Тілімізге жанашырлық басшыдан басталады

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ел ішіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, министрліктегі мемлекеттік тілдің де дамуына баса көңіл бөліп келеді. Біз бұған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Амантай Жанкеұлы КҮРЕҢБЕКОВПЕН сұхбаттасу барысында көз жеткіздік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Амантай Жанкеұлы, әңгімеміздің басында еліміздің ішкі істер органдарындағы тілдік ахуалдың жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз. Министрлік тарапынан мемлекеттік тілді тұғырына қондыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына арнаған Жолдауында «тіл – Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс» екенін айта келіп, мемлекеттік тілімізді бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылық ретінде атап өткен болатын. Елбасының бұл сөзі баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтінін терең сезінеміз. Ішкі істер органдарының мемлекеттік тіл мәселесіндегі қолға алған жұмыстары өзінің қалыпты арнасынан жаңылмай, уақыт талабы мен ырғағына ілесіп қызмет етіп келе жатыр десем, артық айтқандық бола қоймас.
Өзіңізге белгілі, еліміздің Ішкі істер министр­лігі орталық атқарушы органдардың ішінде алғашқылардың бірі болып, 1999 жылы Мемлекеттік тілді енгізу басқармасын құрды. Ал 2008 жылы Тіл басқармасы Баспасөз қызметімен біріктіріле отырып, Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті болып құрылды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын құрылымның дәрежесін арттыруға бағытталған игі бастама болғаны сөзсіз.
Қазіргі таңда Тіл басқармасының құрамында редак­циялық сараптама және мемлекеттік тіл топтары бар. Басқарма бөлімшелері барлық аумақтық ішкі істер департаменттері мен ІІМ-нің оқу орындарында қызмет атқаруда.
Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе, ол – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2007 жылғы 16 қаңтардағы №15 бұйрығына сәйкес, ішкі істер органдарындағы іс жүргізудің мемлекеттік тілге көшірілуі. Аталған бұйрық негізінде барлық ішкі құжаттардың мемлекеттік тілде немесе қажет болған жағдайда екі тілде дайындалуы, сондай-ақ фирмалық бланкіні рәсімдеудің тек мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы, мемлекеттік тілдегі нұсқасыз жолданған және заңнама талаптарына сай келмейтін құжаттардың кері қайтарылуы, мемлекеттік тілдегі нұсқасыз шығыс хат-хабарларды тіркеуге жібермеу қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда барлық ішкі істер органдары іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 92 пайызға жетіп отыр. Ал Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен ІІМ оқу орындарында шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызға қол жеткізгенін мемлекеттік тілімізді дамытудағы, өркендету бағытында аса зор жетістігіміз деп бағалауымызға болатын шығар.
– Іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге көшу кезеңінде қазақ тіліндегі құжаттардың дайындалу сапасына қандай баға берер едіңіз және сапа мәселесіне тексеру, бақылау жүргізіле ме?
– «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңды, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» және Үкіметтің мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өзге де қаулыларын жүзеге асыру шеңберінде ішкі істер органдарында бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүйелілік орныққан. Осы орайда іс қағаздардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуына ерекше мән беріп келеміз. Мәселен, мемлекеттік тілдегі құжаттардың сапасын тексеру, мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау және дамыту бағытындағы жұмыстармен айналысу үшін әрбір комитетте, департаменттер мен басқармаларда мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлер тағайындалған.
Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның орындалуын бақылау мақсатында тоқсан сайын тексерістер мен рейдтерге шығып отырады. Аталған тексеріс нәтижелері жыл соңында Ішкі істер министрі орынбасарының төрағалығымен өтетін бейнеселекторлық кеңесте қаралып, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті шешімдер қабылданып отырады.
Алайда мұндай мәселелер тек қана тексеріс жүргізу жолымен шешіле салмайтыны түсінікті. Сондықтан облыстық ішкі істер департаменттерінің тіл бөліністеріне қабылданған жас мамандарды ап­талық тағылымдамадан өткізуді дәстүрге айнал­дырдық. Осылайша жас қызметкерлер мемле­кеттік тілде дайындалған немесе аударылған құжаттарға ре­дакциялық сараптама жасаудың қыр-сырын мең­гереді, оның ішінде құқық қорғау органдарына қатысты терминдерді қолданудағы бірізділікті сақтау мәселелеріне назар аударып, мемлекеттік тілге қатысты нормативтік-құқықтық актілермен, ресми құжаттардың кейбір стильдік ерекшеліктері және оларды жазуда ескерілетін емле қағидаларымен танысады.
