Аузы дуалы, сөзі уәлі

Мен өмірден түйген бір ақиқат бар. Егер Жаратушы ием біреудің бір ісін оңынан ыңғайластырғысы келсе, ол адамның өмір жолында ізгілікті істерді атқаруға жәрдем көрсететін кісімен міндетті түрде кездестіреді. Өзім үшін сондай асыл жандардың бірі бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, елінің аса ардақты азаматы, аузы дуалы, сөзі уәлі ақылгөй ақсақалы болып отырған Мырқы Ақпанбетов дер едім. 

Байқасам менің бұл кісіге жолық­қа­ныма тура жиырма жыл болған екен. Әлі есімде, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қазақ тілінің болашағын баянды ету жолында жан беріп, жан алысқандай күй кешкен едік. Осыған байланысты мына бір жағдайды айта кетуді жөн санап отырмын. Канада жазушысы Эрнест Сатон-Томпсонның бір әңгімесінде аңшылардың соңына салған көп итінен қашқан елік, жаны қысылған соң сол адамдардың, яғни иттерді салып тұрған аңшылардың арасына келіп тығылғандығын мысал ете отырып Қадыр Мырза Әлінің «Орыс ағайындар, бүгінгі қазақ тілі сол аңшылардың итінен қашқан еліктің күнін кешіп отыр. Оның тағдыры тек сіздердің қолдарыңызда» деп жасаған баяндамасынан кейін ғана депутаттар екінші қайтара дауыс беріп қазақ тілі мемлекеттік тіл болып Конституцияға кіргенін екінің бірі біле бермейді.
Осындай қиындықпен келген мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру де оңайға түскен жоқ. Мен ол кезде Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамы басшыларының бірі болсам, Мырқы Ақпанбетов басқарма мүшесі еді. Әуелде тас қопарардай өре түрегелетін қазекемнің, нақты іске келгенде тауы шағыла қалатын әдетіне сонда мен көзімді тағы бір жеткіздім. Басқарма мүшелерінің қатарында небір сайдың тасындай жайсаң жігіттер мен шешуші буындарды тізгіндеп отырған басшылар болды. Бірақ тіл төңірегінде солардан жұмыс сұрай қалсаңыз күмілжитіндерін қайтерсің. Біреулері тікелей басшыларына қарсы шықпайтындарын ашық айтса, басқалары айлап қарасын көрсетпеуі, ал бәзбіреулер салқынқандылыққа салынып, өздерінің біркүндік жеке басының ұпайын түгендегеніне мәз болып, ертеңгісін ойламай ұлтымыздың мүддесіне нұқсан келтіріп жатты. Міне сол кезде Мырқы Асқарұлы төзімі зор, рухы мықты, өзінің нағыз ұлтына адал азамат екендігін көрсетті.
Ең бірінші, Мәкең қоғам мүшелерін сапалық тұрғыдан жаңарту керек деп шешті. Өзінің негізгі жұмысынан қолы қалт етсе менімен бірге «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған қалалық бастауыш ұйымдарына барып, ана тіліне қатысты мәнді де маңызды әңгімелері арқылы сол кездегі уақыт талабын замандастарының санасына сіңіру жолында аянбай еңбек етті. Сол тұста сырт қарағанда сырлы сөзден, сөз өнерінен алыстау көрінетін Мәкеңнің сөйлескен адамын әп-сәтте үйіріп алатын, мәйекті әңгімесімен «матап» тастайтын қасиетіне тәнті болдым. Әрине, кейбір қоғам мүшелері, тіпті басшылардың тарапынан ол кісіге, жалпы біздің тірлігімізге қарсы әрекеттер болмай қалған жоқ. Сонда ғой Мырқы Асқарұлы алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен қатар, жаратылысынан бүгілуді білмейтін, болмашы нәрсеге үгілуге көнбейтін жан екенін көрсете білгені. Ең бастысы ол кісі ешкіммен сөзге келмей, сол сабырлы қалпымен ісін діттеген жеріне жеткізетіне жеке өз басым қайран қалатынмын әрі «Жақсылыққа жаға жыртысып жетпейді, жарыса жүріп жетеді» деген ұлағатты сөздің астарының тереңдігін ерекше сезінетінмін.
