Рунатанушы — ғалым

Кәкен Қамзин,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Әманда жүрісі ширақ, сөз қайырысы орнықты, құлағынан төмен құлдилаған қара шашын үлектің шудасындай желкілдеткен осы жігіт ағасын көрген сайын іш тартып, әңгіме-дүкен құрғың келіп тұрады. Айрықша тартылыс күші, өзіндік қуаты қыр астынан мен мұндалайды. Қасына таяп кідіре қаласыз. Сонау көнеден желіленген көсемсөз үлгілері, жыраулар дәстүрі, ата-баба сән-салтанаты, түрікпендерге сіңіп кеткен әкесінің інісі, соғыс жылдары аэрофототүсірумен шұғылданған әкесі туралы арындап бір кетеді-ай. Жуық маңда тоқтау жоқ. Одан бара-бара көне түркі жазбаларына, руна тылсымына ауысып, шеңбірек атқан қоңыр портфелінен рунология моделін суырып алып тағы көсіле жөнеледі. Сіз көз сұғыңызды сұқ саусақтай ректорат ғимаратына, аяз сорған әл-Фараби монументіне, қияпаты қиядан шалынатын Алатауға қадайсыз. Кино-телеоператордың жалпақ тілімен өрнектесеңіз, жалпы планнан орта планға, одан кейін ірі планға көшесіз. Хаққа мүлгігендей шешеннің
аузына қарайсыз. Тамсанасыз. Елжірейсіз.

Ал формасы петроглифтей ежелгі, мазмұны инновациядай соны осы орта бойлы креативті ірі жан кім, апырмау? Оның ныспысын сұрасаңыз, ол – кәдімгі өз әріптесіміз, кезінде университетіміздің озық оқытушысы атағын алған, Польша­дағы Адам Мицкевич атындағы жоғары оқу орнында тағылымдамадан өткен, Италия, Франция, Австрия, Германия, Венгрия, Моңғолия, Түркия жерін армансыз аралаған – Аманқос Құлтанұлы Мектептегі. Белгілі ғалым, рунолог, қаламы жі­герлі публицист.
Екеуара шүйіркеде де, көп ортасында да ол сіздің бейіліңізге, аудиторияның ауа­нына қой көзін төңкере бір тастап алып, бүкіл әлемнің тірегі таңба-символ екеніне сендіре де көндіре сөйлейді кеп. Қара Жерді Көк өгіз немесе Көк ас­панды Атлант тіреп тұрғандай. Дәп беріспес оппонетпен пікір жарыстырып тұрғандай. Мейлі, әлемді топан су қаптасын, мейлі, Жоңғар қақпасынан ебінің желі бизнесқарын тас­тарды допша домалатсын, мейлі, фәни дүние астан-кестен болсын, мейлі, қаржы-финанстың аяғы аспаннан келсін. Бәрібір. Өз тақырыбының фанатигін сара жолдан тайдырудың өзі қиямет-қайым. Дарт Вентердің адам геномін ашқанына да, Швейцария мен Францияның шекарасында алып адронды колайдердің іске қосылғанына да, өз қандасымыз Көпей Марқайұлының 500 жылдық күнтізбе ойлап тапқанына да ол пысқырмайды. Қолын бір-ақ сілтейді. «Бәрі мынадан басталады» деп рунология үлгісін тағы жайып салады. Аудиториядағы студенттерге қоса біз де құлақ түреміз.
