Литва тілін өз тұғырына қондырдық

Бильма Леонавичине, Вильнюс едукологиялық
университеті литва тілі және мәдени орталығының директоры

Прибалтика елдері өздерінің мемлекеттік тілдерін тәуелсіздік алғаннан кейін аз уақыт ішінде заңды тұғырына қондыра білгенімен ерекшеленеді. Бүгінде Латвия, Литва, Эстония елдеріндегі мемлекеттік тілдің мәртебесі жылдан-жылға нығайып келеді. Жақында біз Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне іссапармен келген Вильнюс едукологиялық университеті литва тілі және мәдени орталығының директоры Бильма Леонавичине ханыммен жолығып, Литвадағы мемлекеттік тіл сая­сатын жүзеге асырудың оң тәжірибелері туралы әңгімелескен едік.

– Жалпы, Литва еліндегі мемлекеттік тілге байланысты жұмыстар қалай басталды?
– Жер бетіндегі барлық аз ұлттардың тілдері сияқты литва тілінің де даму жолы оңай болған емес. Литва мемлекеті бірінші рет өз тәуелсіздігін 1918 жылы жариялаған болса, Кеңес Одағы орнаған тұста, тәуелсіздігінен айырылды. Одан кейін 1990 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң егемендігімізді қайта жарияладық. Осы екі тәуелсіздік аралығында ана тіліміз мемлекеттік мәртебесін жоғалтып, дамудың даңғыл жолына түсе алмады. Дегенмен, Кеңес Одағының кезінде де, яғни орыс тілі мемлекеттік тіл болып тұрған кезеңде литва тілі өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Тіліміз сақталды. Ал орыс тілі мемлекеттік тіл ретінде мекеме іс қағаздарында, тағы басқа құжаттарда қолданылды.
– Демек, сіздер кейбір одақтас елдер сияқты Кеңес Одағы тұсында өз тілдеріңізді ұмыта қойған жоқсыздар ғой?
– Иә, мен бұл жөнінде тек мақтанышпен айта аламын: бірде-бір литвалық азамат өз тілін ұмытқан жоқ. Өйткені біздің бойымызда тілімізге деген патриоттық ұстанымымыз ерекше болды. Үйде де, жұмыста да біз тек өз тілімізде сөйледік. Ал бізге қарағанда Эстония мен Латвиядағы жағдай қиындау болатын, өйткені бұл елдерде мемлекет құраушы ұлттың санынан орыс халқының саны басымдау келді. Сондықтан аталған елдерде өздерінің ана тілдерін ұмыта бастаған азаматтар болды.
– Ал тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай қалай болып еді?
– Тәуелсіздігімізді жариялаған соң, 1992 жылы литва тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл деп жарияланды. «Тіл туралы» Заң қабылданды. Содан кейін іске кірістік. Литва мемлекетінде өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талап қойылды. Мемлекеттік тілдің дамуына Үкімет тарапынан өте қатты қолдау көрсетілді. Мектеп оқушыларынан бастап ересек азаматтарға дейін мемлекеттік тілді меңгере бастады. Біздің елде литва тілінде оқытатын мектептермен қатар орыс, белорус және поляк мектептері де болды. «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан кейін аталған мектептерде литва тілі мемлекеттік тіл ретінде оқытыла бастады. Аптасына бір немесе екі рет емес, күн сайын оқытылды. Сол кездерде біз оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарды жаза бастадық. Алдымызға қойған ең бірінші мақсатымыз ол орыс, белорус, поляк мектептерінің оқушыларына литва тілін меңгертіп, олардың тіл білу дәрежесін литвалық балалардың дәрежесіне дейін жеткізу болды.
Біз бағдарламада ерекше мән беріп жасағанымыз ол литва тілі бойынша емтихан талабын барлық мектеп оқушылары үшін бірдей ету. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының барлығы мектепті бітірер кезде міндетті түрде литва тілінен мемлекеттік емтихан тапсырады. Осы өзгеріске дейін дейін литвалық мектептерде оқитын оқушылар мен орыс және өзге де мектеп оқушыларының литва тілінен тапсыратын емтихандарының тапсырмалары бөлек дайындалатын, литва тілінде оқытпайтын мектептер үшін айтарлықтай жеңілдіктер жасалатын. Ал қазіргі таңда барлық мектептер литва тілі пәнінен тең дәрежеде мемлекеттік емтихан тапсырады. Әрине, бұл өзгерістерге наразылық білдірген ата-аналар, мұғалімдер де болды. Қоғамда осы жөнінде көптеген пікірталастар жүрді. Ата-аналардың көпшілігі өз балаларының литва тілін бәрібір де ана тілінің дәрежесіндегідей меңгере алмайтынын, сол себепті емтиханда қажетті балл жинай алмай қалатынын, сондықтан бұл өзгерістерге әлі дайын емес екендіктерін айтты. Менің ойым­ша, алдымен мектеп мұғалімдерінің өздері бұл талапты қабылдауға дайын болмай шықты. Мәселе оқушыларда емес еді. Бірақ талап заң жүзінде бәріне бірдей қойылды. Ал заңның орындалуын тіл инспекциясы мен мемлекеттік тіл комиссиясы және тіл институты жүзеге асырды. Бұл құрылымдардың әрқайсысының өз міндеттері айқындалған.
