Аманатқа қиянат жасамайық

Мұқанбетулла КЕМЕР, журналист

Тіл уақытпен бірге жылжып, адамзат өмірімен біте қайнасқан қарым-қатынас құралы. Ол өзгермей, дамымай тұрмайды. Мәселен, ана тілімізден де өткен ғасырлардағы қазақтардың қолданған тілімен салыстырғанда көптеген айырмашылықтарды, өзгешеліктерді байқауға болады. Оның себебі, бұрын қолданыста болған терминдер қазір жоқ. Есесіне осы заманға тән сөздер, сөз тіркестері мен жаңа терминдер пайда болуда. Бірақ бұл қазақтың көркем де әуезді, бай тілін қалай болса солай жұмсап, нақышын кетіру деген сөз емес. Мұны айтып отырған себебім, бізде сөздерді өз мағынасына сай қолданбаудың жағдайлары көп кездесетін болып жүр. Енді солардың бірқатарына тоқталайық.

Мысалы, «төңірек» деген сөзді алайық. Қазір бұл сөздің орнына «шеңбер» деген сөздің қолданылып жүргенін байқаймын. «Шеңбер» бұрын математика пәнінде бар еді. Қазір қарап отырсаңыз заң мәтіндеріне де еніпті. «Шеңберінде» деп сөйлеушілер көбейді. Бірақ осы сөздің: «төңірегінде, аумағында, аймағында, айналасында» деген сияқты өзге де мағыналас сөз­дері бар ғой. Біз бұл сөздерді мағы­насына орай қолдана білуіміз керек деп ойлаймын.
Қазақтың тілін жалғау, жұр­нақтар арқылы сан түрлі етіп байыта беруге болады. Алайда мұның шек-шекарасы барын ұмытпайық. Мәселен, қазір біз «бар­лықтарың» деп айтатын болдық. Бұрын «барлығы», «барлығың», «бәрің» деген сөзге енді «тар» деген көптік жалғауын жалғанып, «барлықтарың» дейміз. Бірақ оның өзге де баламасын қолдануды ұмыт қалдырамыз.
«Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» дейді халық даналығы. Адам әр сөзді орнымен пайдаланып сөйлесе, қандай жарасымды. Ойы – анық, сөзі ұғынықты сөйлеушіні тыңдаудан жалықпайсың. Сөйлеген сөзіне мән беретін, ойына сай келетін сөз қолдана білу – сөз ше­берлерінің белгісі. Сол себепті сөз­ге мән беріп, жүйелі сөйлеуге талпынуымыз керек. Демек, тілдің шұбарлығы да сөздің баламасын, аудармасын білмеуден шығады.
Мен қазіргі кейбір жастардың сөйлеп жүрген сөздеріне, сөз қол­даныстарына көңілім тола бермейді. Олар ата-бабала­рымыз­дың кейбір сөздерін пайдаланудан қалып бара жатқанына алаңдаймын. Бү­гінгі аға ұрпақ социализм уақы­тын­да өмір сүргеніміздің өзінде қазақтың тілі сол кәдуілгі қалпын­да сақталатын еді. Кез келген кі­тапты оқығанда түсінбейтін сөзіміз болмайтын. Кітапханадағы кітаптардың барлығын тауыспасақ та, оқығанымызды көңілге тоқып өстік. Сөздің дәмін алып, тілімізді байыттық. Ал кейінгі жас ұрпақ­тардың тілі қалай болып жатыр деген мәселеге келетін болсақ, орта­ға салып, талқылайтын жайттар аз емес. Ана тілі­мізге нұқсан келіп жатса, көріп, естіп жүргеннен кейін қалай айтпассың.
Өз басым «Ң» дыбысы үшін көптен бері күресіп келемін. Сонау жоғарғы жақтағы үлкен лауазым иелерінен бастап «ң»-ның орнына «н» деп айтып тұрғанда, мұны білместікке жатқызамыз ба, әлде әдейі бұр­малау­шылыққа жатқызамыз ба? «Ң» дыбысы келетін жерге «Н» дыбысын қойып сөйлегенде сөз­дің мағынасы түбірімен өзгеріп кететінін сол адамдар біле ме екен? «Ң-ды» «Н» деп сөйлейтіндердің қатары көбейіп бара жатпаса, азайып отырған жоқ. Осылай кете беретін болса орыстардың «ё» әрпі сияқты «ң» әрпіміздің де жай-күйі мәз болмас.
