Қарлығаш көңіл қаламгер

Жазушы, өнер зерттеушісі Пернебай Дүйсенбиннің биылғы жетпіс жасқа толған шағында ол кісінің қаламгерлік болмысын қаншалықты дәрежеде танып-білдік деген сауал біздей өкшебасар інілерін бүгінде сан тарау ойларға жетелейді.
Қазақ баласы ауасыз қалай күн көре алмаса, әдебиет пен өнерсіз қалыпты өмір сүруі де екіталай. Бұл – әсіре қызыл сөз емес, бүгінгі шындықты күйзеліспен сезінген соң айтылып тұрған жағдай. Қазақы бояу мен ой-орамын үлкен сезіммен, жүрек лүпілі арқылы жеткізетін әдебиет қана. Баяғыда бір дуалы ауыз айтты деген сөзді тонын айналдырып жіберіп қолдансақ, қазекемдер қазақ әдебиеті аталатын «алтын сандықтың үстінде» отыр. Жауhар туындыларымызды оқыған кезде қазақ болып туғаныңа өзіңді бақытты санайсың. Ғылыми тілде мұндай халді «транс» деседі. Алайда оны желкілдеген жас ұрпақ сезіну үшін қанша уақыт керек екенін бір Құдайдың өзі біледі.

Осы тұрғыдан таразылағанда жазушы, өнер зерттеушісі Пернебай Дүйсенбиннің туындыларынан – Елім деп соққан жүректердің лүпілін, зайырлы мемлекеттің өткені мен бүгінін, болашағын, тарихы мен шежіресін, тілі мен ділін, азаттығы мен еркіндігін, халықтың бірлігі мен тәуелсіздіктің тұғырын аңғарарыңыз анық.
Ал ұстаздығына келсек, Пернебай Дүй­сенбиннің алдын көрген талай шәкірттері бүгінде еліміздің әдебиет пен өнер саласында танымал азаматтарға айналып, еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, жазушы, журналист ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай, күміс көмей әнші, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Сәуле Жанпейісова, дүлдүл әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Ардақ Исатаева сынды бір шоғыр шәкірттері Пернебай ағайдан дәріс алғандарын бүгінде мақтаныш тұтады. Пернебай Дүйсенбинді бұдан кейін қарлығаш көңіл қаламгер деп атауға толық болады. Себебі Пернебай ағамыз талантты ұл-қызды көрсе, балаша қуанып, оған ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетіп, жөн сілтеуден шаршамаушы еді. Қазір де солай.
Енді ағамыздың шығармашы­лы­ғын жіті тани түсу үшін ол кісінің өмір жолын айналып өте алмайсыз. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туған ағамыз мектеп бітірісімен қара жұмысқа ерте араласып, еңбек жолын совхозда құрылысшылықтан бастады. Ол мектепте оқып жүрген жылдары тырнақалды туындыларын – өлеңдерін, әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялады. 1958 жылы оның салған суреттері Мәскеуде шығатын «Пионерская правда», Алматыда шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Жарияланған суретіне байланысты сол кездегі одақтың түкпір-түкпірінен, со­циалистік елдердің балаларынан мыңдаған құттықтау хаттар алды.
Арманшыл аға бұрынғы Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, арасында әскери борышын өтеп, университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді. Университетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың еңбектері туралы көптеген мақалалары мен эсселері, танымдық-публицистикалық туындылары республикалық басылымдарда молынан жарияланды.
Жоғары білімін жетілдірген соң туған ауылы Жайылмаға оралып, Ленин атындағы орта мектепке жұмысқа орналасты. Әр жылдары қазақ тілі мен әдебиеті, сурет пәндерінің мұғалімі және мектеп психологы болып жұмыс істеді. Мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры қызметтерін де атқарды. Осы жылдары ол шығармашылық қызметпен айналысып, бірнеше повестері мен әңгімелері газеттерде, журналдарда жарияланды. Оның шығармашылығы туралы мақалалар мен талдаулар көптеген басылымдарда жарық көрді. Олардың қатарында көрнекті қаламгерлер, жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев, Сейітжан Омаров, Қаржаубай Омаров, Мәди Айымбетов, Жүсіпбек Қорғасбек, белгілі сыншы ғалымдар Бекен Ыбырайымов, Гүлзия Пірәлиева, Әлия Бөпежанова, т.б. оң бағаларын берді.
П.Дүйсенбиннің 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. Содан кейінгі жылдары жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде» атты кітаптары оқырман ықыласына бөленді. Сонымен қатар тарихи-танымдық «Шежірелі Сарысу», «Үркердей болып көшкен жұрт…», «Сарысунама» , «Күлкі күмбезі», «Шуақты белес», «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты еді жүрегі», «Тектінің тұяғы еді», «Күй абызы – Ықылас» атты деректі еңбектері жарыққа шықты.
Осы еңбектері үшін Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгенің 1979,1980,1981,1986 жыл­дардағы жүлдегері атанды. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерде алған повестері төрт конкурстық жинаққа енгізіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді.
П.Дүйсенбиннің сан қырлы талант иесі екендігінің және бір мысалы мыналар. «Шежірелі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюссері болды.Туған жері – Сарысу ауданына елтаңба тарту етті. Жазушының «Қос қыран» (Панфилов пен Бауыржан) атты үлкен картинасы Жуалы ауданындағы батырдың мемориалдық мұражайының төрінен орын алды. Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты да болып сайланған. Және де Сарысу ауданының құрметті азаматы.
Иә, сан қырлы қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің биылғы 70 жасқа толған мерейтойына тарту ретінде ағамыздың кейінгі толқын ізбасарларының атынан бауырым Аманбек Төлепберген екеуміз ұстазымыз, қазақтың ерекше бітімді жазушысының «Арайлы таң алауы» атты прозалық кітабын («Асыл кітап» баспасы, 2013 жыл) жарыққа шығарып отырғанымызды да сөз арасында айта кетуді жөн санадық.
Кейіпкерлерін жанындай жақсы көріп, табиғатты елжірей отырып суреттейтін, жүрегі халқым деп соққан қарлығаш көңіл қаламгер қасиетті дәстүрлерімізді жаңғырта, нәрлендіре түссін, қазақ халқына жақындығынан жазбайтын шығармашылық ғұмыры табыстың шыңына жетсін! Ақылман аға тұлғасы биіктей берсін!

Болатбек Төлепберген,
ҚР Президенті сыйлығының
лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері,
философия ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жанат Жанашқызы Нұрмаханова

    Пернебай аға үлкен жүректі, мәдениетті, білімді және өте қарапайым адам. Оның әр шығармасынан әдептілік пен біліктіліктің лебі есіп тұрады. Мағыналы, құнды дүниелер.
    Мен есімін ұмытып отырған бір ақының «Жамандар «жақсымын» деп айқайлайды, Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды» дегені дұрыс, Пернебай аға да қарапайымдылығынан өзін жарнамаламайтын жан.
    Пернебай Дүйсенбин есімін республикалық ауқымда нақтырақ таныстырып жатқан Болатбек Төлепберген деген азаматқа мың рахмет.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.