– Ол қандай міндеттер?
– Мәселен, тіл инспекциясы тілдің сауатты жазылуына, сауатты айтылуына ерекше мән беріп, қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Көшелердегі жарнамалардың тілімізге нұқсан келмей жазылуын мұқият назарда ұстайды. Айталық, жарнамадағы сөз литва тілінің нормасына сай келмесе, жарнама берушіге айыппұл салады. Театрларға барып актерлердің сөйлеу тілінің дұрыстығын қадағалайды. Телеарналардағы тіл тазалығына ерекше мән береді.
Ал тіл комиссиясының атқаратын жұмысы туралы айтатын болсам, комиссия құрамында белгілі тілші-ғалымдар қызмет етеді. Олар тілдің стратегиялық бағыттарын айқындап, тіл институтына ұсыныс жасап отырады. Сонымен қатар литва тілінің өзекті мәселелерін талқылап, не істеу керек, қандай жұмыстар атқарған жөн деген мәселеде өзара ақылдасып, күнделікті өмірге қажетті шешімдер қабылдайды. Комиссия литва тіліндегі жаңа терминдердің пайда болуына орай бұрынғы шығарылған терминологиялық сөздіктерді толықтырып, қайта жарыққа шығару жұмыстарымен де шұғылданады. Үшінші құрылым, бұл тіл инс­титуты деп аталады. Институттың атқаратын қызметі тіл комиссиясының белгілеген міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. Үш құрылымның да атқаратын қызметі бір-бірімен тығыз байланысты.
– Литва тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған уақыттарда сіздердің алдарыңызда қандай қиындықтар тұрды?
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда тіл жөніндегі барлық шаруаларды атқаруға үлкен құлшыныспен кірісіп кеттік. Ең бір қиындық келтірген тұсы ол литва тіліндегі оқулықтардың жоқтығы болатын. Шұғыл түрде мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды шығару жұмысына кірістік. Ондағы негізгі мақсат литва тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі тұғырын биіктету еді. Сол себепті тілді меңгеруді үш категорияға бөлдік. Қызметтегі барлық адамдар тіл білу категориясы бойынша емтихан тапсырды. Алдымен тіл курстарына барып, мемлекеттік тілді меңгерді. Сол кезде қоғамда, халық арасында литва тілін жаппай үйренуге бағытталған қозғалыс бас­талды. Біздің алдымызда «Мемлекеттік тілді қалайша тез үйретуге болады?» деген үлкен сұрақ тұрды. Осы мәселелерді зерделей келе, біз тілді коммуникативтік тұрғыдан оқытқан жөн деп шештік. Былайша айтқанда, тілді тез үйреніп, меңгеріп алып кететіндей әдістерді пайдаландық.
Бұл жұмыстармен қатар литва тілінің мәртебесін қорғауға да тура келді. Өйткені орыс, поляк ұлт өкілдерінің арасында «Неге біз литва тілін үйренуіміз керек?» деп наразылық танытқандар да болды. Ал қазір ондай пікір айтушылар жоқ. Мемлекеттік тілді білу керек екенін бүгінде барлығы түсінді. Мен сіздердің елдеріңізге келгенде орыс және тағы басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлемейтінін байқадым. Дәл осындай жағдай біздің елде де болған еді. Ал бүгінгі таңда Литва азаматтарының барлығы мемлекеттік тілде сөйлейді және оған құрметпен қарайды. Бұл еліміздегі тіл саясатының нәтижелі жүзеге асырылуы деп айтар едім.
– Сіздер бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Барлық мәселені заң арқылы міндеттедік. Заңның аты заң, оны орындауға тиіссің. Басында тіл үйренуге бес жылдай уақыт берілді. Сол бес жыл ішінде елдегі барлық азаматтар литва тілін меңгергені жөнінде емтихан тапсыруы тиіс болды. Бес жыл ішінде тілді үйреніп шығуға болады ғой. Бірақ бізді таңғалдырғаны, орыстар мен поляк ұлттарының арасында ешқандай тіл үйрену курстарына қатыспай-ақ, бірден емтихан тапсыруға келген азаматтар да болды. Олар литва тілінде сөйлемегенімен, тілімізді бір кісідей білетін болып шықты. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды.
