ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ пәні мектепте неге оқытылмайды?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!

Құбығұл Жарықбаев,
педагогика ғылымдарының және
психология ғылымдарының докторы, профессор:

Құбығұл Жарықбаев, педагогика ғылымдарының және  психология ғылымдарының докторы, профессорҚұбығұл Бозайұлы Жарықбаев 1929 жылы Ақтөбе облысының Алға ауданында туған. Ақтөбе оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін (1946 ж.), Қазақ университетінің логика және психология бөлімін бітірген (1951 ж.). Педагогика (1982 ж.) және психология (2003 ж.) ғылымдарының докторы, профессор (1984 ж.). Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998 ж.).
«Этнопсихология ұлт тәрбиесінің өзегі» (2005), «Қазақстандағы ғылыми психологияның қалыптасуы мен дамуы» (2006), «Жантану оқулығы» (2008), т.б. 60-тан аса жеке еңбектердің, 1000-нан аса ғылыми мақалалардың авторы. Академик Т. Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығының директоры, Психология жөніндегі докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болған. Бұл күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы және этникалық психология кафедрасының профессоры.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Акмеологиялық ғылымдар академиясының академигі. 30-дан аса психологиялық және педагогика ғылымдарының докторлары мен кандидаттарын даярлаған.
Көрнекті ғалымның бүкіл саналы ғұмыры қазақтың ұлттық психология ғылымын дамытуға, насихаттауға және жастардың санасына сіңіруге, оқу орындарында пән ретінде оқытуға күш-жігер жұмсауға арналып келеді.

Белгілі ғалым Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевпен мен үшінші рет кездесіп сұхбаттасып отырмын. Тұңғыш рет 1970 жылдардың бедерінде «Қазақстан» баспасында қызмет етіп жүргенімде ол дорбаға толы қағаздарын көтеріп келіп әңгімелескен еді. Тіпті әңгімелесу емес, ол кәдімгідей ұлттық психология жөнінде бізге дәріс оқығандай болды. Сонда оның тың ойларына тәнті болған едік. Оның психология ғылымы туралы жазған қолжазбасын қуана қабылдап алып, кітап етіп шығаруға күш салатынымызды айтқанбыз. Сол кездегі баспаның бас редакторы, көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев те бұл қолжазбаны жоғары бағалап кітап етіп шығаруға қанша күш-жігер жұмсағанымен ақыры «авторға қайтарыңдар» деген бұйрық келгеннен кейін ол қынжыла отырып қолжазбаны жауап жазып қайтарған-ды. Мұның себебі ұлттық психология жөнінде кітап шығару ұлтшылдыққа саятынын ұғыну қиын емес болатын.
Содан бері 40 жылдай уақыт өтіпті. Бір кездегі жігіт ағасы қазір сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалға айналған. Содан бері ұлттық психология ғылымын дамыту мен оны мектепте оқыту жөнінде газет-журналдарға жазған мақалаларын, жиі-жиі берген сұхбатын оқып жүретінмін. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, осы ғылымның күйін күйттеп жүріп ол да міне, қартайыпты. Қазіргі қазақ жастарының Батысқа еліктеуі, азғындауы, қылмысқа бейім болуы секілді келеңсіздіктің өршуінің өзі қазақтың ұлттық қасиетін санасына терең сіңірмеуден екенін қаламгерлер мен ғалымдар баспасөзде жиі қозғап келе жатыр ғой. Бұл мәселе ғалымның жанына ерекше бататыны айтпасақ та түсінікті болар.