«Ақиқатқа жүгінсек, қазақ әліпбиін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған, соның нәтижесінде тарихи жадын үнемі өшіріп отырған. Ал бізден өзге ұлт «жат алфавитке көшуді» рухани-этникалық болмысынан айырылуға балайды. Мысалы, армяндар, грузиндер, арабтар, қытайлар, жапондарды жазба мәдениетінсіз көз алдыңызға елестетіп көріңіз? Біздегі ахуал сыртқы саяси күштердің ықпалымен үнемі графикалық тілімізді ауыстыра берудің салдарынан қордаланған рухани байлығымыздың сабақтастық тіні сетінеп, күллі табиғи болмысымызға тән ұлттық сипатымыздан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Шет елдердегі отандастарымыз, мәселен, Еуропа қазақтары латын әліпбиін қолданса, Иран, Қытайдағы қандастарымыз араб жазуы үлгісінде. Ал өзіміздің елде кирилл графикасын тұтынамыз. Сонымен ат төбеліндей қазақтың өзі бірнеше жазу өрнегін қолданып, бір-бірінен рухани ажырап қалып отыр. Айталық, араб, соғды [тарихи еңбектерде мұны «ұйғыр әліпбиі» деп те атайды. Бұл біздің ежелгі руникалық жазба мәдениетімізден қол үздіру, рухани бөлшектеу мақсатындағы жат жұрттың саяси-идеологиялық экспанциясын жүзеге асырудың құралы қызметін атқарған саяси әдісі еді. Сондықтан «ұйғыр әліпбиі» деп жүргеніміз, бұл бағзы семит жазуы екеніне екі графикалық нұсқаның конфигурациялық кескінін қатар қойып салыстырғанда анық көз жетеді], армян-қыпшақ, латын, кирилл алфавиті, қысқасы, мұның барлығы дерлік өзгенің жазба мәдени қалыбы еді. Сонда – біздің төлтума алфавитіміз жоқ, біреудің мәдениетін иеленген масыл халықпыз ба? Өкініштісі, құдды дұғалап қойғандай ата жазуын қорсынған, өзгенікін мықтысынған рухани кеселден әзірге құтыла алмай қойдық. Зады, біздің жазба таңбамыздың белгілері әлемдік алфавит үлгісі арасынан кескіні ерекше дараланатын, симметриялық заңдылыққа негізделген, бір көргеннен виртуалды оқу әдісі арқылы ішкі мағыналық сырынан ақпарат беретін мүмкіндігі зор даналық графикалық жүйеге құрылған. Ол – руни­калық алфавит. Бұл жазу таңбалары ықылым замандағы ата-баба тарихымен, ең алғашқы кішігірім мемлекеттік билік жүйесінің пішіні – рулық бірлестіктердің өсу, өріс жаю, даму эволюциясын дәл бейнелейтін бағдарламалық көп қырлы Руникалық концепция, дүние­нің беймә­лім тылсым сырын та­нып-білу­дің Даналық ілімі. Демек, бұл адамзат өркениетіне қосқан ұлттық ру­хани-мәдени тарту-таралғымыз» деп сөзін екпіндей түйіндейді. Енді сіз ойлана бастайсыз. Нақтылай түссек, бұ­рынырақтағы зерттеушілер соғды, ұйғыр графикасы деп айдар таққан жазуға заманалы білімпаздар басқаша атау бере бастады. Яғни жаңа терминология – жаңа тренд. Сол ғалымдардың пікірін Аманқос Мектептегі де қолдайтын сы­ңайлы. Өйткені өз мемлекеттік дәстүрі қалыптасқан, кейінірек ұлы қазақ ұлты­ның шаңырағын көтеріскен ұлыстың толысқан мәдениеті де, жазу-сызуы да, өзіндік менталитеті де, ел билеушілік дәстүрі мен экономикалық менеджменті де болған. Оның өзі – бүгінгі қазақы сана өрісіне қосылған баға жетпес үлес, әлемдік мәдени-ақпараттық қазынаға құйылған жүз екі қырлы жауһар.
Сөз жоқ, Аманқос мырзаның айтқа­нында ақиқат бар. Өйткені табан тірерлік тарихи нұсқасы, ұлттық дүниетанымдық концепциясы ескерілмесе, қазақ ғылыми мектебінің басқалардан айырмашылығы қанша? Адымы ашыла, өркені өсе қояр ма екен?..
Қош делік. Білім іргетасы мығым қа­лан­ған жанның рухани мүмкіндігі, шы­ғармашылық күш-қуаты да осал болмақ емес. Ұстазы мықтының – ұс­ты­ны мықты. Осы ретте, өзіміздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетін, оның халықаралық дең­гейде клас­сикалық білім бере білген профессорларын, атап айтқанда, Ы.Ма­манов, З.Қабдолов, М.Томанов, М.Серғалиев, Х.Сүйіншәлиевтердің есімдері мен өне­гесін Аманқос Құлтанұлы сүйсіне еске алады. Өзін түркітану, рунатану жолы­на салған көшелі зерттеушілер Ғ.Айдаровтың, Т.Досановтың ықпалын ол ерекше ілтипатпен ауызға алады. Журналист ғалым Аманқос Құлтанұлының алтынның сынығы, асылдың тұяғы – М.Тынышбаевтың ұлы – Ескендір Тынышбаевпен танысуы, ол кісінің өзі алпыс жыл ұстаған Цейс Икон фотоаппаратын ризалық сезіммен әкесі туралы очерк жазған авторға сыйлауының өзі бүтіндей бір көркем шығармаға сюжет боларлықтай.
