Ауыл спортының халі қалай?

Ұлт денсаулығын нығайтуда бұқаралық спорттың алатын орны ерекше. Соңғы уақыттары үлкен спортта биік белестерді бағындырған ұландарымыздың жеңісі жалпы халықты қанаттандыра түскені анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық денсаулығын нығайтудың нақты қадамдары мен жолдарын көрсеткені белгілі.   

Қазақтың құтты мекені – ауыл бақылаусыз, қараусыз, қаражатсыз қалған жылдар да ақырын жылжып артта қалып барады. Алайда берекелі момақан даладан ию-қиюы мол, даңғаза қалаға жастар әлі де ағылуда. Өйткені жастардың ауылда тұрақ­тануына қолайлы жағдай әлі жасалған жоқ.
Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ортасына үлгі болу әркімнің міндеті. Бүгінгі күні болмысы өзгере бастаған қазақтың бұрынғы замандағы қай­сарлығын қайткенде қалпына кел­тіре аламыз? Денсаулықтың серігі – спорт екенін біле тұра денені шы­нық­тыруға енжар қарайтынымыз өтірік пе?!
Ежелден тынымсыз тірлікке негізделген ауылдың баласы ес білгеннен бастап небір ойын жаттығуларын көрді, еңбекке қауырт араласып өсті. Ауыр көтеру, аяқ, білек және бел күшін сынасу, аяққа қоржын байлап жүгіру, балтыр байқасу, еңбектеп жарысу, иық, тізе, төс қағыстыру, маңдай сүзістіру, қол күрестіру, мықын итерісу, тағы басқа толып жатқан дене қимылдары жас баланың бойына қуат, жанына сергектік сыйлаушы еді ғой. Себебі аттың жалын тартып мініп, түйенің қомында жүретін малшы ауылдың жеткіншектері ержүрек, жауынгер болып жетілуді көкседі. Сондықтан да болар, ықылым заманда-ақ жауын мұқалту үшін алыспақ (белдесу, күресу, жұдырықтасу) және атыспақ (мылтық, найза, семсерлесу, қылыштасу, найза шаншу, тас ату) сияқты ойындарға машықтанды. Алайда ақкөңіл, қонақжай, ақынжанды Алаш ұрпағын талай ғасырлар бойғы отарлық саясат басып жаншыды, сағын сындырды. Тілін кесіп тастаған халықтың үні қалай шықсын, өнері, спорты қайдан алға жылжысын, қайтіп дамысын? Ауыл спорты тұншығып, өзге елдердің спорт түрлеріне таңдай қағуға тура келді.
Қашанда спорт дегеніміз – жасампаздықтың символы. Жаратылысында табиғатпен тікелей араласып таудан ­– өрлікті, судан – тазалықты, жерден – төзімділікті, аспаннан – асқақтықты мирас етіп алған халқымыз ендігі кезде жан қинамаса, тер төкпесе, спорты дамымақ емес. Өркениетті елдердің бәрі де спортқа араласу арқылы жігерлі, шат қимылдап, алға озуда. Суда жүзу, теннис, конькимен жүгіру тәрізді спорт түріне әу бастан қырымыз жоқ, ал асық атып, доп лақтырып, ләңгі теуіп, жілік сындырып, көкпар тартып өскен ұрпақ күрес пен жұдырықтасуды (боксты) ешқашан жатырқаған емес. Қайбір ауылға барсаңыз да желаяқтар табылады. Сондай-ақ екі доңғалақты көлікке көсілте мініп, көшенің шаңын шығаратын балалардың ішінен небір жүйріктер, велоспортшылар шықпасына кім кепіл? Тегімізде мықтылық бар, бірақ жас буынды жеңіл атлетикаға баулитын маман кадрлар ауылға жетпейді. Палуандар сайысына арналған боз кілем төселген бөлме түгілі көп жерлерде баскетбол, волейбол, футбол ойнайтын алаңдар да жасақталмаған. Мәдени орталықтарда, ауылдағы клубта да спортзалдары бар, алайда олардың бәрі бірдей жұмыс істемейді. Өйткені спортзалдарындағы жуынатын және шешінетін бөлмелер толық жабдықталмаған. Сондай-ақ ауыл мектептерінде ядро мен диск, найза (спорттық снаряд), футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын доптар, биіктікке секіру мен сырықпен секіруге арналған жабдықтар барлық уақытта бола бермейді. Жалпы спорт құралдары қымбат тұрады. Күрес кілемі – 1,5 миллион теңгені құрайды. Ғимараттар тар болғандықтан жаттығатын қолайлы зал да бола бермейді. Көктем сайын ГТО нормативтерін тапсыру ісі де жүйелі түрде жолға қойылмайды. Хоккейге қажетті кешенді спорт жабдығы тым қымбат тұратындықтан әлі күнге дейін хоккей таяқшасын қолдан жасап алып жүрген ауыл балалары бар.
Қара қатқақ суықта, қарлы боранда, аптап ыстықта, аңызақ далада өскен балалардың бойында күш-қуат мол, қандай сынға да төзімді. Өкініштісі, сондай жас буынды тәрбиелеу, дұрыс бағыт беруде кемшілік көп. Содан, әлеуметтік әрі мәдени жұмыстардың жолға қойылмауынан жастарымыз тасқындаған қайраттарын қайда жұмсарын білмейді. Күнкөрістің, күйбең тірліктің қамымен біреулері базарда арба сүйресе, біреулері қара күшін сатып, жалдамалы еңбекке жегіліп жүр. Ал спортшы жігіттердің арасында бұзақылықпен, қарақшылықпен, күзетшілікпен айналысатындары қаншама?!