«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүргенімде 2003 жылдың бас кезінде тағы да Құбығұл ақсақалмен екінші рет кездесіп сұхбаттасқан едім. Сонда ол дорба толы қағазадарын алдыма жайып тастап психология туралы ойларын ақтарған еді. Бірінші рет «Қазақстан» баспасында 1970 жылдары көргенімде ол 40-50 жас шамасындағы жарқылдап тұрған жігіт ағасы болса, 2003 жылы, яғни 30 жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне келгенде егде тартып қалған еді. Сөйтіп, оның сұхбаты «Ұлттық әдептану және жантану пәндері мектептен неге аластатылып жүр?» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінің 21 наурыздағы санында жарияланғаннан кейін редакцияға көптеген хаттар түсіп, оның сұхбатына зиялылар жаппай үн қосып, мақалалар жолдаумен болды. Тарих ғылымдарының докторы, этнограф, марқұм Төтенайдың Базарбегінің «Бодандық мінез-құлық – қазақтың соры», философ Нуридин Ыбырайдың «Әдептен озбайық, мәңгүрт боп тозбайық» деген мақалалары секілді өткір жазылған пікірлер газетке жиі жарияланатын болды. Сол кезде Құбығұл Жарықбаевтың сұхбатындағы деректер шын мәнінде, әсіресе қазақтың зиялы қауымын қынжылысқа түсіріп ашу-ызаға бөктіретіндей болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық санамызды жаңғыртуға данғыл жол ашылды деп жүрсек, керісінше оған қарсы күштер жымысқылықпен әрекет етіп ұлттық рухымызды тұншықтыруға тырысқаны осы сұхбаттан айқын аңғарылғандай болды. Сонда ол мынандай жайтты нақты былай баяндап берген еді:
– Әр ұлттың өзіндік мінез-құлқын, өзіндік табиғатын зерттейтін ғылымды меңгеру өркениеттің бір белгісі болса керек. Өркениетті деген Батыс, Шығыс елдерінің бәрінде үлттық тәлім ежелден оқытылып келе жатқанын айтпай-ақ қояйық. Елімізбен тағдырлас Ресейде, Украинада, Өзбекстанда ұлттық психология пәні 1-11 сыныптарда негізгі пән ретінде оқытылып жатыр. Әсіресе Украина мен Өзбекстанда бұл ғылымға ерекше көңіл бөлінуде. Жапония, Корея, Араб елдерінің бүкіл тәлім-тәрбие өзегі ұлттық педагогика мен ұлттық психология екені әлемге белгілі. КСРО педагогика ғылымдар академиясының академигі Ш.А.Амонашвили Кеңес кезінде мұғалімдердің Бүкілодақтық құрылтайында былай деген еді: «Оқушылар грузин тілінде оқитын мектеп ұлттық мектеп емес. Онда қашан грузин рухы өмір сүрсе, сонда ғана грузин мектебі бола алады». Сондықтан солар секілді біз де қазақтың балаларына толыққанды білім мен тәрбие беру үшін мектепте қазақ педагогикасы ұстанымдары арқылы олардың санасына қазақтың ұлттық психологиясын сіңіру мақсатында оқулықтар жазуға қызу кіріскен болатынбыз. Біздің бастамамызды қуана құптаған азаматтар да табылды. Сол кездегі Білім министрлігі басшыларының – (Ш.Шаяхметов, Е.Мәмбетқазиев, М.Жұрынов) мақұлдауымен және министрлік алқасының арнайы шешімімен бекітілген 1992-1997 жылдары жалпы орта білім беретін мектептердің бағдарламалары жасалып, оқу құралдарын әзірлеген едік…
