Бұқар Жырау. Арманың бар ма, хан ием…

Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай қасында,
Бақ-дәулеті басында
Секербай мен Шүйбекбай,
Таңсық қожа, Мамыт бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бәти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.
Қалдан ханды қашырып,
Шеп салған жерін бұздырып,
Ұрысты қатты қыздырып,
Қасым ханның шешесін
Хан Абылай алған-ды.
Жәбірлеген қалмаққа
Тырнағын қатты батырды;
Бұзылып қалмақ кеткен соң.
Өңкей батыр жиыл деп
Хан Абылай шақырды.
Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
Бөліске олжа түссін деп
Хан Абылай бұйырды,..
Басыңа біткен күніңіз,
Құтты болсын ұлыңыз,
Хан Абылай атандың
Дүниеден шықпай мініңіз
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың,
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың,
Әділдікпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
Арманың бар ма, хан ием,
Мәртәбәлі төбеге,
Жауыңды алып, жайладың,
Жеті күн кіріп ұрысқа,
Өлімге басың байладың.
Айтар сөзім осы дүр,
Ақылың бар хан едің,
Мұның түбін ойлағын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. проф.Совет-Хан Ғаббасов

    Письмо
    От кого: Жумамурат Шамши
    Кому: Совет-Хан Габбас
    Абылайхан туралы тарихи деректер.docx

    Мынау жазбада аса үлкен қателіктер бар. Қазақтың Ұлы Қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батыры қайда? Түйе бағып 11-12 жастағы Жетім САБАЛАҚТЫ қамқорлығына алып ержеткізген? Бұл жайында ешкім ештеме айтпайды.Абылай көктен түсіп ХАН бола қалған жоқ қой. Ел осыны білсін. Әз-Тәуке 1718 жылы қайтыс болған соң, Қазақтың ежелгі жауы Жоңғарлар қыбырлай бастайды. Міне осы кезде 1720 жылдан бастап бүкіл Қазақ даласында ТҰРАҚТЫ ЖАСАҚ ұстаған, тек Қабанбай батыр ғана ғой. Осы Қабанбайдың жасағынан жасқанған Жоңғарлар, Аякөз өңіріндегі Ақшәулі тауының оңтүстік шығысындағы «ЖОҢҒАР ҚАҚПАСЫ» делінетін жазық даладан кірмей, ІЛЕ ӨЗЕНІНІҢ оңтүстігімен Алатауды бөктерлеп шабуыл жасағаны тарихи шындық қой. Бұл кезде бүкіл Қазаққа Әбілқайырды хан етпек болып жанталасып жүрген Бөгенбай мен тархан Жәнібектердің қоластында, Сен өтірік айтқан армия түгіл, Жасақ та болған жоқ. Ал 1725 жылы Қабанбай батыр өзінің «Мыңға тарта жасағымен» ТҮРКІСТАНДЫ жау қолынан босатпақ болып, БҮКІЛ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНА сауын айтып жолға шығады. Бұл кезде Төле бидің түйесін бағып жүрген САБАЛАҚ 12-13 жаста ғана болған. Алғаш әскери жасақты көрген САБАЛАҚ осыған қосылмақшы болып Төленің батасын алып, Қабанбайдың жасағына қосылады. Абылайды тәрбиелеп ержеткізген Қабанбай ағасы. Олардың өзара қимастай болған достықтары жайында әңгіме көп. Бұл жайында Бұқар жыраудың Бөгенбайға айтатын : — » Әй, Абылай,
    Абылай,
    Сені мен көргенде,
    Тұрымтайдай ұл едің,
    Түркістанда жүр едің,
    Қалтақтап жүріп күнелткен
    Үйсін Төле бидің
    Түйесін баққан құл едің.

    Уа, сен қанжығалы Бөгенбай,
    Тақымы кеппес – ұры едің,
    Түн қатып жайыңа жүр едің
    Қабанбайдан бұрын найзаңды
    Қай жерде жауға тіредің?!
    /Бес ғасыр жырлайды, 1-т/ — деген еді. Сабалақ бала жасағы жоқ Бөгенбайға қалай қосылады. Жұмамұрат сенің маған жіберген хатыңда қателік өте көп. Сондықтан, Ұлттық тарихты жазамыз десек ақиқатты ғана басшылыққа алу керек. Қабанбайды халқы — «Хан батыр», «Дарабоз» , «Ұлы Қолбасшы» — деп бекер атамаса керек. Жалпы Абылайдың бүкіл өмірі, хандық қызыметі Бұқар жырау мен Қабанбай батырмен байланысты айтылады емес пе ? Тіпті, сенің маған жіберген «Жазбаңда» Қаракерей Қабанбай батырдың аты да жоқ. Бұл аса ауыр қателік ! ..

  2. Аноним

    Одан кейін Абылай хан басшылығымен, қазақ жерінен қалмақтан түгелдей азат етүі туралы, Сәкен Сейфуллин құрастырып 1931 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында (1-жинақ) «Абылай қалмақтың ханы Қалдан ханды жеңгендегі Бұхар жыраудың айтқаны» атты өлең жариялаған:
    Қалданменен ұрысып,
    Жеті күндей сүрісіп,
    Сондағы жолдас адамдар:
    Қаракерей Қабанбай,
    Қанжығалы Бөгенбай,
    Шақшақұлы Жәнібек,
    Сіргелі қара Тілеуке,
    Қарақалпақ Қылышбек,
    Текеден шыққан Сатай, Бөлек,
    Шапырашты Наурызбай,
    Қаумен, Дәулет, Жәпек батыр қасында,
    Бақ-дәулеті басында.
    Сеңкібай мен Шойбек бар,
    Таңсық қожа, Мәмбет бар,
    Қасқары ұлы Молдабай,
    Қатардан жақсы қалдырмай,
    Есенқұл батыр ішінде,
    Өңкей батыр жиылып,
    Абылай салды жарлықты.
    Қалдан ханды қашырып,
    Шеп салған жерін бұздырып,
    Ұрысты қатты қыздырып,
    Қасым ханның шешесін
    Хан Абылай алған-ды…
    деп жырлайды қазақ-қалмақ соғыстарының басты дерлік куәгері Бұхар жырау.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.