Манас пен Мұхтар Әуезов

Баянғали  ӘЛІМЖАНОВ

Кер заман
Құйтырқылы құйын демі,
Қазаққа,
Қырғызға да қиын еді,
Жылында
Мың тоғыз жүз елу екі
Бір сұмдық
Фрунзеде жиын болды.

Түрікті
Түбірімен шабамыз деп,
Тегінен
Ажыратып аламыз деп,
Сайланып келіпті өңкей
Ығай-сығай
Манастың жырын жойып,
Жабамыз деп.

Пәрменді
Ол заманда Мәскеу берер,
Қасқырдай
Шабар сосын қас кеуделер,
Қосыла кетті оларға
Іштен шыққан
Жандайшап
Жылан тілді жас «төрелер».

Ішінде «қонақтардың»
Қарқындысы
Сөз бастап дөкей сары
«Алтын кісі»:
«Бұл эпос –
Бізге дұшпан байшылдық пен
Ұлтшылдық,
Ескіліктің сарқындысы,
Сондықтан
Аластауға тиіспіз!» деп,
Қаһарлы болды сөздің
Қорытындысы.

«Жыр еткен
Кереметтей дәмді көріп,
Неғылған бітпейтін бір
Қанды жорық,
Ол өзі неткен соғыс,
Кімге қарсы,
Ойлайық
Біз саяси мәнді беріп!

Советтік тәрбиеге
Үйлеспейді,
Бүгінгі заманаға
Үндеспейді,
Сондықтан
Манас енді ұмытылсын
Дәп содан айың құлап,
Күн де өшпейді!»

Қаһарланып кеп айтып,
Қара бұлтты төндіріп
Қара дауыл соқтырып
Қызыл заман қысқанда,
Қалың қырғыз сорлады,
Оқымысты ұл-қызы
Ата жырын жат жұрттан
Жанын сала қорғады,
Дәлелдерін келтіріп
Тереңінен толғады,
Қанша айтса да амал не,
Қасарып келген қаскөйден
Қорғау оңай болмады,
Тас жүректі басшылар
Құлаққа ілмей сөздерін
Аяққа басып қорлады,
Айтқаныма көнесің
Айдауыма жүресің
деп халықты зорлады.

«Өз атаңның өлеңін
Мақтайсың сонша өзеуреп,
Әсіре ұлтшыл элемент
Дес бермейтін демеугөк,
Секілді деп сендерге
Ертең айып тақпай ма?
Бұл сөздерің желеу боп!»
Деп ғалымның әккісі,
Кебежедей пәпкісі.

Қорқытып қойды қырғызды
Келгендей күйе жаққысы,
Қазық қып жерге қаққысы,
Түйіп алып қабағын,
Күшейте түсті талабын,
Жиынға келген қазақтан
Ай маңдайлы Әуезов
Еске алып тарих сабағын,
Төніп келген қауіпті
Жанымен сезініп,
Елестетіп бір өтті
Түрмеде көрген азабын,
Отыз жетінің сұмдығын
Қынадай қырған қазағын.
Данышпан Ахаң амалдап
Ойлаған мұның аманын,
Айламенен алмаса
Түзетуге дәрмен жоқ
Темір құрсау заманын:
«Анталап дұшпан жан-жақтан
Бұзық салса Манасқа,
Қайтіп бұғып қаламын.
Манасты жауға алдырып,
Жолымды тосқан Алашқа
Қай бетіммен барамын?

Тамырын қиса қырғыздың,
Қазақты қоса кескені.
Шамы сөнсе қырғыздың,
Қазақтың бірге өшкені.
Ата жырын өлтірсе,
Азып-тозып аз халық
Айдауға жүрер оп-оңай,
Түп-түбінде осы ғой
Көкейлерін тескені!»

Бір дауыс
Ар жағынан
деді ыңғайлан,
Айқассыз ақиқатты
Көрдің қайдан?
Манастан өлсе қырғыз
Айрылмайды
Мүмкін бе ажырауы
Жердің айдан?!
Айкөлден
Айқын қуат сезінгесін
Ар жағы
Жаратушы бір Құдайдан,
Рухани жендеттерге
Жалақтаған
Әуезов
Жалғыз өзі берді майдан!

