Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі: Іс қағаздары түгел дерлік қазақша жүргізілетін болды

Облыс әкіміне үш сауал:

1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын облыс көлемінде қандай шаралар қолға алынды?
2. Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
3. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

1. Батыс Қазақстан облысы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту жөнінен республика бойынша үшінші орында. Ұшар басын бізден Қызылорда мен Атырау облыстары ғана сәл алшақтатып тұр. Бұл да жақсы жетістік деп ойлаймын. Бір жылдары орысша оқымаған бала қатардан қалып қояды деген үрей қоғамның санасын билеп, әбден зәрезап қылса, бүгінде бүкіл ел бойынша «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік сенім, ертеңгі күнге деген жарқын үміт түбегейлі орнықты. Облыстағы қазақ балабақшаларында тәрбиеленуші өзге ұлт өкілдерінің балалары сан жағынан 13 пайызға жетті. Өңірімізді мекендейтін 90-нан астам ұлыстың өкілдері бар екенін ескерсек, осының өзі – қоғамдық санадағы сапалық өзгерістерге нақты айғақ.
Облыста ісқағаздың 99,6 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Біздің алдымыздағы Заңмен белгіленген бір міндет – ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасау, мемлекеттік тілді оқыту мен үйрету әдістемелерінің сапасын жақсарту.
Тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан мемлекеттік тілді оқыту курсына 855 тыңдаушы тартылып, облыстық бюджеттен биыл 22 400 мың теңге бөлінді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облыс тұрғындарының 67 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгерген.
Республика бойынша жаппай қолданысқа енген Қазтест сынағы біздің облыста мамыр айында өткізілді. Аталмыш сынаққа 2002 адам қатысып, олардың 56-сы жоғары, 990-ы ортадан жоғары, 583-і орта, 318-і базалық, 33-і қатардағы деңгей үдесінен көрінді.
Осы талап тұрғысынан алғанда, біз көздеген межеден шыға білдік деп ойлаймын. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында ағылшын тілін оқыту курс­тары ұйымдастырылып келеді. Биыл 650 тыңдаушы тартылды.
Былтыр мемлекеттік мекемелер мен жекелеген аудандарда жүргізілген республикалық жоспарлы тексерістің қорытындысы бойынша «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылымдарында тілдік оң ахуал қалыптасып отыр» деген баға берілді.
2. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік-коммуникативтік міндеттерін кеңейту еліміз саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала беретіні белгілі. Мемлекеттік бағдарлама айқындап берген міндеттердің бірі – тілдерді, соның ішінде мемлекеттік тілді дамыту. Аталмыш міндетті іске асыру бағытында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арнап облыстық тіл айлығын өткізу дәстүрге айналды.
Жыл сайын тіл айлықтары атап өтіліп 65 номинация, 72 байқау бойын­ша тапсырыспен халыққа қызмет көрсететін түрлі сала қызметкерлері, оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары барлығы 3000-нан астам үміткер қатысып, 120 000-ға жуық көрермен қамтылатын болады. Байқаулар мен аталымдар ұйым­дастыру науқандық қана жұмыстар емес, оның мемлекеттік тіл саясатына қоғамдық оң пікір қалыптастыру мен ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-жігерін арттыруда да маңызы зор.
3. Елбасымыздың: «Тілді дамыту жолында біз қолымыздан келетін нәрсенің бәрін істеп бақтық, заңдық тұрғыдан негізделді» деген сөзі ақиқатты ұқтыра түседі.
Шынында да, Тіл заңы қабылданғаннан бергі жасампаз өзгерістерді тек «түйені көрмейтіндер» ғана көрмеуі мүмкін. Бір ғана мысал, Тәуелсіздік алғанға дейін бүкіл Орал қаласы бойынша қазақ тілінде оқытатын бір ғана мектеп болған екен. Қазір олардың саны, аралас білім беретін мектептерді санамағанда, 18-ге толды. Егер егемендіктің алғашқы жылдары қазақ балабақшасы мүлдем атымен болмаса, қазір олардың саны – 24.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Орал қаласы тұрғындарының жалпы санына шаққанда 7-8 пайызын ғана қазақтар құраса, былтырғы есеп бойынша, қала қазақтарының үлес салмағы 52 пайызға жетті.
Халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанғандай, өлгені тірілгендей болып, араға қайта оралған көше, жер-су, елді мекен атаулары қаншама! Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты осылай өз жемісін беріп жатыр.
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» дейді. Тіл – халықтың жаны. Сондықтан бұл бағытта адамның қанын қоздырар, жанын тебірентер қызу әңгімелер жүруі, әлбетте, заңды.
Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген ұлағаты өз маңызын ешқашан жоймайды.
Тіл әсіреқызыл саясаттың «әпербақан» құралына айналмауы тиіс. Берекелі ел болса, басымызда – баянды бағымыз, қоғамымызда – тұрақты тірлігіміз тұрса, бәрін де бірігіп атқаруға боларына елдің көзі ендігі жерде жетті. Абай атамыз «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп айтқандай, ендігі мәселе – сол ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, қатардан қалмай, алға озуында. Бұл – баршамыздың ісіміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мен

    Басшылар тарапынан мемлекеттік тілді Қазақстан жерінде тұрып жатқан барлық ұлттарға, әсіресе қазақтарға үйренуді міндетті түрде талап етілсе кемсітушіліктер мен «шала қазақтар» болмас еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.