Сұлулыққа іңкәр ақын

Қуандық Шаңғытбаев туралы толғаныс.

Күндер. Айлар. Жылдар. Тоқтауды білмейтін уақыт көші тынымсыз алға жылжыған сайын, күні кеше бірге тыныстап, бірге ғұмыр кешкен азды-көпті аралас-құралас, дәм-тұздас боп, жарық дүниеден бақилыққа ауысқан аяулы жандардың бет-бейне, жүріс-тұрыс, іс-әрекеттері де бұлдыр тартып, көмескілене беретіні табиғи жай. Жүре келе олардың көзін көріп, рухын әспеттейтіндер де сетінеп, селдірей түседі. Мен білетін, сен білетін күллі бір кезең, дәуірде айшықты ізі қалған тау тұлғалар біртіндеп елес-жұмбақ, аңыз-әфсанаға айналады. Әсіресе кейінгілерге. Әрине, олар халқына қыруар қызмет етіп, даңқын аспандатса, оларды халқы да жадында сақтап, есінде ұстайды. Әйтсе де…
Жалындап, дабылдап, жарқылдап, ішкі жан жарасын сездірмей, сырт көзге қашанда шат-шадыман жүретіндей көрінетін қадірменді Қуан аға, арқалы ақын Қуандық Шаңғытбаевтың бүгінде кім қай қылық, қай сыр, кісілік, адами кескін-келбетін біледі, еске алады? Бұл тұрғыдан көкейді күпті етіп, сыртқа шығаруды күтіп, жүрек түкпірінде жүретін азын-аулақ жәй-түйлерді ортаға салсақ деуші едік. Соның реті енді келгендей.

Қуандық Шаңғытбаевтың аты-жөні мектеп есігін ашып, қара танығаннан мәлім-тін. Өлеңдерін оқыдық, өлеңдеріне жазылған әндер тыңдадық, қазақ өнерін күрт құлпыртып, дауысын асырған «Беу, қыздар-ай», «Беу, жігіттер-ай» пьесаларын Алматыдан да, ауылдық сахналардан да талай рет көріп, рухани сусындадық. Өзін ше? Көремін, танысамын, тіпті қатар жүріп қызметтес боламын, әзіл-қалжыңын естимін, бәзбір кәдесіне де жараймын деп кім ойлаған?
Соның бәрі де бастан өтті, шүкір. Осынау заманының серкесі, халқының еркесі, сәнді де сымбатты, жан дүниесі аспандай ашық, жүрегі кең, көңілі көл, зәредей кәкірсіз азамат ақынды тұңғыш рет 1958 жылы жазда мені астанаға бастап келген Апбаз Қаражігітов ағаммен бірге Жазушылар одағында сыртынан көрдім. Ол кезде қолы жеткендер әлдебір қымбат матадан тігілген ақ костюм-шалбар киетін. Қуекеңнің үстінде де сондай киім бар екен. Ұзамай Апбаз ағам Жұбан Молдағалиевті шайға шақырып, ол Қуандықты ерте келді. Мұны қазір там-тұмдап айтып жүретін себебім, содан бастап Жұбан Молдағалиев маған жылы қарап, радионың бастығына жұмысқа ал деп араб әрпімен хат жазып берген-ді (бірақ маған басқа жерге орналасудың сәті түсті). Ол кезде Жұбан «Жұлдыз» журналының редакторы, Қуандық орынбасары екен.
Екеуін шайға шақырғанда Қуандық дастарқанға отырар-отырмастан Жұбанды меңзеп: «Бұл сам, мен зам» деп жайраңдай сөйледі.
Онан соң университетті Апбазбен бірге бітірген Ізтай Мәмбетов екі сөзінің бірінде Қуандықты мақтап, өлеңдерін жатқа оқитынына куә боп жүрдік. Ұмытпасам, «Шабандоз қыз» дейтін өлеңіне ерекше дәріптейтін. Қуандықтың Ізтайға – оның Жұбан Молдағалиевтің қарындасына үйленгенін тұспалдап, «Әй, Жұбанның күйеу баласы» дейтіні де жарасып тұратын.
1964 жылы мамыр айында «Мә­дениет және тұрмыс» журналына әдеби қызметкер боп қабылдандым. Журнал басшысы, мені 1958 жылдан білетін белгілі қаламгер ­Сапар Байжанов фельетон жанрын қатты қадірлейтін, соны қолға аласың деді (алайда ұзамай ол жанр суалып, «Ара» журналының өзі шартты фельетон жариялайтын күн тумады ма?).
Уақыт өтіп жатыр. Үлкен қала. Анда-санда Қуандық ағаны көргенде ұшып барып амандасамын. Жатсынып-жатырқамай «ой, аузыңды…» дейтін үйреншікті әзілімен жағдай сұрап, айналып-толғанады.
