Тіл полициясы қажет болып тұр

Бізде мемлекеттік тіл мәселесін шешуде бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстар жетерлік. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлесін дейміз, ал іс жүзіне келгенде олай болмай шығады. Ісқағаздар мемлекеттік тілде жүргізіліп жатыр дегенімізбен, ісқағаздар орысшадан қазақшаға аударылып қана дайындалады. Тізе берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Кейбіреулердің ойына, көзқарасына қарасам, орыс тілінде сөйлеуді өздерінше бір мәдениет санайды. Тек қана орыс тілінде сөйлесем үлкен лауазым иесі бола аламын деген сыңай танытады. Санамызға сіңіп, ойымызға бекіп қалған, өткен заманның ескі әдеттерінен әлі де арыла алмай жүргеніміз жанға батады. Бұлай жалғаса беретін болса, орыс тілі жақсы қызметке тұрудың бір шартына айналып кете ме деп те қауіптенесің. Бұған орыс тілінде тарайтын басылымдардың қазақ басылымдарына қарағанда сан жағынан басым түсіп жатқандығын қосып қойыңыз. Қазақ басылымдары демекші, өз тілімізде жазылған газет-журналдарды қала көшелерінен оңайлықпен тауып ала алмай дал боласың. Орыстілді басылымдар көшенің әр бұрышында самсап тұратын болса, қазақтілді басылымдар тек арнайы жерлерде ғана сатылып жатады. «Осындай мәселелерді назарда ұстап, қазақ тілінде таралатын кітап, газет-журнал, т.б. баспасөз өнімдерінің насихатталуына мән беріп, жұмыстың жүйелі жүргізілуін қадағалауға әр аймақта орналасқан Тіл басқармаларының құзыреті жетпей ме?» деген ой келеді. Өкінішке орай, біздегі Тіл басқармаларының жұмыстары талапқа сай деп айта алмас едік. Сондықтан тіліміздің бүгінгі жағдайы олардың қызметін түбегейлі өзгертуді талап етеді. Өркениетті елдердегідей, орнына тіл полициясы құрылып, ол құрылым «Тіл туралы» Заңның орындалуын тексеріп, орындалмайтын болса, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартатындай болса, қазақ тілін менсінбей, атүсті қарап жүргендер бір сәт болса да ойланар еді.

Зияш ТЕЛЕУОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
КСРО Баспасөз қызметінің үздігі
Ақтөбе



Принтерден шығару Принтерден шығару