Ұлы қаған қай тілде сөйлеген?

Әңгімемді бастамас бұрын «түркі», «түрік», «түрк» деген термин сөздер жөнінде түсінік бере кетейін. Өзі де даулы тарих болғандықтан, «Деректер аударма кезінде өзгертілген» деген ой тумау үшін орыс тіліндегі түпнұсқа қалпында қазақшаға аудармай бердік. Бір текті халықты «түркілер», «түріктер» деп бөлшектеген отаршылдық кезең зардабынан арылу үшін көне үлгідегі «түрк» деп жазуды жөн көріп отырмын.
ХІІІ ғасыр басында Шыңғыз хан басшылығымен қайта құрылған Азия шығысындағы Түркі қағанатының «Мәңгі ел» атауы деген пікір айттық. Рашид ад-диннің «Жами`ат-Тауарих» және «Оғыз-нама» шығармаларында бұл мемлекетті құрушылар ерте замандарда Оғыз ханның ұстанған дінін мойындамай Түркістаннан шығысқа қуылып «моғол» атанған түрктер екен. «Жами` ат-Тауарих» осы мемлекеттегі Қият, Жалайыр, Керей, Найман, Меркіт, Татар, т.б. тайпалардың тілі де, салт-дәстүрлері де бірдей екендігін, тек шеттеу қоныстанған ойраттардың ғана тілі олардан біршама өзгешелеу екені туралы: «Несмотря на то, что их язык монгольский («шығыс-түрк диалекті» деп түсініңіз. –Х.Қ-А), он все же имеет небольшую разницу от языка других монгольских племен, например такую: нож другие называют китуга, а они говорят мудага. Подобных этим словам существует множество других» дейді (Іт.1к.118-б; Қазір ғой, өзге тайпаларды емес, негізінен осы «тілі моңғол тайпаларына ұқсамайтын» делінген ойраттарды «моңғол» деп жүргеніміз!).

Жеке шежірешінің субъективті пікіріндей немесе шетел тарихшылары әлдеқандай ­саяси мүдде үшін жазған шығармалардай емес, Шыңғыз ханның кенже ұлы Тулидің ұрпағы, Иран-Сирия өлкелерінің ел ханы Ғазанның бұйрығымен (және оның өзінің араласуымен) жазылған 4 томдық «Жами` ат-Тауарих» атты ұжымдық еңбекте бастан-аяқ: «Қазірде «моңғол» аталатын тайпалардың барлығы түрктер» деген сөз жиі айтылады. І-томның 1-кітабында Нұх пайғамбардың немересі Түрктің өмірге келуі мен Оғыз түрктерінің тарихын баян еткеннен соң, Рашид ад-дин шығыс түрктерін үш топқа бөліп атайды:
1) «О тюркских племенах, которых в настоящее время называют монголами» (Қазіргі кезде «моңғол» деп атайтын түрік тайпалары туралы) деген бөлімде: «Жалайыр, Сүнет, Татар, Меркіт, Күрлеуіт, Тарғұт, Ойрат, Барғұт-Қоры-Тулас, Тумат, Бұлағшын мен Керемүшін, Ұрасұт-Телеңгүт-Күштемі, Орман Ұраңғаттары (Ұраңқайлары), Құрқан, Сақайыт» деп, барлығы 19 тайпаны атап шыққан. Қ.Жалайыр «Жылнамалар жинағында» бұл тізімге «Тамғалық» деген тайпаны қосады;
2) «О тюркских племенах, из которых каждое в отдельности имело своего государя и вождя» бөлімінде Керейіт, Найман, Оңғыт (Уақ), Таңғұт, Ұйғыр, Бекрін, Қырғыз, Қарлық, Қыпшақ тайпаларын атайды;
3) «О тюркских племенах, прозвание которых было монголы» («Лақабы моңғол болған түрк тайпалары туралы») деп аталатын бөлімінің бірінші тарауында Қият пен Нүкүзден өрбіп, Ергене қоннан шыққан: Ұранқат (Ұраңқай), Қоңырат, Ұрауыт, Қошын, Сұлдұс, Елдүркін, Баяуыт, Қыңғыт тайпаларын атап (Қ.Жалайыр «Жылнамаларында» бұларға: Нүкүз, Икирас, Олқұнұт, Құралас, Елжігін, Қоңлыут, Ордауыт, Қоңқотан, Арлат, Келкүнүт, Нұңжын тайпаларын қосқан), ал екінші тарауда Алан сұлудың «нұрдан тапқан» үш ұлынан тараған ұрпақты «О тех тюркских племенах, которых называют нирун» («моңғол» демеген!) деп атап, Қатаған, Тайшуыт, Барлас, Маңғыт, т.б. барлығы 19 тайпаны көрсеткен. Қ.Жалайыр бұларға Қият, Жүркін, Шаншуыт тайпаларын қосады.