Әңгімесін осылай толғаған профессор Қ.Жарықбаев «Қазақ әдебиеті» газетіне 2003 жылы берген сұхбатындағы фактілерді тағы да тізбелеп айта бастады. Сол тұста профессор Қ.Жарықбаев бастаған ғалымдар жазған оқулықтардың атын айтсақ та оның мән-маңызы зор екенін бағамдау қиын болмас. 1-4 сынып үшін «Әдеп әліппесі» – авторы, профессор Ә.Табылдиев. 5-7 сыныптар үшін «Әдеп негіздері» – авторлары профессор Қ.Жарықбаев, доцент Ә.Алдамұратов, профессор С.Ғабитов. 8 сынып үшін «Әдеп негіздері» – авторы профессор Ж.Молдабеков, 9 сынып үшін «Әдеп негіздері» – авторы, профессор С.Қали. 10-11 сыныптар үшін «Әдептану және жантану» – авторлары профессорлар Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиев. Осы оқу қүралдарымен бірге бұлардың бағдарламалары да басылып, респуб­лика мектептеріне таратылуға тиіс болатын. Бұл оқулықтарды мектептерде оқытуға арналған әдістемелік конференциялар бірнеше рет өткізіліп, бұл пәндердің бала санасына қазақтың ұлттық рухын сіңіруде зор маңызы бар екені ғылыми педагогикалық тұрғыдан жеткілікті негізделіпті. Мәселен, 1 сыныпта халық педагогикасынан «Сөз басы – сәлем», «Аялаған ана», «Әлпештеген әке», «Әдеппен сөйлеп әдеттен» дегендей тақырыптар болса; 2 сыныпта – туған жерді қастерлеу, ата-ананы сыйлау, текті білу, бата туралы мағлұмат берілді; 3 сыныпта – табиғатты аялау, обал, сауап, ысырап, ырым мен сенім, ағайын-жекжатты сыйлау дәстүрі, рәсімдері; 4 сыныпта – жыл қайыру, әдет-ғұрып; 5 сыныпта – туыстық қатынастар, кісілік қасиеттер; 6 сыныпта – тыйым сөздер, салауаттылық, жан тазалығы мен тән тазалығы; 7 сыныпта – ұлттық намыс, парыз бен қарыз; 8 сыныпта – иман және инабат, Отан, бақыт, т.б. осы секілді тақырыптар. Кейін 10-11 сынып оқушылары үшін «Жантануға кіріспе» (авторлары Қ.Жарықбаев пен О.Озғанбаев) жазылды. Ал осы тақырыптардың мәніне қарап та қандай ғибратты тәрбие берілетіндігін ұғыну қиын емес қой. Әсіресе қазіргідей жатжұрттық мәдени экспанция өршіп тұрған кезеңде оларға қарсы тосқауыл қоюдың, ұлт болып қалудың негізі нақ осындай тәлім-тәрбие беруде емес пе?! Сөйтіп, ұлттық психология пәні аранын ашып келе жатқан жаһандануға жұтылудан қорғап қалатын бірден-бір қуатты құрал бола алатынын дәлелдеп бір топ ғалым сол кезеңде «Атамұра» баспасын ұйымдастыра бастаған Мұхтар Құл-Мұхаммедке барып оқулықтарды бастыруды сұраған екен.
– Айналайын Мұхтар мұны қызу қолдады. Оқулықтарды 100 мың данамен басып шығаратын болды. «Бұл өте көп емес пе?» деп айтсам, ол «Көп емес, аз. Мектеп балаларына, тіпті барша қазақ жастарына таптырмайтын оқулық болады ғой» деп көңілімізді марқайтып тастаған-ды. Алайда көп ұзамай тұмсығымыз тасқа соғылғандай болды. Осы оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізілмей, қоймада қала берді. Қастық жасаған кімдер? Балаларымызды ұлттық рухта тәрбиелеуге құйтырқылықпен қарсы әрекет етушілер нақты кім екенін сол кезде аңғара алмай, мұның өзі уақытша кедергі деп ойлаған едік. Өйткені сол кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағарту қызметкерлерінің құрылтайында тәрбие жұмысы білім жүйесінен алшақтап кеткенін, бұл істі жөндеу қажеттігін баса айтқан болатын. Президент талабын басшылыққа алып, оқу-құралдарын пән ретінде оқу бағдарламаларына енгізу жөнінде бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады десек болады. Міне, содан бері әлі күнге дейін ұлттық психология пәнін мектепке енгізе алмай сарсылып жүрміз, – деп Құбығұл ақсақал ауыр күрсінді.
