Күнмен бірге күлімдеймін

Сенім Жыры

Тәуелсіздік мерекесін
Төбемізге көтеріп,
Шаңырақтың керегесін
Шұғыламен көмкеріп,
Егемендік ережесін
Ежіктемей… бөгеліп,
Қаққан Тағдыр терезесін
Кезеңдерді өткеріп,
Көзайым шақ берекесін
Қуанышпен бөктердік…

Туған Жердің таңы нұрлы…
Күліп келді жарқырап,
Тәуелсіздік болсын құтты,
Күйге толсын атырап!
Ел тойлайды ақ тілекпен
Ұлы күнін Тарихтың –
Мәңгілікке рақым сепкен,
Тағдырына Халықтың.
Жан-жүректе Сенім Жыры…
Тау селіндей тасқындап,
Бұлқынады сезім сыры…
Намысымды қамшылап.
Азат ойын алаулатқан,
Арқаландым Ұлтыммен.
Ана тілін жалаулатқан,
Марқайдым бір Жұртыммен!

Ұлы Құмның перзентімін
Бауыр басқан Далаға.
Атамекен шежіресін
Сіңіргенмін санаға.
Қазынаммен мақтанамын,
Қойнауы құт Жерімде.
Көңіл шалқып, шаттанамын…
Құтайған Бақ тегімде.
Шындық шөккен ғасырлардың
Қатпарынан тартылған –
Ақиқатым асылдардың…
Қан, терімен жазылған.
Ұлт «мың өліп, мың тірілген»
Ұлы мұрат жолында.
Ұлағаты – Келешек пен
Ұрпақтардың қолында.

Сан толқынның армандарын
Сарғайтпаймын, тегінде.
Аспанындай Сарыарқаның
Санам сергек менің де.
Жаужүректі Бабалардың
Туын мәңгі сақтаймын.
Ана сүті – аманатын
Адалдықпен ақтаймын.
Асқақ Рухты Аталардың
Ұлы Көшін жалғаймын.
Батасымен даналардың
Қыран құстай самғаймын.
Сынақтарда сүрінбеймін,
Көрінемін биіктен.
Күнмен бірге күлімдеймін,
Сенші маған, сүйікті Ел!
Ұлан-байтақ Отанымның
Арға қорған Заңы бар.
Құшақ жайған Болашақтың…
Бақыт тұнған таңы бар!

Сезім сыры

Айтулы бұл салтанатты…
Айшықтадым Жырыммен.
Тебірендім жүрекжарды…
Таза ниет, сырыммен.
Мәртебелі мерекеміз,
Толғадым сыр жүрекпен.
Асып-тассын берекеміз,
Тоғысып жыр-тілекпен.
Ашық болып аспанымыз,
Аман жүрсін қартымыз.
Жайнап-өсіп жастарымыз,
Жоғалмасын салтымыз.
Тыныш тұрып заманымыз,
Тербетсін пәк таңымыз.
Тегін жоймай Қазағымыз,
Тасқындасын санымыз.
Тарылмасын қазынамыз,
Таусылмасын барымыз.
Дәнмен толып құт қамбамыз,
Дәмді болсын нанымыз.
Жайып қанат дарынымыз,
Жадырасын жанымыз.
Алға басып қадамымыз,
Айға жетсін даңқымыз.
Жігер беріп жалынымыз,
Қарыштасын қаламыз.
Қуат қосып шабытымыз,
Өркендесін Даламыз!
Тәуелсіздік – Бақытымыз,
Әлемге жар саламыз!
Бұл – мерейлі уақытымыз,
Баянды бақ табамыз!

…Мемлекеттік Елтаңбамның
Нұры шалқы Көгімде!
Жүзі жарқын Қазағымның
Егеменді Елімде!
Желбіреші, Көк Байрағым,
Тәуелсіздік төрінде!
Шарықтасын Әнұраным,
Өркениет өрінде!
Айналайын, салтанатым,
Мерейімсің, тегінде.
Жаса мәңгі, Қазақстаным,
Ата-баба Жерінде!
Бақыт құшқан мәнді күнге
Ризамыз біз мың мәрте.
Мейірімді Тәңірге…
Тәубе! Тәубе, мың Тәубе!

Гүлсамал АЙМАХАНОВА
АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.