Хроникалық-өмірбаяндық әдісті пай­далансақ, А.Қ.Мектептегінің нағыз ғылым соқпағына түсуі – 1981 жылмен тұспа-тұс. Сол мезетте ол Қазақ КСР Ұлттық ғы­лым академиясы жанындағы Тіл білімі инс­титутының дыбыс жүйе­сін зерттейтін бөліміне қызметке қабылданады. Несін айтасыз, бұл ұлттық ғылымның көсегесін көгертемін деп бейнетті жолға түскен, зерттеушілік қабілетін ұштау үшін мехнатты еңбекпен айналысқан қызықты жылдар еді. Осы ретте әлеуметтік сұраныс пен жеке мүдде ойда-жоқта үйлесе кетеді. Академик Шора Сарыбаев қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» журналының қоғамдық-саяси лексикасы» деген тақырыпты алуына кеңес береді. Екі жылдан кейін ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасына түседі. Енді оның осы тақырыпты індете зерттеуіне мүмкіндік туады. Ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Фа­тима Мұсабекова оған: «Барлық жауапкершілік өзіңде, диссертациялық жұмысыңды мерзімінде бітір, қорғату біздің шаруамыз» дейді. Ең өкініштісі, ол кісі Әбекең аспирантурада оқып жүргенде дүниеден озады. Ғылыми тақырыбы өзіне ұнағанымен, қиыншылығы шаш етектен еді: біріншіден, араб графикасын меңгеру оңайға түскен жоқ. Екіншіден, ол кезде өз бетімен үйренерлік әдебиет табу да мүмкін емес еді. Оның үстіне ака­демия кітапханасында «Айқап» (1911-1915 ж.) журналының сандары да түгел емес, тіпті кейбір жарияланымдардың өзі жұлым-жұлым болатын. Оның ба­ғына қарай, сол уақытта тіл білімі институтында Тоқтар Арынов деген азамат қызмет еткен-ді. Жаны жаннатта болғыр, Тоқтар ағасы араб қаріпті қазақ жазуының графикасы мен оқылу сырын түсіндіріп, қолжазба мұраға тән кейбір ерекшеліктерді қаперіне салуға жәрдемін аямады. 1985 жылы ол Тоқтар Арынмен бірге Қазан университеті кітапханасы мен қалалық мұрағат қорын бір апта бойы сүзіп шығып, ұлт кәдесіне жарайтын бірсыпыра олжаға жолығады. Әсіресе, қазақ баспасөз тарихына беймәлім басылымдар мен жеке тұлғалардың есімдері, жарияланымдары жас зерттеушіге көп ой салады. «Айқаптың» өзімізде жоқ сандарын көшіріп алады. Сол жолы татар әріптестерден Г.Ишмөхәммәтевтің «Гарәп графикасы нигезендә татарча әлифба» атты жұқа кітапшасын қолына түсіреді. Ол үшін бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ басылымдарын оқып, танысуына көп-көрім себепші болады. «Айқап» журналының санын түгендеу барысында кеңестік жүйе мен цензуралық бақылау тарихи санамызды бұзып-жармай толыққанды оқуға, тұтас күйінде қорытуға әдейі жасалған тосқауыл екендігіне оның көзі әбден жетеді. Ол азаматтық тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын, ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар туған халқымен қауышу сәтін күтуде екендігін енді сезіне бастайды. Ғылыми жұмысын аяқтап, алдын ала қорғаудан өтіп, бұйырса, енді ресми қорғауға шығамын деп жүргенде, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» бұрқ ете қалады. Ұлт толысқаны мен өршілдігін көрсеткен, мыңдаған қазақ жастары билікке саяси талаптарын қойған ұлы оқиғадан ол да тыс қала алмады. М.С. Горбачев бастаған КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси Бюросы «қазақ ұлт­шыл­дығы» деп баға берген бұл оқиғаға байланысты талайлар қызметтен кетіп, оқудан шықты, қоғам ішінде қудалау, жазалау белең алды. Бұл оқиғаның шы­ғу себептерін оқымысты элита бас қос­қан арнайы ғылыми конференцияда: «Алаш арыстарының ой-аңсары қайта тірілуде, жастар солардың идеясымен ауызданған» деген тұжырым жасалып, қаулы қабылданды. Соның салдарынан талай ғылыми жұмыс цензуралық сүзгіден қайта өтіп, баспа жоспарынан сызылды. Аманқос Құлтанұлының «Айқап» журналының қоғамдық-саяси лексикасы» атты диссертациялық еңбегінің де 1987 жылдың наурыз-сәуір айында «зиянды тақырып» ретінде жолы кесілді.
