Болашағымыз жарқын…

Еліміз егемендік алып, өзге елдермен тереземіз теңесіп, тәуелсіздік туын төбемізге көтергенімізге 22 жыл болып қалды. Осы уақыт ішінде керемет табыстарға жетіп, төбеміз көкке жеткендей қуаныштымыз. Оның ең бастысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығы арқасында еліміз берекелі елге, ынтымақ пен бірліктің ұясына айналды. Барша ұлт өкілдері бір отбасының баласындай бауырласып, Қазақстанды өз Отанымыз деп санайды.

Рас, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикалық жағдайымыз бірден қалпына келе қоймай, халық біраз қиналды. Осындай қиын-қыстау кезде Тұңғыш Президентіміз батылдық пен тапқырлық танытып, елімізді ауыртпашылықтан алып шығатын жолды көре де көрсете білді.
Н.Ә.Назарбаев әр жылғы Қазақстан халқына Жолдауларында еліміздің болашағы жайында нақты да сенімді жоспарларын жасап, қалай еңбек етіп, табыстарға қалай қол жеткізу жолдарын айқын көрсетіп отырды. Осындай жарқын Жолдаулар халықтың келер күнге деген сенімін арттырып, жүректеріне жігер отын құйып отырды. Кәсіпкерлер мен жекешаруашылық иелеріне мемлекет тарапынан қолдау болып, экономикамыздың аз уақытта алға жылжуына мүмкіндік туды.
Елбасымыз елдің мәдениеті мен денсаулығын арттыру мақсатында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын іске қоса білді. Ауыл мәселесінде де елеулі жаңалықтар орын алып, ауыл мәдениеті мен экономикасы көтеріле бастады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарын бітірген жастар ауылға қарай бет бұрды. Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен ұлттық тарихын қалпына келтіру жолында да жақсы істер қолға алынды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақтың ән-күйлері бейнетаспаларға жазылып,тартымды тарихи кітаптар жазыла бастады.
Мемлекеттік қызметкерлерге, заң саласындағы мамандарға да мәдениеттілік пен кәсібилік деңгейлерін көтеру жөнінде қатаң талаптар қойылуда. Бұдан былай бұл қызметкерлер аттестациядан-сынақтан өтіп тұратын болды. Осыған орай әскери қызметкерлерге байланысты да жаңа талаптар жүзеге аса бастады.
Қысқасы, Президентіміз халыққа, халық Президентіне сенеді. Өйткені бағытымыз дұрыс, жолымыз жарқын, елдің бірлігі мен ынтымағы мықты. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бабалар талайдан аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, болашаққа зор сеніммен, тың жігермен нық басып барады.
Менің бөлем, қазақтың талантты композиторы Шәмші Қалдаяқов кезінде газетке берген бір сұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлын данышпан деп бағалаған еді. Мен сол сөзге сүйсіндім әрі оны қолдаймын.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің кемеңгерлігін ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіріп, Ақмола қаласын Астана деп өзгерту туралы батыл шешім жасауымен дәлелдеді. Алғаш бұл шешімге қарсы шығып, наразылық білдіргендер де болды. Ақырында Астанамыз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуразиядағы көркем қалаға айналды. Тіпті Астананы Еуразия елдерінің саяси орталығы десе де болады. Өйткені соңғы кездері осы елдердің түрлі басқосулары мен ірі саяси жиындары Астанада өтіп жатыр.
Тәуелсіз қазақ халқы Елбасымыз бастаған жарқын жолмен жүріп келеді. Сенім бар жерде Ерікті елім де бар, ел тізгінін қолында берік ұстаған Ерім де бар.

Ұзақбай ҚОЖАНТОВ,
техника ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.