Баянауыл батыры

Бұл күндері Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының қаһарманы Несіпбек Баязитовтың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары қолға алына бастады. Биыл облыс әкімі Е.М.Арын бекіткен «Тарихи мәдени мұра» (Жол картасы) бағдарламасы бойынша 2013-2015 жылдары атқарылар жұмыстар шеңберінде Баянауыл ауданында Несіпбек Баязитовтің мүсін-ескерткіші орнатылатыны да белгіленіпті. ­Баязитов жөнінде республикалық баспасөзде кеңінен жазыла қойған жоқ. Сондай-ақ жергілікті баспасөзде де оның өмірі мен ерлік өнегесі айтарлықтай әйгіленбей келеді екен. Солай болса да жұртшылық арасында оның соғыста көрсеткен қаһармандығы жөнінде жиі айтылып жүр. 

Республика жұртшылығы «Ана тілі» га­зетінің 2009 жылғы 17-желтоқсандағы са­нында Баязитовтың өмірі мен соғыстағы ерліктері жөнінде жарияланған көлемді ма­қала арқылы қанық болған еді. Несіпбек Баязитов деген кім? Ол қандай ерлік жасады? Осы жөнінде тағы да әңгіме қозғауды жөн көріп отырмыз.
Несіпбек Баязитов Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып өскен. Баянауыл­дан көптеген әнші-күйшілер, ғалымдар шыққаны жұртшылыққа мәлім. Несіпбекке де жастайынан әншілік өнер дарыпты. 1940 жыл­дары қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының әншісі болғаны мұның айқын дәлелі болса керек. Ол Баянауыл­дан Алматыға келіп Қазақстандағы театр өнерінің негізін салушылардың бірі Жұмат Ша­ниннің қамқорлығының арқасында өнер сүйер қауымға есімі белгілі бола бастаған екен. Әрине, әйгілі өнер қайраткері Жұмат Шанин оны бекер қамқорлыққа алмаса керек. Сол кезеңде Алматыға «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, дарын иелері келіп халқымыздың кәсіби театр өнерінің негізін салғаны белгілі. Солардың қатарында Не­сіпбектің де болғаны болашақта оның есімі бүкіл қазаққа белгілі өнер саңлағы болатынын аңдатқандай екен. Алайда Ұлы Отан со­ғысы басталған кезеңде бірқатар танымал өнерпаздар да соғысқа аттанғаны белгілі. Олар­дың көбі соғыста мерт болса, аман-есен орал­ғандары әйгілі өнер иелері болып шықты емес пе?!
Соғыста қазақтардың ерен ерлік көрсет­кені жұртшылыққа мәлім ғой. Қазақтан да қаншама Кеңес Одағының Батырлары шықты десеңізші! Сонымен қатар кеуделері ордендер мен медальдарға толып, соғыстан оралғандары да аз емес. Өкінішке орай, Несіпбек Баязи­тов­­­тың майданда қандай қаһармандық көрсеткені әйгіленбей ұмыт қала берген се­кіл­ді. Ал мұндай қазақтан шыққан батырлар аз болмаса керек. Тек олар жөнінде зерттеп-зер­делеп баспасөзге кеңінен әйгіленгенде ғана ерлік өнегелері жұртшылыққа белгі­лі бол­ған оқиғалар да аз емес. Мәселен, Рейх­с­таг­қа алғашқылардың бірі болып ту қадаған Рахымжан Қошқарбаевты да көп жылға дейін жұрт­­шылық біле қойған жоқ. Оның ерлігі жөнін­де баспасөзде кеңінен жазыла бас­та­ған соң әйгіленіп, кейін оған батыр атағы берілге­ні баршамызға белгілі. Мұндай мысалдар аз емес.
Ал Несіпбек Баязитовтың ерлігі туралы қалам тартқандар бар ма? Сирек болса да ол жөнінде жергілікті баспасөзде жазылып келеді. Ал оның ерлігі туралы тіпті Қазақ­станнан тыс Украинада да баспасөзде аз жа­зылмапты. Тіпті Қазақстанда мұнан біраз жыл бұрын кітап та шығыпты. Кітап бол­ғанда қандай! Несіпбекпен майданда тізе қосып бірге соғысқан жан досы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қапас ­Ошамбаев «Жорық жолдары» деген кітап жазып қалдырды. Қапас Ошамбаев біраз уақыт бұрын қайтыс болып кетсе де оның бұл кітабы өзіне де, майдандас досы Несіпбекке де арналған мәңгілік ескерткіш деуге болады. Ол осы кітабында Несіпбектің Украина жерінде көрсеткен ерліктерін ғана емес, ол жөнінде майдандас жауынгерлердің естеліктерін, нақты ресми құжаттарды да жинастырғанын кеңінен баяндаған екен.
