Теңеулер табиғатынан сыр тартқан…

Ұлттың ерекше белгісі әрі баға жетпес байлығы саналатын тілдің дамып, қанатын кеңге жаюына лайықты үлес қосқан, қосып та жүрген азаматтар есімін ауызға алып, оларды кейінгі буынға үлгі етіп отыру қасиетті парыз болса керек.
Тіл үшін өмір сүріп, осы жолда жанын сала қызмет еткен ардақтыларымыздың бірі көрнекті тіл білімі маманы, белгілі зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңыров болатын.

Тұрғұл Қоңырұлы 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы (бұрынғы Семей облысы Мақаншы ауданы) Қарғалы ауылында дүниеге келді. Әкесі колхоздың төрағасы еді. 1937 жылы «халық жауы» атанып, ұсталған күйі хабарсыз кетті. Бұл оқиға бала Тұрағұлды ерте есейтті. «Халық жауының» баласы атану оның жігерін жасытпады, қайта адал өмір сүруге, мектепте сапалы білім алуға ұмтылдырды.
Мектеп бітірген соң ауылда қалып, еңбек етті. Мұғалім, клуб меңгерушісі секілді қызметтерді атқарды. Екі жылдан соң ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) тарих-филология факультетіне түсіп, оқу орнын үздік бітіріп шықты. Ауылға келіп, ұстаздық қызметін жалғастырды. Мақаншы ауданындағы Ақшоқы орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушілігіне дейін көтерілді.
Мектептегі қызметін үзбегенде білім саласындағы басшылық баспалдақтары бұдан әрі биіктей берері анық еді. Алайда оның таңдағаны басқа жол болатын. Ғылымның ізіне түсу, ғалым болу – бала кезден көкірегіне ұялаған жарқын мақсат-тұғын. Студент кезінің өзінде қазақ тілінің білгірі, академик Ахмеди Ысқақовтың жетекшілігімен ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап көзге түскен-тін. «Сенің қолың — ғылым. Институт бітірген соң ауылға барыа, анамның жанында болам деп отырсың ғой. Алайда ғылымнан қол үзіп қалма», — деп еді ұстазы оңаша қалған бір сәтте.
1963 жылы ҚазПИ-дің қазақ тілі кафедрасына аспирант болып қабылданды. Осында жүргенде Сәкен Сейфуллиннің поэзиясына айрықша мән берді. Ақырында «С.Сейфуллин поэзиясындағы сөз бейнелеу тәсілдері» деген тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін ойдағыдай қорғап шықты.
Аспирантураны бітіріп, ғылыми диссертациясын табысты қорғаған кейін ол кезде Алматы шет тілдері институты аталатын, бүгінде Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті болып жұмыс істеп жатқан оқу орнында қызметке жіберіліп, өмірінің соңына дейін осында еңбек етті. 1988 жылдан бастап қазақ және жалпы тіл білімі кафедрасына басшылық жасады.
Тұрағұл Қоңырұлының ғалым ретінде баса көңіл бөлген мәселесі – қазақ теңеулері. Қазақ тілінің аса бір күрделі саласын алғаш әрі өндіре зерттеуші болды. Осы мәселеге арнап «Қазіргі қазақ тілі жүйесіндегі компаративтік конструкциялар» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Қазақ теңеулері», «Қазақ тіліндегі теңеулердің құрылымдық семантикалық табиғаты» атты мазмұнды монографияларын өмірге әкелді. «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігін» жарыққа шығарды.

Сәбит Мұқановпен болған кездесу. Екінші қатарда оң жақта екінші тұрған Т.Қоңыров
Сәбит Мұқановпен болған кездесу. Екінші қатарда оң жақта екінші тұрған Т.Қоңыров

«Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құрады» деп баға берген ғалым қазақ тіліндегі теңеудің жасалу жолдары мен синтаксистікқұрылымын жан-жақты талдады. Теңеу жасаудың негізгі және бірнеше қосалқы тәсілдері бар екенін нақты мысалдармен дәлелдеді.
— Оның әрбір мақаласы тіл туралы жазылған жыр сияқты оқылатын. Ол тілді зерттеудің өзіндік жолын салып, өнеге тастап кеткен лингвист. Зерттеу еңбектерінде түсінік терминдерді тоғытпай, барынша анық, дәл және нені жазса да дәйекпен дәлелдеп жазатын тілші еді. Оның «Қазақ теңеулері» атты кітабы қазақ филолгия ғылымына, соның ішінде стилистика пәніне қосылған елеулі үлес, — дейді академик, филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбайұлы.
Ғалымның әріптесі, филология ғылым­дарының докторы, профессор Байынқол Қалиев өз ойын былайша өрбітеді:
— Тұрағұл Қоңырұлы жөнінде айтқанда оның «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі» атты еңбегіне тоқталмай кетуге болмайды. Өйткені бұл сөздік – қазақ тіл білімі үшін аса құнды еңбек. Оның көлемі – 20 баспа табақ. Сөздікте төрт мыңнан астам фразелогиялық тұрақты теңеулер қамтылған. Әр теңеуге көркем әдебиеттен келтірілген мысалдары және бар. Бұл фразелогиялық теңеулер сөздікте тақырыптық топтарға бөлініп берілген. Сондықтан болу керек, сөздікті пайдаланушылар үшін ол әрі қолайлы, әрі жеңіл болып шыққан.
Еліміз егемендік алған жылдары білім саласында да өзгерістер болып жатты. Алматы шет тілдері институты әлем тілдері университеті болып қайта құрылып, мамандар даярлау өрісін кеңейтті. Бұрын ағылшын, неміс, француз тілдері ғана оқытылса енді бұлардың қатарына шығыс тілдері қосылды. Тұрекең басқаратын кафедра да бұдан былай қазақ және шығыс филологиясы кафедрасы атанды. Кафедра меңгерушісіне жүктелер міндет ұлғая түсті. Бұл жолы да ол ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп шығыс тілдерін оқытуға қажетті әдебиеттерді, әдістемелі құралдарды шығаруға белсене атсалысты.
Сол кездері ізденімпаз ғалым тек республика көлемінде ғана емес, түркі елдеріне де танымал болды. Түркология мәселелері бойынша Бішкек, Ташкент, Қазан қалаларында өткен алқалы жиындарға қатысып, әріптестерінің назарын аудартқан баяндамалар жасады.
Ғалымның тағы бір ерекшелігі ғылым жолына түскен жастарды тәрбиелеуге, жинақта­ған білімі мен тәжірибесін олармен бөлісуге айрық­ша мән берді. Оның жетекшілігімен бес аспи­рант филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Кезінде Тұрағұл ағамен қызметтес болған жолдастары азаматтың адамгершілігі жөнінде де жылы лебіз білдіреді. Сабырлылығы мен байсалдылығын, парасаттылығын үлгі етеді. Көп сөйлемесе де сөз бергенде ойға жүйріктігі мен тілге шешендігі байқалатынын еске алады. Туған жерінен, өскен ортасынан алыста жүрсе де қол үзбепті. Барып-келіп, үзбей қатынас жасап тұрған.
Абзал азаматтың, туған тілдің нағыз жана­шырының еңбегі ескерусіз қалмады. 2004 жылы Үржар ауданындағы Ақшоқы орта мектебіне Тұрағұл Қоңыровтың есімі берілді. Осының өзі де қажырлы еңбектің бір өтеуі сияқты.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.