Ұлт саулығы – стратегиялық тұрғы­дан өте маңызды мәселе. Жастар­дың спортпен айналысуына жағдай жа­салса, жасөспірімдер арасында қыл­мыс азайып, темекі шегу, нашақорлық сияқты жат қы­лықтарды жоюға мүмкін­дік туатыны сөзсіз.
Бүгінде ауыл спорты аса жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймыз. Байыптап қарасаңыз, ауылдан шыққан спортшылардың көбісі – күрес түрлерімен және бокспен айналысатындар. Қазіргі таңда бұрынғыдай үлкен спорттың есігін өте кеш ашып, жоғары жетістікке жету мүлде мүмкін емес. Қазір ауыл балаларына спорттық мектеп-интернаттар мен дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне ауыспаса, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру  қиын. Математикалық ықтималдығы шектен тыс аз. Шыны керек, бүгінде ауылдан шыққан чемпиондар азайып келеді. Тек арнайы спорттық мектептерге жолы түскендер мен бағы жанып қабылданғандар ғана хас шеберлер қатарына қосыла алады. Сондықтан әрбір ауылда бір спорт үйірмесі (секциясы) жұмыс жасап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әр халықтың мықтылығы мен тектiлiгiн, мәдениетi мен мiнез-құлқын танытатын ұлттық ойындары болатыны белгiлi. Соның iшiнде жалпы ережесi қалыптасып, жарыс күнтiзбесiне енiп, бұқаралық сипат алғаны қаншама? Соңғы кезде ұлттық спортқа көңіл бөлініп жүр. Ауыл баласы ат спортына икемді келеді. Әсіресе әр облыстарда қыз қуу, аударыспақ, көкпар, теңге алу сияқты түрлері қолға алынуда. Қазақ күресі де қанат жайып келеді.
Қазір елімізде спорттық кешендері бой көтеруде. 2011 жылы өткен Азиада ойындарының арқасында көптеген нысандар салынып, қолданысқа берілді. Алматыда әлемдік деңгейдегі трамплин кешені, Астанада мәнерлеп сырғанауға арналған мұз айдыны, тағы да басқа спорттық ойындарға лайықталған орындар бар. Осы нысандар пайдалануға берілген кезде Елбасы Н.Назарбаев: «Бұлар бос тұрмауы керек. Мұнда қазақ балалары салауат­ты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы керек. Спорт нысандары бәріне қолжетімді болу керек» деген болатын. Алайда бұл сөз орындалып жатыр ма? Былайғы қарапайым жұрт спорт кешендеріне балаларын бере алмайды. Өйткені олар ай сайын қомақты ақша талап етеді. Ал ынтасы бар баласын спорт­қа баулиын десе, қалтасы көтер­мейді. Талай ата-ана ақшаның қолбай­лаулығынан спортқа талабы бар баласын ақылы кешендерге бере алмауда.
Еліміздің көптеген ірі шаһар­ларында жекеменшік спорттық кешендер де бар. Бұл жеке кәсіп­керлер үшін – ақшаның көзі. Мә­селен, Алматы қаласындағы Абай мен Розыбақиев көшелерінің қиы­лысындағы соңғы заманауи үлгімен салынған Тұңғыш Президент қоры спорт кешенінде спорттық ойын түрлерінің бәрі бар. Ата-аналардың айтуынша, бағасы да аса қымбат емес. Алайда спорт үйірмелерінде әлі де қаракөздеріміздің саны аз. Спорт секцияларының бағасына келсек, расында да қала жұртының қалтасы көтерерліктей екен.
Соңғы кезде мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталықтары мен қалаларда арнайы кешендер салынып жатқаны анық. Алайда бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Соның салдарынан ауылды жердегі жастар мен жасөспірімдер екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей дал. Егер оларды жастайынан спортқа тәрбиелесек, еліміздің атын әйгілі ететін қаншама саңлақтар шығатыны күмәнсіз. Тіпті ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетел тұрмақ, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жатады. Себебі көбінесе өз қаржысымен баруға тура келеді. Алайда баланың жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере бермейді. Сөйтеді де, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға бара алмаған жас спортшының сағы сына береді. Міне, Үкімет осындай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын мейлінше көбірек созғаны жөн.
Шенді-шекпенді ағалардың немқұрайдылығы, спортқа тарту, баулу деңгейінің артпауынан, ауыл спорты базасының құрылмауы немесе қажетті деңгейде еместігі салдарынан ауыл балаларының спорт түрлеріне тартылуы айтарлықтай емес.

