Асылжан Мамытбеков, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі: Тіл үйренемін деген маманға барлық жағдай жасалып отыр

Министрге үш сауал

1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын министрлік құрылымдарында қандай шаралар қолға алынды?
2. Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
3. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

1. Елбасы ретінде де, азамат ретінде де мемлекеттік тілдің ахуалын назарынан тыс қалдырмайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп мемлекеттік тілді дамыту саласында атқаратын жұмысымыздың бағыт-бағдары мен алдағы жоспарымызды айқындап берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тапсырманы өз деңгейінде орындау үшін және қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту мақсатында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істеуде.
Бірінші. Министрлік мамандарының мемлекеттік тілді үйренуіне барынша жағдай жасау.
Бұл бағыт бойынша, Министрлік қыз­мет­керлеріне мемлекеттік тіл курстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 2006-2011 жылдар аралығында мемлекеттік тілді оқыту курсы өткізіліп, облыстық аумақтық инспекциялармен бірге барлығы 1331 қызметкер, ал орталық аппараттан 391 қызметкер оқытылды.
Әрбір Министрлік маманының жеке компью­­теріне локальді желі арқылы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың рес­публи­калық үйлестіру әдістемелік орталығы, «Руханият» орталығы, «Алтынсофт» компаниясы әзірлеген мемлекеттік тілді жұмыс орнында отырып-ақ үйренуге мүмкіндік беретін электронды оқу құралдары, күнделікті жұмыс барысында қажетті электрондық сөздіктер мен мемлекеттік тілде іс жүргізуге қолайлы құжат үлгілерін қамтитын арнайы бағдарламалар орнатылды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілді дамытуға, оқып-үйренуге оң ықпалын тигізуде.
Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі салаларында мемлекеттік тілді насихаттау.
Министрлікте «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақша сөйлесейік», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты тақырыптарда әр түрлі үлгідегі апталық іс-шаралар өткізіліп, қазақ тілінің байлығы мен шұрайлылығы, көркемдігі және мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі жан-жақты насихатталып келеді.
Үшінші. Министрлік қызметкерлерінен іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді талап ету.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 5 шілдедегі №348 бұйрығымен Министрліктегі іс-қағаздары 2006 жылдан бастап мемлекеттік тілге көшірілді. Сондай-ақ, Министрліктің іс жүргізу регламентіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №3029-12, 2010 жылғы 9 шілдедегі №30-79-4 тапсырмаларына сәйкес «Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы (нормативтік актілерден басқа) 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс. Қажет болған жағдайда орысша нұсқасы қоса жолдануы мүмкін. Бірақ, гербтік (фирмалық) бланкіге мемлекеттік тілдегі нұсқасы ғана басылуы міндет. Бұл талап орындалмаса, құжат қабылданбай кері қайтарылуы тиіс» деген нұсқау енгізілді. Міне, осындай нормативтік актілерге сәйкес Министрлікте шығыс құжаттарын тек мемлекеттік тілде жолдау талап етіліп келеді, нәтижесінде қазақ тілін жетік білмейтін қызметкерлердің өзі мемлекеттік тілде хат жазып, бұйрық жобасын дайындауды үйрене бастады.
Төртінші. Ауыл шаруашылығы саласының терминдерін бірізділендіру.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы терминдерін бірізділендіру және дұрыс аударылмай жүрген сөздердің аудармасын нақтылау мақсатында Министрлікте Ауыл шаруашылығы министрінің 2009 жылғы 15 маусымдағы №351 бұйрығымен Терминологиялық жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы ауыл шаруашылығы саласының терминдерін жинақтап, нақтылап, «Ауыл шаруашылығы сөздігін» әзірледі. Сөздік Тіл комитеті тарапынан қолдау тауып, кітап етіп басылып шықты.
Жұмыс тобы алдағы уақытта да дұрыс аударылмай, бір ізге түспей жүрген ауыл шаруашылығы саласының терминдерін сұрыптап, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияға бекітуге ұсынып отыратын болады.
2. Осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында Қазақстан Респуб­ликасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі №09-2/510 бұйрығымен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес Министрлікте жеке және заңды тұлғалардың орыс тіліндегі өтініштеріне жауап хаттардан басқа барлық шығыс хат-хабарлар тек мемлекеттік тілде жүзеге асуда. Ал мемлекеттік органдардан, әкімдіктерден, Министрлікке бағынысты ұйымдардан келетін орыс тіліндегі хат-хабарлар қабылданбай, кері қайтарылуда. Бұл Министрліктің мемлекеттік тілдегі құжат айналымының артуына ықпал етуде. Мысалы, Министрлікте 2013 жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша жалпы құжат айналымы 18978 бірлікті құрады, оның ішінде мемлекеттік тілдегі құжаттар 14424. Яғни, 76 %-ды құрайды. Ал бұл көрсеткіш 2006 жылы 23,3 пайызды құраған болатын.
Тағы бір айта кетерлігі, Министрлік құрылымдары қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесіне құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлес салмағына қатысты өлшем енгізілді. Яғни, мемлекеттік тілде әзірленген құжат санына қарай құрылымдық бөлімшелер қызметінің тиімділігі бағаланады.
Конкурстық негізде жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілді білуі барынша ескеріледі. Конкурстық комиссия құрамына мемлекеттік тілге жауапты Персоналды дамыту басқармасының бастығы енгізілген.
Министрлік ғимаратындағы барлық көрнекі ақпараттар, маңдайша жазулары, стендтер тек мемлекеттік тілде орналасқан және барлық алқа мәжілістерін, аппараттық кеңестерді, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде мемлекеттік тілді қолдану жолға қойылып келеді. Атап айтқанда, 2013 жылы барлығы 2 алқа мәжілісі, 13 аппараттық кеңес, 6 мерекелік, 3 спорттық шара өткен. Барлығының хаттамасы мемлекеттік тілде рәсімделген.
Сондай-ақ, Министрлік ғимаратының 4 қабатында орналасқан «Мемлекеттік тіл кабинеті» барлық қажетті құралдармен, оқулықтармен, компьютермен жабдықталған. Яғни тіл үйренемін деген маманға барлық жағдай жасалған.
Министрліктегі тіл саясатын жүргізіп отырған Персоналды дамыту бас­қарамасы орталық аппаратпен шектеліп қоймай Министрліктің аумақтық инспек­цияларындағы, Министрлікке бағынысты ұйымдардағы мемлекеттік тіл саясатын да бақылап отырады және олардан жылына 2 рет мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарған жұмыстары туралы қорытынды ақпарат алынады.
Егер осындай іс-шараларды үнемі жалғас­тырып отырсақ, мемлекеттік тілдің қоғамның бар­лық салаларында кеңінен қолданылуына қол жеткіземіз деген ойдамын.
Бұл біраз тіл жанашырларын мазалап жүрген көкейкесті сауал.
3. Қазіргі таңда «Қазақстан Республи­касындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізе беруге болады. Яғни ешқандай кедергі жоқ. Кедергі дегеніміз кейбір лауазымды тұлғалардың, азаматтардың мемлекеттік тілге көңіл бөлмеуінен, қазақ тілін ана тілім деп сезінбеуінен туындап отыр деп ойлаймын. Әйтпесе, тіл туралы заң да бар, мемлекеттік бағдарлама да бар, қаулы да бар. Осы нормативтік құқықтық актілер шеңберінде мемлекеттік тілдің барлық салаларда қолданылуына қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің кеңінен қанат жаюына кейбір өзіміздің азаматтарымыз да кедергі жасап отыр десем артық айтқандық емес. Қазір кез келген мекемеге барып мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етсеңіз немесе қазақ тілінде сөйлесеңіз қазақша қызмет көрсетіп, қазақша жауап береді. Ал біз өзіміз қазақ тілінен гөрі орыс тілінде сөйлегенді сән көреміз. Қазір бізде қазақ тілін біле тұра өзге тілде сөйлейтіндер, қазақ тілінде сөйлеуді намыс көретіндер де бар. Ал кейбір қазақ тілін білмейтіндері мемлекеттік тілді үйренуге ынта да білдірмейді. Осы уақытқа дейін азаматтардың, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасалмай отырған жоқ, жасалып жатыр. Жыл сайын тіл үйрету курстары өткізілуде, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен шыққан сөздіктер, оқу құралдары, электронды сөздіктер мен дисктер таратылуда. Енді осы мүмкіндікті пайдалану керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мен

    Барлық жағдай жасалып жатса да, басшылықта жүргендердің көбінде тіл үйренемін деген ынта мен ықылас байқалмайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.