– Шайсұлтан Шаяхметов оқу министрі болып тұрғанда бізге күшті қолдау жасалса, кейін бұл іс сиырқұйымшақтанып, түрлі бұлтарысқа салынды. Кейін тіпті сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде күшті қарсылыққа кездескендейміз. Шәмша Беркімбаева министрдің орынбасары болып тұрғанда бұл пәнді мектепте оқытуға барынша қолдау жасаған болатын. Ол министр болып келгенде енді бұл пәннің бағы жанады деп алақайлап қуанып едік. Алайда басылған оқулықтар сол күйі қоймада қала берді. Ең сорақысы сол, еліміздің он үш университетінде психолог мамандар даярланып жатса да, орта мектепке ұлттық психология пәнін кіргізуге қарсылық күшті. Бұл пән мүлдем оқытылмайтын болды. Сонда жыл сайын жоғары білім алып шыққан жүздеген кадрлар не үшін әзірленетінін түсінбеймін. Енді бұл жайт өз алдына бір төбе әңгіме.
– «Ал осы «Атамұра» баспасынан мұнан 15 жылдай бұрын жүздеген мың данамен басылған оқулықтардың тағдыры не болды?» дегендей сауал тастап едім. Құбығұл ақсақал күйінішін жасыра алмай, қос қолын жайып, болжамын білдірді:
– Не болғанын бір Алла біледі де. Осынша құнды дүние бәлки, қоймада шаң басып жатқан болар? Әй, қайдам?! Оны мектепте оқытуға қарсы болып жүргендер, ұлттық психология ғылымын қыспаққа алушылар осынау жүздеген мың дана кітапты бәлки құртып жіберуі де әбден мүмкін. Ондайлардан мұндай сорақылықты да күтуге болады ғой.
– Бәлкім, қазақтың ұлттық психология ғылымы әлі дамып толысқан жоқ, сондықтан оны мектепте оқытуға болмайды деген күдікті пікірлер басым болар?
– Қазақтың психологиялық мұрасы өте бай. 1989 жылы Мәскеуде психологтардың Бүкілодақтық соңғы VII съезі болды. «Қазақстандағы психология ғылымының жағдайы туралы» баяндама жасадым. Сонда Ж.Аймауытовтың психологиядан бірнеше кітап жазғанын айтқанымда ғалымдар таңданумен болды. Мен оларға әл-Фарабидің, Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаевтың психологиялық көзқарастарын айтқанымда құрылтайға қатысқан ғалымдар тіпті сене қоймай, «Апыр-ай, сендерде психология секілді күрделі ғылым осындай деңгейге жетті ме?» деп күдіктенгендер де аз болмады.
Жүсіпбектің шығармалары – ұлт тәрбиесінің өзегі. Оның психологиялық көзқарастары туралы сол жылдары жазғаным Мәскеуден шығатын орыс тіліндегі «Психологический журнал» журналында кешігіп басылды. Оның себебін кейін бір танысым айтты. Редакциядағылар «Жүсіпбектің жазғандары өзінікі ме, әлде аударма ма?» деген күдікпен әбден тексерген. Сәті келгенде оның еңбегі туралы Ленин кітапханасына барып жүретін ұлты татар мәскеулік бір журналист ақсақал білетін болып шыққан. Әлгі дүниелерді Аймауытовтың өз еңбегі екендігіне кепілдік берген соң ғана менің мақалам жарияланыпты.
