Елдігіміз бен келешегіміздің кепілі

Қилымғали Қайненов,
Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы

Еліміздің батыс аймағы саналатын Атырау өңірі қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің бірі. Атырау десек, ойымызға Исатай мен Махамбет, Құрманғазы мен Дина және тағы басқа да ұлы тұлғаларымыздың есімдері оралады. Жалпы, Атырау өңірінде еліміздің өнері мен мәдениетіне, әдебиеті  мен музыкасына және т.б. салалардың дамуына сүбелі үлес қосқан, ұлт мақтанышына айналған көрнекті тұлғаларымыз аз емес. Бұл дәстүр сабақтастығы бүгінгі күнде де өз жалғасын тауып келеді. Мұның барлығына қасиетті ана тіліміздің тигізіп отырған игі әсері мен оң ықпалы мол екені сөзсіз. Себебі тіл сақталған жерде ұлттық болмысымыз да, соған байланысты барлық құндылықтарымызда саф алтындай таза күйінде сақталады. Бұл орайда Атырау облысы бүгінгі таңда мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктетіп, дәрежесін арттыру жолында ауқымды іс-шараларды нәтижелі атқарып, алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан аймақтарымыздың бірі болып есептеледі. Сондықтан біз газетіміздің бұл санында Атырау өңіріндегі мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуы барысын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қай елде де, қай қоғамда да ел үшін маңызды болып табылатын оқиғаларды атап өту дәстүрі қалыптасқан. 1989 жылғы 22-қыркүйекте «Қазақ ССР-нің тілдер туралы» Заңы қабылданған болатын. Кейінірек, тәуелсіздік кезеңінде аталған заңның орнына жаңа заң қабылданып, қолданысқа енді. Алайда 1989 жылғы 22-қыркүйекте қабылданған Заң арқылы қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе берілгенін ұмытпауымыз керек. Биыл бұл Заңның қабылданғанына 25 жыл толады.
Қазақ тілінің аясын кеңейту бағытында, сол арқылы рухани ортаны жаңғыртуда сол кезде қолданысқа енген жаңа Заңның рөлі ерекше болды. Сонымен қатар халқымызға тән дарқандықпен өзге ұлт-ұлыстардың да тілдерін дамытуға да аталған заң тарапынан мол мүмкіндіктер берілді. Сондықтан айтулы күн сол кезден бас­тап бүгінге дейін Қазақстан халқы тілдерінің күні ретінде аталып келеді. Бұл күн республикамыздағы тілдік ортаның байлығы мен алуан түрлілігін, халқымыздың бірлігін сипаттайтын мерекеге айналды.
Мұны айтып отырған себебіміз, елімізде тіл саясатына көңіл бөлініп отырғаны баршаға мәлім. Тіл – қоғамдық сананың ажырамас бір бөлігі екені белгілі. Сондықтан мемлекеттік тілді қамқорлыққа алу көптеген елдердің билік органдары ерекше басымдық беретін бағыттардың бірі саналады. Жаһандану заманында бұл үрдіс күшейе түспесе, бәсеңсімейтіні белгілі.
Бұл орайда Франция мемлекетінің тәжірибесінен мысал келтірейік. Францияда тіл тазалығын сақтау үшін тілге қатысты белгіленген ереже мен нормаларды бұзғандарға арнайы санкция­лар қолданылады екен. Ал Балтық мемлекеттерінде, тіл тазалығын қадағалап отыратын тіл полициялары құрылған. Тілге деген қамқорлықтың мұндай түрлерін өзге де мемлекеттердің тәжірибесінен байқауға болады.
Экономикалық және қаржылық әлеует, табиғи байлықтар, сан түрлі ғылыми технологиялар тек ресурс қана. Ал оларды шын мәнінде халықтың игілігіне жарату үшін соны іске асыратын адамдар өзінің елімен, жерімен рухани байланыста болуы шарт. Міне, осындай елдік, ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын құрал ол – тіл. Демек, мемлекеттік тілді сақтап, дамыту, сындарлы тіл саясатын жүргізу, сайып келгенде, ұлттық қауіпсіздігіміздің бір кепілі болып табылады.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қазақ тілін одан әрі дамыту жолында Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді. Мемлекеттік тіл саясатындағы алдағы уақытта орындалуы тиіс негізгі бағыттар айқындала түсті.
Бүгінгі күні этникалық құрамы алуан түрлі болып қалыптасқан мемлекеттердің ішінде тілдерді қолдану мен дамыту мәселесін түбегейлі және оңтайлы шешкен мемлекеттер жоқтың қасы. Десек те, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда бұл мәселенің маңыздылығын жете түсініп, бүкіл халықтың мүддесін ескере отырып, осы бағытта біршама тиімді шаралар атқарылып келеді деп айта аламыз. Бұл Қазақстандағы тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі деуге толық негіз бар.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде дамуы оны мекендеген ұлттар мен ұлыстар мәдениетінің, тілдерінің қайта жаңғыруымен қатар жүруінің ерекше мәні бар. Бұл жай ғана үндестік емес, республикадағы тілдік ортаның бай әлеуетін сақтауды мақсат етіп отырған мемлекеттік саясаттың жемісі.
Қоғамның лингвистикалық капиталын байытып, рухани қуатын нығайта түсетін мұндай құбылыс біздің ерекше бағалайтын игілігіміз.