Қайран Мұхаң қайтсін-ай,
Басқа жұртқа бодан боп
Ел тұрғанда бағынып,
Жауларының бәрі дәу,
Жалмауыздай сары дәу,
Қарауытып, қабынып
Қөп қорқаудай қағынып,
Жан-жағынан жабылып,
Жанға зорлық қылғанда
Қос өкпесі қысылып,
Тынысы кетті тарылып,
Тамырда қаны тасынып
Кетердей миы жарылып,
Қиналып жаны тұрғанда
Айкөл Манас аруағы
Өлме, Мұхтар, өлме деп,
Бұл қорлыққа көнбе деп,
Атаңның жырын берме деп,
Қолтығынан дем беріп,
Кеудесіне жел беріп,
Арнасы сөздің табылып
Сөйлеп бір кетті ағылып!

Жарқырай берді ақмаңдай,
Саңқылдай берді ақ таңдай,
Әр сөзі тұнған ақыл-ой
Атадан қалған дастандай,
Сөйлеген сайын жұрт қолдап
Аспандай берді, аспандай!
Мастанып келген Мәскеуден
Дөкей сары қаскөйді
Айкөл Манас аруағы
Төбесінен басқандай,
Берекесі қашқандай,
Сөзіне ұйып Мұхаңның
Өз-өзінен сасқандай!

«Ақылға салып қарасақ,
Адамзаттың ғажайып
Алуан-алуан өнері
Бір-бірінің кемері,
Шын өнерде жаттық жоқ,
Біріне-бірі бөгет боп,
Бір-бірін қалай көмеді,
Нағыз өнер қашанда
Бір-біріне дем беріп
Үндесе өрлеп келеді,
Арғы түптен таратсақ
Тауарих еткен көнені,
Гректің кемел Гомері,
Гомеріңнен кем бе еді?
Көшпенді елдің өлеңі,
Данышпан Шоқан, Манасты
Илиада, Одиссей
Гомерге неге теңеді?!

Ақыл-ойдың кеніші,
Асыл жырда бәрі бар.
Жоғалған білім, жойқын сөз
Ежелгі жырдан табылар,
Алатаудан Алтайға
Қудаланған қырғыздың
Сан ғасырлық зары бар.
Туған жерге ту тігіп,
Жаудан қорғап Отанын
Тулап аққан қаны бар.
Шындық іздеп жалғаннан,
Шырқыраған жаны бар.
Есте жоқ ескі заманғы
Ел-жұрттардың тарихы
Салт-дәстүрі тағы бар.
Өлмес рухы халықтың
Дана жырдан танылар.
Қатпар-қатпар уақыттың
Қалыңынан сараптап
Қазынасын танып ал,
Алатаудың шыңынан
Шырқап шыққан кенен жыр
Айға барып шағылар,
Жер-жаһанның көгінде
Жұлдыз болып жағылар,
Еншілеген бұл сөзді
Елін сүйген өрендер
Бабаларын сағынар,
Атаның жырын ұмытып
Қағынан безген, қағынар
Тәубасынан жаңылар,
Бар қуатын халықтың
Бір арнаға құйдырып
Манастың жырын тудырған
Қырғыздың баян, бағы бар!»
Осылай толғап кеп айтып,
«Сіздің де, мейман, – деп айтып,
Сөзіңіздің мәні бар,
Расында да Манастың
Кей тұстарын қарасаң,
Байшылдық пен ханшылдық
Ескіліктің дәмі бар,
Дәнін аршып қауыздан
Нұсқасын жасап халықтық
Қазынасына советтің
Қосып қойсақ нағылар?!»

Кең ақыл, кемел ойлы,
Кең маңдайлы
Тұңғиық
Оңайлықпен толғанбайды,
Сөзіне сүттей ұйып,
Тәнті болды
Көрмеген
Көптен бері ел мұндайды.

Мұхаңның
Мәскеулікті мысы басты
Иә, Құдай!
Деп халайық дуылдасты,
Қайтарар
Әуезовке уәжі болмай
Дәу сары үнсіз қалды,
Шұлғып басты.

