Қазақ қыздарының шамшырағы

Алматыдағы Қыздар уни­вер­си­теті – елімізге та­нымал іргелі оқу орындары­ның бірі.
Бұл оқу орнының ерек­ше­лігі – мұнда тек қана қыздар­дың оқитындығы. Олар бола­шақ ұстаз, жар, ана…
Университет корпустарындағы осы қыздарды көргенде қыр төсіндегі төңірекке сән бере, құлпырып тұрған қызғалдақтар көз алдыңа елестер еді. Арулар расында да біздің гүліміз, өмірдің мәні, ақынның жыры…
Аналар мен арулар мерекесі қарсаңында өрімдей қыздар білім алып жатқан осы оқу орнының тыныс-тіршілігімен оқырман қауымды хабардар еткенді жөн көрдік.
«Қыз өссе – елдің көркі» дейміз. Бойжеткен аруларымыз көрікті келбеттерімен, әдепті қылықтарымен елі мен жерінің мақтанышына айнала бергей…

Суретте: Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық университетінің
ректоры Динар Нөкетаева
студенттер ортасында

Тарих беттерінен

…Батыста соғыс өрті лаулап жатты. Әскерге жарайтын еркек кіндіктің бәрі майданға алынған. Осы жағдай мектептерде сабақ беретін ер ұстаздардың қатарын мүлдем сиретіп жіберген-тін. Осыдан 70 жыл бұрын, 1944 жылдың тамыз айында республика басшылары Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасынов­тың өз дәлелдерін алға тартып, Мәс­кеуден өтіне сұрауларының ар­қасында әсем Алматыда Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық институты шаңырақ көтерді.
Институттың ашылуын ұлты­мыздың біртуар перзенттері, ұлт жанашырлары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров бастаған еліміздің күллі зиялы қауымы, өнер-білім саласындағы қайраткерлер қызу қолдап, ақжолтай тілектерін білдірді. Ақтүйенің қарыны жарылған күні Мұхтар Әуезовтің: «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» деп ақ тілегін білдіруі өз ұлтының болашағына деген үлкен сенімі болса керек.
Сол уақытта жаңадан ашылған оқу орнында тарих, тіл және әдебиет, физика-математика факультеттері құрылды. Әр факультетке 30 студент қабылданды. Бұдан басқа институт қабырғасында 2 жылдық дайындық курстары ашылып, оған 60 талапкер қабылдау және олардың тамағы, киімі, кітап, т.б. керек-жарақтарын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім шығарылды. Институттың оқу ғимараты болып Гоголь көшесіндегі 119-үй, жатақхана ретінде Лесная көшесіндегі 86-үй пайдалануға берілді. Алматы құрылыс тресіне оқу орнын қажетті құралдармен қамтамасыз ету, ал ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне 300 адамды жиһаз, төсек-орынмен жабдықтау тапсырылды. Білім алуға келген қыздарға М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, К.Персидский, А.Жұ­банов, Ш.Батталова, О.Жәутіков, Н.Сау­ранбаев, Ә.Тұрсын­баев, В.Есенғалиева, Х.Махмутов, С.Толыбеков, Х.Жұманов, К.Қар­мысов, К.Айманов, М.Ба­лақаев, Е.Косюхин, Ө.Бай­ділдаев, К.Барманқұлов, И.Маманов, А.Федулова, Д.Тұрсынов, З.Ахметов сынды көп­теген көрнекті тарихи тұлғалар дәріс берді. Алғашқы 20 оқытушының бесеуі ғылым кандидаты, сегізі аға оқытушы, жетеуі оқытушы болды.
Жыл өткен сайын институттың оқытушылар құрамы ғылыми атақтары бар ұлағатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкіндіктері де арта түсті. Студент қыздардың рухани азығы жинақталатын институт кітапханасы ұйымдастырылып, оның кітап қоры Мәскеу мен Санк-Петербургтен алдырылған әртүрлі пәндік анықтамалармен, оқытушылардың өз үйлерінен әкелген әдебиеттермен толықтырылды. Сөйтіп, алғашқы жылы-ақ оның кітап қоры 1500 данаға жетті.