Тіл үйрену жөнінде белгілі бір уақыт бері­л­геннен кейін тіл инспекциясы жұмыс орындарын аралап, әр мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты білетіндіктерін тексерді. Егер тілді білмейтін болып шықса, ескерту жасалды. Жұмысшы, сатушы, жүк тасушылар сынды мамандық иелеріне мемлекеттік тілді үшінші категория деңгейінде білу талап етілсе, мұғалімдер мен дәрігерлер, такси жүргізушілері үшін екінші категория деңгейінде меңгеру талабы қойылды. Ал бірінші категория тілді жетік білетін азаматтарға берілді. Жұмысқа қабылдаған кезде мамандық ерекшелігіне сай міндетті түрде осы үш категория бойынша емтихан қабылдайды.
– Сіздердің елдеріңізде орыс тілінің мәртебесі қандай?
– Орыс тілі бізде ағылшын, француз тілдері сияқты шет тілі болып есептеледі. Бірақ Литва елінде тұрып жатқан ұлт өкілдері заң жүзінде өз тілдерін сақтауға, мәдениеттерін дамытуға құқылы. Орыс, поляк тілдерінде білім беретін мектептер жұмыс істейді.
– Біз сіздердің тәжірибелеріңізді ескере отырып, «Ана тілі» газетінің бетінде елімізде тіл инспекциясын құру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерген болатынбыз. Алайда бұл бастама әлі күнге дейін оң шешімін тапқан жоқ. Жалпы, сіздің мемлекетке тіл инспекциясын құрудың қандай қажеттілігі болды?
– Егерде тіл саясатын жүзеге асыратын арнайы мекеме немесе құрылым болмаса, онда заңда көрсетілген мәселелер шартты болып қалмай ма? Сол үшін бізге тіл саясатын қолға алатын, осы жолда нақты істер атқаратын тіл инспекциясы қажет болды. Тіл инспекциясын құру жөніндегі тәжірибені Еуропа елдерінен алдық. Сосын өз еліміздің ерекшелігіне лайықтап, қолданысқа енгіздік.
–Тіл инспекциясының құрылымы туралы айтып беріңізші?
– Инспекция алты адамнан тұрады. Директор, директордың орынбасары және инс­пекторлар. Литваның әр аумағында өздерінің өкілдіктері бар. Жұмыстарын рес­публика бойын­ша жүргізеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, инспекторлар жарнама мәтіндерінің дұрыс жазылуын, мемлекеттік тілдің дұрыс сөйленуін және т.б. мәселелерді назарда ұстайды. Сонымен қатар тіл мамандарына, оқытушыларға әдістемелік тұрғыдан көмектер жасап отырады. Мәселен, біз тіл сабақтарын өткізіп жатқан кезде инспекторларға хабарласып, кез келген мәселе жөнінде кеңес ала аламыз. Сабақтарымызға шақырамыз. Инспекторлар қоғамдық ұйымдармен де тығыз байланыста қызмет атқарады. Бір сөзбен айтқанда, олар ағартушылық қызметті де бірге жүргізеді.
– Мемлекеттік тіл саясаты жөнінде бүгінгі таңда қандай шаралар атқарылуда?
– Біз өз елімізде мемлекеттік тілге байланысты барлық мәселені түбегейлі шештік, тілді өз тұғырына қондырдық. Ендігі мәселе ана тілімізді әрі қарай өркендету, дамытумен ғана байланысты. Өзіңіз білесіз, әлем жаһанданып жатыр. Бір елден бір елге көшу, қоныс аудару сияқты эмиграциялық үдерістер жүруде. Бұл мәселе де біздің елімізді айналып өтпесі анық. Қазіргі таңда Литва мемлекетінің жастары өзге елдерге барып қызмет жасауда. Эмиграцияда жүріп, отбасын құрып, балалы болуда. Осы тұрғыдан алғанда бізді алаңдататын мәселе сырт елдерде жүрген азаматтарымыздың өз ана тілдерін ұмытып кетпей, сақтай білуі. Біз осы мәселеге ерекше мән берудеміз. Шет мемлекеттердегі елшіліктеріміздің жанынан литва тілін оқыту орталықтарын аштық. Әлем бойынша да тарихи жағдайларға байланысты қоныс аударып, басқа елдердегі литва ұлтының бүгінгі ұрпақтары ұмыт болған тілдерін жаңғыртқысы келеді. Оларға да көмек қолын созып, арнайы бағдарламалар қабылдап, Литваға келіп тіл үйренулеріне мүмкіндіктер жасаудамыз. Тіл оқытудың қысқы, жазғы семестрлері тегін ұйымдастырылған.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Ерасыл