ХІІІ ғасырдың басындағы «Мәңгі ел» мемлекетінің іргесін қалаған халықтың тарихын шын білгісі келген жанға «Жами` ат-Тауарихтағы» осы үш топ тізімдегі тайпалардың барлығы түрк тайпалары екендігі айдан-анық түсіндіріліп, тек үшінші топтың қосалқы «моңғол» лақабы болғаны айтылған. Осы Ергене қоннан шыққан Қият пен Нүкүзден өрбіген ұрпаққа қатысты «Жами`ат-Тауарих»: «Бұлар кезінде түрктің көп тайпасының бірі еді» деп жиі қайталап отырады. Ал егер бұл шындық емес, «моңғол» деген бөлек халық болып, қазіргі тарихшылар айтқандай «түріктер тек оның отары» болса, Шыңғыз хан тұқымы Ғазан хан: «Менің асыл текті моңғол халқымды қалайша өз отарымдағы бұратана түріктен шығарып жаздың?!» деп шамданып, әлгі тарихты жазған Рашид ад-дин бастаған шежірешілерді қырып салмас па еді?! Керісінше, «Жами`ат-Тауарихтың» жазылуы барысында Ұлы ұлыстағы Құбылай ордасынан келген Болат министрдің және Ғазан ханның өзі де халқының шежіресін жақсы білетіндігімен үлкен көмек көрсеткенін, Ғазанның мұрагері Олжайту ханның да 1310 жылы жазылып біткен осы шығарманы жоғары бағалағанын Рашид ад-дин айтып өткен.
Алайда «Жами`ат-Тауарих» Мәскеуде 1952 жылы орыс тілінде шығарылуына орай алғысөз ретіндегі кіріспе мақаласында И.П.Петрушевский: «у нашего автора «тюрки» – термин не столько этнический, сколько социально-бытовой» деп жұртты шатастырар пікір айтқан. Шын мәнінде, «Жами` ат-Тауарихта» «түрктер» деп көшпелі тайпалар ғана емес хорезмдік, т.б. отырықшы түрктер де аталған. «Азия көшпенділері» қатарына араб бәдәуилері де, Ауғанстандағы пуштундар, т.б. тайпалар да, солтүстіктегі бұғы бағатын халықтар да кіреді. Алайда Рашид ад-дин оларды «түрк» деп атамаған. Ол тек күні-бүгінге шейін түрк халықтары мекендеп отырған географиялық аймақтарда тұратын халықтарды ғана «түрктер» дегенін оқимыз.

Шежірешілер неге «моңғол тілі» деген?

Сан ғасырлық шатасуға екінші себеп, біріншісіне ұқсас – шежірешілер Орталық Түркістандағы түрктерден ерекшелеу үшін шығыс түрктерінің (мәңгіелдіктердің) диалек­тісін «моңғол тілі» деп атаған. Сондықтан «Жами`ат-Тауарихтың» барлық томдарынан: «Бұл сөз моңғол тілінде олай, түрк тілінде былай» деген түсіндірмелер көреміз. Ал «моңғол тілі болды!» дегеннен соң, жұрт «моңғол этносы да болған» деп қалайша ойламасын?!
Осы еңбекте «шығыстағы түрк тайпала­рының тілі де, салт-дәстүрлері де бірдей, тек шеттеу қоныстанған Ойраттардың ғана тілі басқаларынан өзгешелеу» делінгенін көре тұра, көп зерттеушілер, шежірелердегі «моңғол тілі» дегенді Шыңғыз хан шыққан түрктің Қият тайпасына теліп келеді. Бірақ «Ергене қонда 450 жыл болып шыққан Қияттардың өзіндік тілі я диалекті болды» деп еш шежіреде айтылмаған. Ал егер Қият тайпасының өз тілі, керейлердің өз тілі, Найман, Жалайыр, Татар, т.б. тайпалардың әрқайсының өз тілі болса (әрине, ондай болмаған), оларды шежіреде «тюркские племена» деп атамас еді ғой!