– Көп ретте іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу қызметкерлердің тілді білу деңгейіне тәуелді болып жататыны белгілі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Мемлекеттің Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасауы тиіс» делінген. Бұл орайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне байланысты қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Қазіргі таңда министріміз Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовтың мемлекеттік тілді дамыту, ішкі істер органдары қызметкерлерін мемлекеттік тілге оқытып-үйрету мәселелері бойынша қойған міндеттері бар. Сол бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қызмет аясында еркін қолдана білуіне ерекше мән берудеміз. Ал Ішкі істер органдары жүйесінде қазақ тілі курс­тарын тұрақты түрде ұйымдастыру 1999 жылдан бастап қолға алынған болатын. Қызметкерлеріміздің мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағдай жасалып, министрліктің орталық аппараты, өңірлердегі ішкі істер департаменттері лингафондық кабинеттермен, ілеспе аударма жасауға арналған құрал-жабдықтармен, сондай-ақ арнайы аудио-бейне, әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда қазақ тілін оқыту курстарында рес­публика бойынша 15 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 7 мыңға жуық өзге ұлт өкілдері білім алуда. Курсты тәмамдаған тыңдаушылар жыл соңында емтихан тапсырады. Мәселен, 2012 жылдың 21 мамырында Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті аумақтық ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін «онлайн режимде» емтихан өткізіліп, емтиханның өту барысын бақылап, қызметкерлердің білім-білігін тексеруге қатыстым. Мұндай іс-шараны алдағы кезеңдерде де жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
– Осыған байланысты өзге де қандай маңызды шараларды атап өткен болар едіңіз?
– Елеулі жұмыстың бірі ретінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту бойынша бастауыш және жалғастырушы деңгейге арналып әзірленген «Қазақ тілі» оқу әдістемелік құралына тоқталғым келіп отыр. Ішкі істер министрлігі дайындаған аталған оқу құралы барлық жеке құрамға таратылды. Қазіргі уақытқа дейін оның 600-ден астам данасы жарық көріп, қолданысқа енгізілген болса, тағы 2000 дана оқулық тапсырыс бойынша дайындалу үстінде. Оқулықта ішкі істер қызметінде, азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде жиі пайдаланылатын терминдер, сөздер мен сөз тіркестері қамтылған. Мәселен, қызмет ерекшеліктеріне (жол полициясы, әкімшілік полициясы және тағы басқа қызметтер) орай жеке тақырыптар әзірленген. Соны­мен қатар Ішкі істер министрлігінің Веб-порта­лында «Мемлекеттік тілді дамыту» бөлімі ашылды. Веб-порталдан мемлекеттік тілге байланыс­ты нор­мативтік-құқықтық құжаттарды, Ішкі істер министрлігінің бұйрықтары, нұсқаулары, атқарылып отырған іс-шаралар туралы материалдар және бейнематериалдарды, мемлекеттік тілдегі іс қағаздардың үлгілерімен танысуға болады.
Содан кейін айтайын дегенім, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік тілді оқытуды басшылық құрамнан бастауды жөн көрдік. Себебі басшылардың мемлекеттік тілді білуі қарамағындағы қызметкерлерге әрқашан үлгі болады ғой деп есептеймін. Байқағаным, мемле­кеттік тілді үйренуге ден қойған басшы өзінің қол астындағы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді үйрену сабақтарына қатысуына себепші болуда.
Қазіргі заман – ақпараттық технологиялардың заманы екені белгілі. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді жеделдетіп үйретуде инновациялық технологиялардың маңызы ерекше. Осы орайда біз көмекші құрал ретінде қызметкерлерге әрбір салаға (жол, әкімшілік, көші-қон полициясы сияқты) қатысты электрондық сөздіктер, тілдескіштер дайындадық. Сонымен қатар құжаттарды аударуда жиі кездесетін сөздерді, сөйлемдерді, мәтіндерді аударуға мүмкіндік беретін электрондық көмекші құрал әзірлеу үстіндеміз.
Практикалық көмек көрсету мақсатында полиция қызметкерлеріне арналған қалталы тілдескіштер дайындалды, онда күнделікті қызмет бабында, халықпен қарым-қатынас жасауда жиі қолданылатын сөздер топтастырылды. Полиция қызметкерлерінен осы қалталы тілдескішке енген сөздерді міндетті түрде жатқа біліп, жұмыста пайдалану талап етілген.
Сонымен қатар «Қоғамдық тәртіпті сақтау, республикалық деңгейде мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету» республикалық бюджеттік бағдар­­ламасы шеңберінде жыл сайын ішкі істер орган­дарының қызметкерлері үшін үш айлық «Мем­лекеттік тілде іс жүргізу», «Аударма ісі», «Мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеу мәдениеті» бойынша біліктілікті арттыру курстары жүргізіле бастады. Курстар тиісті деңгейде ұйымдастырылып, қызмет­керлердің сабаққа қатысуы қамтамасыз етілген және ол бойынша сертификат беру де көзделіп отыр.
