Мифологиялық атаулар: халықтық таным тағылымы

Тіл – қарым-қатынас пен танымның құралы ғана емес, тіл – ұлттың мәдени коды. Тілдің жәрдемінсіз белгілі бір халықтың мәдениетімен танысу, оқып-игеру, байыптау мүмкін емес. Тіл арқылы ұлттың қазіргі кездегі менталитетін, байырғы кездегі тілдік ұжымның дүниеге, қоғамға, өзіне деген көзқарасын, сана-сезімін айқындауға болады. Мұндайда, әсіресе мақал- мәтел, фразеологизмдер, метафора, символ, мифологиялық атауларға, т.б. тілдік таңбаларға, олардың мазмұнындағы ақпараттарға сүйенеміз.

Қазақ баласының түсінігінде мифология­лық атаулар салт, наным, сенім, рәсім, т.б. тәрізділердің мазмұнында ұшырасады. Нанды аса қастерлі тағам деп ерекше қасиет тұтқан қазақ дәм-тұздың атасы – нан деп біледі. Сөздің лексикалық мағынасымен жарыса жүретін мәдени коннотациялық мағына әуелде дәм-тұзды киелі санайтын наным-сеніммен байланысты. Нан ұрсын, дәм-тұзын аттамау, дәм-тұз ұрсын, дәм тартты, дәм тартпады, дәмнен үлкен емес, нанды баспайды, таспен атқанды аспен ат, т.б. дегендер нан-тұзды киелі деп танумен байланыс­ты. Сөйтіп, нан-тұз, тұз-дәм зұлымдыққа қарама-қарсы қойылады. Зұлымдық дәм-тұздан аса алмайды, зұлымдықтың бетін дәм-тұз қайтарады деп білген.
Міне, халық тілінде кездесетін, этномәдени танымның мифологиямен байланысын көрсететін тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің өзі сақталғанмен, түпкі ұғымы көмескіленіп, жоғала бастады. Мәселенің қиындайтын тұсы да осы арада. Сөз қолданыста қате-кемшіліктердің жиі кездесетін, сөз мәдениетіндегі қауіпті аймақтың бірі осы тұста деуге болады. Өйткені этномәдени лексиканың мән-мағынасын жете түсінбегендіктен, мәдени семантикаға қайшы келетін сөз қолданыстар жиі кездесе бастағаны байқалады. Мысалы, газет бетінен қайсыбір мектепте эстетикалық тәрбие мақсатында үкілі қыз байқауын өткізгені жа­йында айтылған. Ал шынында үкілі қыз сөзі «үкі тағылған, құда түсушілер үкітағар ырымын жасаған» деген түсінікті білдіреді. Байқау конкурсты өткізушілердің үкілі қыз сөзінің мәдени семантикасынан бейхабарлығын көрсетеді. Сондай-ақ айналы қыз – жасау-жабдығы жасалған, күйеуге ұзатылатын қыз; өлі отау – ішінде бір үйге қажетті жасау-жабдығы да жасалған, ұзатылатын қызға берілетін отау үй дегенді білдіреді. Ал жас балаға, әсіресе жас қыздарға, түйенің жас ботасына үкі тағу, бәйге атын үкілеу, бесікке үкі тағу тәрізді іс-әрекеттің мағынасы көз тигізбеу нанымымен, үкіні қасиетті құс деп білетін мифологиялық санамен байланысты. Байырғы қазақ мәдениетінде көз тиюден қатты секем алады. Көзінің назары қатты адамдарды назаркерде деп арнайы сөзбен атайды. Ал мифологиялық танымның негізі кейде ақиқат дүниедегі ситуациялармен де байланысты. Мысалы, үкі ұялаған жерге басқа құстар қоныс теппейді. Шүйлігіп келе жатқан қыран құстар үкінің шоқ қауырсынын көрсе, тайқып кететін көрінеді, т.б. Үкінің қауырсыны, тырнағы көздің сұғын өзіне тартады деген наным да болған.
Тұрақты сөз орамдарында белгілі бір зат, құбылыс, уақиға туралы, сондай-ақ олардың мағынасында бағалауыштық, эталондық, т.б. ақпараттар болады.
Мақал-мәтелдер – халық санасында қалып­тасқан стереотиптер. Мақал-мәтелдер белгілі бір құбылысқа «жаман»/«жақсы» деп баға береді, адамдарға ақыл-кеңес береді, сақтандырады: Жауды аяған жаралы қалады, Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің, Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің; Жал-құйрығы қалың деп, Жабыдан айғыр салмаңыз.
Тәртіпке шақырады: Әкесі тұрып ұлы сөйлегенннен без, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без;
Көңілді тыныштандырады: Орнында бар оңалар; Батар күннің атар таңы бар;
Сақтандырады: Жаман айтпай жақсы жоқ; жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында; ауру – астан, дау – қарындастан.
Барлық фразеологизмдер, барша мақал-мәтелдер этномәдени семантика бола бермейді. Этностың ақиқат дүние туралы көзқарасы, салт-дәстүрі, жол-жоралғылары әдет-ғұрпы, моралі, әдеби, тұрмыс-тіршілігімен байланыс­ты ақпараттар жинақтаған тұрақты сөз орамдарының мазмұндық құрылымында ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрсететін ұлттық ерекшелікті (спецификаны) танытатын компоненттер болады. Осыларды айқын аңғара білмеген жағдайда сөйлеуші/жазушы коммуникативтік сәтсіздікке ұшырауы ықтимал. Соңғы жылдары, әсіресе радиохабарларда жылы лебізді құттықтау сөз айта келіп, мерейтой иесіне «қартаймаңыз!» деп тілек білдіреді. Қазақ мәдени қоғамдастығы «қартаймаңыз» деген тілекті қабылдай қоймайды, мұндай тілек «кәрілік жасқа жетпеңіз» дегендей сезіледі. «Адам қартаймайтын шайтан емес қой» деп қайсыбір кісілер мұндай тілекті қош алмайды. Қазақ ұғымында қарттық – үлкен құрмет, адамның қызметі, атақ-дәрежесінен гөрі жасын сыйлау, жасына қарай жол беру жағы мықтап ескеріледі. Үлкендердің байырғы кезде кәрілікке жеткізсін, жағың түспей жамандық көрме, ақ сақалды, сары тісті бол дейтіні сол этикалық норманы айқын аңғартады.
Сонымен, біз жоғарыда тілдік тұлғаның мәде­ни-тілдік құзыретімен байланысты комму­ни­кативтік сәтсіздіктердің ­кезде­суі ықти­мал тұстарға тоқталып, оларды байыр­ғы тұрмыстық лексикамен, мифологемалар­мен, фразеологизмдермен, мақал-мәтел­дердермен байланысты екеніне тоқталдық.

Уәли Нұргелді,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.