1966 жылы ма екен, Қуан аға Киностудияда істеп жүрген жауапты қызметінен босап, «Мәдениет және тұрмыс» журналына келді. Келді де, он шақты адам отыратын ескі бөлменің бір шетіне жайғасты. Ол кезде редактор – Мұса Дінішев. Бір бөлмеде қысылып-қымтырылып отыратындар – Жекен Жұмаханов, Ғаббас Жұмабаев, Жамал Байжанова, Бек Тоғысбаев, Өкім Жайлауов, Қажкен Ахметов, Жағда Бабалықов, т.б. ақын, жазушылар.
Ертеден-кешке дейін әңгіме-дүкен. Ортадағы жалғыз телефон бір сәт босамайды. Он қызметкерге сырттан он адам, он қызметкер сыртқа он рет телефон шалғанның өзінде, есептей беріңіз, жиырма қоңырау. Ал ол тіпті де жиырма емес. Міне, осындайда мақала жазу, хат қорыту, сырт авторлармен сөйлесудің қандай боларын бағамдай беріңіз.
Редакцияның үйі ескі, тар, редактордың кабинетінің алдындағы қуықтай бөлмеде секретарь-машинистка, көркемдеуші редактор, техникалық редактор, корректор, курьер, үй сыпырушы үйме-жүйме боп отырады. Қарсыдағы одан да шағын күңгірт бөлмеде редактордың орынбасары – жауап­ты секретарь мен бір әдеби қызметкер. Қалған кең бір бөлмеде – біздер, екі адам бір столдың екі жағына отыратын он сабаз.
Қуан ағаға қаламдас құрбы-құрдас, аға дос, іні достары жиі келеді. Көбірек келетін – екі пьесаны бірлесіп жазған – бұрын редакцияның маңына жоламайтын халық артисі Қанабек Байсейітов. Қанабек анаған бір, мынаға бір «тиісіп» болған соң, Қуан аға екеуі шығып кетеді. Қуан аға Қанабек туралы небір қызық әңгімелер айтады. Қызметсіз қалған Қайнекей Жармағамбетов те Қуан ағаға жиі келіп жүрді.
Өзін қашанда ашық-жарқын ұстайтын Қуан ағаның біз білмейтін сан түрлі «өнері» бар екен. Екі сөзінің бірі «Өй, Тахауи!», «Өй, Берқайыр!» Еркелетсе де, кейісе де солардан бастап, солармен тәмамдайды. Әлдекімдерге телефоннан дауысын өзгертіп сөйлегенде, олар түгіл, жанында отырған біздер танымай қаламыз.
Телефон шыр етті. Мен көтердім. Жас әйел сыңғырлаған дауыспен Жағданы сұрады. Тұтқаны Жағда Бабалықовқа ұсындым. Ойда дәнеңе жоқ. Әшейінде бәсең үнмен қысқа сөйлеп, қысқа қайыратын Жақаң бұл жолы дауысын сан құбылта шығарып, ұзақ сілтесін. Әдейілеп құлақ түрмесек те, бір бөлме болған соң еріксіз естіліп тұр емес пе?! Жақаң «солай ма, қайда дейсіз?», «енді көрейік» дегендей бірдеңелер айтып, сылқ-сылқ күледі, «болады, болады» дейді. Ең ақыры «ой!» деп кеңк етті де, тұтқаны орнына қоя салып, одан сайын күлсін. «Қуандық қой, Қуандық!» дейді төрдегі Жекенге қарап. «Бойдақпын, жаспын, басыңыз бос па? Жігіттігіңіз қалпында ма? Онда танысайық. Осы бүгін кездесейік» дейді әйел дауыс­пен. «Енді қайтейін. Сеніп қалдым» дейді Жағда.
Асқазаным ауыратын мен түсте диеталық асханаға барып тамақтанамын. Басқалар осы үйдің бұрышындағы дүнген лапшасы бар кафеде түстенеді. Кейде мен де барамын. Манна ботқасы, котлет секілді жеңілдеу тағам аламын. Қуан аға лапшаға қара бұрыш, қызыл бұрыш, сірке су, тұзды аямай салып жатып, менің алдымдағы тағамға да бұрыш сеппек боп қол созады. Мен баж етемін. Басқалар жалт қарайды. Қуан ағаға да керегі сол. Қыран-топан күлкі.
Тағы да шыр еткен телефонды кө­терейін. Ар жақтан кәдімгідей сөй­леген біреу ананы-мынаны сөз етіп, соңына қарай: «Берқайыри, Берқайыри, Берқайыри» деп тұрып алсын. Бұл не мазақ деп, тұтқаны тас­тай салдым. Бірақ ол жолы оны Қуағаң деп ойламаппын. Дауысын өзгертіп сөйлеген сол екенін кейін білдім.