Маман пікірі

 

 Амалбек ТШАНОВ, республикалық спорт колледжінің директоры:
– Елбасы еліміздегі спорт­ты дамыту жөнінде жиі айтады. Оны орындау – Үкіметтің ісі. Әсіресе ірі ауылдық жерлерде спорт клубтарын ашу қажет. Бұл – бір, екінші мәселе – ауыл­ға баратын спорт маман­дарына жолақысын беру, пәтермен қам­тамасыз ету, дұрыс еңбекақы төлеу секілді шараларды жүзеге асыру керек.  Кеңес заманында осы мәселе жақсы жолға қойылған еді. Соны жандандырған жөн. Өйткені жас маманды ынталандыру керек. Біз спорт колледжінің ішінен мек­теп- интернат аштық. Оған келушілердің 95 пайызы – ауыл балалары. Өкінішке қарай, қалаларда спортпен айналысатын алаң қалмаған. Бәрі сауда орындарына, дүкенге ай­налды. Кеңес заманында құрылыс­шыларға үй салғанда, соның маңынан міндетті түрде шағын спорт алаңын салып беру талап етілетін. Бұқаралық спортқа деген көзқарас сондай еді. Алдағы уақытта осы мәселені де ескерген жөн.

Амангелді СЕЙІТХАН, спорт журналисі:
–   Бұқаралық спортты да­мы­­тудың бірнеше жолы бар. Ең бастысы – жер-жерде балалар спорт мектебін ашу. Мамандарға қомақты жалақы тағайындау қажет. Өйткені олардың еңбегі тегін болмауы тиіс. Сондай-ақ ауыл спар­такиадасын қайта дамыту үшін жер-жердегі әкім­дердің, мектеп, мекеме басшы­лары атсалысуы, өз ұжымдарын соған қатыстыруы керек-ақ. Сонда ғана іс-шара нәтижелі бол­мақ. Тағы бір мәселе, бұқаралық спорт белгілі бір мереке қара­саңында ғана ұйымдас­тыры­лып, сосын ұмыт қалмауы тиіс. Бұл жерде ерекше айта кетер мәселе – бұрыннан келе жатқан ерікті спорт қоғамын жандандырған жөн.

