«Жақсы көру — не деген керемет ең…»

Ата-бабамыздан қалған жақсы сөз бар. «Қосағыңмен қоса ағар» деген. Бұл сөздің астарында отбасылық өмірдің күллі философиясы тұнып тұрғандай. Өмір атты дарияда осы ұғымға сай болып өмір сүрген жандар ғана өздерін бақыттымыз деп айта алатын шығар. Біз бұл пікірімізді шаңырақ көтеріп, түтін түтеткендеріне биыл 48 жыл болған академик Сейіт Қасқабасов пен оның аяулы жары Тамара Аппақоваға қарата айтқан болар едік.

48 жыл бірге болу, өмірдің ыстық-суығына тоңып, ащы-тұщысын бірге көру, көңіл тасытқан бақытты шақтарды да, еңсе түсіріп, кеудеңді шер мен мұңға толтырған қайғылы сәттерді де азаматтықпен көтере білу парасаттылықты, сабырлықты, төзімділікті, қайсарлықты талап етері сөзсіз. Сейіт аға мен Тамара жеңгеміз осы жылдар ішінде бір-біріне адал жар ретінде ғана емес, дос, өмірлік жолдас, серік, сырлас, тілекші, ниет­тес, мұраттас, тағдырлас болып өмір сүрді, әлі де сол қалыптарынан танбай ғұмыр кешіп келеді. Барға қанағат ету, адал еңбекпен өмір сүруді басты қағида етіп ұстанып келе жатқан отбасында адамға тән ең жақсы қасиеттер де ерекше бағаланады.

Сейіт ағаны бұл күнге дейін академик, белгілі ғалым-фольклорист, қоғам қайраткері ретінде танып келген болсақ, ендігі жерде оны балаларының асқар таудай әкесі, немере мен шөберелерінің ардақ тұтар атасы ретіндегі қасиеттерін жақыннан тани түскендей болдым.

«Жақсымен өткізген бір сағат жаманның өтіп кеткен ғұ­мырындай» деп әншінің термесінде айтылатындай, Сейіт ағамен сырласа отырып, ол кісінің айтқан тұшымды әңгімелерін тыңдағанда бір сағат емес, бірнеше сағаттың да қалай сырғып өте шыққанын байқамай қалыппын. Айтылған салиқалы ойдың, өткен күндерден шертілген сырдың тереңдігі, ауқымдылығы сонша, оның бәрін қорытып, зердеңе тоқып алу да оңай шаруа емес. Десек те, сол қас қағым сәтте өзім байқап үлгерген, көңіліме түйген жайттарға тоқталайын.

Өнегелі тұлғалардың өмірі туралы терең білген сайын олардың бойындағы қайраткерлік болмысына, рухани жан дүниесінің кемелдігіне, даналығы мен тектілігіне қайран қаласыз. Сейіт Асқарұлы мен Тамара Ғабдиқызы екеуі алғаш рет Алматы қаласындағы КазПИ-ге оқуға түскенде танысыпты. Танысулары институт қабырғасында ұйымдастырылған би кешінде болған екен. Осы жерде бір айта кетерлігі, Сейіт аға мен Тамара жеңгеміз бір мамандықта, бір топта білім алған. Сол топтан кейін үш отбасы шығады. Солардың бірі Сейіт аға мен Тамара жеңгеміздің құрған отбасы.

…КазПИ! Талай жастың арманына қанат бітірген еліміздің ең байырғы оқу орны. Бұл киелі білім ордасынан республикамыздың ғылымы мен біліміне мол еңбек сіңірген ғұлама-ғалымдар, академиктер, докторлар мен кандидаттардың, білікті ұстаздардың түлеп ұшқаны белгілі. Мұғалімдерді даярлаудың шеберханасына айналған оқу орнын бетке алып, кешегі мектеп оқушысы, сол кездегі ­абитуриент Сейіт Қасқабасов та мың шәкірттің бірі болып институт табалдырығын аттайды. Оқуға қабылданудың барлық талаптарын орындап, құжаттарын өткізіп, соңында емтиханға да кіріп, білім дәрежесі мен ой-өрісін байқатып, комиссия мүшелерінің оң бағасын алған талапты жас оқуға түскеннен кейін мүйізі қарағайдай ұстаздардан тәлім алып, талабын шыңдайды.