Әзілің жарасса, атаңмен ойна дегендей, әйтеуір менімен жиі қалжыңдасатын (мен өйтпеймін). Редактордың орынбасары – жауапты секретарь ауысып, орнына Қуан аға тағайындалды. Республикаға жаңадан тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі құрылып, жоғарының нұсқауымен журнал ендігі жерде мәдениетпен қоса, осы саланы да жазуы тиіс болды. Редактор Мұсекең оны маған жүктеп, жаңадан тағайындаған Тұрмыстық қызмет көрсету министрі ­Камалбай Кетебаевқа ертіп барды. Журналдың әр санында тұрмыс комбинаты, етікші, шаштараз, сағат жөндеуші, тігіншілер жайлы мақалалар жазу қолға алынды. Қуан аға екі күннің бірінде «шаштараз туралы материал керек, қазақ болсын, қайдан болса да тап» дейді. Қалада не көп, шаштараз көп, ал қазақ емге жоқ. Әйтеуір, бір күні «ДЭУ-15» жақтағы моншадан әлдебір ұсқынсыздау қазақ шаштараз табылып, сол жайлы шағындау мақала жазылды. Қазақ шаштаразды мақтап-мақтап келіп, «шаштараздық мәңгілік мамандық, адамдардың сақал-мұрты өспей тұрмайды, сондықтан шаштараздар ешуақытта жұмыссыз қалмайды» деп, басына «Таздардан басқаның бәрі риза» деген тақырып қойылды. Ар жағында «Таздарға шаштараз не керек?» деген Қуан аға үшін қылжақ бар.
Мақаламен танысқан Қуан аға кіріп келіп: «өй, аузыңды ұрайынын…» айтты да, жұртқа қарап: «Әй, мынау осылай етті, мазақтады» деп қарқ-қарқ күлді. Кейде «Осы неге әрбір адам өмірдің сұлу болуына атсалыс­пайды?» дейтін әсемдікке, сұлулыққа мәңгі ғашық, іңкәр ақын.
Бір күні «бұдан былай сен маған қоғамдық негізде орынбасарсың» деп, жауапты секретарьдың орынбасары ретінде атқарылуы тиіс біраз мәселені қадап айтты, қызметкерлерге бұл менің орынбасарым деп хабарлады. Аға әдеби қызметкерлікке бір саты жоғарылағаным таяуда, бастауыш партия ұйымының секретары әрі саяси насихатшымын. Қуан ағаның тапсыруына орай, айналадағыларға оны-мұны айтқан, талап еткен боламын. Пәлендей ештеңе жоқ. Сонда да Ғаббас Жұмабаев болмашы нәрсеге мені «тырнадан жасауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес» деп іліп-шалатын. Бір бөлмедегі он шақты адамның үш-төртеуі темекіні орындарында отырып, езіп тартады және тысқа шығып тартқан жөн дегенді құлаққа ілмейді. Олар жоқта Жекен Жұмаханов: «Әй, антұрған, партия жетекшісің ғой, мыналарға айтсайшы, бөлмеде шылым шекпесін» дейді. Оны Жамал Байжанова, Жағда Бабалықов қостайды. Мен айтуын айтқанмен, нәтиже жағын өздері де көріп жүреді, сонда да мені қайрайды. Бірде тағы да сол Ғаббас Жұмабаев сөзуарлыққа салып: «Айналайын Асабаев, аздап қана қасарайық, кіп-кішкентай ұжымда, қырғи-қабақ жасамайық» деп түймедейді түйедей етті. Иншалла, көңілге алатын дәнеге жоқ, ұждан таза, қайта осының бәрі бізді одан сайын жақындатып, табыстыра түсті. Қайран Ғабең, Ғаббас Жұмабаев асқан білімді, сауатты, қара сөздің алғыры, екі тілге жүйрік, аса қарапайым, текті адам еді.
– Әй, – деді бір күні Қуан аға оңашада. – Мынау жауапты секретарьлық жұмыс маған қол болар емес. Ол орынға Мұсекеңе сені ұсындым, егер шақырып алып айтып жатса, бас тартпа, жарай ма, маған бөлім меңгерушілігі жетеді.
Мен ойланып қалдым. Ол қызметке дайын емесімді білемін. Тіпті әлі бөлім меңгерушісі де емеспін. Бірақ Мұсекең ол жөнінде сөз қозғаған жоқ, Қуан аға бөлім меңгерушілікке ауысып, орнына Шәрбану Құмарова келді.