Тіпті олар ойлағандай – Қият тайпасының өз «моңғол» тілі болды делік. Бірақ 1206 жылы «Мәңгіел» бірлестігіне бастары қосылған барша шығыс түрк тайпаларына Қият тілін ортақ мемлекеттік тіл ретінде бір ғасырдан аз мезгілде («Жами` ат-Тауарих» жазылуы басталған 1300 жылға дейін) жаппай ендіріп, «моңғол тілді» ету мүмкін бе? Қайдам. Ресей-КСРО отаршылдары саны қаншама есе басым бола тұра мұндай шаруаны (қарамағындағы түрк тілді этностары орыстандыруды) жазу-сызуы, қолындағы неше түрлі ақпараттық құралдары арқылы 2-3 ғасыр көлемінде де толық орындай алмады емес пе!? Әлде Шыңғыз ханның Қият тайпасы сол өлкедегі түрк тайпаларынан саны бәлен есе көп болды ма? Бірақ шежірелерде бір ғана Керейіт (немесе Найман) хандығының қияттардан саны көп артық болғаны айтылған.
Әрине, «Жами`ат-Тауарих» тізімдеріндегі Ергене қоннан шыққандардың (Қияттан өрбіген) тізімі олардың Ұлы қағанға жақын туыстығы ескерілгендіктен тәптіштеле берілген. Болмаса, екінші және үшінші тізімде көрсетілген түрк тайпаларының әрқайсысы да көптеген ру, аталардан тұрады. Мысалы, тізімде көрсетілмегенімен, баяндау барысында Жалайыр тайпасының он руы аталады. Керей, Меркіт, Татар тайпаларының да бірталай рулары аталған. Сондықтан Қият тайпасының тілі өзгеше болған күнде де, осыншама тайпаларды кітап, мектеп жоқ заманда, аз уақыт ішінде өз тілінде сөйлетіп жіберуі мүмкін емес шаруа.
Әрине, Азия мен Еуропа құрлығының төрт тарабынан мыңдаған шақырым жерді иемденіп, ондаған мемлекетке бөлініп жатқан түрк халықтарының тілдерінде тұрмыс ерекшелігіне орай, көршілерінен, бөгде елдің дінін қабылдаудан енген сөздер ықпалымен диалектік айырмашылық болары белгілі. Мысалы, Шыңғыз хан өмірге келместен бір ғасыр бұрын (1074 ж.) жазылған М.Қашқаридің «Диуани Лұғат ат-Түрк» жинағында түрк тайпаларының тілдеріндегі бірнеше диалектінің өзара айырмашылықтары арнайы көрсетілген. Қазір де түрк халықтары ондаған диалектіде сөйлейді. Өкінерлік нәрсе – «Сөздікті» Араб еліндегі халифаға арнап жазған М.Қашқари, шығыстағы мұсылман емес түрктердің сөздерін осы еңбегіне енгізбеген. Бұл – шығыс түрктерінің жазбаша шығармалары М.Қашқари қолына түспегендіктен, я «арабтарға көрші түрктердің диалектісін үйрену қолайлы» деген есептен болар. Ал осы еңбегінде М.Қашқари шығыстағы Қият, Жалайыр, Татар, Керей, Найман, т.б. тайпалардың да тілі туралы сөз еткенде, оны «моңғол тілі» демей, түрк тілінің бір диалекті ретінде атап, тарихымызда қазіргідей шатасу болмас па еді…

Дереккөздерге жүгінсек

Қазіргі Қытай мемлекетіндегі Хуанхе өзені маңы мен қазіргі Моңғолия мемлекетінің жерінде жаңа жылсанауға дейінгі 210 жылдары Хунну империясын құрған халықтың түрк тілді болғандығы бүгінгі таңда дәлелденген мәселе. Ал сол өлкеде жаңа жыл санаудың VІ-ІХ ғасырларында бірнеше рет Түрк қағанаттарын құрған халықтың қандай тілде сөйлегенін қағанат аттары-ақ мәлімдеп тұр. Солай бола тұра, дәл осы, 2 мың жыл бойына халқы түрк тілінде сөйлеген аумақта ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыз хан басшылығымен құрылған Мәңгіел мемлекетінің халқын әлем ғалымдары «көне моңғол тілінде сөйлеген» деген пікір айтып отыр. Бұл мәселенің ақиқатына жету үшін осы мемлекет тарихына қатысты шығармалардағы «моңғол сөзі» делінгеннің (ал қазіргі зерттеушілер «көне моңғол тілі» деп жүргеннің) не тіл екенін анықтау қажет. Әрине, бұл үшін зерттеуге алынатын дереккөздік шығарманың өзін талдай білу қажет. Зерттеу нысанына тек Шыңғыз хан кезеңіндегі халықтың тілдік қоры жазылғаны көрсетілген еңбектерді алсақ қана Мәңгіел мемлекетін құрған халықтың этносы анықталмақ.