«Ол кезде қазіргідей емес, емтихан қабылданып, емтиханның қорытындысын институт ректоры бастаған арнайы комиссия қарайтын. Кімнің оқуға түскенін-түспегенін анықтап, бір-бірден шақыртатын. «Инс­титут ректоры Кеңес Одағының Батыры, профессор Мәлік Ғабдуллин болатын. Қабылдау жүргізілетін күні Мәлік Ғабдуллин төрағалық еткен комиссияның алдына шақыртумен кіре бастадық. Кезек маған келіп, есікті ашып кіріп келе жатқаным сол еді Мәлік Ғабдуллин: «Фамилияң кім?» деді. «Қасқабасов» дедім. Естіде ме, естімеді ме, қайта сұрады. Қасқабасов дедім. «Қасқабасов деген қай фамилия?» деп күлді. «Қазақтар атты қоя берген ғой» дедім. Содан не керек, оқуға қабылданып, студент атандық қой. Бір топта 12 қыз, 13 жігіт оқыдық» дейді Сейіт аға.

«Адамның негізі балалық шақта қалыптасады» деген сөз бар ғой. Сол айтпақшы, Сейіт Асқарұлының балалық дәурені Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келген. Әкесі Асқар Қасқабасұлы соғыста қаза тапқан соң анасы Әужан екі баласымен Алматы жақтағы туыстарының ауылына көшіп келіпті. Сейіт Асқарұлы мектепке алғаш рет Семейде барса, әрі қарайғы оқуын Қаскелең маңындағы Чапаев атындағы мектепте жалғастырып, ал жоғары сыныптарды Алматы қаласындағы №18 мектеп-интернатта оқып тәмамдапты.

Қай іске болмасын жауапкер­ші­лікпен қарау Сейіт ағаның қашанғы әдеті. Жауапкершілік жүгін сезіне отырып, ойлаған істі соңына дейін жеткізу – әрбір адамнан табандылықты қажет етері сөзсіз. Сейіт Асқарұлының бойындағы мұндай қасиеттер оны буырқанысқа толы, ағысы қатты өмір жолында мойымауға, қайта жігерленіп, ширай түсуге үйреткен. Көңілі нәзік, жүрегі жұмсақ, жақсылыққа жаны құмар, ізгілік пен мейірімге шөліркеп жүретін жанның өмірдегі әрбір қадамы сәттілік пен қуанышқа толы болды десек, жаңсақ кеткеніміз болар. Тағдырдың кейде адамға жонын көрсетіп, небір бұралаң жолдар мен соқпақтарға салып жіберетіні бар емес пе?! Білмекке құштар бала Сейіт үшін білім жолына түсудің өзі қиындықтармен басталыпты. Қолдаушысы да қорғаушысы да жоқ жас бала үшін Алматы қаласындағы мектеп-интернатқа орналасудың өзі үлкен күшке айналыпты. Оқушы жасында болғанына қарамастан тиісті мекемелерге барып жүріп мәселесін шешкені көп жайтты аңғартса керек. Өжеттілік деген осы.

Сейіт Асқарұлы әңгіме арасында: «Мен институтта бірге оқыған құрбыларыма қарағанда Алматыға ертерек келдім. Ертерек келуім қаланың өмірін ерте тануыма мүмкіндік берді. Бұл менің қалалық ортаны жатсынбай, адамдармен еркін араласуыма көп септігін тигізді» деді. Алғыр, зейінді бала мектепті жақсы оқып бітірген соң нағашы атасының шақыруымен бірер жыл ауылда еңбек етеді. Таңның атысы, кештің батысы ауылдың қайнаған еңбегіне білек сыбана кіріседі. Бұл шақ Сейіт ағаның өмір қиындықтарына деген төзімділігін де шыңдап, қалыптастырған жылдар болатын. Оң-солын танып, ержетіп келе жатқан оған өмірдің барлық сәттері қызық. Үлкендердің айтқан ұлағатты сөздерінен үлгі алып, көңіліне түйіп өседі.

Ауылда еңбек ете жүріп, бо­лашақта қай мамандыққа оқимын дегенінде «Мал дәрігері боламын» деп шешкен екен. Сөйтіп, болашағын осы мамандықпен байланыстыруды ұйғарған оның бұл шешімін ауылдың мал дәрігері құптай қоймай: «Қойшылармен әлек болып жүресің бе, сенің тілге, әдебиетке жақындығың бар» деп ақыл-кеңесін айтыпты. Сейіт аға осы айтылған ақылды құп көріп, Алматыдағы КазПИ-ге жол тартады. Ендігі ойы – мұғалім болу.

