Әліппе үйретудің жаңа әдіс-тәсілдері

Оқушылардың білімі, таным көкжиегі мектептегі ең алғашқы оқулығы «Әліппеден» бастап қалыптасатыны белгілі. «Әліппе» баланы әріптердің ерекшелігімен таныстыра отырып, алғашқы білім нәрімен сусындатады. Демек, «Әліппеге» жүктелер міндет те, жауапкершілік те зор. Қазіргі таңда мемлекеттік білім стандарттарына сай жазылған мектеп оқулықтарынан бөлек, жекелеген авторлардың, тәжірибелі мұғалімдердің өздерінің дайындаған әдістемелік құралдары, оқулықтары да бар. Мұның барлығы білімге деген әртүрлі көзқарастың, әртүрлі қағиданың да бар екенін жоққа шығармайды. Көп жағдайда жекелеген авторлардың әдістемелері тиімді, оқу үдерісіне қажетті болса да, құзырлы мекемелердің тарапынан қолдау таппай, оны кеңінен ендіруге, жан-жақты насихаттауға қаражаттың, мүмкіндіктің жоқтығынан жүзеге аспай қалып жатады. Тура осындай жағдайды жиырма төрт жылдық тәжірибесі бар, білікті де білімді ұстаз, Алматы қаласындағы «Репетитор» оқу-дайындық орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Іңкәрбек Дүйсебекке қатысты айтқан болар едік.

Іңкәрбек өз күшімен, тынымсыз ізденісімен «Әліппе әлемі» атты әдістеме дайындау үстінде. Бұл әдістеменің жалпы құрылымын, мақсат-міндетін зерделей отырып, мектептер мен балабақшаларға өте қажет оқу құралы екеніне көз жеткізе түскендей боласың. Бұл туралы Іңкәрбек өзі былай дейді: «Бізде, өкінішке орай, балаларға арналған жақсы дүниелер өте аз. Бала қызығып оқитындай, баланы еліктіретіндей кітаптар көп бола түссе дейсің. Мәселен, көршілес Ресей елінен шығып жатқан кітаптарға зер салып қараңызшы, әр жастағы баланың талғамына сай кітаптарды табуға болады. Олар оқушының жас ерекшелігін ескере отырып дайындалатындықтан, заманның талаптарына сай болғандықтан жоғары сұранысқа ие. Сапасы да, материалдардың жазылу формасы да көңілден шығады. Осылардың бәрін ойлай келіп, «Әліппе әлемі» атты жеке әдістемемді дайындап шығаруды қолға алдым. Ондағы ойым балалардың білім сапасына өз үлесімді қосу». Іңкәрбектің айтуынша, бұл авторлық жобасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапса, балаларға әріптерді үйретіп қана қоймай, оны өзге де пән білімдерімен сабақтастыра түсуге, оқушылардың білімін кеңейтуге мүмкіндіктер ашылар еді. Өйткені әдістеменің басты мақсаты соған негізделген. Автор бүгінгі таңдағы «Әліппе» оқулығын, оның сапалық деңгейін зерттеп барып, мәселеге қай тұрғыдан келу керектігін, педагогикалық амал-тәсілдер қандай болуы керектігін дөп баса білгені байқалады. Өзінің әдістемесін балабақшаларда, бастауыш сыныптарда тәжірибе ретінде ендіріп көрген автор балалардың «Әліппе әлемі» әдістемесіне деген қызығушылықтарының жоғары болғанын айтады. «Мен бұл шығармашылық жұмысымды толық аяқтаған жоқпын. Өйткені ойлаған жұмыстарымды іске асыруға қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр» дейді автор. Іңкәрбек өз әдістемесі арқылы оқушының жүрегіне жол таба білетіні байқалып тұр. Әріптерді енді үйрене бастаған балаға оңай әрі жеңіл тәсіл тауып, меңгерте білу де кәсіби шеберлікті қажет ететіні түсінікті. Бұл жағынан алғанда тәжірибелі ұстаздың айтары мол. Ол мәселені ішкі қырынан тани білген.
«Әліппе әлемі» әдістемелік оқу құралына байланысты тағы да айтарымыз, оның өн бойында бірнеше қажетті әрі пайдалы дүниелер қамтылыпты. Әріптердің ерекше тәсілмен түсіндіріліп, жеткізілуінен бөлек, оған қоса анимациялық туындылар, ноталар жинағы, аудиодиск, түрлі кескіндемелер, т.б. көрнекі құралдар әзірленуде. Іңкәрбек өзінің жеке әдістемесі арқылы балалардың ой-қиялын ерте бастан дамытуды мақсат етіп отыр. «Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыға ең пайдалысы, – дейді Іңкәрбек, – олардың тіліне жеңіл келетін, ұғымына сай болатындай әдебиеттердің мол болуы. Бізде бұл жағынан алғанда әлі де жеткілікіз тұстарымыз көп. Әртүрлі әдістемелік құралдардың, бала танымына сай келетін қазақ тіліндегі кітаптардың шығып жатқаны теңіздің тамшысындай ғана болып отырғаны ойлантады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шама-шарқымызша еңбектеніп жатқан жайымыз бар».
Жоғары санатты мұғалім Іңкәрбек Елтайұлы 2002 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, байқаудың 1-жүлдесін иеленген. Бастауыш сынып балаларының білім деңгейін арттыруды ойлап, соған жанашырлық танытып, белгілі бір нәтижеге жетсем деп жүрген әдістеме авторы қолға алып жатқан істеріне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау жасалса деген тілегі де бар.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Мұхтар

    Іңкәрбек тәрізді ізденімпаз мұғалімдер көп болса, балалардың болашағына көп алаңдамауға болады. Әліппе әдістемесін дайындап жатыр екен, сәттілік жолдас болгай!

  2. Гулия

    Мұндай бастамалар жоғары жақтан қолдау таппай қалып жататыны өкініштік. Тәжірибелі мұғалімдердің жандаусын естіп жатқандарды көрмейсің.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.