Шыңғыз хан мен оның тегінің тарихы туралы дереккөз жайына келгенде тарихшылар әдетте, бірінші кезекте, өзге деректерден ерте (1240 ж.) жазылған деп санап «Моңғолдың құпия шежіресі» аталатын шығармаға жүгінеді. Алайда қытай иероглифтерімен жазылған бұл шығарманың көнелігі мен шынайылығы жайында күмән айтушы ғалымдар да баршылық. Мысалы, «Жами` ат-Тауарихта» жазылған Келтегей-қада тау жотасы мен осы аттас өзенді аудармашылар «қазіргі Халқа өзені» деп түсіндіреді (І т.,2 к. 126, 147-б.). Ал кейбір зерттеушілер осы Қалқа (Халка) атауын өзенге ХV ғасырда бүкіл моңғол ханы Батмунхтың бергенін айтады. Бұдан – осы өзенді ескі атауымен атаған «Жами`ат-Тауарихтан» (1310 ж.), өзенді жаңа атауымен атаған «Моңғолдың құпия шежіресі» кейін жазылған деген қорытынды жасауға болады. Ал «Жами`ат-Тауарих»: «моңғол сөзі» деген түрк сөздерімен салыстырғанда «Моңғолдың құпия шежіресі» тілінің түрктігі әлдеқайда аз.
Кейбір зерттеушілер осы шығарма 1263 жылы, тіпті 1389 жылы жазылған деген пікірде. Шынымен де, мысалы, «Моңғол құпия шежіресі» 266-бөлімінде Шыңғыз ханның 1226 жылы күзде Таңғұт еліне аттанып, бірнеше жеңістен соң Боғұршы мен Мұқалы деген қолбасшыларына сый тарту көрсеткені айтылады. Егер «Моңғол құпия шежіресі» 1240 жылы жазылған болса, оның авторы Мұқалы гованның 1223 жылы қайтыс боп кеткенін он жеті-ақ жыл өткенде қалайша ұмытып қалмақ?
Сондай-ақ «Жами` ат-Тауарих»: «моңғол сөзі» деген түрк сөздерінің «МҚШ»-да түрктігі тым азайғаны байқалады. Бұл – «МҚШ» 1240 жылы емес, 1310 жылы жазылған «Жами`ат-Тауарихтан» көп кейін, мәңгіелдіктердің «көне моңғол тіліне» солтүстіктен тұңғұс-манжұр тілі, оңтүстігінен тибет тілі молдау енген кезде жазылғанын дәлелдесе керек.
Зерттеушілер жиі жүгінетін қытайдың «Юань-ши»-і («Мәңгіел әулетінің тарихы») биліктен Шыңғыз хан әулеті 1368 жылы қуыл­ған соң 331 күннің ішінде асығыс жазыл­ғанын ескеріп, бұл дерек көзіне де тоқталмадық. Осындай себептерден, біз мәтіннің ішінде «моңғол сөзі» делінген тұстар жиі кездесетін және оны «кейінгі моңғол тіліне» аса икемдеп, түзетпеген деп, Ұлағу хан ұрпақтары тапсырысымен Тебриз қаласында бас уәзір Рашид ад-диннің басшылығымен 1310 жылы жазылып біткен «Жами` ат-Тауарих» аталатын ұжымдық еңбектің үш томындағы (төрт кітап) сөздерді зерттеп, анықтауды жөн санадық.