Партия ұйымының секретары болған соң, ай сайын жарна жинау менің еншімде. Сонда көріп жүретінім, қайдан алатынында шаруам жоқ, Қуан ағаның айлық табысы кем дегенде мың сомнан төмен болмайды. Басқаларда 200-300-дің о жақ, бұ жағы. Қа­ламақы алмай, таза жалақымен жүретін Мұ­секеңде әрі де, бері де емес, тұп-тура 250 сом.
Қуан аға насыбай ататын. Насыбай болғанда, оңтүстіктегі Сарыағаш, Келес аудандарының насыбайларымен маған дейін де әмпей екен. Қуан аға бізге келген соң, насыбаймен қамтамасыз ету толық маған ауысты. Жылына кемі екі-үш рет командировкаға барғанда шампан бөтелкесіне толтырып ала келемін. Қуан аға бірден тіл астына салады. Салады да: «Ой, қандай керемет, міне, насыбай деп осыны айт» деп басын шайқайды. Тағы бірде Ташкенттен ала келген насыбайдың бір шөкімін аузына салған бойдан рас па, өтірік пе, мойны салбырап, талып қалсын. «Өте күшті екен» деді есін жиған соң.
Жоғарыда оны «ішкі жан жарасын сездірмей» деп қалдық қой. Бір басына ол жағы да жететін. Он төрт жыл төсек тартып ауырған анасын Қуан ағаның жар қосағы Мәриям жеңгей сыр білдірмей күтіп, қас-қабағына қарады, бағып-қақты. Енесі қайтыс болған соң Мәриям жеңгей де сондай аурумен ауырып, ұзақ жатып қайтыс болды. Бұл кездердегі Қуан ағаның жан күйзелісін білдірмей, еңсесін тік ұстап жүруі ерліктің ерлігіне тең еді. «Дунган лапшасын Жәнібек (ұлы) екеуміз жасаймыз, қамырды өзім созамын» дейтін. Ол кезде дүкенде молынан сатылатын әрі дәмді, әрі тез пісетін «русский пельмен» дейтін болды. Соны пайдаланатын. Үйіне барғанда Қуан аға созған лапшаның да, пельменнің де дәмін татқанбыз.
Журнал редакциясынан Қазақ радиосына Бас редактор боп ауысқан соң да, ара қатынасымыз үзілген жоқ. Онша-мұнша жазған-сызғандарымды эфирден бергізіп, көмектесіп жүрді. Оның үстіне, бұл жақтан елге кім барса да, ол жақтан мұнда кім келсе де, менің тапсыруыммен насыбай ала келеді. Оны Қуан ағаға не мен, не әкелген адамның өзі апарып береді. Кейде телефоннан: «Әй, Тахауи!» деп саңқ етеді. Бұл насыбай таусылғанда естілетін дауыс. Біле қоямын. «Болады, болады, келеді, алдырамын» деймін. Қайсыбір жылы біраз ағайын белгілі ақын Берқайыр Аманшинді еске алу кешінде бас қосып, сонда Қуан ағаның кенжесі – өзі Гаукамаш деп еркелететін – Гауһарды көріп, бір жасағандай болдым. Гауһар онда Қуан ағаны өмірінің соңғы жылдарында сенімді серік болып, риясыз бағып-қаққан Мәриямнан соңғы қосағымен бірге келіп, екінші анасын мәпелеп-аялап отырды. Қуан ағаның көзі тірісінде дидарласа алмаған екінші жеңгеймен сонда танысып, жиын біткен соң Гауһар екеуін көш жерге дейін шығарып салдым.
Омар Хаямның рубаяттарын шебер аударған Қуандық Шаңғытбаевтың қандай ақын болғанын ел-жұрт бізсіз де біледі. Мәриям жеңгей дүние салған соң, Қуан ағаның қайғысы қалыңдап, мұң-наласы молая түсті. Оны өлеңдерінен де аңғару қиын емес-ті. «Мені жан-тәніммен түсінетін адам табылды, екі бөлмелі пәтерге шықтым, үйге кел» деді бір жолы телефон соққанымда.
Қу тірлік, жол түспеді, мұрша келмеді. «Ешкімде шатағым жоқ, өзіммен-өзіммін, сыйлағанның құлымын» дейтін Қуан аға қашан тілдессек те.
«Әй, Тахауи!» деп саңқ ететін өткір де ашық дауыс естілмейтін болғалы қай заман.
Біз де жаның жаннатта болсын, қайран аға дегеннен бөлек не айтайық.
Бір өзі бір әлем, бір дәуір деуге сиятын Қуандық Шаңғытбаевтай заңғарлар да, дүлдүлдер де кетіп жатыр, өтіп жатыр ғой фәни жалғаннан. Беу, дүние-ай!

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.