Ойындағы ісі орындалмай, салы суға кетіп, көңілі құлазып жүрген шақта «Ахмет Байтұрсынұлын ақтауға мемлекеттік комиссия құрылыпты» деген қауесет шықты. Әлгі алыпқашпа сөзді біреу рас­таса, біреу бекер деді. Көп ұзамай институттың Ғылыми кеңесінің кезектен тыс мәжілісі «Ахмет Байтұрсынұлын ақтау мәселесіне» арналды. Мемлекеттік комиссияның мүшелерінің жасы алды 80-нен асып 90-ды алқымдаған академиктер – С.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, бұлардан кейінгі академиктер – Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаевтар 60-тан асқан еді. Комиссия негізгі жұмысты Кеңестер одағындағы ірі-ірі қалалардың кітапхана, мұрағат қор­ларын, КГБ-ның (мемлекеттік қауіп­­сіздік комитеті) «арнайы қоры» («спецхран») аталатын бөлімде сақталған мәліметтерді саралап шығудан бастауды ұйғарды. Өйткені кеңестік идеологияның қара тізіміне ілінген, «халық жауы», «алаш­ордашыл, ұлтшыл» аталған Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректер мен оның төл еңбектері ашық қорда сақталмасы баршаға аян. Сондықтан комиссия мемлекеттік деңгейде кітапхана, мұрағат басшылығына арнайы хат жазып, «Арнайы қорда» жұмыс жасауға сол кездегі Үкімет басшысының қолы қойылып, мөрі басылған рұқсат қағазы берілу керек деп шешті. Енді осы рұқсат қағаз кімге беріліп, іссапарға кім баруы керек? Бұған, әлбетте, жүріп-тұруға ыңғайлы, ең бастысы төте жазуды меңгерген, сенімді ақтай алатын тындырымды жас жігіт керек еді. Міне, осы абыройлы істі атқаруға, комиссия жұмысына қолбалалыққа лайық деп академик Рабиға Сыздықова Аманқос Мектептегін ұсынды. Беделді ғалым оның «Айқап» журналының қоғамдық-саяси лексикасын» зерттегенін, яғни сол дәуірдің баспасөз тарихына қатысты мәселелерді білетінін, төте жазуды мең­­гер­гендігін алға тартты. Комиссия мүшелері ол ұсынысты бірауыздан қол­дап, жас ғалымды іссапарға Мәскеуге аттандырды.