«Ол кезде мұғалімдердің жағдайы жақсы болатын. Алатын жалақылары 150-200 сом. Бұл дегенің өте үлкен ақша. Сөйтіп, мұғалім болсам, кейін мектеп директоры болсам деген де ой болды» дейді. Осылайша, мектептен кейін КазПИ-ге оқуға келіп, білім жолына түседі.

Тамара жеңгеміздің туып-өскен жері Жамбыл облысының Меркі ауданы. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Аман-есен оралып елге келген соң ауылда мұғалім, кейіннен колхоз бастығы болып қызмет жасаған, анасы 40 жыл кітапхана меңгерушісі болған. Ата-анасынан алған өнегелі тәрбиесі, бала жасынан естіп өскен тағылымды сөздері, өскен-өнген ортасының игі әсері Тамара жеңгеміздің бойында жақсы адамға тән ең ізгі қасиеттердің қалыптасуына негіз болыпты. Бүгінде Сейіт ағаның өмірлік жары, балаларының аяулы анасы, мейірімді әжені қарапайымдылықтың шынайы үлгісі дерсіз. Ол кісінің сөйлеген сөзінен, нұрлы жүзінен ұлтымызға тән тектілікті аңғармау мүмкін емес. Сонымен қатар Тамара жеңгеміз Сейіт ағаның анасымен отыз жыл бірге тұрып, ардақты ананың ақ батасын алған ибалы келін. Бүгінгі заманның қыздары енемен бірге тұрудан ат-тондарын ала қашатын болса, Тамара жеңгеміздің Әужан апамен отыз жыл тату-тәтті өмір сүріп, жүз шайысып көрмегені, үлкен кісінің күтімін жасап, өмірінің соңғы күндеріне дейін аяғынан тік тұрып қызмет етуі қазақ келіндерінің жарқын үлгісі. «Әужан анам өте ерекше жан болатын. Ақынжанды адам еді. Ән айтқанды жақсы көретін. Егер де біздің отбасымызда қандай да бір жақсылықтар болып жатса, мұның бәрі осы аналарымыздың ақ батасының арқасы деп білемін».

«Адамның ғұмыры оның махаббатымен өлшенеді» деп француз жазушысы Альбер Камю айтқандай, Сейіт ағаның өмірі осынау ұлы сезіммен байланысты екені шүбәсіз. Ағаның махаббат туралы түсінігі тек сұлулықпен, әдемілікпен өлшенбейді. Махаббатты отбасының негізі, ынтымақтың ұйытқысы, адамгершіліктің басты қағидасы деп қабылдайды.

Өмірлік жары Тамара туралы айтқанда жұбайының ең абзал қасиеттерінің бірі ретінде адамгершілігіне, ақжарқын мінезіне көңілінің ризалығын жасырмайды. «Тамара екеуміздің шаңырақ көтерген жылдардан бергі өмірімізде жақсы күндер де, қиын кезеңдер де көп болды. Осының бәрінде ол маған демеу болып, жігерімнің жасымауына, тауымның шағылмауына, ғылыми жұмыстарымның алға басуына, жетістікке жетуіме көп еңбек сіңірді. Оның менімен бір мамандықта оқығаны да жақсы болды (күлді). Менің жазған-сызған дүниелерімнің ең бірінші оқушысы, сыншысы, пікір айтушысы да осы Тамара. Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған кезімде менімен бірге барып барлық ісқағаздарды дайындауға көмектесіп, бастан-аяқ жүрді» дейді Сейіт аға.

Тамара жеңгеміз болса: «Тағдыр маған Секең сияқты азаматты жолықтырғанына ризамын. Секең ғылымның адамы болғандықтан оның ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасау міндетім еді. Жеке азаматтық қасиеттеріне келетін болсам, мінезді, айтқан сөзін екі етпейтін, уәдесіне берік жан. Қызмет барысында біреуге ренжіп келсе, ертеңінде сол адам алдына қайта келсе, кешіре салатын кең пейіл мінезі де бар. Жүрегіне кек сақтамайды. Ал ғылымға келгенде өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя біледі. Шәкірттеріне ерекше қамқорлықпен қарайды, олардың әрбір жазған-сызған дүниелерін мұқият оқып, ақыл-кеңесін айтудан, білгенін үйретуден бір жалыққан емес. Маған арнап өлең жазатын кездері де бар. Көңілім жабырқаған сәттерде сол өлеңдерінен өзімше қуат аламын. Секеңнің қолына домбырасын алып ән шырқайтын кездері де болып тұрады. Ән айтқанды жақсы көреміз. Достарымен бас қосқанда да бірге қосылып ән шырқау сүйікті әдетіміз».