Зерттейтін ғұламаларымыз көп. Олардың бәрі де ұлттық психологияны өркендетуге үлес қосқандар. Осы төңіректе жиі сөз болған ­сайын қазақ психология ғылымын жоққа шығарғандардың аузына құм құйылатын болды деп ойлайтынбыз. Өкінішке қарай, Мәскеуде білім алып, өздерін білгіш сезінетіндердің өз ұлтының психологиясын білмейтіні, есесіне өзге психологтардың ой-тұжырымдарына жөнсіз сүйенетіні әлі де көрініс беріп келеді. Әйтпесе, біздің қазақта Шоқан еңбектерінде халықтық рух мәселесі жиі қозғалған. Ал халықтық рух дегеніміз – ұлттық сана-сезімді ояту, қазіргі ғылым тілімен айтқанда – этнопсихология, қазақи тілмен айтсақ – ұлттық психология ғылымы деп аталады. Кейін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов ұлттық сана-сезімді ояту мәселесіне айрықша мән бергені белгілі. Әсіресе Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов бұл тақырыпта жиі қалам тартқан. Бертініректе Төлеген Тәжібаев, Мәжит Мұқанов ұлттық психологияны дамытып, оны жастар тәрбиесіне қолдану мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған. 1926 жылы Жүсіпбектің қомақты кітабы – «Психология» жарық көрсе, бұл саланы 1938-40 жылдары академик Төлеген Тәжібаев ғылыми жүйелеп, ретке келтірді. Кейін бұлардың ісін қазақтың танымал психологтары жалғастырды.
Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш артына көптеген еңбек қалдырды. Шәкәрім Құдайбердиев психологияны қазақта тұңғыш рет негіздеп «Жан сыры» деп атаған. Жүсіпбек Аймауытов «Жан жүйесі» деп зерделеді. Ал біз қазір «Жантану» деп қалыптастырдық. Тура мағынасында айтқанда психология адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін ғылым ғой. Тіпті Ж.Аймауытов білім негізі ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келіп: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деген ғой. Аймауытов «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) оқулық құралдарын жазып, психология, педагогика, әдістемелік ғылымдарды ұштастыра оқытуға терең мән берді. Ал Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектептегі ана тілі» (1925), «Сауатты бол» (1926), «Педагогика» (1922) атты еңбектері – педагогика-психология ғылымына қосылған елеулі үлес. Ол – қазақтың халық психологиясын ғылыми тұрғыда қарастырып, осы ғылымның іргетасын қалаған ғұлама. Ал сонау Х ғасырдағы әл-Фараби бабамыздың психологияға қатысты жеті еңбегі – өз алдына бөлек әңгіме.
Бір өкініштісі, осындай дүниелердің бәрі оқу орындарынан бастап, ауыл кітапханасына дейін жетпей тұр. XV ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» деген еңбек жазыпты. Сонда философия, психология, медицина, әдебиет және тағы басқа ғылымдардың мәселелерін сөз етеді. Орта ғасырдағы қазақ ғалымы Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында да психология мәселелері тұнып тұр. Осының бәрінен мақұрым қалып, рухани байлығын өзгелердің құндылықтарымен толтырғысы келетін нигилистер ғана ұлттың рухани байлығын аяқ асты етіп келеді.
Тіпті әрідегі ғұлама ойшылдарымыз түгілі, берідегі Шоқан, Ыбырай, Абай мұралары да психологиялық ғылымның қайнар бұлағы екенін түсіну қиын емес.
Қазір Батыстың, Американың, орыстың психологиялық ілімін зерттеп, солардың әдіс-тәсілдерін насихаттап, психологиялық мектебін дәріптеуге жаны құмар жаңа буын өсіп келеді. Міне, осындайлар қазақтың болашағына қатерлі. Орысша, ағылшынша тілі жорға, қазақшасы шорқақ. Сонысын желеу етіп, батысша мінез-құлық, әдет-ғұрыпты көбірек оқиды, Батыстан грант, мақтау, атақ алады, қазаққа берері жоқ. Себебі кейбір орысша тәрбиеленіп өскен ғалымдар жазған психология орыстың Батыс ұлттарының табиғатын дәріптейді. Кез келген оқулық, зерттеу жұмыстары орыс, қала берді, Батыс психологиялық мектебінің негізінде құралып, орыстың, Батыстың мүддесін көздеп жазып жатыр. Жалпы ғылымда біз соларға тәуелдіміз. Психология ғылымы саласынан ғылыми дәреже алу үшін, диссертациямызды қорғау үшін орыс пен өзбектен ғылым докторларын шақырып, мақұлдатамыз. Философия докторы деген термин шықты. Ондай атақ алу үшін де Батысқа жалтақтаймыз.
