Мүгедек баласын баққан ана әлеуметтік қызметкер саналуы тиіс

«Ана тілі» газетінің 3-9 сәуір аралығында шыққан №13 (1219) нөмірінде журналист Ақбота Исләмбектің «Мүгедек баласын баққан ана жалақы алуы керек» деген мақаласын оқып, мүгедек баласы бар ата-ана ретінде өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Автор бүгінгі қоғамда өзектілігін жоғалтпаған мүгедектігі бар азаматтар мәселесін орынды көтерген. Бұнда біріншіден, инфрақұрылым мәселесі, одан кейін еркін білім алу мен жұмыс істеу мәселелері сөз етілген. Журналист мақаласында халық қалаулысы Дариға Назарбаеваның «мүгедек баласын баққан ана да мемлекет қамқорлығына алынып, әлеуметтік қызметкер ретінде жалақы алуы тиіс» деген депутаттық сауалы туралы айтады. Алайда бұл сауалға Үкімет тарапынан мүгедек баласын бағып тәрбиелеу әр ата-ананың жеке басының міндеті деген жауап қайтарылғаны қынжылтады. Міне, осыдан-ақ билік тарапынан мүгедектер масыл ретінде қабылданатынын байқауға болады. Демек, шенеуніктер ай сайын төленетін жәрдемақыны жеткілікті деп біледі. Сонда қалай, күндіз-түні баласының сырқаты үшін жанынан шықпаған ана әлеуметтік қызметкер санатына жатпайды ма?!
Ата Заңымызда еліміздің барлық азамат­тарының құқықтары тең деп жазылғаны белгілі. Олай болса, неге мүгедектігі бар баланың оқуға қа­білеттілігі ескерілмей, «оқуға жарамсыз» деген қағаз алады. Олар да ел қатарлы білім алуға құқылы емес пе?! Мемлекеттік бюджеттен білім саласына бөлінетін қаржы теңдей барлық балаларға да бөлінуі керек қой. Мүгедектігі бар балаларға төленетін жәрдемақы 19 996 теңге болғаны аздай, бала 18-ге толған соң бұл төлем мүлде тоқтатылады. Сондықтан меніңше, аптасына 2 күн келетін әлеуметтік қызметкер жалақысы балаға берілетін жәрдемақыға қосылып, соның негізінде ананың зейнетақы қоры да толықтырылу қажет. Ал ананың бала күтіміне кеткен уақыты еңбек өтілі есебінде жүрсе көптеген мәселелер шешімін табар еді. Д.Назарбаева көтерген мәселе арқылы осылай біз аналарды жұмыспен қамтитын едік.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында да мүгедектер Заңға сәйкес біліктілігі мен білімі бойын­ша еркін жұмысқа орналасу керектігі жайлы ерекше тоқталды. Алайда кейбір басшылардың мүгедек екен деп жұмысқа да қабылдамайтыны қынжылтады.
Бүгінгі күндері мүгедектігі бар балалардың өмірін жақсартуға көптеген бағдарламалар мен жобалар дайындалып, кейбіреулері мемлекет тарапынан қолдау табуда. Бұл, әрине, қуанышты. Бірақ сол бағдарламаларды іске асыру барысында мүгедектерге ыңғайлылығы ескерілмейтіні өкінішті. Айталық, Алматы қаласы бойынша «Инватакси» жобасы көпшіліктің көңілінен шықты. Алайда бұл арнайы таксиге отыру үшін айлап кезекте тұру қажет. Бірен-саран адам ғана қызығын көрген «инватаксиге» Үкімет қыруар қаржы жұмсайтыны айтпаса да түсінікті. Менің ойымша, мүгедектігі бар кез келген азамат бұндай көлікке мұқтаж. Сондықтан бөлінген қаржыға арнайы бағыты бар «инваавтобус» ұйымдастырып, оның жүру жолы барлық автобус аялдамаларында ілініп тұрса, біз барлық мүгедектерді арнайы қоғамдық көлікпен қамтамасыз етер едік.
Келесі мәселе ретінде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған немесе бұл қабілеттен айырылған жандар мәселесін тілге тиек еткім келеді. Оларға жылына 30 сағат қана сурдоаудармашының көмегі беріледі. Бұл өте аз екені айтпасақ та түсінікті. Әкімдік болсын, ірі сауда орталығы, аурухана болсын сурдоаудармашысыз бұл жандардың әр қадамы қиындық туғызады. Бөлінген 30 сағаттың орнына мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет орындары мен барлық аурухана, емханаларда сурдоаудармашы қызметі міндетті түрде болуы керек. Ал банк, сауда орталығы сияқты жекеменшік ұйымдар әлеуметтік жауапкершілік бағдарламалары аясында өз штаттарына бір сурдо­аудармашыны қызметке алғаны жөн.
Болашақта озық елдер санатына қосылу үшін ел санасынан мүгедек деген түсінік өшіп, олар да ел қатарлы білім алып, жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалыну қажет. Сондықтан айтылған мәселелер мемлекеттің жіті назарында болса деймін.

Алма БЕКПАН
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Шынар Ізбасар

    Бұл пікірмен толық келісемін. Билік басындағы шенеуніктер мүгедектігі бар азаматардың проблемасын түсінбей, оларға ыңғайлылығын ескермей, түрлі бағдарламалар шығарып жатады. Оларға аяушылық сезіммен қарайтыны да ұнамайды. Біз қашан оларды ел қатарлы азаматтар ретінде қабылдай аламыз деп ойланамын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.