Теледидардан естіп жүргеніміздей жа­ңалықтарда «Адам шығыны» болды деп хабарлайды. Адам шығыны болмайды, мал шығыны болады емес пе? «Қанағаттанғысыз» дегеннің орнына «қанағаттанарлықсыз» дейді. «Білімді», «білімпаз» деудің орнына «білімгер» дейді, «Су үйді алып кетті» деудің орнына «су үйді қоршап алды» дейді.
«Ауыздықтау» дейді. Әдетте атты ғана ауыздықтамайтын ба едік? «Қоржынға салды» дейді. Бейне бір не болса соны қоржынға сала беретін сияқты. Ал қазір сол қоржы­ныңды балалар білмейді. Қашаған, асау атты ұстағанда «құрықтадық» деуші еді, бұл сөзді адамға қатысты қолданатын болдық. Адамды «ұста­ды», «қамауға алды» десе болмай ма?
«Жұмысшы» мен «жұмыскердің» де орындары бөлек-ау, «қызметкер» мен «қызметші» сияқты. Біз «жұмыскер» емес, «жұмысшы» деген сөзді естіп білетінбіз. Қызмет істейтін адамды «қызметкер» дей­ді. Кеңседе отырып қағаз жазатын, бол­маса ой еңбегімен айналысатындарды «қызметкер» деп айтатынбыз. Бұны да дұрыс пайдаланса болар еді. «Кеңсе» сөзінің өзі «офис» сөзінің орнына көп қолданыла бермейді. «Қызметші» деп бақшада, үй шаруасында жұмыс істейтін, мал бағумен айналысатын адамды айтатын.
Ал бүгінде қолданылып жүрген «Жем­қор» деген сөзге келсек, біздің білетініміз «Жемқор» деп тек малға айтылатын. Мысалы, «Мына сиыр жемқор-ау, тіпті. Не болса соны жей береді. Сондай жемқор. Берген жеміңді талғамай жей береді» дейтін. Қазақта «жемсау», «жебір» деген сөздер бар. Мұндағы «Жебір» деген сөз адамға қатысты айтылатынын дә­лелдеп жатудың қажеті жоқ. Біреу туралы «Ол сондай жебір, сауда жасасаң, тиын-тебеніңді жеп қояды» деп айтып жатады. Осыдан келіп туатын ой, пара алып, қо­мақты ақшаны қымқырған адамды «жемқор» демей, «жебір» деп атағанымыз дұрыс болар.
Сол сияқты құқық қорғау ор­гандарында «Тергеу амалдары жүргізілуде» деген сөз тіркесі кез­деседі. Кай телеарнаны көрсеңіз осы сөзді естисіз. «Іс тергелу үстінде», «тергеліп жатыр», «іс тергелуде» деп неге айтпасқа? «Амалдары» сөзін алып тастасақ, онда «тергеу жүргізілуде» болып орнықты болып шықпай ма?
Кейбіреулер «Ассалаума­ға­лей­күм!» дегенді «Салаумаға­лей­кум!» немесе «Са­­лаума­ғалей­кумдер!» дей­ді. «Сәлем бердік!» дегенді «Сәлем­бердік­тер» дейді. Дұрысы – «Ассалау­мағалейкүм!» емес пе? Әлі есімде, Кеңес үкіметі кезінде Өз­бекстанның теле­жүр­гізуші қыз-келін­шектері «Сәлә­матсыздар ма?» демей, «Асса­лау­мағалейкүм!» деп аманадасатын. Бұл еркек, әйел демей бәріне бірдей бе­рілген мұсылманша сәлемдесу. Ал «сәлә­матсыздар ма?» деген сөздің байы­бына ешкім барып жатқан жоқ. Менің білуімше, есен-саулық сұрау мақсатында амандасуға «Саламатсыздар ма?» деу әбден орынды. Біздің бала кезімізде, яғни 1960 жылдары аталарымыз бен әжелеріміздің көбі 90 жастан аса өмір сүретін еді. Сонда 1870-1900 жылдары туған ақсақалдар бір-біріне амандасқанда «Сәлем бердік!» деп айтатын.