Ректор Динар Нөкетаеваның студент жастармен кездесуі.
Ректор Динар Нөкетаеваның студент жастармен кездесуі

Бірте-бірте Қыздар институ­тының даңқы республика көлеміне тарап, таныла бастады. Кезінде жігіттерді еріксіз өзіне тартқан, қыздарға ғашық жігіттердің аузынан түспеген, талай тағдырларды тоғыстырған Алматының Гоголь көшесіндегі арулардың оқу ордасының аты аңызға айналды. Институт бас ғимаратының алды сабақтан тыс уақытта нағыз мәдени ортаны қалыптастыратын мекен болды. Кешқұрым жарыса жырлар оқылып, студенттік шығармашылық кештер өтуі дәстүрге айналды. Дәл осы киелі қарашаңырақ алдында талай жарасымды жұптар бас қосты. Талай ақындар өлеңдеріне арқау еткен. Ғафу Қайырбековтың өзінің өмірлік жары Бәдеш ханымға арнаған махаббатқа, сыйластыққа толы «Алматыда көшесі бар Гогольдің» өлеңі соның айғағы.
«…Астанада (Алматы) көшесі бар
Гогольдің,
Ақ ордасы алқарашаш өрімнің.
Сол көшеден жұлдыз болып көзіме,
Айнам менің, алғаш рет көріндің…»
Сол сияқты «ЖенПИ жақтан таң күлімдеп ататын», «Сұлулар галереясы», «ЖенПИ жаққа барыңыз» атты біз білетін өлеңдер мен теңеулер, жырлар жеткілікті.
«Ұлт тәрбиешілерінің ұстахана­сы» атанған білім ордасынан тәлім алып, еліміздің түкпір-түк­пі­ріне қанат қаққан әрбір қыз бар жиған білімдерін жас ұрпаққа, өз халқының игілігіне арнағаны ақиқат. Олардың арасында есімдері көпшілікке белгілі, жұртшылық құрметіне бөленген Еңбек Ері, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Р.Нұртазина, қоғам қайраткерлері З.Қадырова, А.Османова, ғалымдар Ү.Сұбханбердина, С.Ұзақбаева, көрнекті ақын А.Бақтыгереева, сыншы Ә.Бөпежанова, Мәжіліс депутаты О.Асанғазы және тағы да басқа белгілі тұлғалар бар. Кезінде университетті басқарған А.Ыбраева, К.Құнантаева, Ш.Беркімбаева мен Ж.Елемесовалар да осы оқу орнында білім алды. Өнер жұлдызы Мәдина Ералиева, әнші Тамара Асар мен олимпиада чемпионы Майя Манеза сынды түлектер аталмыш университеттің мақтанышы ретінде елге танымал.

Бірінші кезекте – білім сапасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 22-қыркүйектегі №531 бұй­рығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді. Қазіргі уақытта Қыздар университеті республикамыздың білім сапасын қамсыздандыру агенттігі жүргізген бас рейтинг бойынша еліміздегі 60 жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының ішінде көшбасында тұр. Бүгінде бакалавр бойынша – 43, ма­гистратурада – 22, PhD бойынша –4 мамандықта білім беретін 6 факультет бар. Соңғы жылдары «Универ» оқу үрдісін басқарудың корпоративті жүйесі, дистанциондық білім беру жүйесі, қосымша білім беру жүйелері мен басқа да көптеген жаңалықтар енгізілді.

1944 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар институтын ашу туралы №457 қаулы.
1944 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар институтын ашу туралы №457 қаулы.

«Қыздар педагогикалық университетінің «Болон үдерісі және сапамен қамтамасыз ету» орталығы–оқу орнын әлемдік білім беру кеңістігіне шығару, академиялық ұтқырлықты дамыту, алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыстар орнату, білім беру жүйесін жүйелі түрде жақсарту, сапа менеджменті жүйесін толығымен енгізу сияқты басты мақсаттарды ұстанады. Қос дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша бірнеше шетелдік оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Студенттер АҚШ, Англия, Австралия, Қытай, Германия, Түркия, Франция сияқты елдерден келген ғалым-оқытушылардан дәріс ала алады және шетелде тәжірибе алмасу жақсы жолға қойылған. Жан-жақтылықты ескеріп, ел тануға, жер тануға атсалысып отырған Қыздар университетінде ағылшын, қытай, парсы, түрік тілдерін оқыту негізінде арнайы орталықтар құрылды» деді университет ректоры Динар Нөкетаева. Қоғамдағы өзекті мәселелерге өз ой-пікірлерін қосып, түрлі ақпаратты талдауды, сараптауды, шешім шығаруды дарытатын Студенттер альянсымен қатар «Парасатты НЛО» пікір-сайыс клубы жұмыс істейді. Әр шаңырақтың «қарадомалағының» өсіп-жетілуіне, тұлға болып қалыптасуына қозғаушы болатын «Ізгілік», «Жан жылуы» еріктілер клубтары болашақ психологтарға түйінді мәселелердің шешімін табуды үйретуді қолға алған.
Университеттегі ғылыми кітап­хананың жалпы кітап қоры – 1050653 дана, оның 649602 данасы мемлекеттік тілде, 6073 басылымы электрондық және магниттік нұсқада сақталған. Жыл сайын кітапхана 10000 данаға жуық оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем шығармалар әдебиеттерімен толықтырылады. Кітапхана қазақ және орыс тілінде 350-ден астам мерзімді басылымдарға жазылады. Электронды ресурстар орталығындағы барлық компьютерлер ақпараттық жүйеге қосылған.
70 жылдық тарихы бар білім ордасында 700-ге жуық оқытушы-профессор жұмыс істейді. Қара шаңырақта 8500-ге жуық студент білім алуда. Университетке 6 жатақхана тиесілі. Мемлекеттік грантта оқитын студенттер үш мезгіл тегін тамақпен және жатақханамен қамтамасыз етілген. 2009 жылы 450 орындық жаңа Студенттер үйі пайдалануға берілді. Бұл ерекше үлгідегі жатақхананы Алматыға келген кезекті сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі аралап көрді. Қазіргі уақытта университеттің 70 жылдығына орай ҚызМемПУ қалашығынан 9 қабатты, 450 орындық жатақхана мен жүзу бассейні, субұрқақ салынып жатыр.