Өткен ғасыр, 1988 жыл. Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы кітапхананың «Ар­найы қоры». Аталмыш бөлімде отырып Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректерді іздеуге ол бел шеше кірісті. Бұл бөлімнің жұмыс тәртібі де бөлек, қызметкерлерінің түсі де суықтау. Кі­тап­­ханада бүгінгідей түпнұсқадан көші­ретін электронды технология жоқ, оқыр­манның ксерокөшірме жасауына белгілі шектеу бар, оның өзіне сарылып, ұзақ уақыт кезек күтеді. Сондықтан не тапсаң да қолмен көшіруге мәжбүрсің. Оның әлі есінде: картотека жәшігінде сарғайған парақтағы есімдер мен мәлімет­терді оқыған сайын қатты толқып, тебі­рен­гені сондай – жүрегі кеудесінен ыршып шыға жаздады. Қапастағы кітаптар, бұрын-соңды естімеген авторлар, араб графикасымен қазақ тілінде жарияланған пән оқулықтары, салалық әдебиеттер. Талай жыл жазықсыз абақтыға тұтылып, туған ел-жұртымен қауышуды сарғая күткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы, ­Ха­лел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан ­Ты­нышбайұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Елдес Омарұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Телжан Шонанұлы, Мағжан Жұмабай­ұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, тағы басқа Алаш арыстарымен бетпе-бет жалғыз ди­дарласқандай күй кешті. Қажетті деректерді қаламымен жан ұшыра көші­румен аттай бір ай айналысқан оның қалам ұстаған саусақтары мүйіздей қатып қалды. «Тұтқындағы қазақ руханиятын түгел көшіріп, қамыққан ел-жұртының мауқын басуға дәнекер болсам деген жауапкершілік сезім күніге 10-12 сағат, кітапхана ашылғаннан жабылғанға дейін жұмыс жасауыма тура келді. Сол күдері маған қанат біткендей, ұшып жүргендей болдым. Бәлкім, тапсырылған сенімді абыроймен орындау өз алдына, күллі Алаш азаматтарын ақтап шығу миссия­сын Тәңірдің өзі маған жүктегендей күй кештім. Осы бөлімде Ахаң мен Жа­қаңның, Әлекең мен Мұстафаның, Халел мен Мұхамеджанның, Елдес пен Мырзағазының, Телжан мен Құ­дайбергеннің, тағы басқа Алаш аза­мат­тарының қолының табы қалған әйгілі «Қазақ» газетінің баспаханадан жаңа шыққандай түптемесін ақтарғанда, ерік­сіз жанарыма мөлтілдеп жас келді. Әлі күнге шейін баспахананың бояуы кеуіп үлгермеген күйінде сақталған «Қазақ» газетінің исі мұрнымда тұр» деп сол бір еңсе көтерген шақтарын ес­ке алады Аманқос Мектептегі. Ол Мәс­кеуден соң Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы Салтыков-Щедрин кітап­ханасы қорындағы Алаш мұрасын шамасы келгенше жинап, мол қазынамен Алматыға оралады. Келесі жылы Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфа қалаларының кітапхана, мұрағат қорларын адақтап, Алаш рухания­тын түгендеуге атсалысқаны өз алдына. Қысқасы, оның жинап әкелген материалдары негізінде мемлекеттік комис­сия Ахмет Байтұрсынұлының аза­маттық тұлғасын ақтауға байланыс­ты ғылыми қорытынды жасайды. Әділіне жүгінсек, Хасан Оралтай ағамыз айтқандай, Әлекең, Ахаң, Жақаң, Халел, Жаһаншаһ, Мұхамеджан, Мұстафа сияқты «Алаш арыстарын ақтау дегеннен гөрі олардың аруағының алдында ақталған жөн». Өйткені Алаш азаматтарының бар кінәсі ұлтына адал қызмет еткенінде ғана еді.
Әттең, тәжирибесі аз, қолы ашық жас ғалымның тапқандары соңыра ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында кет­ті. Қазақстанда қазір сол раритеттерді меншіктенбеген ғалым, өзім таптып демеген зерттеуші кемде-кем шығар.
Зердесі зерек, ойы ерек, пікірі шымыр жанның идеялары көсемсөз тәжірибесі, журналистика функциясымен ұштаса кетеді. Бір ғана мысал. А. Мектептегі танымал зерттеуші, баспагер Ғ. Әнеспен бірге Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының көшесін бергізуге, оның тұрған үйін мұражайға айналдыруға мұрындық болады, «Алматы ақшамы» газетіне «Алматыда бір үй бар» атты проблемалық мақала жариялады.