Қырғыздың бетке шыққан
Күллі еріне,
Сонда да шырай бермей,
Күлді еріне,
Елеусіз ымдап еді,
Бір жас қырғыз
Кезексіз
Шықты жиын мінберіне.

Бұл өзі орысша оқып,
Орысша өскен,
Тегінен тамыр үзіп,
Теріс кеткен,
Қашанда
Отарлаудың әдісі сол
Безгенді
Өз ұлтынан өрістеткен.

Жүрсе де
Жоғарының ұлығы боп,
Халқына
Жақпайтұғын қылығы көп,
Жылмағай,
Жылтыр бетті жұрт айтатын
Баяғы Көзқаманның
Сынығы деп.

Жалпақтап жат жұрттарға
Көзін сатқан,
Лауазым, дәреже үшін
Өзін сатқан,
Шүлдірлеп
Сол Көзқаман түсті дауға
Атаның атын сатқан,
Сөзін сатқан.

«Аузыма
Қаратам деп бар халықты
Жынданған жомықшылар
Жар салыпты,
Айкөлім аян берді
деп аңыз ғып
Айылда,
Айлы түнде ән салыпты.
Бұл неткен соқыр сенім
Сонша уақыт
Милау ғып
Адастырған мұнша жұртты,
Манастан
Асатұғын батыр жоқ деп
Панислам,
Пантюркистік дән салыпты,
Айбынды қызыл әскер
Әлемді алған
Оған тең бола алмаған
Қанша мықты,
Жанында
Маркс, Ленин ілімінің
Кім еді
Манастарың соншалықты?!

Тұранның
Ежелгі жыр ұраны екен
Өшпейтін
Ұлтшылдықтың шырағы екен,
Манасың миллион жол
Тегін емес
Қырғыздың
Ол екінші құраны екен,
Манастың
Жырын айтып, тыңдаған ел
Ешкімге
Басын имей тұрады екен,
Сондықтан
Тамырымен жою керек
Советтік болсын десек,
Мына мекен!

Бұл эпос
Басқа жұртты қорлайды тек,
Табын деп
Бір Манасқа зорлайды кеп,
Қырғызды
Ерекшелеп ұлықтайды
Шыққандар
Оған қарсы оңбайды деп,
Ақ қалпақ
Аңқау халық адасып жүр
Аруағы
Манас ата қорғайды деп,
Ал бізге жол көрсетті
Компартия
Ұлт деген
Болашақта болмайды деп!

Сондықтан
Біріге түс халің барда,
Ұрандап
Шығармаңдар ханыңды алға,
Біртұтас
Мызғымайтын совет халқы
Құрыштай қайнап біткен
Жалындарда,
Сарынға
Байшыл, ұлтшыл орын бермей
Жол ашар
Интерсовет дарындарға,
Айтарым,
Манас – талас тастап енді
Ілесер
Ұлы көшке жолың қамда,
Біз сияқты
Озық жан болсаң жылдам
Партия өсіреді,
Оны да аңда!»

Төмен қарап көпшілік
Тым-тырыс боп қалғанда,
Атып тұрып бір жігіт
Салды ашулы айқайға:
«Дәреже мен даңқ іздеп,
Дүниені кезіпсің,
Өз тіліңді ұмытып
Өз жұртыңнан безіпсің.
Озықтығың осы ма?
Өз атаңның жырына
Өзің шоқпар сілтеген
Осы күнгі Көзқаман
Озық емес тозықсың!

Манас – біздің атамыз
Қанікей – біздің анамыз,
Олардың атын ұмытсақ
Қайтіп ел боп қаламыз,
Атамызды жат көріп
Атаны қайдан табамыз,
Анамыздан безініп
Ананы қайдан табамыз?!
Жер бола ма Талассыз
Ел бола ма Манассыз?!»

Тоқта деп,
Дөкей сары сөзін бөлді,
Қырғызда
Намыс барын көзі көрді,
Қалаған жағына оңай
Бұра салды
Нық ұстап отырған соң
Өзі рөлді:

«Әй, жолдас ,
Бұра тартсаң із ретінен,
Жіберіп қоя алмаймыз
Біз бетімен,
Ертең сені шығарып
Партиядан
Ар күні босатамыз
Қызметіңнен,
Органдар
Біліп қойса, орың қазып
Бір жола жоғалтпасын
Жер бетінен!