«Қыз Жібек» клубының кезекті отырысы.
«Қыз Жібек» клубының кезекті отырысы.

«Айгүл» шырқаған әндер-ай…

1959 жылы Қыздар институтында музыка факультеті ашылды. Ал 1968-1970 жылдары еліміздің мәдени өмірінде елеулі жаңалықтар болғаны белгілі. Көптеген оқу орындарында музыкалық топтар құрылып, бұл жаңалық Қыздар университетіне де жетті. Сонда өнерден құралақан емес «ЖенПи» студенттері «неге бізге де музыкалық топ құрмасқа?» деп, осылайша «Айгүл» вокалды-инструменталдық тобы өмірге келді. Қазақстан жастарының жетекшісі болған Өзбекәлі Жәнібеков ансамбль репертуарымен танысып, алғашқы квартетке ат қою керек екенін алға тартады. Сол тұста бұл квартеттің орындауында «Алақай», «Сатушы қыз», «Студенттердің қоштасу әні» сынды Ескендір Хасанғалиевтің және Әсет Бейсеуовтің «Ақ сәуле» атты әндері шырқалып жүрген-тін. Осындай әсем әндерге көңілі толған Өзбекәлі ағамыз «өзі айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп өнер ұжымын «Айгүл» атандырған екен. Ансамбльдің 5-наурыз күні Жамбыл атындағы филармонияда 8-наурыз мерекесіне арналған кеште дебюттік концерт қоятындарын айтады. Сол кеште көрермендерге тамаша концерт ұсынған квартетті халық жылы қабылдайды. Сонымен 1968 жылдың 8-наурызы «Айгүл» ансамблінің дүниеге келген күні болып, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Кейіннен Марат Хамитұлының жетекшілігімен «Айгүл» вокалдық-аспаптық ансамблі болып қайта жанданды. Осы сәттен «Айгүлдің» шығармашылық шарықтауы мен жер-жерге гастрольдері басталды. Осы уақытта елімізде жаңадан ансамбльдер пайда болды. «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», Қызылордада «Сыр сұлуы», «Нұргүл», Оралда «Жайық қызы», «Қара көз», Талдықорғанда «Жетісу», Жамбылда «Алатау» және тағы басқа мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бүгінде ансамбльдің алғашқы мүшелері Сақыпжамал Ұзақбаева –педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Галина Қарамолдаева, Ағайша Исағұлова – профессор, әнші-композитор, Дина Ерғалиева, Гүлнәр Бегалиева, Меңсұлу Ысқақова – ғылым кандидаттары. Ал Марфуға Жүнісова – халыққа білім беру саласының үздігі. Ең бастысы, әрқайсысы ардақты ана, аяулы жар болу бақытынан да құр қалған жоқ.
«Айгүлдің» құрамы әр төрт жыл сайын ауысып отырады. Алдыңғылар соңына ізбасарлар дайындайды. Бүгінгі топ құрамындағы қыздардың аспаптарды меңгеру шеберлігі де, айтар әндері мен киім кию үлгілері де қазіргі заманға сай. «Айгүл» 2009 жылы «Алтын дауыс» фестивалінің, 2011 жылы «Алтын мик­рофон» конкурсының және «Nauryz jam» жастар фестивалінің жүлдегері атанды. 2010 жылы Түркия елінің Адана қаласында өнер көрсетті.
Оқу орнында «Тек қана қыздар» көңілді тапқырлар клубы, салауатты өмір салтын қалыптастыруда «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» клубтары нәтижелі жұмыс атқаруда. Бұл ортадан болашақ ақын да, әнші де, биші де талаптарын шыңдайды. Оған «Томирис» би ансамблі, «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Өнер жас­тан» опера студиясы, «Жан сарайы» драма театрының, «Жас ақындар» клубының, «Ы.Алтынсариншылар» орталығының жемісті жұмыстары куә.

Қазіргі «Айгүл» ансамблі.
Қазіргі «Айгүл» ансамблі.