Шынын айтсақ, бір қарағаннан-ақ осынау «моңғол сөзі» делінгендердің барлығы дерлік қазіргі қазақ тіліндегі сөздер екенін байқау қиын емес. Кейбір сөздер татар, ұйғыр, өзбек, т.б. түрк тілі диалектілеріне тән. Рас, араб әрпімен және парсы тілінде жазылған осы еңбек түрк сөздерін беруде өз мүмкіндігіне орай біршама «сақаулатқан». Оның үстіне «Жами` ат-Тауарихты» 1952 жылы орыс тілінде шығарушылар да «түсініктемелерде» көптеген сөздерді қазіргі моңғол тіліне ұқсатпақ болып е, к, с, әріптерінің орнына э, х, ц, ч әріптерін жөнсіз қолдана берген. Бұл «түсіндірмелердің» көпшілігін орыс тіліне аударушылар қазіргі моңғол тіліне «сәйкестендіріп» баққаны соншама, шежіренің Керейіт, Найман, Жалайыр, т.б. түрктігі еш дау тудырмайтын тайпаларға қатысты тұстарындағы сөздерді де оқып, түсіну «моңғол сөзі» делінгендерді түсінудегі қиындықтан еш кем соқпайды.
Егер «Жами` ат-Тауарихтағы» «моңғол сөзі» делінгендерді «Бұлар түрк сөздері, өйткені қазақ, татар, өзбек, ноғай, т.б. түрк халықтарының тілдерінде бар сөздер!» деп турасынан айтсақ, «Әрине, осы халықтарды моңғолдар жаулап отар етіп, өз тілдерін үйреткен ғой» дейтіндер де табылады. Сондықтан «Жами` ат-Тауарихтағы» «моңғол сөзі» делінгендердің түрк тілі екендігін ХІІІ ғасырға (Шыңғыз ханның тууына) дейінгі түрк тілінің жазба ескерткіштері арқылы дәлелдеуге тура келеді. Бұл үшін негізінен VI-VIІІ ғасырлардағы Түрк қағанаттары кезін­дегі Күлтегін, Тоныкөк, т.б. «мәңгі тастардағы» жазуларды, ХІ ғасырда Шығыс Түркістан мен Жетісуда жазылған Махмұт Қашқаридың «Диуани Лұғат ат-Түрк» (1074 ж.), Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (1069-1070 ж.ж.) шығармаларындағы, басқа да ХІІІ ғасырдан ерте жазылған көне түрк сөздері бар құжаттарды салыстыруға алдық. Қажет сөз бұл ескерткіштерде кездеспеген жағдайда Шыңғыз хан әскері ат тұяғын тигізбеген, «тілін бұзбаған» Түркия мен Әзірбайжан оғыз-түр­ктерінің сөздігінен қарадық. Түрк тілі сөздіктерінен көрінбеген сөздердің төркінін анықтау үшін «Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков» (ССТ-МЯ), ­О.Сүх­баатар­дың «Моңғол тіліндегі өгей сөздер» (МТКС) еңбегін, т.б. Алтай тілдік то­бына жататын халықтардың сөздіктерін ақтардық.

«Жами` ат-Тауарих», І-том, 1-кітап.

Мұнда түркі халықтары мекендейтін жерлер туралы баяндалады және төрт бөлім мынадай атаулармен берілген: І бөлім «Оғыз хан мен оның ұрпағынан тарайтын 24 тайпа туралы»; ІІ бөлім «Қазіргі кезде «моңғол» аталатын түрк тайпалары туралы»; ІІІ бөлім «Өзінің хан, көсемдері болған түрк тайпалары туралы»; ІV бөлім «Лақабы «моңғол» түрк тайпалары туралы».
Сөздерді анықтауда бірінші кезекте «Жами`ат-Тауарих» авторлары «моңғол сөзі» деген мысалды және кітап бетін көрсеттік; Одан кейін «моңғол сөзі» делінгеннің түрк сөзі екенін дәлелдейтін ХІІІ ғасырға дейінгі жазба деректерді (қажетіне қарай, кейбір қосымша да деректерді); әлгі сөздің қазіргі қазақшадағы үлгісін; қалмақ (ойрат) тіліндегі және қазіргі моңғол тіліндегі қолданылуын; Алтай тілдік тобынан кездескендерін; түрк тілінен алыс: қытай, парсы, үнді, т.б. тілдерден енген сөздерді көрсеттік.
«Жами` ат-Тауарихты» орыс тіліне аударушылар түсініктемеде: «Бұл бәлен деген «түрк сөзі» дей тұрса да, ол сөздерді де көне түрк де­рек­терімен салыстыра кету артық болмас дедік.