Бұл күндері «Қасым» деген фильм жасалып көрермендерге жол тартқаны жөнінде баспасөзде жазылып жатыр. Қасым дегеніміз – әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов. Оның өмірі мен ерлігіне, шығармаларына жұртшылық кеңінен қанық. Тіпті Қазақстанды былай қойып ол Украина жұртшылығына да кеңінен танымал. Украина халқы оған қандай зор құрмет көрсеткеніне де қанықпыз. Ал Несіпбек Баязитов та нақ осы Украина жерінде майданда көптеген ерлік көрсеткен. Қапас ­Ошамбаев «Жорық Жолдары» деген кітабында Бая­зитовтың ерлікпен қаза тапқаны туралы майданда бірге шайқасып ауыр жараланған В.Д.Цымбалистың ауызынан естігенін айта отырып былай деп жазыпты:
«Гвардияшылыр ақтық деміміз біткенше шайқасамыз! Шабуылға тойтарыс беруге әзірленіңдер! – деп бұйырды Несіпбек. Өзі танкке қарсы ататын мылтықпен алдыңғы «тигрді» нысанаға алды. Ол көк жалынға оранды. Екінші танк бір бүйірден шыға келді. Оқ таусылған. Не істеу керек? Ақырғы граната байламын қолына алған Баязитов орнынан тұрып, танкіге қарсы сермеп қалды. Осы кезде дәл аяғының астына түсіп жарылған снаряд оны ұшырып жіберді… Ұлы Отан соғысы бас­­талған күннен қолына қару алған девизия ардагерлерінің бірі, қатардағы жауынгерден рота командирі дәрежесіне жеткен, атақты Баянауыл түлегінің өмір жолы осылайша үзілді. Ол өзі қорғаған Украина жерінде мәңгі қалды».
Ал гвардия полковнигі Я.В.Винокуров Несіпбектің қалай жерленгенін былай баяндапты: «Сені госпитальге жөнелткеннен кейін біз оларға көмекке келгенімізде бірде-бір тірі жан таппадық… Қаза болған боздақтарды сол араға жерледік. Мен өзім Несіпбекті, Тавадзе мен Перадзені жерлеуге қатыстым. Үшеуін бір қабірге қойған едік».
Ал кейін батырлардың сүйегі табылғаны жөнінде кітапта былай баяндалыпты: «1969 жылы Заводы селосының бір топ тұрғындары жер қазып жүріп бейтаныс бір қабірге кез болады. Бұл жерде қабір барын білмеген. Қабір ашылды. Болар іс болды… жауынгерлердің сүйектерімен бірге табылған жартылай шіріген кейбір документтерден олар ­Баязитов, Тавадзе, Перадзе деген есімдерді оқиды. Сол кездегі колхоз партия ұйымының секретары Отан соғысының мүгедегі Петр Федорович Гарбуз (бұл кісімен 1975 жылы арнайы іздеп барып жолықтым) бастаған село тұрғындары бұл жағдайды тиісті органдар арқылы анықтауға кіріседі. «Сельская Новь» журналының редакциясына да хабарлайды… Отан үшін құрбан болған ерлердің сүйектері селодағы туысқандар зиратына әкеліп қойылған. 1971 жылы 9-май – Жеңіс күні, туысқандар зираты басында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаза болған совет жауынгерлеріне арналған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды». Бұл шараға Баянауылдан Несіпбектің туған ағасы Баязитов Иген де қатысыпты.
Сондай-ақ бұл күндері Украинадағы Новая Калитваның өлкетану мұражайында «Ол бірінші болған еді» деген тақырыппен Несіпбектің ерліктері туралы көптеген материал қойылыпты. Бір ұрыста Несіпбек құрамында болған девизия дұшпанның 4000-нан астам солдаттары мен офицерлерін өлтіріп, 1000-нан астам гитлершілерді тұтқынға алып, көптеген қару-жараққа ие болғаны, соның ішінде Несіпбектің ерен ерлік көрсеткені жөнінде «КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивіндегі 1189-қор. 1-тізбе, 9-іс. 7-бет» деп нақты құжат қойылыпты. Несіпбекке Изюм ауданының «Құрметті азаматы» атағын да беріпті. Мұражайда мұнан өзге де құжаттар мен естеліктер аз емес екен. Украина баспасөзінде Несіпбек Баязитовтың ерлігі де жиі жазылатын болған. Өкінішке орай, Қазақстанның баспасөзі бұған назар аудара қоймаған. Ал жұртшылық арасында Несіпбек Баязитов Халық қаһарманы атағына да лайық дегендей пікірлер де бар. Расында да батырға ерлігіне сай неге лайықты атағын бермеске.
Қалай болғанда да батырдың өмірі мен ерлігі жөнінде насихат пәрменді бола түскені жөн. Баянауылда батырдың ескерткіш мүсіні қойылып, қалалар мен аудандарда оның есімімен көшелер, мектептер аталып, оның ерлік өнегесі мен өмірі туралы кеңінен насихатталғаны жөн болар еді.

Қуанбек БОҚАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.