Бүгінгі бойжеткен – болашақ жар, ана…

Қыз – болашақ жар, келін, ана, отбасының ұйытқысы. Дарын мен бейімді шыңдау – бір бөлек, ал әрбір қыздың бойына ибалылық, инабаттылық секілді ізгі қасиеттерді дарыту – бөлек әңгіме. Сондықтан оқу орнында ұлтжанды, парасатты қазақ аруын қалыптастыру мақсатында «Қазақ аруы» арнайы курсы жүргізіліп, білім мен тәрбиені ұштастыру мақсат етілген. Қыздарды ұлттық дәстүр мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу үшін «Қыз Жібек», «Келін болу әдебі», «Бұрымды қыздар» клубтары жұмыс істейді. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» демекші, бастауын осы университеттен алған «Қыз Жібек» секілді қоғамдық бірлестіктер кейін еліміздің әр өңірінде құрыла бастады.
Университеттегі «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейінің алар орны бөлек. Ол 2002 жылдың қараша айында ашылды. Музей Ұлы даладағы Ұлы ананың рөлін көрсетуді мақсат еткен. Қазақ әйелінің көне заманнан қазірге дейінгі тыныс-тіршілігі баяндалады. Онда «Аналар ұлағаты – елге аманат», «Университет тарихы», «Әйел әлемі», «Әйелдер шығармашылығы», «Әйелдердің қоғамдағы рөлі» атты бөлімдер бар. Сондай-ақ музей көрмесінде университетті әр жылдары бітірген түлектердің өмірдеректері, университет тарихынан сыр шертетін сирек кездесетін суреттер, деректі кино, бейнематериалдар жинақталған, танымал түлектердің еңбектері қойылған. 1-курс студенттері қалыптасқан дәстүр бойынша оқу жылын «Ақтұмар» музейімен танысудан бастайды.
Университетте ана тілін құрмет­теуге арналып өтілетін шаралар да аз емес. Жыл сайын оқу орны Абай оқулары, Мұқағали оқулары, «Тіл бірлігі – ел бірлігі» атты тіл апталығы, «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты поэ­зия фестивалі, «Бір ел – бір кітап» акциясы және т.б. осы сияқты қазақ тілін қастерлеуге арналған кештер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Университетте «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істейді. Сонау 1990 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен қатар құрылған бұл қоғамның басында сол кездегі университет ректоры, тілші-ғалым Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев тұрды. Ректордың бастамасымен құрылған ұйымды әр жылдары ғалымдар Әбжаппар Әблақов, Еренғайып Омаров, Тауфиқ Сарбақанов, Ләззат Әділбекова, Руда Зәйкенова басқарды. 2009 жылдан бері доцент Жәмила Отарбекова жетекшілік жасап келеді.

Университеттегі «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі.
Университеттегі «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі.

Ұйымның басы-қасында жүрген аға-апаларымыздың арқасында сонау 1990 жылдардың өзінде республикада алғашқы болып аталмыш оқу орны іс қағаздарын қазақ тіліне көшірді, жиналыс, ғылыми кеңестер қазақ тілінде жүргізілді. Талай жыл тыйым салынып келген Наурыз мерекесі де осы ұйым бастамасымен тойланды. Алматыда қазақ мектептерінің ашылуына да осы қоғам ғалымдарының қосқан үлесі зор.
Биыл Қыздар университеті 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осыған орай университет басшылығы «70 жылдыққа – 70 шара» атты іс-шаралар жоспарын қабылдап, қазірдің өзінде кірісіп кетті. Өткен жылдың қараша айын­да Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттерін «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» атты студенттер қатарына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиында қасиетті қара шаңырақтың 70 жылдық мерейтойының алауы ресми түрде жағылған болатын. Осылай мерейтойдың тұсауы кесіліп, эстафеталық марафон арқылы жағылған мерейтойлық алау – Қыздар университеті корпусын аралап жүріп, Ермахан Ибраимов, Майя Манеза секілді Олимпиада чемпиондарының және университеттің белгілі оқытушы-профессорлар қолынан өтіп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен салтанатты шараға жеткізілді. Қазірде кестеге сәйкес, барлық іс-шаралар атқарылып жатыр.
Қыздар университетінің да­ралығы, ерекшелігі – тек қана қыз балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруінде. Жаны нәзік, болмысы қайсар қыз баласын бұл оқу орны шыңдап, білімін жетілдіріп, біліктілігін нығайтып қана қоймай, шаңырақтың шырақшысына айналдырып, отбасының ұйытқысы болуға баулып келеді. Қазақ қыздарының қара шаңырағына айналған Қыздар университеті – республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған бірден-бір жалғыз жоғары оқу орны екенін айта кеткеніміз абзал.

Арна ЖҰМАТАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.