Ауыл спортын дамыту бағытында ақырындап болса да жұмыстар атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де, ауыл-аймақтарда бұқаралық спорттың кең қанат ­жайып, онымен ауылдықтардың жаппай айналысуға көшкенін көре алмай отырмыз. Спорттан көшбасшылық тізгінін қолдарында ұстаған дамыған елдерде бұқаралық спортпен айналысатындар саны 30-40 пайызды құрайды. Мысалы, Қытай елі соның нақты дәлелі. Бұқаралық спорт кереметтей дамуы үшін онымен айналысатындай спорттық базалар, кешендер мен мектептер, жас балаларды спортқа баулитын білікті мамандар жеткілікті болуы тиіс. Сосын спортты дамыту қомақты қаржы салуды қажет етеді. Егер өңір басшысы тарапынан бұқаралық спортты дамытуға оң пейіл, дұрыс көзқарас танытылса, онымен айналысатындардың арасында қарадомалақтарымыз көптеп табылары хақ. Тек оларды бұлақтың көзін ашқандай іздеп тауып, шеберлігін шыңдап, баулып-баптап, аламан бәйгеге әкеліп қосу керек. Егер ұлттық мамандарды даярлауға баса назар аударсақ, ұлттық спорт түрлерінің де жанданары сөзсіз. Сонау Кеңес дәуірінде «Былғары қолғап», «Шайбалы хоккей» сынды жас балаларға арналған турнирлер мектеп, ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде жиі-жиі өткізіліп тұратын еді. Қазір соның бәрі құрдымға кетіп, бұрынғы күнімізге зар болып қалдық. Оған қит етсе «ақша жоқтығын» алға тартып, ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келетіндер кінәлі.
Ауылдық балалардың басым көпшілігі қазақ күресі, еркін күрес, бокс сынды жекпе-жек түр­леріне ынтызар болса, керісінше, қысқы спорт түрімен айналысуға құлықсыз. Қысқы спорт түрлерін насихаттаудың кемшіндігі, сол спорт түріне ынталандыратындай білікті балалар жаттықтырушыларының жетіспеушілігі кері әсер ететін сынды. Оларды командалық спорт түрлерімен айналысуға жұмылдыру үшін спорт мектептері мен ашық, жабық спорт кешендерін, мұз айдындары мен хоккей қорапшаларын ауыл-ауылда, аудан мен облыстарда көптеп салу керек. Өйтпейінше айналысатын спорттық базасы жоқ ауыл мен аймақтан дода бұзар саңлақ спортшының шығуы екіталай.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Ибрагим

    Иә, ауыл спорты дамымай ел спорты дамымайды. Нағыз талантты жастар ауылда. Егер селода спорт школалалары көп болса жаксы болар еді. Маселен, Ресейде кейбір ауылда хоккей спорт кешені бар. Ал біздің елде ауыл тұрмақ, көптеген ірі қалаларда хоккей немесе кыскы спортпен айналысатындай жагдай жасалмаган.

  2. Sanzhar

    Сын түзелмей мін түзелмей демекші, барлық жақсы нәрсеге уақыт керек. Ауыл спортының дамуы үшін әлі кем дегенде 15-20 жылдай уақыт қажет болады. Алайда елімізде атқарылып жатқан игі істер аз емес. Осындай бағдарламалардың (программалар)көмегімен ауылда спорт комплекстері салу іске қолға алына бастады. Одан басқа барлық талантты жастар ауылда деген пікірге толық келіспеймін. Талантты спортшы ауылдан да, ауданнан да, қаладан да шығады. Қала баласы әлжуаз деген пікірге де келіспеймін. Бір сөзбен айтқанда талант жерге, ұлтқа қарамайды.

  3. Карим Намаз

    Ауыл спорты дамып келеді. Барлық нәрсе қаржы бөлінуге байланысты. Бірақ жоғары жақтан бөлініп жатқан қаржы ауыл жаққа толық жетпей жатыр.

  4. Eldar Койбагаров

    Ким айтты барлык нарсе каржыга байланысты деп. Например, Африканын коптеген елдеринде ауылга акша мулдем болинбейди. Соган карамастан Кениядан ауылдан небір түрлі марафоншылар, Эфиопиядан орташа және алыс кашыктыкка жугиретин танымал спортшылар шыкты. Типти кедей болып саналатын Сомали, Джибути, Мозамбиек, Уганда, Эритреяның желаяк атлеттері стадионга бай Казахстаннан да асып тусти. Сондыктан коп нарсе адамнын озине байланысты.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.