Ән демекші бүгінде тойларда орындалып жүрген атақты «Жар-жарды» тойларға ең алғаш енгізген Сейіт аға болыпты. Достарының тойларында асабалық жасап жүрген кезінде шырқап жүріпті. Келе-келе «Жар-жар» әні әрбір тойда айтылатын халықтық әнге айналды.

Сейіт аға мен Тамара жеңгеміз бір-бірін ұнатып, ғашық болып жүрген кезде­рінде олардың отбасын құрып үйле­нетіндеріне достарының да күмәні болмаса керек. Достары әзіл-шыны аралас «Осы Сейіт пен Тамара қашан үйленеді екен?» деп айтып жүреді екен. Сейіт аға бұл жөнінде былай деп сырын ақтарды:

Тамараға өзімнің жақсы көретінімді көпке дейін айтпай жүрдім. Бірінші курста көргеннен-ақ ғашық болсам да, өзімді-өзім ұстап, барынша сабырлық сақтадым. Мұның екі себебі бар еді. Біріншісі, мен әлі оқу оқып, адам болуым керек. Жақсы маман иесі болып анамның үмітін ақтағым келді. Екінші бір себебі, мен ұнатқаныммен бұған Тамара қалай қарар екен? Ертең мені ұнатпайтын болып шықса, онда бәрі бітті ғой. Бұдан кейін екеуміздің бірге оқуымыздың өзі қиындап кетпей ме? Содан ойлана келе не болса да күтейін, әлі уақыт бар ғой деп шештім. Бірақ екеуміз араласып жүрдік. Байқаймын, Тамара да менен кетәрі емес. Содан не керек, жоғары курсқа келгенде бұл мәселені біржақты қылайын деп ойладым. Сол кезде біздің тобымыздың 5 студентін Ұзынағашқа Жамбыл мұражайына тәжірибе өтуге жіберген еді. Оның ішінде Тамара екеуміз де болдық. Орайлы сәттің кезі келіп, ғашықтық сезімімді білдірдім. Оқу бітірер жылы мен аспирантураға баратын болдым да, Тамара сол кездегі талап бойынша ауылына барып бір жыл жұмыс істейтін болды. Содан бір жылдан кейін шаңырақ көтердік» дейді Сейіт аға.

Ағаның осы әңгімесін тыңдап отырғанда мына бір ән жолдары еске оралды: «Жақсы көру, жақсы көру – не деген керемет ең…». Иә, екі жастың бір-бірін жақсы көруі, ұнатуы ғажап сезім ғой.

Сыр мен құпияға толы өмірдің алға тоқсан сынақтары ары таза, көңілі пәк адамның бойындағы ізгілік қасиеттердің туын жыға алмаса керек. Өмірдің бел-белестерінде түрлі қиыншылықтарға кеудесін тосып, ер-жүректілікпен қабылдай білген пенде ғана адамдық қалпын таза сақтап, өзі бағыт алған жолынан жаңылмақ емес. Халқымыздың абзал азаматы, академик Сейіт Қасқабасовтың саналы ғұмыры ғылыммен, мемлекеттік істерге белсене араласумен келе жатыр. Күллі ғұмырының мәніне айналған ғылым саласы ой-арманын биіктерге жетелесе, сол арманға жету жолында ағамыз маңдай терін сылып тастап еңбектенді. Көп оқыды. Талмай ізденді. Үйренді. Тамыры тереңге кеткен халқымыздың ауыз әдебиетін, оның тарихын, өнегелі дәстүрлерін жете зерттеген ағамыз өмірін тек ғылымға ғана арнап қойған жоқ, ол өзінің білікті қызметін мемлекеттік маңызы бар істерге бағыттай білуімен де қайраткерлігін көрсете білді.

