз. Көбісі «калька» аударма. Жүз жылғы орыс тілінің әсерінен шалақазақтанып кеткен мамандарымыздың пайдаланатыны қазақша «Орфографиялық сөздік» (Алматы, 2007). Сол сөздікте ит тіс, күрек тіс, азу тіс, ­мойын омыртқа, ауыз омыртқа, тоқпан жілік, ортан жілік, кәрі жілік, бас сүйек, т.с.с. бәрі бөлек жазылған. Ал біз үшін бұл атаулар бірге жазылғаны керек. Мысалы, медицина үшін бас сүйек – главная (головная) кость, ал бас сүйегі дейін десең, кость головы болып кетеді, бізге керегі бассүйек деп бірге жазу, демек, череп атауының баламасы керек.
Медицинаға, ветеринарияға, биологияға, биохимияға және т.б. ғылымдар саласына ортақ терминдер көп. Өкінішке орай, соларды әр саланың ғалымдары әртүрлі аударып қолдана береді. Мысалы: клетка, торша, жасуша немесе ткань, тін, тоқыма және т.с.с.
Дүниежүзінде тілдік айналымда жүрген бірнеше жүз мыңдаған медицинаға қатысты терминдер бар. Медицинамен шектесіп жатқан білім салаларының терминдерін есепке алмағанның өзінде тек медицинаның ғана сөздік қорында қанша сөз бар екенін дөп басып айту өте қиын.
Соңғы ғылыми жаңалықтармен байланысты терминдердің қосылуы өте қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын медициналық лексикамызға жүздеген жаңа атаулар қосылады. Олардың ішінде өзге тілдерден, әсіресе ағылшын тілінен енген сөздер көп. Дүниежүзінде басылып шығатын медициналық ғылыми еңбектердің 60 пайыздан астамы ағылшын тілінде жазылады.
Стедманның ағылшынша көлемді медициналық сөздігі 90 000-ға жуық жетекші (түбірлік) терминдерді қамтыған.
М.Н.Чернявскийдің деректеріне қарағанда, неміс тіліндегі медициналық сөздікте 250 000-ға жуық жетекші термин бар екен, ал французша медициналық сөздіктегі терминдер саны – 200 000. Қазіргі кездегі орысша әдеби тілдің 17 томдық сөздігінде 120 000 сөз бар екен.
«Энциклопедический словарь медицинских терминов» (1982-1984ж.) 60 000-ға жуық терминді қамтыған. 1975 жылы шыққан «Русско-английский медицинский словарь» 50 000-ға жуық термин берген, ал кейінірек 2001 жылы шыққан «Большой русско-английский медицинский словарь» 70 000-ға жуық терминді қамтыған.
Осы мақаланың авторы құрастырған орысша-қазақша-ағылшынша медициналық терминдер сөздігі 40 мың ғана жиі кездесетін терминдерді қамтыған. Әрине, бұл аз. Келешекте толықтырып, таралымын көбейтіп мамандарды қамтамасыз ету қажет.
Кез келген салалық сөздіктер өзіне тән терминдерінің саны жағынан да, кәсіби лексикасының ұғымдық сан алуандығы жағынан да медициналық сөздікпен теңесе алмайды деуге болады. Себебі медицинаның салалары өте көп және әр саланың өзіне тән терминдері бар. Мысалы, адам организмінің қалыпты жағдайдағы морфологиялық құрылымдарына, ондағы үдерістерге және аурудың даму сатыларына, ауырлық дәрежесіне байланысты атаулар; атаулардың белгілеріне (симптомдар, синдромдар); аурулардың қоздырғыштары мен ауру тасымалдаушыларына қатысты атаулар; қоршаған ортаның адам организміне жағымды немесе зиянды әсер ететін факторларына қатысты атаулар; гигиеналық, санитариялық-эпидемиологиялық атаулар; терапиялық атаулардың диагностикасына, профилактикасына, емдеу әдістеріне қатысты атаулар; хирургиялық операцияларға қатысты атаулар; медициналық аппараттардың, құралдардың және басқа да техникалық құрылғылар мен жабдықтардың, медициналық арнайы жиһаздардың атаулары; дәрілік заттар, қосылыстар, олардың фармакологиялық әсеріне қатысты сөздер; дәрілік өсімдіктердің атаулары, тағысын тағылар.
Бір ғана анатомиялық және гистоло­гиялық атаулар тізімінде 10 000-нан астам термин бар. Ағзалардың тек қана функция­сын сипаттайтын сөздер саны 20 000-нан артық. Зерттеу әдістеріне, емдеу әрекеттеріне қатысты 40 000-ға жуық сөз бар. Тек ауру атаулары 10 300-ге жуық. Қойылатын диагноздардың түрі – 30 000. Симптомдардың бірнеше он мыңдаған атаулары бар. Бір ғана онкологиялық терминдер саны қазіргі кезде 35 000-ға жетті.
Сонымен қатар терминдік қызмет атқаратын сан алуан ғылыми ұғымдар бар. Мысалы, процесс – үдеріс, тенденция – үрдіс, явление – құбылыс, вещь – зат, вещество – заттек, свойство – қасиет, качество – сапа, сущность – мән, т.с.с.
Ғылыми ұғымдық терминнің лексикалық мағынасы оның дефинициясымен, яғни энциклопедиялық және түсіндірмелік анықтамасымен сәйкес келеді.
Терминдер көп жағдайда зат есім түрінде болады немесе жетекші сөзі зат есім болып келетін сөз тіркесінен тұрады. Етістік сөздер де термин бола алады, себебі белгілі бір ғылым саласына тән үдерістерді бейнелейді, мысалы, пальпация – пальпировать – пальпациялау, протезировать – протездеу және т.б.
Ғылыми терминдер эволюциялық жолмен дамып, тіпті мазмұндық жағынан түбегейлі өзгеріп кетуі де мүмкін, бірақ негізінен өміршең келеді.
Көптеген оқу құралдарынан ревматический, анафилактический, апластический және т.б. осылар сияқты анықтауыш терминдер ревматикалық, анафилактикалық, апластикалық деп аударылғанын көріп жүрміз. Бұл терминдердің түбірі ревматизм, анафилаксия, аплазия болғандықтан, қосымшалар осы түбірлерге төте жалғанып, ревматизмдік, анафилаксиялық, аплазиялық болып жазылуы керек.
Өзге тілдерден аударылған материалдарды оқу барысында қабылдаушыға тілдік-стильдік кедергілер кездеспеуі қажет, демек, қабылдаушының ұлттық ерекшеліктері ескерілуге тиіс.
Қазақ тілі мұғалімі терминком бекіткен қазақша атауларды өзі жақсы білуге міндетті. Рецензия берушілерге қойылатын талапты күшейту керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тілі – ғажап тіл. Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек. Ғажап тілді азап тіл сияқты етіп көрсететін оқулықтардан құтылуымыз керек» деген сөзі алдағы уақытта басшылыққа алынса деген тілегім бар.

Мұхамбедия АХМЕТОВ,
«Астана медицина университеті» АҚ Мемлекеттік тілді дамыту және
тіл саясаты бөлімінің бастығы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.