Дүние, жарға ойнаған лақтайсың…

Уа, дүние, мұнша қатты еттің мені,
Әуре боп мен жасымнан қудым сені.
Ғұмырымда ойлаймын да аһ ұрамын,
Өттің деп жігіттіктің керуені.

Дүние, қудым сені он жасымда,
Жарадым сол уақытта жолдасыңа.
Білгенде мақұрым тастап кетеріңді,
Қасыңа жуыр ма едім о басында.

Дүние, опаң да жоқ, сыпаң да жоқ.
Қисайып қырын кетсең қапаң да жоқ.
Бақытың, дәулетіңмен бірдей тұрса,
Қылады дұшпан қызмет атаңдай боп.

Дүние, сұлу қыздай бұраңдадың,
Қуа алмай қызыққан соң тұра алмадым.
Басыңды қанша жарға соқсаң-дағы,
Дегені болады екен бір Алланың.

Басымнан қатар-қатар өтті заман,
Кірем бе қасіретке жүрсем һәмән.
Халыққа сырымды ашып сөз айтарға,
Назарын бір салмады дүние маған.

Бар шығар бір күнәйім ұнамаған,
Тағдырым беріп те дәулет сынамаған.
Тағдырдың бұйрығы бар таңғажайып,
Береді бір наданға сұрамаған.

Бермесе бетке шіркеу, перде Құдай,
Асылып күле алмаймын бұрынғыдай.
Жанасқан жақсыларға бейшараңыз
Бұл күнде қасіретпен қонды сыбай.

***
Дүние, жарға ойнаған лақтайсың,
Мекен ғып қандай жанға тұрақтайсың?
Еріксіз көнбегенді көндіресің,
Жол білмес асау кердей бұлғақтайсың.
Аз ғана көңіл ашар қызығың бар,
Кетеріңе келгенде сылақтайсың.
Тығыны жоқ шыныға құйғандай-ақ
Қашарыңа келгенде сынаптайсың.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.