«Шыншылдықты ұнатамын»

Еліміздің өркендеуіне бір кісідей қызмет етіп келе жатқан, бүгінде алпыстың асқарына жетіп отырған білікті маман, іскер азамат Владимир Тохтасуновпен танысып, сұхбаттасу барысында оның өмірден көрген-түйгені мол, тәжірибелі, білімді де парасатты адам екенін байқадым.
Бір қызығы, Владимир Имтахунұлын алғаш көргеніңізде қазақ екен деп қалуыңыз ғажап емес. Мұндай ойға қалдыратыны Владимирдің қазаққа ұқсаған түрі ғана емес, қазақ тілін де жетік білуі. Ол бауырлас ұйғыр халқының азаматы болғанымен, оған қазақтың тілі мен ділі, салт-дәстүрі етене екен. Бала кезінен құлағына сіңіргені қазақтың әуезді тілі болса, көріп танып өскені қазақтың өмір салты болса, ол үшін қасиетті ана тіліміз қалайша жат болмақ?

Владимир бүгінде «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС-і директорының орынбасары болып қызмет істейді.
Туып-өскен жері Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Кетмен (Кетпен) ауылы. Әкесі Имтахун ауыл мектебінде мұғалім, директор болып жемісті қызмет жасаған. Қазір зейнеткер. Немере-шөберелерінің ардақ тұтар атасы. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен дос болған.
– Әкемнің досы Мұқағали ақынмен бір факультетте бірге оқыды. Ал әкем ҚазҰУ-дың химия факультетінде білім алды. Содан кейін олар жалындаған жастық шақтарынан бірге болып, жақын араласты. Мұқағали әр жазда біздің ауылға келіп, келген сайын біздің үйге де соғып, әкем екеуі емен-жарқын әңгімелесіп, сырласып отыратын, – дейді ол. Бәлкім, Владимир Имтахунұлының қазақ тіліне деген құштарлығының мол болуына әкесінің ақиық ақынмен арадағы достығы әсер еткен де шығар. Өйткені әкесі сол достықтан шабыт алып, кейін өзі де өлең жазатын болыпты. Мұқағалидың Қарасазда өткен 80 жылдық мерейтойында ақын рухына арнаған жырын оқып, досына деген құрметін өлеңмен жеткізіпті.
Владимир Тохтасунов 1975 жылы Қазақ политехникалық институтын «Жылу-газбен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітіріп, Алматы қаласының «Жылу» мекемесінде слесарь-шебер, кейін бөлім бастығы болып қызмет етеді. Осы мекемеде мол тәжірибе жинақтап, еңбекке шыңдала бастайды. Білікті маман 1986 жылы облыстық «Жылу» мекемесінде бас инженер, 1988-1999 жылдары директор болып тағайындалады. 1999 жылдан 2007 жылға дейін Алматы облысы, Ұйғыр ауданының әкімі болып қызмет атқарады. Владимир Имтахунұлы ауданды басқарып тұрған кезінде мемлекеттік тілдің жағдайына көңіл бөліп, мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуіне ерекше мән берген. Әкімдік деңгейде өтетін әрбір жиынның, бұйрықтар мен тапсырмалардың да мемлекеттік тілде дайындалуына ниетті болған. ­Владимир тілге жасаған мұндай қамқорлығы туралы айта бергісі келмейді. Мұнысы мақтануды хош көрмейтіндігінен болар. Бір сөзбен айтқанда, істің адамы.
Владимир Имтахунұлы әкімдік қызметін абыройлы атқарған соң, Алматы қалалық «Жылу» мекемесінде дирек­торлық қызметін қайта жалғастырады. Бұл қызметіне үйреншікті қызмет деп қарамай, үлкен жауапкершілікпен кіріседі. Мекеме алдында тұрған жаңа міндеттерді орындауда біліктілігін танытып, мекеменің жұмысын жандандырып, ұтымды басқара біледі.
2009 жылы Алматы қалалық көлік мекемесінің директоры болып тағайындалады. Бұл мекеме бүгінгі таңда ірілендіріліп, «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС болып қайта құрылған. Қазір Владимир Имтахунұлы осы холдингте директордың орынбасары болып қызмет етуде.
«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп Абай атамыз айтпақшы, Владимир Имтахунұлының істі бастауы да, аяқтауы да сапалы әрі нәтижелі болуымен көзге түседі. Демек, адамгершілігі де, өзге де қырлары оның бейнесін бедерлеп, биіктете түскендей болады.
Елінің шынайы патриоты, мем­лекеттік тіліміздің жанашыры ­Владимир Имтахунұлының еңбегі «Құрмет» орденімен және бірнеше мерейтойлық медальдармен аталып өткен. «Адал еңбектің өтеуі халықтың саған білдірген шексіз алғысы» деп түсінетін Владимир Имтахунұлы туралы бір үзік сырымызды аяқтай келе, мерейтой иесін алпыс жасымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.