Бір байқағаным, жастық шақтың қызықты кездері туралы айтылар әңгіме үстінде Сейіт ағамыз жаны жадырап, езуіне күлкі үйіріліп, тамаша кездің ұмытылмас сәттерін ықыластана отырып баяндайды. Иә, әрбір адам үшін ерекше болып есте қалатын ең бір тәтті кездер де осы студенттік шақпен байланысты ғой. Студенттік кездердің ұмытылмайтыны да сондықтан шығар. Албырт жастық, асқақ арманға бой ұрған кездер, жастық максимализм, – осындай сәттердің барлығы да жас жүректің сезім пернелеріне қозғау салып, көңілді желпіндіріп тастайтыны да бар емес пе!

Біреулер үшін махаббат әншейін желік сезім болып көрінуі де мүмкін, ал мөлдір махаббаттың асыл қасиетін шынайы бағалай білген жан үшін махаббат ол ұлы сезім, өмірдің мәні. Сол себепті де махаббаттан бастау алатын асыл жар, әдемілік, құрмет, сыйластық, жарасымды өмір – бәрі-бәрі адам өмірінен көрініс тауып жатса, бақыттың шынайы көрінісі осы емес пе!?

Секең маған деген ғашықтық сезімін ең алғаш хат арқылы білдірген болатын. Бір құрбымның әзілдеп айтқаны бар: «Сейіттің саған деген махаббатындай махаббат мың адамның біреуіне ғана беріледі. Сейіт саған шын ғашық» деп. Сол айтқандай, Секеңнің махаббатқа келгенде шығарға жаны бөлек болды. Ол ғашық бола жүріп, соны білдіртпеуге тырысатын. Бірақ адамның көзі жан дүние­сінің айнасы деп жатамыз ғой. Секең­нің махаббаты оның көзқарасынан, ілтипа­тынан, құрмет-сыйластығынан байқалып тұратын, – дейді Тамара Ғабдиқызы.

Бірде мынадай қызық жағдай болды, – деп әңгімеге Сейіт аға араласты. – Үйленген досымыздың әйелі босанып, бәріміз перзентханаға келе жатырмыз. Сонда арамыздағы біреуі: «Тамара мына перзентханада жатса, Сейіт келіп қарап тұрса» демесі бар ма. Тамара: «Жетпегені сол еді» деп шошып кетті. Бәріміз сол кезде қыран-топан күлкіге батып едік. Мен кейін Тамарадан «Сен неге олай жауап бердің» деп сұрағанымда: «Енді мен не деуім керек? Келісе кетуім керек пе?» деп таңғалғаны бар.

Отбасы иелері жалынды жастық шақтарының қызықты кездерін есіне ала отыруды ұнатады екен.

Сөйлей кетсе шешен, іс басына келгенде көсем Сейіт ағамыздың еңбектері халқымыздың асыл мұраларымен сабақтас, тіпті тонның ішкі бауындай жақын. Сейіт ағаның фольклорлық дүниелерге ден қоюы да ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігімен астасып жатқаны белгілі. Ардақты ағамыз өзінің ғылыми еңбектері арқылы халқымыздың бай мұрасын әлем елдеріне насихаттап, танытып келеді. Ұлтына, халқына қызмет етуді өмірлік қағидасына айналдырған Сейіт Қасқабасов әр жылдарда әртүрлі қызметтердің тұтқасын ұстады, өзіне тапсырылған міндетті абыройлы атқарып, жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді. Бұл өнеге тұтуға лайық қасиеттердің бірі.

Жастайынан еңбекқор болып, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен Сейіт Асқарұлының ғылымға келуіне дәріс берген ұстаздары себепкер болса, екіншіден, әрине, өзінің бойындағы таланты, талабы да себепші болған. Оқуды бітірген соң аспирантураға қабылданады. Кеудесі арман мен үмітке толы жас жігіт бұл кезде болашақ жары Тамара жеңгемізбен көңіл жарастырып, үйленіп, отбасын құру жөніндегі ойларының бір арнаға тоғыса бастаған кезі болатын. Сейіт ағамыздың өз махаббаты туралы жиірек ойланып-толғанып жүргенін байқаса керек, аспирантурадағы жетекшісі: «Кандидаттығыңды қорғамай үйленуші болма! Ертең үйленген соң балалы-шағалы боласың да, отбасының қамымен кетіп, ғылымың жайына қалады» деп айтқанына қарамастан, аспирантураның бірінші курсын тәмамдаған соң шаңырақ көтеруді ұйғарады. Сүйіктісін ертіп алып, фотоға түсіп, тойға шақыру билетін жетекшісіне әкеліп берген кезінде ұстазының көңілі біртүрлі бұзылып қалса да, артынан ақ батасын беріпті. Бұл жетекшісінің болашақ ғалымға, оның ғылыми жұмысына деген жанашырлық сезімі болғанын айтпаса да түсінікті.

