Өнерге баулу да – өзекті

«Ана тілі» газетінің биылғы №18 санында Бағдагүл Балаубаеваның «Музыка пәні қалай оқытылып жүр?» атты мақаласы жарық көрді. Шынын айтқанда, осы тақырыпқа талдау жасап, ізденіп, жанашырлық танытқан тілшіге рахмет айтамыз.
Басты мақсатымыз музыка ­саласы бойын­ша кәсіби музыканттарды тәрбиелеп шығару болғандықтан, автор қозғаған түйткілді мәселе туралы өз ­ойымызды білдіре кетуді жөн санадық. Мектепте оқытылатын музыка сабағындағы әуелгі мақсат – оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын арттыру. К.Ушинскийдің «Мектеп ән салған кезде бүкіл халық та ән салады» деген тамаша cөзінен мектептің ел мәдениеті мен өнеріндегі маңызын, жан-жақты азамат дайындаудағы орнын тани түсеміз.
Оқушыларды музыка өнеріне ­баулу ­– баршамызға ортақ іс. Ол аз десеңіз, мемлекеттік деңгейде қолға алатын, ұлт үшін маңызды істердің қатарына жататын игілікті іс. Идеологияның басты құралының бірі музыка екенін ескерсек, бала тәрбиесіндегі есті музыканың насиха­ты­на да көңіл бөлінуі керек. Оқушының рухани талғамын қанағаттандыра отырып, олардың ұлттық музыка туралы түсінігін кеңейтуде, ой-өрісін дамытатын сапалы жаңа бағдарламалар мен оқулықтардың маңызы өте зор. Мектептегі музыка сабағы оқушыларды әсемдік әлемінің ғажайып сырларын терең түсініп, көркемдік атаулыны шынайы сезіне білуге, одан рухани ләззат алуға, өмір жайлы мағыналы ой толғауға, ізгілікті мұрат-мақсаттарға жетелейтін өнегелі істерге баулиды. Әсем үнді таза қалпында қайталауға, дыбыстардың сыры мен қырын естіп-ойнай білуге, музыкалық сауаттылыққа, бала кезіндегі ана әлдиімен бойына сіңген халқымыздың ән-күйлерін дыбыс таңбаларын ­жазып, оқи білуге тәрбиелейді. Халық музыкасының көркем ерекшеліктерін танып-білген оқушы ұлтжанды, кемел ойлы болады деп білеміз.
Ол үшін осы бағытта тер төгіп жүрген, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын барша жаны ізгі мұғалім әріптестерімізді осынау жүгі ауыр, ұлт болашағы үшін маңызды жұмыста бірлесе еңбек етуге шақырамыз. Ұлт мерейін үстем етіп, қазақ өнерін асқақтататын шараның үлкен-кішісі болмайтынын ұмытпағанымыз абзал.

Мүсілім Әмзе,
А.Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының мұғалімі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.