– Бәлкім, қазақтың ұлттық психология ғылымын оқытатын мамандар тапшы болғандықтан бұл салаға жол ашыла қоймаған болар?
– Бізге осындай сауал тастап уәж білдіретіндер, тіпті көзімізді бақырайтып қойып сылтау айтатындар да ұшырасып қалады. Әрине, жоғары оқу орындарында ғылымды терең білетін ғалымдар жеткілікті болғаны жөн. Ал орта мектепте, бастауыш мектепте кез келген пән мұғалімі сынып жетекшілері ұлттық психологияны пән ретінде оқыта алуы қиын емес. Егер бағдарлама нақты жасалса, оқулық болса, пайдаланылатын оқу құралдары әзір тұрса қазақ табиғатын білетін мұғалімдер үшін балаларға осы пәннен сабақ беруі қиын болмас еді. Сондай-ақ республикада 1988 жылдан бері мыңнан астам маман дайындалды емес пе.
Мәселе кадрда емес, басшылардың пейілінде болып отыр ғой. Жүздеген мың данамен басылған оқулықтарды мектепте оқытпайтындай бұл еңбектер тіпті де зиянды емес, пайдасы мол екені түсінікті. Сондай-ақ психология ғылымын, әсіресе қазақтың ұлттық психологиясын өз еркімен зерттеумен шұғылданып жүргендер де баршылық. Мәскеуде психология факультетін бітірген профессор С.Жақыпов орыс тілінде «Психологическая структура и обучение» деген тақырыпты зерттесе, С.Бердібаева қазақ тілінде «Адамның творчествалық іс-әрекетінің этнопсихологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпты, айтыс психологиясын зерттеп, ұлттық психологияны дамытуға үлкен үлес қосты. Ал Н.Тоқсанбаева «Қарым-қатынас – бірлескен іс-әрекетті жүйелеу фактісі ретінде» тақырыбын зерттесе, Ф.Тәшімова «Субъективизация диссиммилизация смысла» тақырыбында диссертация қорғады. Мәселені түсіну психология­сын А.Ким, ал О.Аймағамбетова, Н.Ақтаева, Д.Дүйсенбеков «Қазіргі заң, педагогикалық психология» мәселелерін зерттеген еді. Өзім екі рет докторлық диссертация қорғадым. Біреуін 1982 жылы Киевте, екіншісін 2003 жылы Алматыда. Қорғаған тақырыбым: «Қазақстандағы ғылыми психологияның қалыптасуы, даму жолдары». Екінші диссертацияны қорғағанда бұған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары қатысып, жақсы баға берді. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дегендей, біздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және этикалық психология кафедрасында соңғы оншақты жылдың ішінде 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Біздің кафедрада 9 ғылым докторы бар, бәрі де бір кафедраның ішінде қызмет атқарады.
Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде кафедра меңгерушісі, психология докторы Қорлан ­Шерияз­данова, психология ғылымы­ның докторы Алма Ақажанова, психология ғылымының кандидаты Мырзатаева, біздің университетте Жарас Сейітнұр, М.Құнанбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-де психология ғылымдарының докторы, профессор Жәмила Намазбаева, Оспан Саңғылбаев секілді зерттеулер жүргізіп, еңбек жазып жүргендер де аз емес.
Көкшетауда Көкше универси­те­тінде этнопсихологиядан докторлық диссертация қорғаған профессор Әсия Көкебаеваны ерекше айтуға болады. Ол Испанияға барып этно­психологиядан жасаған баяндамасы мен оқыған дәрісін еуропалық ғалымдар өте жоғары бағалады. Қазір ол дәріс оқуға Польшадан шақырту алып отыр. Әттең, қамқорлық болса, қазақта мұндай ғалымдар қатары көбейе берер еді.