Қолымыздағы «Жами` ат-Тауарих» орыс тілінде болғандықтан, анықтауға алын­ған сөздердің түрк тілімен қаншалықты сәйкестігін салыстыруда анықтаманы қазақша беру – бір сөздің екі рет жазылуы болып шығатындықтан, негізінен орыс тіліндегі сөздіктерді пайдаландық.
63 бет. «Культивированием юсуна и ясака». Аудармашылар түсініктемесінде: «Йусун» – обычай, «йасак» (из монгольского джасағ – «закон») – постановления Чингиз-хана, преподанные им своим преемникам как руководящие правила в управлении государством».
JOSUN правило, обычай: biliglig kerak bilsa sozka josun (посол) должен быть образованным, чтобы знать правила речи.
Қаз. ЖОСЫН (жол-жосын) правило, обычай.
Моңғ. Правила – шугам, сурам; Обычай – заншил, зуршил.
JASA строить, делать, устраивать: od tanri jasar kisi oүli qop olgali torumis время устраивает бог, все сыны человеческие рождены, чтобы умереть (КТб 42); МҚ № 5038: Йаша – жить; ДТС 645: JASAYU жизнь: ozunuz jasinizni korup bu kunta inaru taqi on jas tirig jasaүunuz kozunur – судя по вашей жизни, с сегодняшнего дня и далее видно еще десять лет вашей жизни (Huen51).
Осындай жүздеген, тіпті мыңдаған сөздерді тізбектеп көрсетуге болады.
Міне, «Жами` ат-Тауарихта» авторлар «моңғол сөзі» деп жазып, аудармашылар түсіндірмелер берген сөздер барлығы дерлік Шыңғыз хан заманына дейін де болған түрк сөздері екенін және қазір де түрік текті қазақ, татар, қырғыз, өзбек, т.б. халықтардың қолданып жүрген сөздері екенін көрдік. Зерттеушілердің «көне моңғол тілі» деп жүргендері «шығыс түрік диалектісі» екен. Ал «көне моңғол тілі» болмағандықтан, «протомоңғол» деген этнос та болмағаны түсінікті нәрсе.
І т. 2 к. 259-бетіндегі: «есіркемек», 262-бетін­дегі «шыдамақ» т.б. түрк сөздерін шежірешілер «Шыңғыз хан өз аузымен айтқан» деп жазып отыр. Осыған орай «Жами` ат-Тауарихтың» ІІ томындағы Үгетай хан тарихына қатысты бөліміндегі мынадай әңгіме еске түседі: Үгетай ханға мұсылман дінінде жоқ бір араб келіп: «Мен түсімде Шыңғыз ханды көрдім. Ол маған: «Менің ұлыма айт, мұсылмандарды көбірек өлтірсін, әйтпесе олардан жамандық болады,–деді» дейді. Үгетай хан сәл ойланып: «Осы сөзді әкем саған өзі айтты ма, әлде тілмаш арқылы айтты ма?» деп сұрапты. Әлгі араб: «Өз аузымен айтты» дейді. «Ал сен моңғол тілін білуші ме едің?» дейді қаған. «Жоқ!» дейді араб. Сонда Үгетай хан: «Сен жалған айтып тұрсың, өйткені менің әкем моңғол тілінен өзге тілді білмейтіні маған аян» деп, әлгі арабты өлтіруге бұйырыпты.
Ал сол «моңғол тілінен өзгесін білмейтін» Шыңғыз ханды «Жами` ат-Тауарихтың» авторларының (әлгідей мысал әңгімені жаза тұра) Ғазан ханнан қорықпай түркше сөйлетуі қалай?! Шыңғыз ханды «араб тілінде сөйледі» дегені үшін арабты өлтірткен Үгетай сияқты, «тек моңғол тілін білетін» Шыңғыз ханды түркше сөйлеткені үшін шежірешілерді неліктен Ғазан хан жазаламаған?» деген сұрақ сөзсіз туады. Мұның себебі – әлгі хикаяда Үгетай хан: «Шыңғыз хан «моңғол тілінде ғана сөйлеген» деп шын мәнінде қағанның шығыс түрк диалектісінде сөйлегенін айтқан. Сондықтан да шежірешілер қорықпастан, еш күмәнсіз Шыңғыз ханды «Жами` ат-Тауарихта» түркше сөйлетіп отыр.

Хасен Қожа-Ахмет

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.