Жассың ғой,
Мән бермейік лаққаныңа
Не жетсін
Таңның тыныш атқанына,
Ойлама,
Құтылам деп аман-есен
Бір түссең
КГБ-ның қақпанына!»

Қайран ер
Үндей алмай іштен тынды,
Қайсарлық қайтсін енді,
Күшпен сынды,
Сұсымен қайтарған соң
Елдің бетін
Дәу сары рақаттанып
Үстем күлді:

«Жаққан соң
Жаңа заман жұлдыздарын
Безіп тұр
Ескі жырдан ұл-қыздарың,
Теріс деп Манас жырын
Советке жат
Біз емес ,
Айтып тұр ғой қырғыздарың!»

Туған ұл сатқын болса
Тым қиын-ды,
Сатыл деп
Осыларға кім бұйырды,
Біз емес,
Айтып тұрған өз балдарың
Дегенде
Ел аузына құм құйылды.

Осындай арсыз болса
Таласатын
Оншалық керек қылмай
Парасатын,
Өсіру іштен шыққан
Көзқаманды
Ежелден
Отаршылдық саясаты.

Әрине,
Мұны Мұхаң айта алмады,
Ақылмен жеңіп шығар
Жол таңдады.
Әкелді
Оң жамбасқа айналдырып
Ғылым мен
Қара сөздің майталманы.

«Зер салып
Байырғының жырларына,
Әділін
Айту парыз шын ғалымға,
Дара тұр
Манас жыры бой теңесіп
Әлемдік
Әдебиеттің шыңдарына.

Теңіздей …
Теңдесі жоқ …
Таңғаларлық …
Эпос деп
Қызғылықты жанға барлық,
Орыстың
Озық ойлы оқығаны
Манасқа маңыз берген
Бар ғаламдық.

Манасшы
Дауылдатса
Жалындар от,
Мазмұнын
Талдап ұғар ғалым да көп,
Біздерге
Бүкіл әлем қарап отыр
Советтер
Қандай шешім қабылдар деп!

Өткенді
Бүгінгімен таластырма,
Нәрін ал
Жақсылықпен жарастыр да,
Қиянат болып жүрер,
Кінә тақсақ
Марксті
Білмедің деп манасшыға!

Тұрғанда
Шежіредей қарияң тың,
Эпостың
Оймен сүзіп дариясын,
Сараптап,
Артық-кемін алып тастап,
Советтік
Жасау керек вариантын!»

Жаланы
Жапқан жаңа жаңбырлатып
Қиқулап
Елдің басын даңғырлатып,
Көзқаман
Тағы шықпақ бола беріп,
Орнынан қозғала алмай
Қалды қатып.
Сөйлемек түгіл үні
Шықпай қалды
Кептеліп
Тамағына қанды қатық,
Ербеңдеп екі қолы,
Бас қалтылдап
Кеткендей
Мойнына қарғы батып,
Отырған Көзқаманды
Ойлады жұрт
Манастың
Кетті ғой деп аруағы атып!

Кеңесін
Келтірген соң кемелінен
Көненің
Өнегелі дерегімен,
Бар жиын
Бір ауыздан мақұлдасты
Санасып
Әуезовтің беделімен!

Бұл айқас
Осылайша тәмамдалды,
Аңыздай
Кешегі өткен замандағы,
Қазақтың ұлы ойшылы
Қорған болып
Қырғыздың
Ұлы жыры аман қалды,
Шайқасып
Қалмақ, қытай жеңе алмаған
Манасты
Мәскеу де жаба алмады,
Біртұтас
Елдік нұсқа даярланып
Басылсын
Деген қаулы қабылданды,
Қырғызша,
Қазақша да, орысша да,
Ер Манас
Дүниені аралады …
Жас қазақ,
Жас қырғыздар,
Ұмытпайық,
Бұрынғы
Биік ойлы бабаларды!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.