Мен айтар едім, оның бір ғылыми мақаласы бір қараға татырлық. Әрдайым талдауға, сындарлы ұсыныстарға құры­лады. «Қазақ жіпсіз байлаулы «жатыр»…, «Ұлттық сипат дарытқан құман», «Төрүк рухының бесігі», «Тамғалы» – дала галерея­сы», «Таңбатану ілімі және ұлттық идея» сияқты тың ойлы, ұлттық бояуы қанық, тұжырымдары салмақты шы­ғармалары қаны қазақты бейжай қалдырмайды. Мен бұларды түркілік приоритет идеясы мен түркілік бірлік идеологиясын көтерген сериялы мақалалар дер едім. Мәселенки, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент А.Қ.Мектептегі қытай кинематографистері түсірген «Шыңғыс хан» көп сериялы фильмінің көркемдік жағына да, астарлы идеясына да тереңдей үңіледі. «Егер ХІІ-ХІІІ ғасырдағы қазақ даласын аралаған жиһанкездердің көргенін күнделік ре­тінде жазғандарына назар аударар болса, көшпелі тұрмыстың қыр-сырын, киім киісі мен шаш қойысын, өнері мен үй жиһазын, туыстық қарым-қатынасы мен шаруашылық ерекшеліктерін, наным-сенімі мен әдет-ғұрпын, жауынгерлік қабілеті мен отаншылдық сезімдерін, жер-суы мен салт-дәстүрін дымын қал­дырмай егжей-тегжейін түгел тәп­тіш­теп қағазға түсіруінде гәп бар. Бұл қазақтың сайын даласын беталды кезген бірен-саран шетелдіктердің жеке басының тамашалаған әсері десек қа­телесеміз, керісінше, қауіп-қатерге толы қиын сапарға арнайы құпия тапсырмамен жіберген өз мемлекетінің мүддесіне қызмет ету мақсатындағы жинал­ған аса маңызды мағлұматтар еді. Бұрыннан қалыптасқан дағды бойынша осындай сұрқиялық пиғылдағы жат жұрттықтарды жиһанкез, ғалым деуден гөрі отандық ғылыми анықтамалық еңбектер мен монографияларда өз атымен атаған лазым. Шындығында, бұл біздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан тыңшылықты көздеген, шпион­­дық миссия екендігін ашып жазатын уақыт жетті. Солай бола тұра, өзге шет мемлекеттің өкілдері көзімен хатқа түскен бұл дәйектердің орта ғасырдағы көшпелі қазақтың этномәдени өмір тынысын ғылыми пайымдауға баға жетпес рухани қазына екендігіне ешкімнің таласы жоқ». Қазіргі таңда, мультимәдениеттер тайталасы заманында бұл пікірдің көкейтесті де өзекті екендігі еш дау туғызбаса керек.
Не десек те, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап бірсыпыра Алаш ардақтыларының еңбектерінің басылып шығуына ірі-ірі қалалар кітапхана, мұрағат қорларынан өзі жинаған материалдар негіз болғаны оған да, ұлтқа да мақтаныш. Әрине, Әбекең әкелген еңбектер бір ортаға жи­налды, жеке кітап болып шықты. Ал осы үлкен істегі бір гәп – оның аты-жөні бірде-бір басылымда көрсетілмек түгіл айтылмайды да. Тіпті бір ғана Ахмет Байтұрсынұлына байланысты оның 30-дың үстінде көсемсөз мақала, зерттеу жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өкінішті. Біз еңбекті де, еңбек иесін де көре білмейміз, көре алмаймыз. Пәленшекеңдер «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың иегері» атаныпты, «ҚР мәдениет қайраткері» атағын алыпты деген хабар-ошарды оқып та, естіп те жүреміз. Ақиқатын айтайықшы, сондай марапатқа Аманқос Құлтанұлы Мектептегі де әбден лайық емес пе? Қазақ: «Еңбек ет те, міндет ет» деп бе­кер айтпаса керек.
Әлбетте, Аманқос мырза туралы айтар сөз де, пікір де жетерлік. Ол ең алдымен бітіктің, руна мәдениетінің бүгінгі өркениетімізбен сабақтастығын көрсетіп берді. Ғалым-педагог тарихи танымның балбалтастай мәңгі, көз жасындай жаңа екенін шәкірттеріне ұғындырудан еш жалыққан емес. Бағзыша айтсақ, пішін мен мазмұн бірлігін әрдайым жадында ұстайды. Маған оның алашапқынға, дүрмекке ілеспес біртоға мінезі ұнайды. Балама байлам, еркін ой да, ғылымдағы өзіндік концепция да сол маңайдан табылады. Тұжырымдай айтқанда, осы ретте біз професор Х.Н.Бекхожинді журналистика жылнамашысы, профессор Т.С. Амандосовты баспасөз реалисі, профессор Т.Қ.Қожакеевті журналистикатану сатиригі, профессор А.Ф.Мархабаевты масс-медиа фантасты, профессор С.Қ.Қозыбаевты публицистика романтигі, профессор Ш.Ы.Нұрғожинаны экономжурналистика мэтрі, профессор Л.С.Ахметованы әлеуметтану кеңістігінің фанаты, профессор Ғ.Ж.Ыбыраеваны әлеми конфликтологияның контенті, профессор Ө.Ә.Әбдимановты алаш көсемсөзінің батагөйі, профессор С.Х.Барлыбаеваны халықаралық қаты­настар аналитигі, профессор Г.С. Сұл­танбаеваны коммуникавистика бренді, профессор Н.Т.Негізбаеваны PR мен медежмент қисынгері десек, осы танымал тұлғалардың бел ортасында келе жатқан А.Қ.Мектептегін қазіргі офлайн журналистиканың жаңа тұрпаттағы тарихшысы дей аламыз.