Бір күні бір бала үйіме телефон шалып «Ислам бола ма?» деді. «Исламды бола ма» немесе «Исламды телефонға ша­қырып жіберіңізші» деудің орнына «Ислам бола ма?» дегендей сөзді толық күйінде айтпай, шолақ қолдану үрдісі қазір жас балалардың тілдік қолданысына жиі ұшырасатын болып жүр.
Орысша «Переводчик» деген сөзді «аудармашы» деп қазақшалап жүрміз. Ал ол ХХ ғасырдың басында «аудармашы» демей «тілмаш» деп айтатын. Осыны неге ескермеске? «Хат» сөзі 1630 жылдары шыққан екен. Бұрындары екі мекеменің ара­сында жазылатын хаттарды «қатынас» дейтін. Хат ол жеке адам­дардың арасында ғана жазылатын. Неге бүгін де «қатынас» деген терминді пайдаланбасқа?
Екінші мәселе («проблема» деген сөзді «мәселе» деп аударса да болады-ау деймін) – жұмысқа алғанда тек сөйлесіп қана қоймай, мемлекеттік тілден диктант, шы­ғарма жаздырып алған да артық болмас деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта балалар мен жас­тардың кітап оқуына күш салмасақ бұл үрдіс, яғни сөз білмеу, дұрыс сөй­лемеу үрдісі осылайша жалғаса бермек. Әр аптада бір сағат болса да барлық мектептерде қазақ мақал-мәтелдерін үйретуді де қолға алғанымыз жөн.
Қазіргі жастар ешқандай мақал-мәтел қоспай сөйлейді. Осының өзі олардың мақал-мәтелдерді жөнді білмейтінін көр­сетеді.
Кезінде қазақ тілі мен әдебиеті саба­ғынан мұғалімдеріміз «мұнша уақытта кітапханадан сонша кітап оқып шығыңдар» деп тапсырма беретін. Бағамызды да соған байланысты қоятын.
Журналист болған кітапха­наларда өтетін әртүрлі сайыстар мен шара­лар­­ға қатысып жүреміз. Сондай кезде оқыр­­мандармен кездесулер де ұйым­дастырылып, олардың кітап оқығандары жайлы, жалпы кітап оқу мәдениеті, кітап оқуға шақыру сияқты бір сарындас сөздер айтылып жатады. Одан балалардың кітап оқуға ынталары артып кете қоймайды. Өйткені баланы кітап оқуға қызықтыратын түрлі әдістерді ойлап табу керек. Әйтпесе, күні ертең немере-шөберелеріміздің не айтып тұрғанын да түсінбейтін боламыз-ау деп ойлаймын. Бұл – өте өзекті мәселе. Керек десеңіз, мұның ар жағында ұлты­мыздың тағдыры, болашағы жатыр. Сол себепті тілге жауапсыз қарамайық. Тіл жанашырлары, ғалымдарымыз мұндай өрес­кел­діктерге назар аударады деп ойлаймын.
Сондықтан тілді сақтауға, заңдылығын бұзбауға, әсіресе жас­тарымыз ерекше көңіл бөлуі керек. Тілді бұрмалауға, сөздің айтылуы­на, жазылуына нұсқан келтіруге ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені тіл – ата-бабамыздан қалған аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайтынын көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат біледі.

Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дидар

    Өзекті материал. Тілді бұрмалап, тіркестерді дұрыс қолданбау қайда барсақ та, кездеседі. Бұл қазақ тілінің болашағына қауіп төндіретін құбылыс.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.