– Сіздің болжамыңызға қарағанда жүздеген мың дана болып басылған оқулықтарды қоймада шірітті немесе өртеп жіберді делік. Мұнан өзге қандай қысым жасалып келеді? 1940 жылдары орыстың ұлы генетигі, селекцияшы-ғалым Н.Вавилов бастаған генетик-ғалымдар жаппай қудаланып, атылып, түрмеге қамалды емес пе. Содан Кеңес Одағында ауыл шаруашылығы ғылымы Батыстан жарты ғасыр артта қалып ет, астық өндіруде әлі де теңеле алмай келеміз. Ұлттық психология ғылымы да сондай күйге ұшырағаны ма?!
– Қудалаудың мәнін түсіну үшін басынан бастап айтайын. 1992 жылы Алматы облыстық ұлттық тәлім-тәрбие қауымдастығын құрдық. 1998 жылы академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығын аштық. Республика көлемінде бұдан басқа ұлттық тәрбиемен айналысатын ғылыми мекеме болған жоқ. Біраз жыл баспанамыз болмады. Сөйтіп жүріп те 14 конференция өткіздік. Оның бесеуі халықаралық, тоғызы республикалық, аймақтық дегендей. ТМД елдерінен ғалымдар шақырдық. 21 том «Этно­психология және этнопедагогика» атты сериялық ғылыми жинақтар жарық көрді. Педагогикалық жоғары оқу орындарында этнопсихология, этнопедагогика кафедралары ашылды, оқулықтар жазылды. Сонымен жұмыс жолға қойыла бастаған еді. Алайда кейінгі жылдары бұл пәнге үрке қараушылық бел алды. Басқасын былай қойғанда, Білім және ғылым министрлігі Ұлттық орталықтар шығарған еңбектерден (соңғы жеті жылда 11 кітап шыққан) бейхабар қалып отырғаны да қынжыларлық жайт. Қыруар қаржыға басылған оқулықтарымыз мектептерде оқытуға жол табар емес. Жоғары оқу орындарында этнопсихология кафедралары жабылып, бұл пән мамандары өзге кафедраларға бас сауғалауға мәжбүр болды.
2000 жылы біздің университетте 14 факультетте ұлттық психология пәні оқытыла бастап еді, 3 жылдан соң оны да қысқартып тастады. Сонан соң жағдайды оңдасын деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғ.Мұтановқа былай деп ресми хат жолдауға мәжбүр болдым: «Қазақтың ұлттық психологиясы», «Қазақстандағы психология ғылымы», «Әл-Фарабидің психологиялық мұралары», «Қазақтың салт-дәстүр психологиясы», «Қазақ этнопсихологиясы», т.б. осы секілді дәрістердің бағдарламалары мен оқу құралдары жазылып жарыққа шыққанымен, олар оқу жоспарына енгізілмей, тіпті элективтік дәрістің циклінен де тыс қалып жүр.
Мәселен, психологтардың (бакалавриат) оқу жоспарындағы 69 пәннің бәрі қазіргі әлемдік психологияға да, қазақ елінің тыныс-тіршілігіне де еш қатысы жоқ дүниелер болды. Солардың кейбірі: «Нейропсихология», «Психосемантика», «Психология смысла», «SPSS в психологии», т.б. Сөйтіп, 4 жылда оқылатын дәрістердің 1 пайызы ғана бізге қатысы бар екен. Психология магистратурасының оқу жоспары да осындай. Бір сөзбен айтқанда оқу жоспары, бағдарламалары түгелдей Ресей ЖОО-ның көшірмесі болып отыр. Біздегі психология кафедрасында 9 ғылым докторы, 20-ға жуық кандидаттар тұрғанда мұнымыз қалай деген сұрақ туады. Осы жайтқа құлақ ассаңыздар екен».