Атасы мен әжесі туралы бір үзік сырымен бөліскен немересі Архаттың мына бір пікірін келтіре кетуді жөн көрдім.

Атамыз бен әжеміз біз үшін өнегелі отбасын құрудың биік үлгісі. Оларға деген құрметіміз шексіз. Атамыз өзінің көп уақытын ғылымға арнайтындықтан біз оның бағалы уақытын кетірмеуге, күнделікті күйбең тіршілікте болып жататын ұсақ-түйек мәселелерге көңілін алаң етпеуге тырысамыз. Ол бізге «Біреу саған опасыздық жасаса, сен оған жақсылығыңмен жауап бер» деп үнемі айтып отырады. Адал жүруге, дүние-байлыққа, артық ақшаға қызықпауды үйрете білді. Біз олардың заманымен салыстырғанда молшылық уақытта өмір сүріп жатсақ та, мұның барлығына масаттанып кетпеуді, таңдап алған кәсібіңнен бір нәтиже шығару керектігін де баса айтып отырады. Тәртіпті жақсы көреді. Ғылымға, өз ісіне шынайы берілген жан деп айта аламын. Мемлекеттік қызмет пен ғылыми жұмыстарын үйлестіріп алып жүру де екінің бірінің қолынан келе бермес. Атамыз осы екі салада да нәтижелі қызмет етті. Бізге барлығы адал еңбекпен келетінін түсіндіріп айтып отырады. Өмірдегі жолымызды өзіміз қалыптастырғанымызды қалайды. Менің ойымша бұл өте дұрыс тәрбие. Әжеміз туралы айтатын болсам, оны шексіз жақсы көреміз. Әрдайым ақыл-кеңес сұраймыз, ойымызбен бөлісіп отырамыз. Өзімнің ғашық болып көңіл жарастырып жүрген қызымды ең алғаш әжеммен таныстырған болатынмын. Әжеміз атамыздың қандай сәттерде болмасын жанынан табылады. Екеуінің бір-біріне деген махаббаттарын, қамқорлықтарын, сыйластығын өзімізге үлгі етіп келеміз, – дейді Архат.

Балаларың, сонымен қатар немере мен шөберең үшін үлгі тұтар ата мен әже болу қандай бақыт десеңізші. Сейіт аға мен Тамара жеңгеміздің отбасында болғанымызда шаңырақтарына ұялаған шаттықты, ынтымақ пен жарасымдылықты көріп, көңілің бір жадырап қалғандай болады. Қазақтың қонақжайлылығы, дарқан көңілі де ерекше сезіліп тұрады.

Адам өмірінің әрбір кезеңі, тіршіліктегі қам-қарекетінің нәтижелі болуы, жетістікке жетуі отбасына ұялаған махаббаттан бастау алатыны белгілі. Армандарын арманға жалғап, өмірбақи қол ұстасып бірге келе жатқан жұбайлардың отбасы шаттығы, бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығындағы дәстүршілдік туралы айтары аз емес. Махаббаттың, сыйластықтың, бір-біріне деген құрметтің мәнін жете түсінетін жандар ғана тату-тәтті ғұмыр кеше алса керек. Бүгінгі жастардың махаббат туралы түсініктері тұрмыс-тіршіліктің айналасынан әрі аса алмай жататын болса, Сейіт аға мен ­Тамара жеңгеміздің махаббатында тек шынайы сезім, бір-біріне деген риясыз көңіл, шынайы сүйіспеншілік, сол арқылы берекелі отбасын құру, өмірдің барлық қиыншылықтарына бірге төтеп беру қағидасы жатқандай. Өмірдің ақ-қарасын бірге көріп, отбасы құндылықтарын дамытып, төрт баласынан өрбіген немере-шөберелердің қызығына тоймай, өмірлеріне шүкіршілік етіп отырған халқымыздың ардақты ұл-қызы Сейіт Қасқабасов пен Тамара Аппақованың баянды махаббаттары, міне, осындай.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.