    Керемет! Жарайсыңдар, литвалықтар!

  2. Нұргүл

    Иә, литва елі өз тілін осылайша қорғап жатқанда, қазақ тілінің тұғырын қалай биіктетеміз деген мәселе туындайды. Олар бәрін заң арқылы реттепті. Бізде де заң бар, бірақ сол заңды орындауға келгенде көптеген кемшіліктер жоқ емес. Заң талапқа сай орындалса, бәрі дұрыс болар еді. Оған, қайдан, тіліміз осының салдарынан күш ала алмай келеді.

  3. Төлеп

    Нұргүл:
    10-Сәуір, 2014. 17:29

    Иә, литва елі өз тілін осылайша қорғап жатқанда, қазақ тілінің тұғырын қалай биіктетеміз деген мәселе туындайды. Олар бәрін заң арқылы реттепті. Бізде де заң бар, бірақ сол заңды орындауға келгенде көптеген кемшіліктер жоқ емес. Заң талапқа сай орындалса, бәрі дұрыс болар еді. Оған, қайдан, тіліміз осының салдарынан күш ала алмай келеді.
    —————————————-
    Литван халқы ана тіліне қүрметпен қарайды, патриоттық сезім литван халқында жөғары. Қазақтарда ана тіліне деген қүрмет күннен -күнге жоғалып бара жатыр,өзге үлтың өкілін көрсе солардың қүлы сияқты жорғалайды, екі қазақ бір бірімен орысша сөйлеседі ,үлттық намыс жоқ. Президент, парламент, укімет қарым қатынас тілі ретінде орыс тіліне басымдылық береді,сондықтан өзгелерге реніш айтпай алдымен біз қазақтар жөнделуіміз керек, ана тілімізге, ана сутіне адал болуымз керек сияқты.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.