Мәкеңнің осындай тірліктерінің арқасында «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын бір қала көлемінде ғана емес, бүкіл облыс деңгейінде бір жүйеге келтіріп, төл тілімізді өрістетуге ықпалы мол боларлықтай жүйелі шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Атап айтқанда, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тікелей араласуымен «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Республикада тұңғыш рет «Ұлттық ұран Ұлытаудан тасталады» деген тақырыпта тележаңғырық ұйымдастырылып, ең алдымен исі қазаққа «Туған тілдің тұғыры биік болсын!» деп ұран тасталды. Мұның сыртында, өзге ұлт өкілдері үшін қоғам жанынан құрылған «Зерде» оқу орталығы, Тәржімешілер институты, облыстық телекомпания мекемесімен бірлесіп кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылған «Іске сәт» және жеріміз, ұлтымыз жайлы терең мағлұмат беретін «Ата мекен – Отчий край» атты телехабарлар көпшіліктің тарапынан жылы қабылданып жатты. Өндіріс орындарында «Тіл туралы» Заңды орындау мәселесі де тұрақты күн тәртібінде тұрды. Нәтижесінде, біршама ілгерілеуге қол жеткізілді. Мәселен, М.Ақпанбетов өзі төрағалық ететін Жез­қазған мыс қорыту зауытының бастауыш ұйымының тікелей араласуымен бұл алпауыт кәсіпорында іс қағаздарын толық мемлекеттік тілге көшіруге мүмкіндік туды.
Мырқы Асқарұлының бойындағы текті қасиеттердің әке қанымен, ана сүтімен дарығанына шек жоқ. Жүректің түбінде ұялап қалған ананың қадірлі, әкенің қасиетті сөздері оны қиындықта жасытпады, қуанышта тасытпады. Ол күн исі сіңіп, жусан исі аңқыған, ұлтымыздың ұясы, түркі жұртының бесігі, Еуразия даласының кіндігі, қасиетті Ұлытау жерінде дүниеге келіп, қазақтың қара және түсті металлургиясының қара шаңырағы Қарсақбайда өсті. Қаныш Сәтбаевтың қыздары мен Әлкей Марғұланның сүйікті шәкірті Кемал Ақышев дәріс алған Қарсақбай орта мектебінде оқыды. Жас кезінен Қ.Сәтбаев тәрізді инженер болу­ды армандады. Алматыдағы тау-кен металлургия институтын тәмамдап, ауыр, түсті, бағалы және сирек металдардың инженер-металлургі мамандығын иеленді. Оқуды бітірісімен Қарсақбай зауытына орналасып, балқытушының көмекшісі, металлургия цехының басшысы, партия ұйымы хатшысы қызметтерін абыроймен атқара білді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Үлкен Жезқазғанмен бірге жаңа мыс қорыту зауыты ашылып, оған Мырқы Ақпанбетов арнайы шақырылды. Мәкеңнің мұндағы еңбек жолы да табыс­ты болып, зауыттың бас технологы, бас инженердің орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
Ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмады. Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ардагерлердің әлеуметтік мәселелерімен айналысты. Жезқазған аймағының даму болашағына қатысты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмай, олар Қазақстан Үкіметі деңгейіне дейін көтерілді. Бұл жолда Мәкеңе «Қазақмыс» корпорация басшылығымен, билік өкілдерімен түс шайысуға барды, онысына өкінбейді.
Иә, көптің тілегін орындау жолында аянбай тер төккен, жеке басынан жайсыз жағдайларды өткізуге мәжбүр болған Мәкеңнің еңбегі еш зая кеткен жоқ. Жыл басында Үкімет Жезқазған аймағын дамытудың кешенді жоспарын қарап, оған тиісінше өзгертулер енгізді және биылдан бастап оны толық іске асыру үшін 351,5 миллиард теңге бөлетін болды. Көңілге демеу болатыны, аймақ экономика­сы­ның күретамыры – «Қазақмыс» корпорациясының басты кәсіпорындарын жаңғырту, геологиялық барлаулар жүргізу, шағын және орта бизнесті қолдау, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, коммуналдық шаруашылықтың өзекті мәселелерін шешу, «Жезқазған – Қызылорда», «Жезқазған – Арқалық» автокөлік жолдарын салу, «Жезқазған – Есіл – ­Петропавловск» автокөлік жолын күрделі жөндеуден өткізу тәрізді қадау-қадау дүниелер қолға алынғалы отыр. Қазірдің өзінде «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы салынуда. Түптеп келгенде, осылардың барлығы бұл өлкені тоғыз жолдың торабына айналдырып, Ұлытау-Жезқазған аймағын қарыштап дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз. Ендеше, Елбасы Жолдауын­да айтылған Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының осы өңірден орын тебуі қай жағынан алып қарасаңыз да мейлінше дұрыс шешім болар еді деп ойлаймын.
Мінеки, осындай жарқын мысалдар талай игілікті істерге мұрындық болып жүрген Мырқы Асқарұлы тірліктерінің бір парасы ғана. Бүгінге дейін ол кісінің бойында қуат, ойында өрісі бар. Тәлім де, тәжірибе де жетеді. Парасат пен пайымнан да кенде емес. Иілмейтін нәрсені иіп, бүгілмейтін нәрсені бүге білетіндей қасиеті де мол. Олай болса, М.Ақпанбетовтің білімі мен тағылымы өскелең ұрпаққа қажет екені сөзсіз. Ардақты ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Кенжеболат Жолдыбай,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.