– Өзіңіз жоғарыда ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында өткізілген емтиханға басшылық еткендігіңізді айтып өттіңіз. Осы туралы пікіріңізді тарқатып берсеңіз. Қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне көңіліңіз толды ма?
– Жасыратын несі бар, емтихан нәтижелері бойынша, қызметкерлердің басым көпшілігі өз саласына қатысты, атап айтқанда, қызмет барысында қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін білмейтіндігі анық байқалды. Бұл жағдай өз кезегінде мемлекеттік тілді оқытатын, нақтылай айтсақ, құқық қорғау саласына маманданған кәсіби кадрлардың тапшы екендігін көрсетті. Расы сол, Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті полиция қызметкерлеріне мемлекеттік тілді бар мүмкіндікті пайдаланып, өз күш­терімен оқытып келеді. Бұл саладағы мұғалім­дер­дің жетіспеушілігі біз үшін қиындықтар туғызып отырған жайы бар. Себебі жалақы мардымсыз, олар басқа мекемелерде қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан біз аталған мәселелерді шешу үшін Тіл орта­лықтарына жүгінеміз. Алайда олардың оқу бағдар­ламалары ішкі істер органдарының саласын аз қамтиды. Ал мемлекеттік органдарда қызмет етпеген, сондай-ақ құқық қорғау саласынан бейхабар мұ­ғалімнен не талап етуге болады? Кез келген қызметкер өзі маманданған бағыт бойынша оқуға ниетті емес пе? Осы орайда аталған оқу орталықтарын аккредитациялау мәселесіне ерекше назар аударған жөн бе деймін.
– Айтуыңыз орынды. Ендігі әңгіме желісін құқық қор­ғау саласының терминдеріне қатысты аудара отырып, сабақтай түссеңіз. Бұл да түйткілді мәселенің бірі ғой…
– Дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні құқық қорғау саласында қолданылатын терминдерді бір ізге түсіру ісі өзекті екені рас. Себебі орысша бір мәтіннің тәржімаланған түрлі нұсқаларын көп ұшырастырамыз. Осы бір түйінді шешуде ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығы белгілі.
Қазақ тілінде іс жүргізу көбіне аударма арқылы жүзеге асырылып келе жатқаны жасырын емес. Әуелі, сол аударма сапалы ма? Оның бірізді, түсінікті, мағыналы болып шығуына кім жауап береді? Қазақша іс жүргізіп, ісқағаздарын аудару қолға алына бастаған кездері осы мәселелер дәл бүгінгідей өзекті болмаған еді. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында мүдделі органдар жиі бас қосып отырады. Мәселен, 2012 жылғы қазанда ІІМ Академиясының базасында «Құқық қорғау саласындағы терминдерді біріздендіру» атты республикалық семинар өтті. Оған құқық қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінің өкілдері және т.б. қатысты. Сол жылдың қараша айында Тараз қаласында А.Байтұрсыновтың 140 жылдығын атап өту аясында «Салалық терминдерді біріздендіру және оны дамыту жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Сонымен бірге салалық терминологияны жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013 жылғы 23 мамырдағы №349 бұйрығымен «Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлерінде салалық терминдері қалыптастыру жөніндегі терминологиялық комиссия құру туралы» бұйрығы шықты. Оның құрамында тергеу, көші-қон полициясы, заңгерлер және тіл мамандары бар. Комиссия отырысы жарты жылда бір рет өткізіледі.
– Таяуда еліміз Тіл мерекесін атап өткені белгілі. Бұл мерекеге байланысты министрлік тарапынан қандай шаралар ұйымдастырылды?
– Шыны керек, біз бұл бағыттағы жұмыстарды ерте бастап кеттік десе де болады. Мерекеге орай бірнеше ай бұрын шығармалар байқауын жариялап қойдық. Оның қорытындысы Тілдер мерекесі аясында ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында өткізілетін «Парасатты полицей» республикалық байқауында жарияланды. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы байқау сан-салтанаты жағынан тым ерекше болғанын айтқанымыз орынды. Сонымен бірге 16 қыркүйек күні жол, әкімшілік, көші-қон полициясы және көліктегі ішкі істер бөліністерінің халықпен тығыз қарым-қатынас жасау кезінде мемлекеттік тілде сөйлеуі, арыз-шағымдарды қабылдау, хаттама толтыру мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға сала басшылары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті өкілдері қатысып, маңызды мәселелерді талқыға салды.
Демек, мұның барлығы ішкі органдар қызмет­кер­лері арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, тәртіп сақшыларының бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру, олардың қоғамдағы беделін қалыптастыру, полиция қызметкерлерін мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу, құқықтық мәдениетін, ізгілік пен парасаттылық рухын көтеру, ІІО-дағы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында жасалып жатқан игі істер.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.