Иә, көл жазығын жел тербетер, ой жазығын ел тербетер. Ылдиға салып, төске озармыз. Ішкі монологтан диа­лог­қа ауысармыз. Есті ойды епті ойға то­ғытармыз, домбыраларын үкілеп, аламан айтыстың жыртысын жыртып жүрген мың болғыр шәкірттеріміз – Асқар Хамиденов пен Аманкелді Сейтхандарды шақырармыз, Шалкиіз жырау сынды халық қамқорларын алға салармыз.
Қоғалы көлдер, қос сулар,
Кімдерге қоныс болмаған.
Саздауға біткен қара ағаш,
Кімдерге сайғақ болмаған.
Жазыда мал іздеген қазақтың,
Басы қайда қалмаған.
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған!!! – деп дү­нияуи, суыт та мазаң шаруаларды жаға­ла­тарсыз, бұра тартып байқарсыз. Сіз де жерде жатқан, көшеден табыла қояр ­психолог еместігіңізді есіңізге түсіріп ба­ғарсыз. Респондеттің жанды жерін тап басарсыз.
Ген мен қаннан, бабалар өнегесінен Әбекең қайдан асып кетсін. Обалы нешік, Аманқос мырза ондай сәкәкулардан да кет әрі емес. Судай жаңа машинасын алға тарта қояды. Біз қарап тұрмай: «Сіз құбылысы мен құбылнамасы шағылысқан шақта темір тұлпарды оңды-солды тай­палтып жүрсіз. Біз байғұс түсімізде ерқаш­ты қағаз мәстекке бұт артып, жал­пыл­дап келе жатамыз. Сіз осыны жорып беріңізші!» дейміз. Ол әдетінше шалқая түсіп, кеңкілдей күледі де: «Адам – заманының құлы. Түсі де өз дәуірінің пошымына тартады» дейді штурвалын «Ақсай-2» мөлтек ауданына қарай шұғыл бұра беріп… Япырмай, Құдайдың құдіреті, кей-кейде осылайша екеуміздің бағытымыз да, жолымыз да бір болып шығатынын қайтерсіз.

Мерейтой иесіне арналды

Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде түркітанушы, көсемсөзші, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мек­тептегінің 60 жылдық мерейтойына арналған шара өтті.
Басқосуды журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Ө.Әбдиманұлы ашты. Бұдан кейін мерейтой иесі жөнінде «Замана заңғары» атты деректі фильм көрсетілді. «Баспа ісі және дизайн» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы «Ғалым һәм ұстаз» деген тақырыпта баяндама жасады.Мерейтой иесін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим және басқалар құттықтап, оның еңбектері жөнінде оң пікірлерін білдірді. Ғалым-ұстаздың шәкірттері де аянып қалмады. Аталмыш факультеттің 4-курс студенті Амангелді Сейітхан жырдан шашу шашты. Ал тарих факультетінің 3-курс студенті Оралбек Ысқақ арнау өлеңін оқыды. Ғалымның өзі қызмет істейтін «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева сөз алып, ұжым атынан құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Жиын соңында А.Мектептегі өз атына айтылған жылы лебіздерге ризашылығын білдірді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Андас

    Кәкен- ау! Роман жазуға отырсаңшы. Төгіліп тұрған маржан сөзді қашанғы кеңсе мен мақаланың шеңберінде қор қылмақсың?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.