Кез келген тілдің сақталуы, құндылық ретінде қаралуы маңызды мәселе. Өйткені тіл, жалпы адамзаттық деңгейде қарайтын болсақ, әрбір халықтың баға жетпес асыл қазынасы. Қазақстан Республикасының бүгінгі саясаты бұл тұрғыдан алғанда өз азаматтарының, этнос өкілдерінің тілі мен дәстүрін, мәдениетін дамытуға мүмкіндік туғызып отыр. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жұмыстар атқарылуда. Бұл біздің зайырлы да демократиялы ел екенімізді, бірлік пен ынтымақты, жарасымды өмір салтымызды тәуелсіздіктің ең бағалы жетістігі ретінде қарайтынымызды көрсетіп отыр. Осы ортақ мүддені ерекше түйсінген Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді меңгеріп, өздерінің патриоттық сезімдерін білдіруде. Жалпы алғанда мемлекеттік тілді үйренуге, оған құрметпен қарауға деген бетбұрыстың қалыптасқаны еліміздегі жемісті тіл саясатының нәтижесі деп білеміз.
Меніңше, әлемде өз азаматтарының тілі мен дәстүрін берік сақтауына жағдай жасап отырған бір ел болса ол – Қазақстан. Мұны қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап, бағалауда. Бұл тұрғыдан алғанда Атырау облысында да ұлттық диаспоралардың тілдерін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуға үлес қосып отырған этно-мәдени бірлестіктердің қызметін де атап кету қажет. Тұрақтылықты, бірлігімізді сақтайық деген Елбасының бұндай көрегендігі бүгінде еліміздің игілігіне айналып отырғаны аян. Ендеше қолдағы бардан айырылып қалмай, оны сақтап, молайтудың маңызы зор.
Бүгінде қолданыс аясы тұрғысынан әлемде кең таралған тілдің бірі ол ағылшын тілі екені айтпасақ та түсінікті. Бүкіл технологиялар, инновациялар осы тіл арқылы таралып отыр. Демек, уақыт талабымен үндесіп отырған мәселеге де біз байыптылықпен қарауымыз керек.
Бірақ еліміздегі ең басты мәселе ол, әрине, мемлекеттік тілдің дәрежесін арттыру, қолданылу аясын кеңейту екені сөзсіз. Қазақ тілі бүгінде қоғамды біріктіруші факторға, тәуелсіздігіміздің бір тірегіне айналып отыр.
Қазақ тілін білу – парыз дейміз. Ал осы сөздің мәнісін терең түсінген адамға ол жүрек қалауы, патриоттықтың бір белгісі болуы тиіс. Өз мемлекетіне құрметпен қарайтын азамат мемлекеттік тілге де дәл сондай құрметпен қарауы тиіс. Өйткені бұл екеуі біртұтас ұғым. Біз осы мәселені терең түсінуіміз керек. Бұл тұрғыдан алғанда Атырау өлкесінде қазақ тілінің мәртебесі жоғары деңгейде деп айтуымызға болады. Мұның бір дәлелі Атырау облысы қазақ тілінде іс қағаз жүргізуге алғашқылардың бірі болып көшті. Бүгінде мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару жүйесінде, мәдени, ақпараттық кеңістікте, жалпы қай салада болмасын толыққанды қолданылуда. Меншік түріне қарамастан, халықпен тікелей жұмыс жасайтын мекемелердің барлығы да қазақ тілінде қызмет көрсетеді.
Өңірде тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мәдени-бұқаралық, әдістемелік, танымдық шаралар көптеп өткізіліп келеді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін облысымызда арнайы іс-шаралар жоспары қабылданып, жос­парда белгіленген міндеттер жүзеге асырылуда. Мәселен, облыстық тіл басқармасы Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білу деңгейіне «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу өткізіп, 2013 жылы 1068, 2014 жылы 1004 адам қатыстырылды.
Атырау өңірінің қазағы қазақша білмейді деген мәселе бізде жоқ деп айтуға болады. Алайда мемлекеттік қызметте жүрген адам өзінің мемлекеттік тілді білу деңгейін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Сондықтан тіл білімін анықтауға арналған шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
Дәстүрлі тіл фестивальдары осы аймақты мекендеген этностардың достығы­ның, бірлігінің нышанына айна­лып отыр. Мәселен, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, қазақ тілін меңгерген түрлі этнос жастарының «Абай оқулары» байқауы, үш тілді меңгерген жастардың «Тіл шебері» байқауы, қазақ жастары арасындағы орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» байқауы, қазақ, орыс, ағылшын тілі білгірлерінің «Тілдарын» олимпиадасы, сондай-ақ облыстық деңгейдегі өзге де шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Тілдерді дамыту мен қолданудың арнайы іс-шаралар жоспары Атырау қаласы мен аудандарда іске асырылып, оқу орындарында, мекемелерде тілге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады.
Айта кетейік, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі тек мемлекеттік орган, ұйымдармен шектелмей, түрлі салада да қамтылып отыр. Мәселен, Аджип ККО компаниясы, «Теңізшевройл» ЖШС, «АНПЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистралды газ құбырлары басқармасы, «Қазтелеком» АҚ облыстық филиалы сияқты ірі кәсіпорындарда тілдерді дамыту мен қолданудың іс-шаралар жоспары бекітіліп, қабылданған. Этномәдени және қоғамдық бірлестіктер тіл саласындағы жұмысқа әрдайым атсалысып, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге үлес қосып келеді.
Қорыта айтқанда, облысымызда мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдайлар жасалған. «Тілдер туралы» тұңғыш Заңның 25 жылдығын атай отырып, бүгінде қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналды деп нық сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар орыс тілінің жалпымәдени функцияларын сақтап, әлемдік тіл – ағылшын тілін үйреніп, еліміздегі әр этностың тілін қамқорлыққа ала отырып, біз рухани, зияткерлік тұрғыдан жетіле түстік, бәсекеге қабілеттілігімізді арттырдық, ұлт пен ұлыстарды ұйыстыра білдік.
Осы асыл қазынамызды сақтау – елдігіміздің, келешегіміздің кепілі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.