2010 жылы 25 ақпанда Алматы қаласындағы қазақ мектептерінің басшылары Білім және ғылым министрлігіне, Білім департаментіне мектептің 5-11 сыныптарында Ресей, Өзбекстан секілді ұлттық психология пәнін оқыту жөнінде талап-тілегін білдіріп хат жолдаған еді. №159 мектептің директоры, Еңбек Ері Аягүл Миразова бастаған мектеп директорлары қолдарын қойған олардың осынау ұсыныс-тілегіне де ешкім құлақ асқан жоқ.
2009 жылдың 26 наурызында болған «Білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті ұйымдастыру негіздері» атты республикалық семинарға 14 облыстан келген мұғалімдер этнопсихология пәнін мектепте оқыту жөнінде министрлікке үндеу де жолдады. Алайда ол да қолдау таппады.
Тіпті жуықта Білім және ғылым министрлігіне қайталап хат жолдадық. Өйткені біз бұған дейін жолдаған хатты министр Департамент директоры Ж.Жонтаеваға беріпті. Ал ол бізге психология пәніне еш қатысы жоқ оқулықтарды шығару стандарты туралы түсіндірме жазып жіберіпті. Сөйтіп, біз не дейміз, домбырам не дейді болып шықты. Сірә, тура жауаптан жалтарып бізден құтыла салудың амалы болса керек.
Жалпы 1991 жылдан бері этнопсихология ғылымын дамытуға, мектепте пән ретінде оқытуға Білім және ғылым министрі болған кезде Шайсұлтан ­Шаяхметов, Мұрат Жұрынов, Жансейіт Түймебаев қолдау жасаған еді. Қалғаны теріс қараумен болды.
Сөйтіп, ұлттық психология менің өмір бойғы дертім, арманым, жан дүнием болды. Міне, жасым сексеннен асты. Енді қанша өмір қалды дейсіз менде. Барлық арманымды түйіндеп айтсам, төрт мәселе шешімін тапса деумен күрестім, тірестім, іздендім, еңбектендім. Енді артымдағы шәкірттеріме «осы арманымды орындаңдар» деп аманат өсиет қалдырғандай болып жүрмін. Ол төрт мәселе мынандай: 1.Қазақстанда психология факультетін ашу. 2.Этнопсихологиялық ғылыми-зерттеу институтын ашу. 3.Психологтар қоғамын құру (1958 жылдан 1991 жылға дейін КСРО психологтар қоғамының бөлімшесі ретінде Қазақстан психологтар қоғамы болды). 4.Төл тілімізде оқулықтар мен ғылыми монография­лар жазып шығарып мектептерде жаппай ұлттық психологияны балалар санасына сіңіріп тәрбиелеу. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз білім умен тең» деген сөзі әркімнің есінде болуы тиіс. Қазір мектептерімізде ұлттық тәрбие беріп жатырмыз дегені бос сөз. Мектептерде ұлттық салт-сана оқушы санасына сіңірілмесе ол қандай тәрбие болмақ. Ең қынжыларлығы сол, қазір оқу орындарында, телерадиодағы насихатта, ұлттық салт-санамызға қарсы тәрбие беру, насихат жүргізу өрши түсуде. Сөйтіп, қазақ жастары жаппай Батысқа еліктеп не қазақ емес, не өзге ұлттардың өкілі емес, дүбәрә мәңгүртке айналғанын көзқарақты азаматтар аңғарып қынжылудан өзге амалы болмай жүр ғой. Үкіметте, министрлікте ұлт мүддесін, ел болашағын ойлайтын азаматтар аз емес. Алғы кезеңде этнопсихология оқу орындарында, мектептерде пән ретінде оқытылатынына өз басым шүбә келтірмеймін. Тіпті қазіргі министр Бақытжан Жұмағұлов та байып­тап тереңірек үңілсе бұл мәселені шешуге бейіл танытуы әбден мүмкін.
– Жас ұрпақ үшін, халқымыз үшін сіңірген еңбегіңіз ақталып, арман-ойыңыз орындалғанын көзіңізбен көретіндей жасыңыз жүзден асып жасай беріңіз деген тілекпен өзіңізге деген ризашылығымызды білдіреміз.

Әңгімелескен Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.