Моншақ-алма

«Өнерің өрге жүзсін» дейтін қазақ қай заманда болсын хас шеберлерін құрметтеген. Өйткені шығармашылық қабілет ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ерекше қасиет. Жаңа технологияның заманында халқымыздың қастерлі кәсібін ұрпақ жадына сіңіруге тер төгіп жүрген шеберлер көп дей алмаймыз. Ұзақ жылдық ұстаздық еңбектің арқасында шәкірттеріне ерекше өнердің қыр-сырын үйретуден аянбай жүрген ұстаз Аяулы Тынышбайқызымен әңгімеміз осы төңірегінде өрбіді.

Моншақ-алма– Аяулы Тынышбайқызы, технология саласында моншақтан көздің жауын аларлық алуан түрлі заттарды жасауды оқушыларға үйретеді екенсіз. Бұрын еңбек пәнінде көбінесе киім тігу мен тамақ жасау сияқты үйреншікті еңбек түрлеріне бейімдеуші еді. Сіздің қолға алған салаңыз жаңашылдығымен ерекшеленеді. Өзіңіз өнердің бұл түріне қалай машықтандыңыз?
— Өнер мамандығына келер болсам, мен оны емес, ол мені таңдап алды десем артық айтпаған болар едім. Мектепте оқып жүргенде тау-тасты аралап, кен орындарын іздейтін геолог болсам деп армандайтынмын. География сабағын өте жақсы көрдім. Ата-анамның тілегі болар, бағым жанып, оқуға түстім. Техникумды үздік дипломға бітіріп, «Бухгалтер және қолданбалы қолөнер шебері» деген мамандық алып шықтым.  Өнердің қай саласы болсын бір орында тұрып қалуды қаламайды. Қашанда ізденіп, шеберлігіңді шыңдап отыруың керек. Мен де өз салам бойынша ізденуге ниеттеніп, Қыздар педагогикалық институтына құжаттарымды тапсырдым. Бұл оқу орнынан «Еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығын игердім. Содан бері өз мамандығым бойынша жұмыс істеп келемін.
Қазір Алматы қаласы, Жетісу ауданындағы №177 жалпы білім беретін мектепте технология пәнінің мұғалімі болып қызмет істеймін.
Моншақ-алма– Қазір балалар көбінесе қол еңбегінен гөрі компьютерге құмар ғой. Оқушылардың бұл пәнге қызығушылығы қалай?
— Балалар қазақтың ежелгі қолөнерінің заманауи әдіспен жаңа­руына қатты қызығады. Көп дүниені үйренгісі келеді. Еңбек пәнінің 1 сағаты қысқаруына байланысты оқушылар бәрін жасап үлгермейді. Қазір 5-сынып оқушыларының сұрауы бойынша 2 сағат уақытымды қиып, моншақпен жұмыс технологиясын үйде тегін үйретіп жүрмін. Барлық сыныптың оқушылары басқа заттан гөрі моншақпен жұмыс жасағанды өте жақсы көреді. Баға алу үшін бір затты құрастырып қана қоймай, «апай, басқа да әдіс-тәсілдерін үйретіңізші» деп «мазалауы» мені қуантады. Оқушыларым қазір ұлттық сувенирлермен қатар жеміс-жидек түрлерін, сан-алуан қобдишалар, гүлдер, құмыралар, жан-жануарлардың мүсіндерін, қалам-қарандаш құтысын, сабын-майлық салғыш сияқты үйге керек заттарды да тоқи алады. Моншақ-алмаҚазіргі таңда қалалық көрмеге дайындалып жатырмыз. Оқушыларым менің ұсынысымнан бөлек өз идеяларынан туған жаңа дүниелерін жасап жатыр. Былтыр мектебімізге Франциядан қонақтар келді. Оқушылардың қолынан шыққан қазақ тұрмысын таныс­тыратын туындыларға қатты қызықты. Меймандарға Алматы қаласының ­сим­волы ретінде моншақтан жасалған алмаларды сыйға тарттық.
– Осы пән бойынша қандай байқауларға қатыстыңыз?
— 2012 жылы  Көкжиекте мектеп­тің ашылуына орай Алматы қала­сының әкімі А.Есімовтің өзі саба­ғыма қатысты.  Шеберлікті шыңдау мақ­сатында қалалық, республикалық байқауларға қатысып тұрамын. «Қазақстан Республикасында үздіксіз көркемсуреттік білім беру: сәндік қолданбалы өнер – 2012» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өткізілген қолөнер шеберлерінің шығармашылық көрмесіне жұмыстарымды қойдым.   2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым» атты қолданбалы және бейнелеу өнерінен өткен қалалық көрмеден менің жетекшілігіммен оқушым 2-орын жүлдегері болды.  Сол жылы «Қалалық білім беру жүйесіндегі іс-шараларға қосқан үлесі мен шығармашылық табыстары үшін», «Белсенді азаматтық ұстанымы мен мектептің қоғамдық-саяси өміріне және жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан айтулы үлесі үшін» деген марапат қағаздарын алдым. 2013 жылы Алматы қаласы Білім басқармасы жанындағы қалалық әдіс­темелік кабинетінің қолдауы­мен қолдан­балы сәндік өнер бойынша «Мұраларға үңіл» атты бағдарла­масы аясында өткізілген «Керамика, киіз басу, выцинанка, ақ-мүсін» шеберлік-сыныптарына қатысқаны үшін» деген сертификат берілді.
– Қолөнердің бала психологиясына қандай әсерін байқадыңыз?
— Ұлттық өнердің қай түрі болсын бүлдіршіннің сана-сезіміне оң ықпалын тигізеді. Баланы еңбексүйгіштікке баулып қана қоймай, адал, ізгі ойлы, ізденгіш болуына пайдасы зор. Шебер қолынан шыққан заттың сыртқы келбетінің өзі сәби санасына нұр құйып, оның эстетикалық талғамын биіктетеді. Ұстаз ретінде өзім осыны байқадым. Жаһан­дану заманында балалар бөтен елдің мәдениетіне еліктемей терең сырлы, өнегесі мол ұлттық өнерді бойына жинап өссе, ұстаз еңбегінің жанғаны деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Шарафат Жылқыбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Қалтай Ақерке

    Тамаша мақала екен. Осындай он саусағынан өнері тамған апаларымыз көбейе берсе, өсер ұрпағымыз да өнерлі боларынан көп үміт күтуге болады. Өнеріңіз өрге жүзсін!

  2. Ақнұр

    Қызық екен. Моншақпен тоқу әдісін басқа адамдарға үйрете алар ма екен, қалай үйренсе болады? Аяулы апаймен қалай хабарласса болар екен?

  3. Гүлмира

    Маған өте қажет еді егер видио ролик болса салып жіберсеніз өтініш соған қарап үйренер едік

  4. Жансая

    Салеметсиздерме! Калай осы онерди калай уйренсем болады?

  5. Рыскул

    Моншактан калай жасауга болады?

  6. Бакытжамал

    фото рамка.гул.кумыра.тб.видеосы болса салып жибересизбе отиниш

  7. Аягуль

    Керемет қолөнерді тоқып үйренгім келеді.Тоқылу тәсілдерін суретін саласызба?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.